- Advertisement -

«TALQYLAU» АЛАҢЫНДА ЖАСТАР МӘСЕЛЕСІ

89

- Advertisement -

«AMANAT» партиясы жанынан «TALQYLAU» қоғамдық диалог алаңы құрылып, жоба алғашқы отырысын бастады. Ең алғаш Жамбыл облысында іске кіріскен алаңда жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесі талқыланды.

Бүгінде облыста 255 мыңнан аса жас болса, NEET санаттағы, яғни білімі жоқ және еш жерде жұмыс істемейтін жастардың үлесі осы санның 7,3 пайызын құрайды екен. Ал осы жастарға тиісті білім беріп, тұрақты жұмыспен қамту үшін не істеу керек? Жалпы жастар арасындағы жұмыссыздықпен күресте ең маңызды мәселе қандай? Осы секілді сан-сауалдың жауабы қаралды.

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Талғат Ешенқұлов білім берудегі жаңа талап, сұраныстарды сөз қылды.

– Қазір бұрынғыдай «бір диплом – бір жұмыс» деген ұстаным жоқ. Жастар заман ағымына сай қажеттілік туындаған мамандықтарды қоса меңгеріп, бір мезгілде бірнеше жұмысты қатар атқаруда. Сондықтан үздіксіз білім алу жүйесі қалыптасуда. Мұндай тенденция бізді қуантады. Әрине, өкінішке қарай білімге қол жеткізе алмай жүрген жастар да жоқ емес. Ынталы азаматтарға жол көрсетіп, оларға мемлекет тарапынан ұсынылып жатқан түрлі бағдарламаларды, мүмкіндіктерді жеткізе білу керек, – дейді ректор.

«Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы» заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Исламбек Дастан жастардың жұмыссыз жүруіне бірден-бір себеп: кейбір басшылардың зейнет жасына жетсе де өз қызметтерін босатпауы екенін айтады. Облыстағы бірқатар зейнет жасындағы басшылардың атын атап, талқылау барысындағы тікелей эфир арқылы оларға «сәлем жолдады».
Ал «Жаңару» сыбайлас жемқорлыққа қарсы жалпыұлттық қозғалысы» РҚБ филиалының басшысы Қасымхан Төлендиев бұл пікірге келіспейтінін айтады. Ол АҚШ және Еуропа елдеріндегі көптеген жоғары лауазымдағы тұлғаларды мысалға келтіріп, жұмыс істеу үшін жас шектеуі болмауы керектігін, азаматтың жұмыс істеу қабілет-қарымына қарау қажеттігін дәлелдеп бақты.

Сан түрлі пікір айтылған алаңда өзекті мәселелер қозғалды. Әсіресе, Қаңтар оқиғасының, сол сұрапыл шақта жастардың алаңға шығуының себебі жан-жақты талқыға түсті. Бірі оған себеп жұмыссыздық пен экономикалық қиындық десе, енді бірі жемқорлықтың жайлауы, соның кесірінен ынталы азаматтардың жолының болмауы сынды келеңсіздіктер екенін дәлелдеп бақты. Жиын модераторы Жалғас Саңғыл спикерлерге түрлі сауал жолдап, қатысушылардың белсенді пікір алмасуына септесіп отырды.

Маржан Рақай 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support