- Advertisement -

ӨЗГЕРІСТЕРДІҢ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫН ӘРКІМ ТҮСІНУІ ТИІС

103

- Advertisement -

Қазіргі уақытта Қазақстан тағы бір маңызды тарихи кезеңді бастан кешуде. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың №888 «2022 жылғы 5 маусымда республикалық референдум өткізу туралы» 5 мамырдағы Жарлығы негізінде республикалық референдум өткізілетін күн айқындалды. Оған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы шығарылып, мынадай мәселе тұжырымдалады: 2022 жылғы 6 мамырда бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасындағы «Қазақстан Республикасының Конституциясында баяндалған өзгерістер мен толықтыруларды қабылдайсыз ба?».

Бұл мәселе «Республикалық референдум туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы №2592 Конституциялық заңымен республикалық референдум мәніне жатқызылған.

Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесі 2022 жылғы 4 мамырдағы Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан Республикасы Конституциясының 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкестігін тексеру туралы өтініші, «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңы жобасының негізінде «Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын тану туралы шешім қабылдады. Ол Қазақстан Республикасының Конституциясына, оның ішінде негізгі Заңның 91-бабының 2-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келуге тиіс.

Шешім шығару кезінде Конституциялық Кеңес ұсынылып отырған өзгерістер белсенді трансформация кезеңіне өткен қоғамға бағдарланғанын және жүргізіліп жатқан реформалардың берік саяси-құқықтық іргетасын қалауға арналғанын негізге алып отыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 16 наурыздағы «Жаңа Қазақстан: Жаңарту және жаңғырту жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында баяндалған негізгі бағыттарды іске асыру мақсатында Конституцияның 30-дан астам бабына өзгерістер енгізу орынды деп танылды.

Негізгі өзгерістер Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаттарын күшейтуге қатысты. Оған өлім жазасын жоюға қатысты нормалар бағытталған.

Осыған байланысты Конституцияға мынадай өзгерістер енгізілді: «ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасына тыйым салынады». Адамның еңбек бостандығына, құқығына қосымша кепілдіктер енгізілді.

Өзгерістер Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Конституциялық мәртебесінің нығаюына алып келді. Конституцияның 83-1-бабының жаңа нормаларымен оның қызметінің міндеттері, қандай да бір өзге мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың өкілеттігін жүзеге асыру кезінде тәуелсіздік пен есеп бермеудің кепілдіктері баян етілген. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы мен қызметін ұйымдастыру Конституциялық заңмен айқындалатын болады.

Құқық қорғау және өзге де қызметті жүйелі түрде күшейту үшін заңнамалық реттеу деңгейін көтеру және Прокуратура туралы жеке Конституциялық заң қабылдау орынды деп танылды (1-баптың 30-тармағы).
Өзгерістер Конституцияда жер мен табиғи ресурстардың иесі болып табылатын адамдар туралы ережені біржақты реттеуге қатысты: «жер және оның қойнауы, су, өсімдіктер мен жануарлар әлемі, басқа да табиғи ресурстар адамдарға тиесілі. Халық атынан меншік құқығын мемлекет жүзеге асырады. Жер, сондай-ақ, заңда белгіленген негіздерде, шарттар мен шектерде жекеменшікте де болуы мүмкін».
Түзетулермен «билік институттарының оңтайлы теңгерімін қамтамасыз ететін және елдің орнықты дамуына ықпал ететін, Мемлекет басшысының өкілеттіктері нақтыланатын, Парламенттің рөлі нығайтылатын» жаңғыртылған Президенттік басқару нысаны көзделеді.

Мәселен, бұл норма қабылданған жағдайда, Конституцияның 43-бабының 3-тармағында Республика Президенті өз өкілеттігін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс деп белгіленетін болады. Бұл тыйым Конституциялық соттың, Жоғарғы Соттың және өзге де соттардың төрағалары мен судьяларына, Орталық сайлау комиссиясының, республиканың жоғары аудиторлық палатасының төрағалары мен мүшелеріне таралған.

