- Advertisement -

«ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ» ДЕГЕН АТАҚТЫҢ ҚҰНЫ ҚАЗІР МҮЛДЕМ АРЗАНДАП КЕТТІ

282

- Advertisement -

Жалғасы. Басы өткен санда

– 28 жылға жуық табан аудармай мектепте еңбек еттіңіз. Мұғалімнен мектеп директоры деңгейіндегі барлық жолдардан өттіңіз. Балалар жазушысы болуыңызға осы жылдардың, балаларға жақын, араласып жүрудің ықпалы үлкен болды ма?

– Сөз жоқ, мектепте еңбек еткен жылдарымның ұтыс жағы да, ұтылыс жағы да болды. Бойдағы жастық жігер қуатын мектепке аямай жұмсадым деуге болады. Озат ұстаз атандым. Қазақ КСР Оқу министрлігінің Құрмет грамотасының, КСРО-ның жоғары дәрежелі «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері болдым. Іс-тәжірибем «Мектеп» баспасынан кітапша болып басылды. Облыстық білім жетілдіру мекемесі арнайы плакат шығарды. 1983 жылы мен істеген Ленин атындағы орта мектепте озат ұстаздардың облыстық практикалық конференциясы жоғары деңгейде өткізілді. Бүкіл мектеп ұжымы осы үлкен іс-шараны дайындауға бар күш-жігерлерін, жан-тәндерін салды. Алматы қаласында екі ай курстан өтіп келіп, сондағы маңдайалды мектептердің іс-тәжірибесін шығармашылықпен пайдаланудың жолдарын мектептің іс-тәжірибесіне енгіздік. Мектептің, кабинеттердің жаңаша әрленуі келген ұстаздарды таңғалдырды. Келген қонақтар: «Осынау құм арасындағы ауылда осы заманға сай жабдықталған, қала мектептерінен де озық мектеп бар деп кім ойлапты?!» – деген таңданыстарын жасырмады. Сол кездегі облыстық білім басқармасының басшысы марқұм Жатай Жұмаділов мектебімізге зор көмек көрсетті.

Ал мектепке келген күннен бастап балалармен етене араластым. Сурет, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен сабақ бердім. Оларға бейнелеу өнері, классикалық музыка, ұлттық, дәстүрлі музыка бағытында тәрбие беруге ынта қойдым. Мектепте көңілді тапқырлар клубы жұмысын ұйымдастырдым. Бұл ауыл өміріне үлкен жаңалық әкелді. Осыны тамашалауға келген адамдар клубқа лық толатын. Мұхтар Әуезовтің «Қарақыпшақ Қобыландысын», Оразбек Бодықовтың «Қарақұм трагедиясын» сахналадық. Оларды аудан орталығында, сахналары кең ауылдарды аралатып қойдырдық. Кейіннен мен жазған «Алпамыс батыр» драмасын сахналадық.

Халыққа кеңінен танымал белгілі журналист, эссеші, жазушы, көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері Қали Сәрсенбай осы спектакльдерде мектеп оқушысы Тұрсын Ахметова екеуі басты рөлдерді келістіріп ойнады. Қалидан бастап, танымал журналист, философ, Мемлекеттік «Дарын», «Серпер» сыйлықтарының лауреаты, халықаралық Сорос қорының жеңімпазы Болатбек Төлепберген, жезтаңдай әнші, республикалық, халықаралық дәстүрлі ән конкурстарының бірнеше дүркін лауреаты, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының кандидаты Сәуле Жанпейісова. Халықаралық фольклоршы әншілер конкурсының бірнеше дүркін лауреаты, Ошта өткен халықаралық ән конкурсының Гран-при иегері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, әнші Ардақ Исатаевлар менің тікелей төл шәкірттерім. Олардың қай жерде сұхбат бермесін, радио, телевизиядан сөйлемесін, мақала жазбасын, мені үнемі мақтан тұтатын ілтипаттарына дән ризамын.

Мектепке келген сәттен бастап жас саяхатшылар үйірмесін аштым. Мектеп директоры, соғыс ардагері, запастағы капитан Зикен Бекенов менің бастамама зор қолдау көрсетті. Оқу бөлімі арқылы бірнеше шатыр, туризм жабдықтарын, ұйқы қапшықтарын алдыртып берді. Ауданымыздың табиғаты көркем жерлерін араладық. Саяхатымыз бірнеше күнге созылатын. Сол кездегі Луговой ауданының Қараарша деген шатында өткен туристік жарыстарда күш сынастық.

1983 жылы Қырғызстандағы атақты Манас тауы етегінде өткен облыстық туристік жарысқа аудан атынан қатыстық. Сол додалы жарыста біздің мектеп үшінші орынға ие болды. Бір қызығы, осы жарыс қорытындыланғанда, облыс бойынша тұңғыш рет қазақ мектебінің жүлделі орыннан көрінгенін естіп білдік. Міне, балалар өмірімен біте қайнасу менің көптеген шығармаларыма арқау болғаны ақиқат. Әсіресе кезінде аса мол тиражбен басылып шыққан «Кішкентай генералдар» жинағына енген повестер балалар өміріне тән небір хикаялар, қызықтар, мінездер алуандығы көп әсерін тигізді. Олардың қатарында «Кішкентай генералдар», «Біз, Төлепбек атай, самолет командирі және Пальма», «Сары Сөмке және оның достары», «Саят» секілді повестер бар. Осы шығармалар туралы көрнекті жазушылар, сыншылар Мұхтар Мағауин, Әзілхан Нұршайықов, Кәдірбек Сегізбаев, Бекен Ыбырайымов, Жүсіпбек Қорғасбеков, Сейітжан Омаров, Мәди Айымбетов, Қали Сәрсенбай, Жақау Дәуренбеков, Сәмен Құлбарақ, дәрігер ғалым Сағындық Ордабековтер жақсы баға берді.

Жалпы, менің балалар тақырыбына жазған шығармаларым бес рет республикалық, екі рет халықаралық конкурстарда бәйге алды. Және бұл конкурстардың барлығы да жабық болып өткендігін атап айтуым керек.

Кейін Рахымжан Отарбаев атындағы қор ұйымдастырған әңгімелер конкурсында да жүлде иелендім. Жалпы, балалар өмірі, балалар тілі бөлекше бір әлем. Осы мектептегі жылдар беделінде сан мыңдаған оқушылармен кездестік, тілдестік. Олардың небір қызықтарының, аңқау,албырт тірліктерінің шалдуарлықтарының, тентектіктерінің куәсі болдық, небір періште сезімді балалардың мінездеріне қанықтық. Жетпісінші, тоқсаныншы жылдары мектепте оқыған балалар мен олардың ата-аналары да бүгінгі дәуірдегі ұрпақ пен ата-аналарынан мүлде бөлек, жер мен көктей айырма әлемде өмір сүріп жатыр.

