- Advertisement -

Адам саудасының алдын алуға әр азамат жауапты

46

- Advertisement -

Жер бетінде құқықтық мемлекеттердің саны басым болғанымен адам саудасы тоқтаған емес. Адамды құлдыққа жегу, еркінен тыс мәжбүрлеп ұстау, зат ретінде сату немесе өлтіру ХХІ ғасырдың ең дамыған мемлекеттерінің өзінде әлі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Дүниежүзінде есірткі мен қару-жарақ сатудан кейінгі қатты дамыған адам саудасының біздің де елімізде жиілеуі қоғамды алаңдатып отыр.

Жуырда Тараз қаласындағы «Шахристан» қонақ үйінің конференция залында ҚР Бас Прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисімен және Winrock International-мен бірлесе «Қазақстан Республикасының адам саудасына қарсы әрекет ететін мекемелердің мәселе сұрақтары» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысында да адам құқығын қорғаудың маңыздылығын атап өтіп, бірқатар тапсырмалар берді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес адам құқығын қорғау мәселесін талқылаған жиын Қазақстан бойынша үшінші мәрте ұйымдастырылып отыр.

Жиынды облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Нұржан Рахметуллаев кіріспе сөзбен ашты. Сонымен қатар ҚР Бас Прокуратурасына қарасты жедел-іздестіру, қарсы барлау қызметі және заңдылығын қадағалау департаменті басқармасының прокуроры Қуантай Сағынаев, USAID «Орталық Азияға қауіпсіз миграция» жобасы және Winrock International-дың елдік координаторы Алтынгүл Туралиева және ЕҚЫҰ Нұр-Сұлтандағы Бағдарламалар офисінің Ұлттық жобасының координаторы Әсел Мұрат шараның маңыздылығына тоқталды.

Жиын барысында арнайы слайд көрсетіліп, өңірлік комиссия мүшелері адам саудасына қарсы күрестің қазіргі жай-күйі, сондай-ақ трафикке қарсы іс-қимыл бойынша мемлекеттік шаралар қабылдау мәселесін талқылады.

Презентацияда көрсетілген мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы Walk Free халықаралық ұйымы Қазақстанда 75 мың адам құлдықта өмір сүруде деген деректі келтіреді. Яғни еліміз статистикаға енген 167 мемлекеттің ішінде 83-орынға жайғасқан. Бұл әрине жағымсыз көрсеткіш.
Осы ретте бұған қатысты ресми деректер айтылмайды. Деректердің айқын болмау себептері де аталды.
Біріншіден, шетелден келетін мигранттардың құлдыққа түсуіне қатысты мәліметтер анық емес. Екіншіден, құлдыққа түскендер босағаннан кейін өз Отанына қайтқысы келіп, Қазақстанда арызданбайды. Олардың мақсаты – тек құжаттарын кері қайтарып, үйіне оралу. Алайда өз елдеріне барған соң олар сонда арыз қалдырып, статистиканың құбылмалы болуына ықпалын тигізеді. Мәселен, облысымыз Қырғызстан, Өзбекстан елдерімен шекаралас жатқандықтан, қылмыс деректері осы аймақтардан байқалады. Үшіншіден, жезөкшелікке тап болған әйелдер болашағын ойлағаны үшін шағымданбайды.

Сондықтан ресми қылмыстық жауапкершілікке тартылғандарды есептемесек құлдыққа түсіп, адам саудасының құрбанына айналғандар туралы тап басып айту қиын. Осыдан кейін жоғарыда аталған ұйым сияқты тәуелсіз институттар мониторинг нәтижесін, зерттеулерді негізге ала отырып болжам жасауда.

Құлдықтың заманауи формалары бойынша ҮЕҰ статистикасына сүйенсек, мәжбүрлі еңбек 60 пайызға, мәжбүрлеп қайыр сұрау 30 пайызға, ал жыныстық қанау 10 пайызға жуықтаған. Және соңғы уақытта балаларды да сауда көзіне айналдырған саудагерлер саны артқан.
Былтыр қабылданған шаралар барысында облыс аумағында жезөкшелікпен айналысуға үй бергені үшін Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк құқықбұзушылық туралы кодексінің 450-бабы бойынша тоғыз азамат ұсталған.

Адам саудасының алдын алуды және аталған қылмыспен қарсы ымырасыз күреске әр азамат жауапты екенін ескерген іс-шара соңында қатысушылар мәжбүрлі еңбектің алдын алу құралдарына да қанықты.

Аяулым ЖАМАНҚАРА.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support