Республика Президентінің жақын туыстарының саяси мемлекеттік қызметшілер, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшылары лауазымдарын атқаруға құқығы жоқ (1-баптың 7-тармағы).
Кейбір өзгерістер мен толықтырулар Парламент пен мәслихаттардың рөлін нығайтуға бағытталған, Парламент Сенаты мен Мәжілісін қалыптастыру тәртібі өзгертілді. Мәжілісте Конституциялық заңда айқындалған тәртіппен бір мандатты аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты сайлаушылар кері қайтарып алу құқығы енгізілді. Сенаттағы президенттік квота 15 депутаттан 10 депутатқа дейін қысқартылды, оның 5-еуін Қазақстан халқы Ассамблеясы ұсынатын болады. Бұл ретте Қазақстан халқы Ассамблеясының Мәжілістен квотасы Сенатқа ауыстырылады және 9-дан 5 депутатқа дейін қысқартылады. Тиісінше, Мәжілістегі депутаттық мандаттардың жалпы саны азаяды.
Республикадағы заң шығару процесіне де өзгерістер енгізіледі. Ол мынадай сатыдан тұратын болады: Парламенттің Президенттің қол қоюына Заң ұсынуы; Палаталардың бірлескен отырысында Конституциялық заңдарды қабылдау; Республика Президентінің қарсылығын туғызған Конституциялық заңдарды немесе Конституциялық заңның баптары бойынша қайтадан талқылау мен дауыс беру тәртібін белгілеу. Мәжіліске заңдар қабылдау құқығы беріледі, оның құзыреті кеңейтіледі. Бұл мәселе референдум жобасында төмендегіше ұсынылады: «50-бапта:

1) 2-тармақтың екінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:
«Сенаттың он депутатын, оның ішінде бесеуін Қазақстан халқы Ассамблеясының ұсынысы бойынша Республика Президенті тағайындайды»;

2) 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
«3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен аралас сайлау жүйесі бойынша: біртұтас жалпыұлттық сайлау округінің аумағы бойынша пропорционалды өкілдік ету жүйесі бойынша, сондай-ақ бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын тоқсан сегіз депутаттан тұрады».
51-баптың 1-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Мәжілістің депутаттарын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.».
52-баптың 5-тармағының үшінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Парламент Мәжілісінің депутаты:
1) депутат Конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) Конституциялық заңға сәйкес партиялық тізім негізінде депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан;
3) бір мандаттық аумақтық сайлау округі бойынша сайланған депутатты Конституциялық заңда айқындалатын тәртіппен сайлаушылар кері шақырып алған кезде өз мандатынан айырылады».
14. 53-бапта:
1) мынадай мазмұндағы 1-1) және 1-2) тармақшалармен толықтырылсын:
«1-1) конституциялық заңдарды қабылдайды;
1-2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған конституциялық заңдар немесе Конституциялық заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Парламент әрбір Палата депутаттарының жалпы санының төрттен үшінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде Конституциялық заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылықтары еңсерілмесе, Конституциялық заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі»;
2) 2) тармақшадағы «Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің» деген сөздер «Жоғары аудиторлық палатаның» деген сөздермен ауыстырылсын;
3) 6) тармақшадағы «Кеңестің» деген сөз «Соттың» деген сөзбен ауыстырылсын.
54-бапта:
1) 1-тармақтың бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
«1. Парламент Палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі – Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы заңдар қабылдайды, оның ішінде:»;
2) 2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
«2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзімде қайталап талқылау мен дауысқа салуды жүргізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әрбір Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен Президенттің қарсылықтарын еңсерсе, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса Палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбады немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі;».
Республика Президентінің өкілеттігі де біршама өзгереді.

– Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкімдерін өңір мәслихаттары депутаттарының келісімімен баламалы негізде (кемінде екі кандидатура) Президент тағайындайды.
– Конституциялық Соттың Төрағасын және Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасын Президент Парламент Сенатының келісімімен тағайындайды.
– Конституциялық Соттың құрамын қалыптастырады: 6 судьяны Парламент (Мәжіліс пен Сенат 3 мүшеден), 4 судьяны Президент тағайындайды, Төрағаны Сенаттың келісімімен Президент тағайындайды.
– «Мемлекеттік хатшы» институты «Мемлекеттік кеңесші» институты болып қайта құрылады, ол ішкі саясат бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды қалыптастырумен айналысатын болады.
– Конституциялық Сот құрылады — енді нормативтік-құқықтық актілер (заңдар, қаулылар, бұйрықтар және т.б.) олардың конституциялық құқықтарын бұзады деп санайтын әрбір азамат Конституциялық Сотқа жүгініп, қорғау алады.
– Сондай-ақ сот Конституциялық Кеңес өзгергенге дейін қараған мәселелерді қарастыруды жалғастырады (бұл сайлау мен референдумның дұрыстығы, белгілі бір жағдайларда Конституцияны түсіндіру және т.б.).
– Саяси орган мәртебесіне ие болған Конституциялық кеңеске қарағанда, Конституциялық Сот Конституциялық қадағалаудың жоғары органы болып табылады және өз қызметін Конституциялық Сот ісін жүргізу ережелеріне сәйкес жүзеге асырады.