Соңғы төрт-бес жыл көлемінде, ұмытпасам, Қызылорда облысының бір ауылының мектебін ертеректеу бітірген ең тентек балалары намысына, шамына тимей, бірақ еш жерін көгертпей жұмсақ жерден мықтап жазалайтын қатігез емес қатал әрі әділ ұстазына мектеп бітіру салтанатында жеңіл автокөлік сыйлап таңғалдырыпты. Сөйлегенде бұла мінезімізді бұғалықтап, теріс тірлігімізді шектен шығармай, қайырмалап, қалыпты арнаға салуға жүйкесін де, күшін де аямаған аяулы ұстазымызға мың алғыс деп сөйлепті.

Жасырып, жабатыны жоқ, осы күні де менің «қазақи» мектебімнен аз-кем өткен тентек шәкірттерім осы күні де кездескен жерде құшақтап, құрметтеп, шұрқырап амандасып жатады. Өткен-кеткенді айтып, мәз болып, бір жасап қаламыз. 35, 40, 45 жылдық мектеп бітіру кештеріне шақырып, төріне шығарып, құрмет қылып, сый-сияпаттарын жасап жатады.

Қазір әлдеқалай дауыс көтеріп, қатаң сөйлесең, телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге салады да, соттың алдынан бір-ақ шығарады. Жақында небәрі жетінші сынып оқушысының өз ұстазын сабақ үстінде бейпіл сөзбен балағаттағанын көріп, бас шайқастық.

– 1979 жылы өзіңіз мектепте мұғалім болып жүргеніңізде «Жұлдыздар неге жылайды?» деген повесіңіз республикалық «Жалын» журналына толық басылыпты. Ол уақытта «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының беделі керемет қой. Қандай әсерде болдыңыз?

– Шындығында, ол кезде «Жұлдыз», «Жалын» журналдарының, «Қазақ әдебиеті» газетінің таралымдары өте көп болатын. Сол 1979 жылы «Жалын» журналының бірінші санында лирикалық сарында жазылған «Жұлдыздар неге жылайды?» повесім жарияланды. Сұрапыл соғыс кезінде ауылда өмір сүрген, құлындай ойнап, құрақ ұшып жүрген Тайжан баланың қағына жабысқан тосын кеселден тілсіз, мылқау болып қалған тағдыры бейнеленген. Соғыс зардабын басынан өткеріп жатқан ауылдағы бар жайт бала сезімі арқылы беріледі. Сондықтан да повесте бір ауыз диалог жоқ. Танымал сыншы Гүлзия Пірәлиева оны соңғы жылдары қазақ әдебиетінде лирикалық жанрда жазылған ең сәтті туынды деп бағалады.

Бірнеше оқырмандар ризалық хаттарын жолдады. Зылиха Анабаева деген студент оқырманның хатын келтіре кеткен артық болмас. «Сонымен «Жұлдыздар неге жылайды?» атты повесті оқып бітірдім. Әлден уақытта өзімнің солқылдап жылап отырғанымды аңғардым. Тілсіз Тайжанның соншама сыршылдығы мені өзіне баурап әкетті. Тіптен мен өзімнің «тілім» бар екенін де ұмытып кеткендеймін. Егер тілсіз Тайжанға тіл біткенде, ол қандай адам болар еді деймін… ». Батыс Қазақстаннан сол шығарманы оқып, хат жолдаған бір оқырман менімен болашақта кездесіп, сырласқысы келетінін де жазыпты. Бұлардан басқа авторлар да бұл хикая туралы ізгі лебіздерін баспасөзде жариялады. Әрине, жазғаның еленіп, елге әсер беріп жатса, бойыңа аз-кем болса да қуаныш ұялатады ғой.

– Бір ерекшелігі Сарысудан, Жайылмадан еш жаққа кетпедіңіз. Мықтағанда Жаңатасқа келдіңіз. Неге? Қазақ әдебиетіне мойындалған жазушы ретінде Астанада немесе Алматыда , тіпті ең кемінде Таразда тұруға мүмкіндігіңіз бар еді ғой. Неге туған жерден жылжымадыңыз?

– Бұл сұраққа жоғарыда жауап беріп кеткен секілдімін. Кезінде Ақселеу досым өзі басшылық жасаған Ы.Алтынсарин атындағы білім проблемалары институтына да лауазымды қызметке шақырды. «Жамбыл» журналы ашылып жатқан кезде марқұм Рахметбек Өзбеков басылымның жауапты хатшылығы қызметіне үгіттеді. Бас тартқанда «Бекер істедіңіз» деп аз-кем ренжігендей болды.

– Бір таңғаларлығы КСРО Жазушылар одағына 1990 жылы өтіпсіз де, Қазақстан Жазушылар одағына 1994 жылдан мүше екенсіз. Одақ деңгейіндегіден республикалық деңгейде мойындату қиын ба еді ол кезде?

– Мен КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне 1990 жылы өттім. Ол кезде КСРО тарамаған. Жазушылар одағының беделі жоғары еді. Мүшелікке өту оп-оңай болмайтын. Үлкен іріктеуден өтетінсің. Қып-қызыл билетті Жазушылар съезі алдында салтанатты жағдайда тапсырды. Билетке КСРО Жазушылар одағының бірінші хатшысы Георгий Мокеевич Марков, Қазақстаннан Олжас Сүлейменов қол қойған. Үлкен Одақ тарағаннан соң оның құрамындағы одақтас мемлекеттер өз алдына дербес шаңырақ көтерді ғой. Сөйтіп Қазақстан Жазушылар одағы өз алдына дербестеніп, бұрынғы Одақ мүшелерін Қазақстан Жазушылар одағына қайтадан рәсімдеді. Оның бар құпиясы осы.

– Мамандығыңыз журналист болғанмен, білім саласын таңдадыңыз. Журналистикаға 6-7 жыл ғана уақыт арнапсыз. Неге?

–Журналист болсам да аудандық партия комитеті мен атқару комитеті, облыстық оқу бөлімі мектеп директорлығына жіберді. Сол жылдардың өзінде біршама басылымдарға қатысып тұрдым. Жаңатас қаласындағы «Қаратау кеншісі – Горняк Каратау» газетінің орыс бөлімінде бір жылдай істедім. 1998 жылы комбинат басшылығы мені «Қаратау» ТКӨК-нің ақпарат бюросының бастығы –газет редакторы етіп тағайындады. Осы жылдары облыстық газеттерге белсене қатыстым. Әлдихан Қалдыбаев ағамыз қолыма «Ақ жол» газетінің штаттан тыс тілшісі куәлігін ұстатты.

