Таразда экскурсиялық автобус іске қосылды

24

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды Балалар жылы деп жариялағаны белгілі. Бұл орайда Президент өскелең ұрпақтың болашағына мән беріп, жастарға зор үміт артатынын және оларға жол ашу үшін барлық жағдайды жасау керектігін нақтылаған болатын. Өңірдің ішкі туристік жобаларды жүзеге асыру және балалар мен жасөспірімдердің саналы әлеуметтік жауапкершілігін дамыту мақсатында облыс әкімдігі туризм басқармасы Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтарына арналған экскурсиялық тур ұйымдастырды. Енді тур аясында тараздықтар 4 ай бойы қаланың тарихи-мәдени ошақтарына саяхат жасамақ.

Өңірде туризмді дамыту үшін тарихи-мәдени құндылықтар мен киелі орындар жеткілікті. Іс-шараға арнайы экскурсиялық автобус іске қосылып, «Көне Тараз» тарихи-археологиялық саябағы, «Қарахан», «Дәуітбек», «Айша бибі», «Бабажа хатун» кесенелері, Ертедегі Ислам мешіті, «Тектұрмас» этно-тарихи кешені, «Қазақ хандығы» монументі сияқты рухани байлығы мол жерлерге саяхаттау маршруттары бағытталған. Бұл саяхаттан мүмкіндігі шектеулі және ата-анасыз қалған балалар да тыс қалмады. Олардың жүріп-тұруына волонтерлар көмек көрсетіп жүр.

Экскурсия аясында туризм саласында жұмыс атқарып жүрген мамандар мен балалар арасында ашық диалог алаңын құру арқылы жастармен тығыз байланыс орнатылды. Оларға туған өлкедегі ұрпақтан-ұрпаққа берілетін тарихи құндылықтарды қастерлеу – әр азаматтың патриоттық борышы екендігі айтылды.

Айтолқын КЕНЖЕБЕКОВА

Comments are closed.