«Президенттік басқару нысанын жаңартуды көздейтін қазіргі Конституциялық реформа азаматтарды, бас прокурорды және адам құқықтары жөніндегі уәкілді қоса алғанда, өтініш субъектілерінің неғұрлым кең тізбесімен (Конституцияның VI бөлімінде біріктірілген 71-74-баптардың жаңа редакциялары және басқалар) Қазақстан Республикасының Конституциялық сотын құрумен конституциялық бақылау институтын жаңғыртуға алып келді».

Халық арасында кеңінен талқыланып жатқан мәселе – Президент отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының жоғары лауазымды қызметке тағайындалуына заң жүзінде тыйым салынатындығы болып отыр. Ол референдум жобасында былай көрсетіледі: «43-бап мынадай мазмұндағы 3 және 4-тармақтармен толықтырылсын:

«3. Қазақстан Республикасының Президенті өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезеңінде саяси партияда болмауға тиіс. 4.Қазақстан Республикасы Президентінің жақын туыстары мемлекеттік саяси қызметшілердің, квазимемлекеттік сектор субъектілері басшыларының қызметтерін атқаруға хақысы жоқ».

Ал 61-бапқа енгізілгелі отырған толықтыру Үкімет жұмысын жеделдетуге жол ашады деп күтіледі. Өйткені мемлекеттік мекемелер арнайы заң шеңберінде ғана әрекет ететін болғандықтан, халық арасында қандай да бір жедел қимылды талап ететін жағдай туындағанда олар заңды нұсқаулық күтіп қалады. Оны кешегі Қаңтар оқиғасы кезінде байқадық. Сондықтан, аталған бапқа енгізілетін толықтыру шаруаның ширақ шешілуіне септеседі деген үміт бар. Онда: «1) 2-тармақ мынадай мазмұндағы екінші бөлікпен толықтырылсын:

«Халықтың өмірі мен денсаулығына, конституциялық құрылысқа, қоғамдық тәртіпті қорғауға, елдің экономикалық қауіпсіздігіне қатер төндіретін жағдайларға жедел ден қою мақсатында Республика Үкіметінің заң шығару бастамасы тәртібімен енгізілген заң жобалары Палаталардың бірлескен отырысында Парламенттің дереу қарауына жатады»;

2) 3-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:
«Осы баптың 2-тармағының екінші бөлігінде көзделген заң жобалары Парламентке енгізілген жағдайда, Республика Үкіметі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мәселелер бойынша заң күші бар уақытша нормативтік-құқықтық актілер қабылдауға өзінің жауапкершілігімен хақылы, олар Парламент қабылдаған заңдар күшіне енгенге дейін немесе Парламент заңдарды қабылдамағанға дейін қолданыста болады» делінген.

91-баптың 2-тармағына енгізілетін редакция ел халқының мемлекеттік територияның тұтастығына деген әлдеқандай селкеу сезіміне нүкте қояды деп қабылдауға болады. Онда: «91-баптың 2-тармағына мынадай редакцияда жазылсын:

«2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң тәуелсіздігі, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері өзгермейді» деп көрсетілген. Назар аударсаңыздар, осындағы республиканың біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы өзгермейді деген сөз бар. Яғни, бүгінгі бар жеріміз осы қалпында Ата Заң аясында қорғалатын болады.
83-1-бапқа енгізілетін өзгерістерге сай Адам құқықтары жөніндегі уәкілге көп өкілеттілік беріліп отыр:

«1. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл адам мен азаматтың бұзылған құқықтары мен бостандықтарын қалпына келтіруге жәрдемдеседі, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын ілгерілетуге ықпал етеді.
2. Адам құқықтары жөніндегі уәкіл өз өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде тәуелсіз болады және мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға есеп бермейді.
3. Қылмыс орнында ұстап алынған немесе ауыр қылмыстар жасаған жағдайлардан басқа кезде, Адам құқықтары жөніндегі уәкілді өз өкілеттігінің мерзімі ішінде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртібімен белгіленетін әкімшілік жазалау шараларын қолдануға, Сенаттың келісімінсіз қылмыстық жауаптылыққа тартуға болмайды.
4. Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің құқықтық жағдайы және қызметін ұйымдастыру конституциялық заңда айқындалады».
Республикалық референдум ұғымының анықтамасы Конституциялық заңмен беріледі және Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, басқа да заңдардың, мемлекеттің өзге де неғұрлым маңызды мәселелері жөніндегі шешімдердің жобалары бойынша бүкілхалықтық дауыс беру ретінде айқындалады.