– Сарысудың бүкіл тарихын жаздыңыз. Әдеби көркем кітаптарыңыз өз алдына құнды. Одан басқа «Сарысунама», «Шежірелі Сарысу» кітаптарыңыз бар. Осы жайлы тарқатып айтсаңыз. Қалай жазылды. Кімдер ықпал етті?

– 1997 жылы оңтайландыру ықпалымен Сарысу ауданы мен Жаңатас қаласы қосылды. Аудан орталығы Саудакенттен Жаңатас қаласына көшірілді. Бұл бір беймаза шақ еді. Жаңатас кеншілері айлықтарын ала алмай, аштық жариялады. Комбинат бір қолдан екінші қолға өтіп жатты. Сондай қиын кезеңде ауданға әкім болып Серғали Айдапкелов келді. Кеңестік жүйе тәрбиесін көрген, әртүрлі лауазымдық қызмет атқарған жігерлі, тәжірибелі азамат ауданда қордаланған күрделі мәселелерді шешуге тер төкті. 2003 жылы Сарысу ауданының құрылғанына 75 жыл толған еді.

Соған орай аудан тарихы туралы кітап дайындау мәселесі көтерілді. Таңдау маған түсті. Әкіммен келісе отырып, бүкіл ауылдық округ әкімдеріне, барлық мектеп, мекеме басшыларына арналған 60 пункттен тұратын естелік дайындап тараттық. Уақыт тығыз. Қыркүйек айында мерекелік іс-шара өткізілуі тиіс. 20 тараудан тұратын кітаптың жобасы жоспарланды. Мол деректер көзі сұрыпталды. Ертеректе ауданның 40, 50 жылдығына орай газеттерге жарияланған естеліктерді жинақтадық. Мол фотодеректердің көзін таптық. Көзі тірі белгілі еңбек, соғыс ардагерлерінің естеліктерін жазып алдық. Көрнекті журналист, аудандық мұражайдың негізін қалаған аяулы ағамыз Төкен Мақашевтің, ақын, журналист, жазушы Дулат Шалқарбаев ағаларымыздың жиған-тергендері көп көмегін тигізді. Бұл алғаш шыққан «Шежірелі Сарысу» кітабы еді.

– Жас күніңізде Алматыда жүрдіңіз ғой. Қандай атақты ақын-жазушыларды көрдіңіз. Қазақ әдебиет алыптарымен жеке кездескен, батасын алған кезіңіз бар шығар?

– Мен оқуға 1962 жылы түстім ғой. 1964-1967 жылдары әскер қатарында болдым. 1969 жылы оқу бітірдім. Біздер оқыған кезде қазақ әдебиетінің Мұхтар Әуезовтен басқа алыптарының бәрі дерлік көзі тірі еді. Кездесулерге қатыстық. Сол жылдары Қазақстан комсомол комитетінің бірінші басшысы Өзбекәлі Жәнібеков жемісті қызмет етті. Рухы сергек, әдебиет пен өнердің, мәдениеттің шынайы жанашыры болды. Кабинетіне Сәбит Мұқанов келіп, «Жұпархан» поэмасын әдебиетсүйер жастар алдында оқыды. Өте көпшіл, әңгімешіл, ақжарқын жан екендігін сол сәтінде-ақ байқадық. Сонда ақын Тұманбай Молдағалиевті алғаш көрдім. Әрі қызулана, әрі шешен сөйлеген Әбіш Кекілбаев екеуі айтысып қалды. Бүкіл кеш бойы есіктің ішкі жақтауына сүйеніп тұрып тыңдаған Асқар Сүлейменов ләм-мим деп тіл қатқан жоқ. Өзбекәлі аға аса сабырлы, ілтипатпен кездесуді қорытындылап, абыз жазушыға алғыс айтты.

Ғабит Мүсіреповті, Ғабиден Мұстафинді, Тахауи Ахтановты, Қасым Қайсеновті, Қадыр Мырзалиевті, Рамазан Тоқтаровты, Хамит Ерғалиевтерді және басқа да атпал азаматтарды тыңдадық. 1964 жылы Сәкен Сейфуллиннің 70 жылдығына байланысты іс-шаралар өтіп жатты. Өзім пәтер жалдап тұратын бұрынғы Комсомол көшесінің бойында Пушкин атындағы республикалық көпшілік кітапханасы бар еді. Арамыз 150-дей-ақ метр жер. Менің ең сүйікті «құт қонысым» болған осында Ғабиден Мұстафин аға, Сәкеннің туған бауыры Мәжит Сейфуллин, аяулы жары Гүлбаһраммен кездесу өтті. Ғабиден аға асықпай, саспай сөйлейтін қоңыр даусымен Гүлбаһрам апаның ерінің артын күтіп, еш тұрмысқа шықпаған тарихын, сол 37-нің зұлматында Сәкеннің біршама заттарын, кітаптарын, қолжазбаларын өзі тұрған үйдің артындағы алма ағашының түбіне мұқияттап көміп, бүгінге жеткізген ерлігін тебіреніспен баяндады.

Жалпы мен Ілияс Жансүгіровтің сүйіктісі болған Фатиманы да, Бейімбеттің зайыбы Күлжәмиланы да көрдім. 1964 жылы мен әскерге кетерден ай жарым шамасы бұрын Алматыдағы Жастар театрында республикалық театрлар фестивалі өтті. Сонда Гурьев (осы күнгі Атырау) облыстық драма театры қойған «Шұғаның белгісі» пьесасы бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз театрдың осы қойылымы қалың көрермендерге қайта ұсынылды. Бір қызығы, 4-қатардағы орным даңқты актер Серке Қожамқұловпен көрші болды. Спектакль аяқталған соң әртістерді қошеметтеу салтанатында Бейімбет ағаның жары адамның аза бойын қаза қылған зар дауыспен жоқтау айтып, сахнаға көтерілді. Өн бойында кісіге деген қылдай қиянаты жоқ аяулы ардағын қазақи зармен жоқтауға қосты. Менің де көзіме жас келді. Қасымдағы Серке аға орамалымен көзінің жасын сүртіп жатты. Осы бір ауыр сәтте залда жыламаған адам қалған жоқ-ау.

