КОНСТИТУЦИЯ-2022: Жаңарудың жүйелі жолы

7

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті бүгінде студент жастардың басым бөлігі оқып жатқан оқу ордасы. Сондықтан аталған білім мекемесінде референдумды түсіндіру, насихаттау жұмыстарының жүргізілуі аса маңызды. Ел ертеңі саналатын жастардың қазірден көзі ашық, саяси сауатты болуы – мемлекет мығымдығының кепілі. Елде, әлемде орын алып жатқан түрлі жаңалықтарға, жаңашылдыққа құлағы түрік жүретін, бәрінен хабардар жастардың болуы – болашақта саналы ұлттың қалыптасуына жол ашады.

Сондықтан алда болатын референдум сынды сын сәттерге студенттерді тарту өте маңызды. Осы ретте өңірлік университеттің «Қолданбалы математика және статистика» кафедрасының ұйымдастыруымен өткен «Конституция-2022: Жаңарудың жүйелі жолы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысына референдумды қолдау жөніндегі облыстық қоғамдық штабтың төрағасы Амангелді Карентаев, ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы қатысып, аталған университеттің студенттерімен және оқытушыларымен пікір алмасты. Өзінің өмір жолы, қызмет бабымен аз-кем таныстырып өткен штаб төрағасы жастарға мамандық таңдау, өмірден өз жолыңды табу, мемлекетке масыл болмау, ілім үйренуге қатысты ақылын айтып, ұлағатты сөздерін арнады.

Келесі кезекте референдумның не екені, ол қалай өтетіні, оның мақсаты мен мәні, ел үшін маңызы түсіндірілді. Конституцияның 33 бабына енгізілетін өзгерістердің бірқатары аталып өтті.

– Жастардың жалынды жұмысы, ынтасы, қайсарлығы әрқашан айналасына леп алып келеді. Сондықтан қай елдің жастары белсенді болса, сол елдің дамуы, өркендеуі соғұрлым нәтижелі болмақ. Мысалы, сендер осы жерден алған мәліметтеріңмен өз достарыңмен, отбасы мүшелерімен бөлісіп, оларды да референдумға қатысуға, өз азаматтық ұстанымын білдіруге шақырсаңдар, ол әлдеқайда ықпалды болады. Сондықтан жас достар, мен еліміз үшін аса жауапты кезеңде сендерді белсенді, жанашыр болуға шақырамын, – деді Амангелді Кәрентаев.

Сондай-ақ кездесуге қатысқан ардагер журналист Тұрсынхан Толқынбайұлы студенттерге ақпарат саласы бойынша бірқатар кеңес берді. Әсіресе бүгінгідей алапат ақпарат заманында тек ресми хабарларға, ақпаратқа сену керектігін, негізсіз, жалған жазбалардың жетегінде кетіп, алданып қалмауға үндеді.

Өз кезегінде оқытушылар мен студенттер референдумға, жалпы елде қалыптасып отырған саяси ахуалға қатысты ойларын айтып, сұрақтар қойды. Университеттің «Қолданбалы математика және статистика» кафедрасының меңгерушісі Әшірбек Жақаш: «Біз түрлі саяси жүйені көрдік. Түрлі реформаларды бастан өткердік. Сондықтан бүгінгі жастарды бақытты деп айта аламын. Өйткені оларға көптеген мүмкіндіктер жасалған. Қалауларына қол жеткізе алады. Тек қана оқып, ынталанып, еңбек етсе болғаны» дейді.

Сондай-ақ аталған кафедраның доценті Сатыбалды Салыбаев, «Ақпараттық технологиялар» факультетінің деканы Гауһар Мұратова және осы кездесуді ұйымдастырушы, «Қолданбалы математика және статистика» кафедрасының аға оқытушысы Айнұр Толқынбаева референдумға қатысты пікірлерін білдірді.

Студенттер арасынан 4-курс білім алушысы Аружан Жексенхан, 3-курс студенті Олжас Сағымбаев белсенділік танытып, ой алмасып отырды.

Маржан КӘРІМЖАНҚЫЗЫ.

Comments are closed.