Референдум өткізу мынадай қағидаттарға негізделеді:
– Референдумға қатысу еріктілігі және азаматтардың ерікті түрде қатысуын;
– Азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы қатысуға жалпыға бірдей, тең және тікелей құқығы;
– Жариялылық.

Конституциялық заңға сәйкес референдумға қатысу құқығына тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, жынысына, нәсіліне, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне қарамастан немесе кез келген өзге де мән-жайлар бойынша республиканың он сегіз жасқа толған азаматтары ие болады.

Сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтар мұндай құқыққа ие болмайды.

Азаматтар референдумға тең негіздерде қатысады және олардың әрқайсысы тиісінше бір дауысқа не тең дауыс санына ие болады.

Аталған өзгерістер, референдум өткізу тәртібі мемлекеттік органдар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдерімен, жастар ұйымдарының өкілдерімен (студенттермен), елдің барлық азаматтарымен әртүрлі алаңдарда талқылау нысанасы болып табылады.

Мұндай тарихи сәт, яғни жалпыхалықтық референдум Тәуелсіз еліміздің тарихында бір-ақ рет, 1995 жылы болған еді. Ол саяси науқан туралы республикалық референдум туралы Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 2 қарашадағы №2592 Конституциялық заңының І тарауында былай көрсетіледі:

«1. Республикалық референдум – Қазақстан Республикасы Конституциясының, конституциялық заңдарының, заңдарының және мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiне арналған шешiмдердiң жобалары бойынша бүкiлхалықтық дауыс беру.
2. Референдум Республиканың бүкiл аумағында өткiзiледi.
2-бап. Республикалық референдум талқысына қойылатын мәселелер

Референдумның талқысына:
1) Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарын қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгiзу;
2) Республиканың мемлекеттiк өмiрiнiң өзге де неғұрлым маңызды мәселелерiн шешу қойылуы мүмкiн.
3-бап. Республикалық референдумның талқысы бола алмайтын мәселелер
Мыналар:
1) адамның және азаматтың конституциялық құқығы мен бостандығының бұзылуына әкелiп соғатын;
2) мемлекеттің тәуелсіздігін, Республиканың бiртұтастығы мен аумақтық тұтастығын, оны басқару нысанын, Республика қызметінің түбегейлі қағидаттарын өзгерту;
3) Республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы мен шекараларының;
4) сот әдiлдiгi, қорғаныс, ұлттық қауiпсiздiк және қоғамдық тәртiптi қорғау;
5) бюджет пен салық саясаты;
6) рақымшылық пен кешiрiм жасау;
7) Республика Президентiнiң, Парламент Палаталары мен Үкiметiнiң қарауына жататын адамдарды лауазымға тағайындау және сайлау, лауазымынан босату;
8) Республиканың халықаралық шарттарынан туындайтын мiндеттемелерiн орындау мәселелерi референдум талқысына қойылатын мәселелер бола алмайды.

Ескерту. 3-бапқа өзгеріс енгізілді – ҚР 15.06.2017 № 75-VI (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі); 05.05.2022 № 119-VII (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Конституциялық заңдарымен.
4-бап. Республикалық референдум өткiзудiң принциптерi

Референдум өткiзу:
1) Азаматтардың референдумға өз ықтиярымен қатысуы және еркiн ашық бiлдiруi;
2) Азаматтардың референдумға жасырын дауыс беру арқылы жалпыға бiрдей, тең және төте қатысу құқығы;
3) Жариялылық принциптерiне негiзделедi.
5-бап. Республикалық референдумға қатысу құқығы

1. Референдумға қатысу құқығы тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне немесе кез келген өзге жағдаяттарға қарамастан Республиканың он сегiз жасқа жеткен азаматтарына берiледi. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмiмен бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың референдумға қатысуға құқығы жоқ. Республиканың өзге азаматтарының референдумға қатысу құқығын қандай да болмасын тiкелей не жанама шектеуге жол берiлмейдi және бұл заң бойынша жазаланады.
2. Азаматтар референдумға тең негiздерде қатысады және олардың әрқайсысы тиiсiнше бiр дауысқа не тең дауыс санына ие болады.
3. Азаматтар референдумға тiкелей қатысады».
Референдумның әрбір қатысушысы алдағы өзгерістердің маңыздылығын және олардың қазақстандық қоғам мен мемлекеттің одан әрі дамуына әсерін түсінуге тиіс.

Мақсат АБАЕВ,
заң ғылымдарының кандидаты, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің доценті.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support