Нақты бір кісінің батасын алдым деп айта алмаймын. Бірақ Әзілхан ағамен байланысып тұрдым. Менің бірер шығармаларым жөнінде «Қазақ әдебиеті» газетіне жазды. Менің пікірімше, қазақ әдебиетінде ең үлкен эпистолярлық мұра Сәбит Мұқановта болды. Ол кісінің «Ботагөз», «Мөлдір махаббат», «Сұлушаш» сынды шығармалары хақында хат жазған оқырмандар мыңдап саналатын. Мен кездестірген қаламгерлер арасында бүкіл болмысы періштедей таза, мөлдір жүректі жан Әзілхан ағаның «Махаббат, қызық мол жылдар», Бауыржан батыр туралы «Ақиқат пен аңыз» романдары оны халықтың ең сүйікті жазушыларының қатарына көтерді. Әзілхан ағаның сырт көркі де, ішкі жан дүниесі де сұлу аяулы жары болған Халима жеңгеміздің дүние салуы жазушыға аса ауыр әсер етті. Соңғы рет барғанда бір машинаға жүк болар қолжазбаларын, хаттарын, мұрағаттық дүниелерін жік-жігімен топтап жатқанының үстіне түсіп, біраз әңгіменің басын қайырдық.

Ағаның хат жазуының өзі ерекше болатын. Мысалы, адрестеген адамның атын қызыл түспен, ал мәтінін қара түспен жалғап жазатын. Оның халықтың нағыз сүйіспеншілігіне бөленгенінің үлкен куәсі – баспалардың жағдайы болмай жатқанда бір-екі демеуші азамат өз қаржыларына он томдығын шығарып берді. Халима жеңгеміз қайтыс болғаннан кейін тағы да бір қамқор жігіттер Маңғыстаудың аппақ қардай тасынан Кеңсай зиратына екі адамдық күмбез тұрғызды. Соңынан «Махаббат мұнарасы» атанған сол күмбезді кесенеге 2011 жылы дүние салған асыл ағамыз аяулы жарының жанынан мәңгілік қоныс тепті.

Ал Мұқағалиды талай рет көрдім. Көп арасында тұрып, бір мәрте қолын алып сәлемдескенім болмаса, бетпе-бет жүздесіп, тілдескен емеспін.

– Қазақ әдебиетінде мойындалған қандай қаламгерлермен байланысыңыз бар?

– Атақты ақынымыз Қадыр Мырзалиевпен, Қали Сәрсенбай жазғандай, «алты академикті орап кететін» атақты Ақселеу Сейдімбекпен, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаттары қырғы тілді сықақшы, ақын, сазгер, этнограф Қажытай Ілиясовпен, жазушы, баспагер Жақау Дәуренбековтермен жақсы қарым-қатынаста болдым. Өкініштісі сол, осылардың барлығы өмірден өтіп кетті. Қазіргі таңда көзі тірілерден сексеннен асқан Кәдірбек Сегізбаев пен шәкірт інім Қали Сәрсенбай бар.

– Облыс аумағында тұратын қандай ақын-жазушыларды бағалайсыз, мойындайсыз? Кіммен байланыстасыз?

– Бүгінгі таңда облысымызда тұратын жазушылардың ақсақалдарының бірі Елен Әлімжанмен үнемі байланыстамын. Оның кесек туындысы, кең ауқымды «Анажар» романы туралы үлкен мақала жаздым. Тіпті оған сол туындысын Мемлекеттік сыйлыққа ұсыну жөнінде пікірімді де білдірдім. Бірақ өзі бас тартты. Ауылда тұрса да сырлы да сазды, туған елінің, табиғатының тамыршысындай жырлар жазған Қуандық Шолақовты қадір тұтам. Қысқа қайырым, ұшқыр оқиғалы, әр әңгімесінің астарында езуге еріксіз күлкі үйірілтетін астары бар қысқа әңгімелердің шебері Оралхан Дәуіт осы салада жемісті қалам тербеді. Бүгінде күш — қуатына, жүйкеге салмақ салатын газет жұмысы оның шығармашылығына аздап тұсау салып жүргендей әсер қалдырады. Прозашы Көсемәлі Сәттібайұлы да өнімді еңбек етіп жүр. Айша Көпжасарова, Шырын Мамасерікова, Баймаханбет Ахмет, Үміт Битенова әріптестерімнің жазғандарын ілтипатпен қабылдаймын. Ойлы, тегеурінді, астарлы, поэтикалық сезімге бай жырлар жазатын Ғайни Әлімбекованың жырлары көңіліме қонады. Жас ақын Нұржан Қадірәлінің республикалық конкурста бас бәйге алған жырлар циклі оның буырқанысқа толы ішкі сезім әлемінің өрісті екендігін танытты. Балалар тақырыбына үнемі қалам тербейтін Марат Құлибайұлының «Апамның аялы алақаны» жинағы көңілге жылы әсер қалдырды.

– «Аq jol» газетіне – 100 жыл. Қара шаңырақ басылымда кімдермен байланыста болдыңыз?

– Иә, «Аq jol»-ға 100 жыл толды. Ыңғайы келсе, мақала жазу ойда бар. Осы газеттің штаттан тыс тілшісі де болғам. Ақын Өкім Жайлауов ағамыз қамқорлық танытып, жазған алғашқы екі өлеңімді де жариялаған осы газет еді. Одан беріде аса талантты, ерен еңбеккер Мақұлбек Рысдәулеттің бастамасымен газет жанынан мектеп оқушыларына арналған «Алтын шырақ» журналы шықты. Оның жауапты шығарушысы болып Елен Әлімжан бекітілді. Ол мені осы журналға жарты бірлік штатпен қызметке қабылдатты. Ә дегеннен журналдың тартымды, танымдық материалдарға бай болып шығуына күш салдық. Мен адамзат баласы тарихында ашылған басты ғылыми жаңалықтар шежіресін дайындап, бірнеше нөмірге қатар жарияладық. Танымдық, логикалық, пәндік викториналар ұйымдастырдық. Оқушы ойына түрткі, қозғау салатын дүниелерді кеңінен насихаттадық. Қазақ ұлтынан шыққан 105 Кеңес Одағының Батырлары туралы жинақ, деректі материалдар оқырмандар үшін қызғылықты болды деп айта аламын. Облыстың бас газетімен осындай байланыстарым бар екені көңіл қуантады. Әлдихан Қалдыбаев ағамызбен байланысымыз жақсы болды. 2012 жылы Елордада өткен Жамбыл облысы күндерінде бірге болдық. Өзі басқаратын газетке бірнеше әңгімелерімді көрнекі етіп жариялады. Баладай ақкөңіл, аңқылдаған, мейірбан жан еді. «Әй, Пернеш, келдің бе?» – деп алауатсыз көңілмен қарсы алатыны естен кетпейді. Менің 50 жылдық мерейтойыма Рахметілда Құдабай екеуі келіп, емен-жарқын отырыста болды. Талантты прозашы, жолдасы Қарауылбек Қазиев, сазгер Әбдімомын Желдібаев туралы небір әңгімелердің, Мақұлбек Рысдәулет ер көңілді, пікірлі азамат еді. Елен екеуіне тарихи, танымдық, деректі, шежірелі «Үркердей болып көшкен жұрт…» томын сыйлағанда шын риза болды. Бара сала осы кітаптың тарихи тарауындағы «Ел неге еріксіз қоныс аударды?» деген тарауын газетке жариялады. Тағдыр толқынымен, орыстың озбыр билігінің дүмпуімен сонау Атырау, Орал өңірінен Арқа алабына қоныс аударған Шеркеш, Тама, Жағалбайлы тайпалары туралы алуан түрлі деректер көзі қарақты жандарды бейжай қалдырмаған еді.Сол Мақаң маған үлкен сенім артып, 80 томдық «Тараз мұралары» атты көптомдықтың ақылдастар алқасына да, сарапшылар тобына да мүше етті. Кейіннен жалғасқан осы көптомдықтың 102-томы толығымен менің шығармашылығыма арналды. Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына орай шығарылған үлкен еңбекке менің көлемді мақаламды енгізді. Бірігіп, шығармашылық ынтымақпен еңбек еттік. Осы Мақұлбектей атпал азаматтың есімін ел есінде қалдыру туралы «Ақ жол» газеті көтерген мәселені мен жан жүрегіммен қолдаймын. Несіпбек Дәутаев – әдебиетімізде мойындалған тұлға. Онымен алғашқы тілдесуім, ертеректе бір қызы көлік апатынан қаза болғанын газеттен оқып, кабинетіне барып көңіл айттым. Алғашқы бетпе-бет тілдесуіміз сол. Көпшілік ортадан сәл оқшаулау жүретіндей әсер қалдыратын еді. Бас изесіп қана сәлемдесеміз.

Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов облыс жазушыларына қамқор көзбен қарады. Сол кісінің қолдауымен менің таңдамалы повестерім мен әңгімелер жинағымның бір томдығы 2004 жылы «Сенім» баспасынан жарық көрді. Ол кезде Несіпбек Қазақстан Жазушылар одағы Жамбыл облыстық бөлімшесінің директоры болды. Тәртіп бойынша қолжазбамен танысуы керек еді. Оқып шыққан соң еш өзгеріссіз басуға қол қойып берген болатын. Міне, сол кезеңнен бастап арамызда іскерлік байланыс орнады.

Соңғы жылдары жол түсіп Таразға барғанда соғып, қысқа қайырым әңгімелесіп жүрдік. Екеуміз де «Жалын» конкурсынан қатар көрініп жүрдік. «Дарабоз» бәйгесінде де. Жасыратыны жоқ. 2015 жылға дейін ол басқаратын «Жамбыл» журналына еш шығармамды ұсынып көрмеппін. Бірде өзі телефон шалып: «Әй, Пернебай, журналға неге қатыспайсың? Бір-екі дүниеңді жібер», – деді. Үлкен оқырмандарға арналған «Сол бір асу…», «Жұлдыздар неге жылайды?» атты екі повесімді қатар жариялады. 2018 жылы «Зертөбе» повесім 75 жылдығыма орай сол басылымда жарық көрді.Әріптес ретінде, «Рухани жаңғыру» аясында жарияланған, бір ғана жыл өмір сүрген «Рух» конкурсында жеткен жеңісіне орай құттықтап бардым. Шығармалары Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылғанда тілектестік білдірдім. Ол туралы «Жас Алаш» газетіне де жаздым.

– Елімізде бейбіт шерулер болып жатады. Халық пікірін білдіріп жатады. Сол сәтте сіз қандай ұстанымда боласыз?

– Заңдық аядан шықпайтын шерулерде халық пікіріне қолдау көрсетеміз. Екі-үш рет баспасөз бетіне пікірімді де білдірдім. Қаңтар оқиғасына байланысты мақалам өздеріңнің газеттеріңе жарияланды. Марқұм Серікболсын Әбілдин президенттікке үміткер болып түскенде аудан әкімдігі тарапынан оған қарсы сөйлеу жөнінде күштеме үгіт жүргізгенде, үзілді-кесілді бас тарттым. Қара пиар жасау деген лас саясатқа еш араласпаймын деп тіке айттым. Жалпы билік тарапынан көрініс тауып отыратын мұндай тәсілдер кімге де болса абырой әпермейтіні анық.

– Ауданның Құрметті азаматысыз. Сіз үшін құрмет, атақ дегеннің мәні қандай?

– Ауданның Құрметті азаматы атағы маған 2001 жылы берілді. Бұл атақтың құны қазір мүлдем арзандап кетті. Жыл сайын белгілі мерекелер алдында 4-5 адамға емес, 20-30-дан берілетін болды. Кісілік, азаматтық қағидалардың планкасын тым төмендетіп алдық. Баспасөз беттерінде бұл туралы өткір пікірлер айтылып жатыр. Әлгі атақ, орден, медаль дегендерді алу үшін белгілі бір азаматтар науқан басталысымен-ақ марафондық жарысқа түсетіні ашық айтылуда. Бір таңғаларлық жайт, әлемдік деңгейдегі актеріміз Асанәлі Әшімовке осы атақ көпке дейін берілмеді. Аудандық Еңбек даңқы аллеясында көрнекі тақтасында ол 188 орында тұр. Көзден таса, көңілден тыс қалып жатқан небір азаматтарды шаң басқан уақыт тозаңынан аршып, қалың жұртшылыққа ұсынып, ащы тер төгіп жүрген тамаша публицист, журналист Жанболат Аупбаев жоғары деңгейлі орден алғанда мүлде қуанбай, бір бұрышта қабағы салыңқы, жабығып отырыпты. Неге бұлай деп сұрағанда, ішегіне шынашақ айналмайтындардың бойында қызғаныштың қызыл итін үргізіп қоятын марапаттың қызығы да шамалы екен депті. Мысалы, даңқты маршал, ұлы қолбасшы Григорий Жуков Кеңес Одағының Батыры атағын таза еңбегі үшін төрт мәрте иеленген жан. Ал Кеңес Одағын 1964 жылдан 1982 жылға дейін басқарған Леонид Ильич Брежнев Ұлы Отан соғысын генерал-майор дәрежесінде аяқтаған еді. Сөйтіп, сол билігінің арқасында, айналасын қамтитын, құптаушы топпен бекемдеп, шегендеген Бас хатшы Социалистік Еңбек Ері атағынан тыс бейбіт заманда Кеңес Одағының Батыры атағын төрт мәрте иеленді. Жуков дүние салғанда, даңқты қолбасшыны жерлеу рәсімі туралы кеңесте маршал Баграмян батырдың денесін маршалдар Ворошилов, Буденныйдың қатарына жерлейік деп тұрып алады. Брежнев оған көнбей, денесін өртетіп, бір уыс күлін Кремль қабырғасына қойғызады. Ал Брежнев сенімді серігі, сұр кардинал атанған, Кеңес Одағының саяси идеологиясын уысында ұстаған, өзі бас болып жерлеткен Михаил Сусловтың қатарынан қоныс тепті. Жуков атындағы әскери оқу орындары, зәулім ескерткіштері, көшелер,т.б. нысандар жетерлік. Брежнев қайтыс болғаннан кейін-ақ көп ұзамай оның атындағы нысандар жойыла бастады. Өзіміздің Алматыдағы осы күнгі Республика алаңы бұрын Брежнев атында еді ғой.

