Мүмкіндігі шектеулі азаматтар референдумға қалай қатысады?

10

Бүгінде референдумды насихаттау және түсіндірумен қатар, оны ұйымдастыру мен дайындық жұмыстары да пысықталуда. Облыстық сайлау комиссиясы өңірдегі барлық сайлау учаскелерінің ортақ талаптарға сай болуын қамтамасыз етуде. Бұл ретте мүмкіндігі шектеулі азаматтарға жағдай жасаудың маңызы зор. Мұндай жұмыстар ел көлемінде қолға алынуда.

Осы бағытта орталық сайлау комиссиясының ұйымдастыруымен арнайы семинар өтті. Республикалық семинарға онлайн режимде облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов және тиісті мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыс істейтін қоғамдық ұйым жетекшілері қатысты.

Ең алдымен орталық сайлау комиссиясының мүшесі Шавкат Утемисов референдумды өткізу бойынша осы уақытқа дейін жасалған жұмыстарға қысқаша тоқталып, семинардың мәнін түсіндірді.
Ал БҰҰ Даму Бағдарламасының Қазақстандағы Тұрақты өкілінің орынбасары Виталий Времиш референдумға біріккен ұлттар ұйымы өкілдерінің де қатысуы демократиялы елдің айқын қадамы екенін айта келіп, алғысын білдірді.

Сондай-ақ орталық сайлау комиссиясының мүшелері, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдері, өзге де тиісті тұлғалар мүмкіндігі шектеулі азаматтардың референдумға қатысуын толықтай қамтамасыз етудің заңдылықтарын егжей-тегжейлі түсіндірді.

Семинар жұмысынан кейін облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов өңірдегі учаскелердің дайындығы, ондағы нақтылы кезеңде қалыптасқан жағдай, алдағы атқарылуы тиіс жұмыстарды атап шықты. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйым жетекшілері мен мүшелері референдумға қатысты ойларын ортаға салып, ұсыныс-тілектерін жеткізді.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.