Қазір түрлі мемлекеттік мекемелердің, ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің, оқу орындарының, тіпті мешіттердің өз медальдары, тіпті ордендері бар. Мысалы, 2020 жылы мен ақтөбелік журналист, республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының бас редакторы Мұсағали Тасқалиевтің ұсынысымен, онымен бірлесе отырып, Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай қазақтардан шыққан Кеңес Одағының Батырлары және өзге де ерлер туралы түрлі түсті, әсем безендірілген «Ұлт батырлары» деген кітап шығардық. Сол кітап үшін мені академияның мерекелік медалімен, «Спорт жұлдыздары» журналының Құрмет белгісімен, республикалық «Ернамысы» қоғамдық бірлестігінің №02 «Ұлы Дала Батыры» орденімен марапаттады. Бұл дәріптеулер мені бәлендей қуандырған жоқ. Өткен жылы Қазақстан Жазушылар одағының жоғары әдеби марапаты халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы берілді. Тиісті рәсімдеу қағаздарын, кепілдемені апарғанда, Одақтың басшы азаматтарының бірі: «Сонда бұл кісі осы уақытқа шейін алмаған ба?!» – деп таңданып, «Бұл кісіге еш кепілдеменің керегі жоқ» деп қағазды қайтарып жіберіпті. Осы орайда, мына бір тәмсіл еске түседі. Ертеде әлемнің данагөйлері бас қосып, адамзат баласы болмысын, тіршілігін қысқа да нұсқа бір ауыз сөзбен тұжырымдайтын даналық сөз нұсқасын табуға ақылдасады. Әр арналы, әр алуан пікірлер, небір көзқарастар қақтығысынан соң: «Бәрі өткінші!» деген қысқа тұжырымға тоқтасып, қол қояды. Астарына алапат сыр бүккен осы дәйекті даналық сөз адамды көп ойларға жетелейді.

– Қоғамда тіл, діл, дін дейміз. Сізді қандай мәселе алаңдатады?

– Қоғамдағы тіл, дін, діл туралы мәселелерге көкірек көзінде сәулесі бар, намысты қоғам қайраткерлерінің, қаламгерлердің қалам тартпай жүргендері жоққа тән. Сонау 1959 жылы өз туған топырағында небәрі 29-ақ пайызды құраған қазақ халқы небір демографиялық дүрбелеңдерді бастан кешті. Мысалы, 1926 жылы Бүкілодақтық халық санағында Қазақстан қалаларындағы қазақтар саны 14,4 пайызды ғана құрады. 1921 жылы Қазақстанның батыс аймақтарын шарпыған ашаршылық, 1932-1933 жылғы сұрапыл ашаршылық нәубеті қазақ халқының санын мүлдем азайтып жіберді. 1937-1938 жылғы репрессиядан соң соғыс өртін бастан кешті. 1953 жылы басталған тың және тыңайған жерлерді игеру науқанына байланысты Қазақстанға таудан құлаған сел нөпіріндей ақтарылған славяндардың қалың ұрпағы мен өзге ұлт өкілдерінің жаппай қоныс аударуы ұлтымыздың пайыздық үлесін мүлдем құлдыратты. Екі-ақ мысал келтірейін.1963 және 1964 жылдары студенттік отрядтар құрамында Қостанай және Солтүстік Қазақстан облысының совхоздарында астық жинауға қатыстық. Сонда жаңадан орнаған совхоздардағы қазақ отбасылары некен-саяқ қана жолыққанын көрдік. «Пригородный» совхозының екінші бригадасында бір-ақ қазақ отбасы болды. Балаларының барлығы орысша оқиды. Ал 1962 жылы Алматыдағы қазақтардың үлесі – 11 пайыз. Оның үш пайызын студенттер құрайды. Қалған 8 пайызының басым көпшілігі орыстанып, саны көп ұлттың құрамына жартылай жұтылып кеткен. Жарты миллионға жуық халық тұратын Алматыда жалғыз-ақ №12 қазақ мектебі болды. Міне, осындай деректерден-ақ ұлттық тіліміздің дамуы қай деңгейде, қандай теперіштерді бастан өткергенін көруге болады.

Хрущевтің тұсында зор қарқынмен бастау алған орыстандыру саясаты, одан кейін де жымысқылық тәсілмен жүзеге асырылған тілімізді кемсіту саясатының куәсі болдық. Біраз жергілікті газеттеріміз орыс тілінен аударма түрінде шыққандығы аға ұрпақтардың есінде. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісінен кейін Мәскеуден келген СОКП ОК хатшысы Разумовский беті шімірікпестен «Неге Алматыдағы қазақтар саны он жеті пайыздан асып кеткен?» деп төмендегілерге шүйліккен. Ал сол Орталық партия комитетінің жауапты қызметкері Мищенко деген ұлты неміс болса да қаны сұйылған қазақтарды он орап кететін атақты Герольд Бельгерге: «Қазақ тілінде небәрі екі жүз-үш жүздей ғана сөз бар екен ғой», деген. Сонда Бельгер астамсыған төреге оның ой-өріс деңгейінің қаншалықты екендігіне іштей таңдана отырып, қазақ тілінің түркі халқы тілдерінің ішіндегі ең бай тіл екендігін нақты дәлелдер келтіре отырып, оны орнына қойған ғой.

Біз тіл тұрғысындағы осындай саясаттың зардабын әлі тартып келеміз. 2013 жылғы журналистер конкурсында менің бірінші орын алған «Ана тілі-ар намысың немесе намыссыздық синдромы» деген мақаламда тіл мәселесі жайында қаны сорғалаған ащы шындық барынша баяндалған еді. Данышпан ақын Қадыр айтпақшы «Ана тілің-арың бұл» деген сөзінде сан тарам ойларға жетелейтін батпан салмақ жатыр.

Діл дегеніміздің өзі белгілі бір нақтылы тарихи ортада қалыптасқан мінез-құлық, іс-әрекеттердің болмысы, яғни ғылыми тілмен айтқанда менталитетіміз ғой. Бұдан шығатын қорытынды, заманның ағысына қарай адамның ниеті, пиғылы, жан дүние ауаны өзгертіп отыратындығы ақиқат. Жыл өткен сайын замана ағысы күрделеніп барады. Байлар байлығына мастанып, небір даңғойлықтың көкесін көрсетіп жүр.Шымкенттік бір бай бизнесмен баласының үйлену тойына сонау Мәскеуден арнайы чартерлік рейспен 78 мың долларлық үйдей торт әкеліп, елді таңдандырды. Сол оңтүстік қалаларының бірінде беташарға әр жігіт бір миллионнан ақша салып, елдің жағасын ұстатты. Қайрат деген әншіміз 65 миллиондық машина мініп, салтанатында ірі ақшалардан әуелете шашу шашты. Елбасымыздың туған інісі Болат Назарбаев ұлына сүндет той жасап, вертолетпен аспаннан ақша жаудырғаны елдің есінде. Интернеттік желі, заманауи байланыс құралдары адамзат алдында бүкіл әлемді жалаңаштап тастады. Ешнәрсе құпия болудан қалды. Батыс әлемі мен мұхиттың арғы жағындағы елдердің арулары бар тәнін жалаңаштап, өздерін күн сайын жарнамалап келе жатқан «өнегесі» біздің қаракөздерімізге де жұғысты бола бастады. Үшінші, төртінші рет күйеуге шыққан әншілердің, әртістердің жарнамалары интернет экрандарының бетін бермейді. Басына сәукеле киіп, жалаңаш суретке түскен қазақ аруы қаншама шу туғызды. Олар өнегелі сөз айтқандарды «уятмендер» деп ащы кекесінмен түйрейтінді шығарып алды.
Абай айтпақшы: «Қызды айтсам, қызықты айтсам қыздырмалап, бір сөзімді тыңдар ең мыңға балаптың» кері күн өткен сайын үдеп барады. Сәулет өнерінің небір ғажайып нұсқаларымен безендірілген тойханалар ел-елде, жер-жерде қаптады. Той, салтанаттан тыс ас берудің өзі бәске жарысқа айналды. Ұлы әншіміз Бибігүл Төлегенова күйіне жазғандай: «Қазіргінің той дастарқаны қайсы, ас, қаза дастарқаны қайсы екенін ажыратудан қалдық», – деген сөзіне күнделікті куә болып жүрміз.

Қымбат үй салып, қымбат көлік мініп, мол ақша табу өміріміздің басты ұранына айналды. Керісінше қоғамымызда несиеден несиеге, қарыздан қарызға ұрынып, таңы айырылып жүрген жандар қарасы көбейе түсті. Осындайда халықтың сүйікті әншісі Роза Рымбаева «Айналайындар-ау, сендер аста-төк шалықтап жүрсіңдер, бір шаңырақтарда қара нанмен шай ішіп, жүрек жалғап отырғандар бар екенін ұмытпайық», деп тоқтам айтқаны көңілге қонады. Бүгінде дандайсыған, бос кеуде жұлдызсымақ әншілерден аяқ алып жүре алмайсың. Әлемге қазақтың қобызын, домбырасын танытқан, жат жұртқа қазақ әнін айтқызған әлемнің бірінші әншісі атанған, ізгілік елшісі Димаш Құдайберген кешегі алапат ковид кезінде өзі туып-өскен Ақтөбесіне әлеуметтік жағынан аз қорғалған жерлестеріне бес жарым тонна азық-түлік жіберген азаматтығы біздің жастарға шынайы үлгі емес пе?!

Жастың да, жасымыстың да бүкіл ақыл-есін билеп алған ащы шектей созылған түрік сериялары, әсіресе әйелдеріміздің бар жан дүниесін жаулап, санасын сиқырлап алса, жасөспірімдердің қалта телефондарындағы сан мыңдаған тик-токтар миларын жегі құрттай жеп, жан дүниелерін виртуалды әлемге байлап беріп отыр. Олар үшін тамылжыған табиғат, бұлақ суының сыңғыры, құйқылжыған құс әуені, айдын көлдің айна келбеті гүлдердің жұпар иісі, арайлап атқан таң мен манаурап батқан күн түк қызық емес. Қос құлақты бітеп алып, көшемен меңірейіп кетіп бара жатқандарға аянышпен қарайсың. Құлақ та тұмша, көңіл де тұмша. Ұлы Жаратылыстың аялы құшағынан ажырап бара жатқан болмысымыздың қайда апарып соғары белгісіз. Қазір жастар түгіл, ересектердің өзі номофобиялық ауруға бой алдырғаны жасырын емес. Сондай-ақ сыртқы көрікке, әсем киімге, алтын, жақұтқа ғана мән беріп, ішкі дүниесі жұтаң тартып бара жатқан жастардың тағдыр-талайы қалай болары бұлыңғыр.
Қойын дәптерімде осыдан бес-алты жыл бұрын жазып алынған мәліметте мынадай дерек келтірілген. 2014-2015 жыл шамасы. Әрбір 100 үйленген жастардың бір жыл көлемінде ажырасу деректері Түркіменстанда 1 жұп, Тәжікстанда 2 жұп, Өзбекстанда 6 жұп, Қазақстанда 43 жұп екен.
Орта Азиядағы өзге туыстас елдерге қарағанда орыс, одан қала берді батыс әлемінің «жетістіктерімен» ерте ауызданғандығымыздың «жемісін» молдау татып отырғандығымыздың себебін жоғарыда айтылған жайлармен біршама байланыста қараған жөн. Дін мәселесі туралы айтар болсақ, біз өмір сүріп отырған Отанымыздың зайырлы мемлекет екендігін естен еш шығармауымыз керек.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында берілген еркіндікке орай діни ілімге ықылас қойған жастарымыздың әр бөлек ағымдағы шетелдегі діни оқу орындарына оқуының нәтижесін бүгінде көріп жүрміз. Қазақ халқының дәстүр-салтымен біте қайнасқан ханафилік ілімді шетқақпай, тәркі қылып, теріс ағымдағы түрлі ұстанымдарды ту етіп ұстанушылар легі көбеймесе, азайған жоқ. Басын қап-қара орамалмен тұтас тұмшалағандар, көз аңғалығын ғана көрсетіп орамал тартқан әйелдер қай қалаға барсаң да алдыңнан шығады. Шолақ шалбар, қаба сақалдылар да молынан кездеседі.
Әсіредіншілдік әсері, діни фанатизм туралы аса зиялы азаматымыз, медициңа ғылымдарының докторы, профессор Сағындық Ордабеков «Ар-Ай» жастар газетінде қоғамымызды белең алып бара жатқан келеңсіз діни құбылыстар туралы, жан-жақты зерттелген өткір мақала жазды.

Ел-жұрттың аманында туған елін, жерін, әлпештеп өсірген әке-шешелерін тастап, сонау Сирияға отбасымен аттанып, бүлікшілер тобына қосылып, «Әлемдік халифат» жасаймыз дегендерге ілесіп, қаншама қазақ жігіттері жат жерде құрбан болды. Ал әйелдері мен балалары ше?! Қазақстан басшылығының ізгі қамқорлығының нәтижесінде, «Жусан» операциясы арқасында қаншама жесірлер мен жетімдер елге оралды. Бармақтай емес, батпандай бақ іздеп барып, барынан айырылған әйелдердің көз жасын көрдік. Адамшылықтан жұрдай, соқыр сеніммен санасы уланған сезімсіз еркектердің үш рет «Талақ!» деп айтып, әйелдерді керексіз, аяқасты мүліктей қылып, далаға лақтырып кететін тағылық тірліктері төбе шашыңды тік тұрғызады.

Осыдан үш жылдай бұрын алғашқы күйеуі қаза болған соң, сол өзі өмір сүріп жатқан ортада жесір әйелдің басы бос жүруі үлкен күнә саналатындықтан 16 рет күйеуден күйеуге «лақтырылған» әйел тағдыры туралы хабар көп елдің есінде болар.
Әсіредіншілдіктің бір көрінісі ораза айында ауыз бекіту науқаны кезінде белең алғанын жасырып-жабуға болмайды.

«Ана тілі» газетінде бұл мәселе орынды көтерілді. Онда былай делінген: «… кіп-кішкентай балалардың өзі ораза ұстауды сәнге айналдырғысы келетіні ойландырады. Әрине, балалық, жастық максимализм – табиғи нәрсе. Дегенмен ондай ұшқары әрекеттің зиянын мектепке сілтеп қоймай, алдымен ата-аналардың өздері түсіндіруі керек. Оған қоса, діннен бұрын ғылым-білімге ұмтылу ұлтымыз үшін анағұрлым маңызды».Жуырда Ақтау қаласындағы мектепте оқушылардың сабақ үстінде ұйықтап қалуы әлеуметтік желіні шулатты. Бұл мәселе Білім, ғылым министрлігіне дейін жетті. Дәрігерлер өсіп келе жатқан жас ағзаның қатерлі ауруға шалдығуы туралы пікірлерін таратты. Осы мәселеге байланысты Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының баспасөз қызметі 11 сәуірде арнайы түсіндірме таратты: «Шариғат бойынша балиғат жасқа жетпеген жас балаға ораза ұстау – парыз емес. Балиғатқа және кәмелетке толмаған жас баланың ораза ұстау кезінде оның организмінде әлсіздік, дәрменсіздік пайда болуы мүмкін.Кез келген құлшылық, оның ішінде, ораза толыққанды білім алуға, тиянақты жұмыс істеуге кері әсер етпеуі керек. Ата-аналардан балиғат жасына жетпеген балаларды ораза ұстауға мәжбүрлемеуді сұраймыз».

Өткен жылы да Сарыағаштағы мешіттің көзден таса бөлмесінде онға толмаған балаларды Құранды толық жаттатып, қарилар дайындау мәселесі де көп әңгіме туындатқан еді.

Орыста «От одной крайности к другой крайности бросаться» деген тіркес бар. Оны бір қиырдан бір шиырға асығыс құлаш ұратын баянсыз тірлік деп тәпсірлегеніміз жөн болар. Қай тірлік болғанда да қонысқа жайлы, тірлікке сайлы, тұғыры берік, қазығы бекем алтын ортаны, алтын орданы ұстын етіп ұстағанымыз жөн. Келешек қоғам, заманауи тілмен айтсақ, іске мықты, биік мақсаттарға ұмтылған креативті жастарды молынан қажет етеді. Қоғамды ілгері сүйретіп, аршындап алға басқан қоғамның қозғаушы күші білімді, ілімді, ілкімді азаматтарымыздың, жастарымыздың қолында екендігін естен шығармайық. Біздің мемлекетіміз де тұғыр, тиянағы жоқ уралаған реформалардың небірін жасады. Нәтиже төмен.

Бір ғана білім саласына қатысты жасалған реформалар халықтың наразылығын тудырды. Ең күлкілісі жоғары сыныптарда физика, химия, биология, т.б. пәндерді ағылшын тілінде оқытамыз деп арнайы оқулықтар шығарып, сол пән мұғалімдерін алты айлық, тоғыз айлық курстарда оқытты. Санаға сыймайтын күлкілі жайт. Оқушылардың басым көпшілігі өз ана тілдерінде оқығанда көңілді көншітетіндей нәтижелер көрсетпей жүрген жағдайда ағылшын тілінде қандай нәтижеге жетпек.
Дүниежүзінде ең дамыған Жапония мектептерінде шет тілін бала 12 жасқа жеткенше оқытпайды. Олардың дәлелі – осы жасқа дейін әр бала өзінің туған ана тілінде сана-сезімін, психикасын берік қалыптастыру керек. Самурайлық рух, айқын мақсат үшін бар күшін жұмсайтын жапондықтардың технологиясы әлемді жаулап алып отырған жоқ па?!

Ал бізде ше? Үштілділік деп ұрандаттық. Жас өскіндерді балабақшадан басталатын тіл үйрету қойыртпағына батырып жүрміз. Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың сөзіне құлақ түрейікші: «Бала бастауыш мектепте бар пәнді тек ана тілінде ғана оқуы керек», дейді. «Өз тілімен сөйлескен, өз тілімен жазған жұрттың тілі еш уақытта адамы құрымай жоғалмайды», деуі ше! Өз халқының тағдыры үшін жан ұшыра алаңдаған асыл азаматтың сөз астарында санаңа салмақ салатын небір ойлар жатқан жоқ па?! Осы быламық, батпақпен шендескен тірліктің қандай нәтиже бергенін, беретінін уақыт көрсете жатар. Әлеуметтік желіде қазақ жастарының жазғандарын оқып көріңізші. Әріп, тыныс белгілерін былай қойғанда, жөні түзу сөйлем құрай алмайтын, орашолақ ойларын тұздықты сөздермен әрлегендердің білімін, ой-өрісін, мәдениетінің, кісілігінің қаншалықты деңгейде екендігін білгеніңде, ішің ауырады. Сөйлеу, ойлау мәдениеттері көңілді еш көншітпейді.

– Отбасыңыз жайлы айта кетсеңіз..

– Зайыбым Зағиша Сманқызы Жамбыл педучилищесін үздік бітірген. Кейін Қазақ мемлекеттік университетін сырттай бітіріп, Жайылма ауылында ұзақ жылдар ұстаз болып, еңбек етті. Ұл-қыз перзенттеріміз әр салада қызмет атқарады. Оннан аса немерелерім өсіп келеді.

– Ашық сұхбатыңыз үшін рақмет.

Сұхбаттасқан Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support