- Advertisement -

БЕС ЖЫЛҒА СОЗЫЛҒАН ЖОБА БИЫЛ АЯҚТАЛАДЫ МА?

124

- Advertisement -

«Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық көлік транзиті бойында орналасқан Жуалы ауданының əлеуметтік-экономикалық əлеуеті жыл санап артып келеді. Бірақ ауданда құрылысы жарты жолда қалып, тоқтап тұрған жобалар да жоқ емес. Облыс əкімі Нұржан Нұржігітов ауданға барған жұмыс сапары барысында алдымен сондай жобалардың да қазіргі жағдайымен танысты.

Нұрлыкент ауылдық округіне қарасты «Гамбург» ЖШС 1200 іріқараға арналған сүт тауарлы ферма құрылысын бастағалы да бес жылдан асты. Қабырғасын өз қаражатына тұрғызып қойған серіктестік директоры Егор Кох құрылыс жұмысын аяқтау үшін аймақ басшысынан көмек сұрады.

– 1200 орындық сүт тауарлы, ферманың құрылысын өз күшімізбен бастаған едік, бүгінгі таңда қаржылық қиындықтарға байланысты оның құрылысы тоқтап тұр. Бұл жобаны сапалы аяқтау үшін мемлекеттің қаржылай көмегі керек, нысан субсидияға енгізілсе деген тілегім бар. Өз күшіммен аяқтай алмайтыным анық. Өйткені құрылысты аяқтау үшін 700-800 миллион теңге қаражат қажет, – дейді серіктестік директоры.

Аталған серіктестікте 125 ауыл тұрғыны еңбек етуде. Онда 1500 мүйізді іріқара, 100 жылқы бар. Сауын сиыр саны – 600. Қожалықтың жемшөбі 2500 гектардан дайындалуда. Техника базасы жеткілікті.

ймақ басшысының:«Сүттен түскен табысты неге құрылысқа салмасқа?» деген сұрағына Егор Кох бір сүттен түскен табыспен құрылысты аяқтай алмайтынын, биліктің көмегінсіз шаруасын соңына дейін жеткізе алмайтынын айтып, өз ұсыныстарын алға тартты. Серіктестік басшысының ол ұсыныстарына облыс әкімі Нұржан Молдиярұлы: «Мемлекеттік жобаны біз өзгерте алмаймыз. Бірақ құрал-жабдығын лизингпен алуға көмек бере аламыз», деп жауап берді.

Аймақ басшысы бұдан кейін Шақпақ ауылдық округі әкімі аппаратының жұмысымен танысты. Округ əкімі Затыбек Пешеновтың айтуынша, əкімдік ғимараты заманауи құрал-жабдықтармен жабдықталған. Онда халықтың ақпарат алуы үшін өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы мен «Ашық әкімдік» жобасы жұмыс істеуде. Округте былтыр «Асар» жобасымен бір үй күрделі жөндеуден өткізіліп пайдалануға берілген. Биыл екі үй сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп беру көзделіпті.

– «Асар» жобасының мақсаты мүлде басқа. Үй сатып алып, оны күрделі жөндеуден өткізіп бере салу дұрыс емес. Бұл үрдіс жобаның мән-маңызын жояды. Сол үшін жобаның негізгі мағынасын қайта жаңғырту керек. Ауыл əкімінің міндеті жаңа тұрғын үй салатын жер тауып беріп, кəсіпкерлер мен ауыл тұрғындарын ұйымдастыру, – деді аймақ басшысы.

Содан кейін Нұржан Молдиярұлы: «Ауыл сүт бағытын таңдаған екен. Ендеше округте сүт кластерін дамытуға айрықша мән беру керек», деп округ əкіміне нақты тапсырмалар берді.

Келесі кезекте облыс əкімі «Samurai»ЖШС сүт цехының жұмысымен танысты. Серіктестіктің қуаттылығы 4 тонна, тәулігіне 1,5 тонна сүт қабылдайды. Онда ірімшік, сары май мен ультражоғары термоөңделген табиғи сүт жəне құрт өнімдері өндірілуде. Серіктестік директоры Нұрбақыт Тілегенов болашақта ауыл сыртынан жер телімін алып, кəсіпорнын кеңейтпек ниетте.

Жуалы ауданындағы «Қаралма» тау-шаңғы кешені құрылысының басталғанына да бес жылға жуықтапты. Инфрақұрылымы тартылған кешеннің құрылысы біраз уақытқа созылып кеткені белгілі. Енді осы жобаны өз қолына алған «Тараз строй -2004» ЖШС бар күшін нысанды аяқтауға жұмылдырыпты. Серіктестік басшысы нысанды биыл пайдалануға беретінін нық сеніммен айтып отыр.

Назардағы нысан биліктің де бақылауында тұрғаны белгілі. Онда сервистік орталық, асхана мен аспалы жол салынған. Тек аспалы жолдың қосалқы құрал-жабдықтарының басын жинап қосу ғана қалған. Ал қонақ үйлер кəсіпкерлердің күшімен тұрғызылған. Қазір қаңқасы қарайып тұрған котедждер қалашығының шатыр жабыны жабылып, кешен іске қосылса қайта түлеп кеткелі тұр. Сағызша созылған бұл жобаның қазіргі жағдайымен танысқан облыс əкімі Нұржан Нұржігітов: «Қаралма» тау-шаңғы кешеніне демалуға ниетті облыс тұрғындары өте көп. Басталғанына бес жыл болған кешенді қалайда биыл іске қосу керек. Содан кейін жасанды қар жасайтын құралды міндетті түрде орнату қажет», – дей келіп, мердігерге кешенді биыл іске қосуды мықтап тапсырды.

Облыс әкімі барған келесі нысан «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» автожолы бойындағы қызмет көрсету орталығы жобасы болды. Оның барысымен аудан əкімі Олжас Қаржауов таныстырды. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін 13 кəсіпкер тартылған. Жол бойынан аудан брендін өткеретін сүт өнімдері, қымызхана мен азық-түлік дүкендері, асхана, тез дайындалатын тамақ өнімдері, қонақ үй, ТЖО, басқа да нысандар салынуда. Ол нысанды бірер айда аяқтап іске қосу көзделген. Тиімділігі мол жобаны облыс əкімі де қостады. Бұдан кейін аймақ басшысы «Зылиқа» шаруа қожалығының картоп егу жұмысымен танысты. Биыл ауданда 2725 гектарға картоп егу жоспарланған. Ал аталған шаруа қожалығы 66 гектар алқапқа картоп отырғызған. Қожалық жетекшісі Нұржігіт Бегалиевтің айтуынша, биыл Голландиядан 20 тонна, Қарағанды облысынан 30 тонна картоптың «Артемист» жəне «Лотона» сорттарын əкеліп орналастыруда. Тұқым шаруашылығы дəрежесін алу үшін қожалық Қазақ аграрлық университетінің ғалымдарымен жұмыс істеуде.

– Алда қожалығымызды тұқым шаруашылығымен айналысатын қожалыққа айналдыруды көздеп отырмыз. Сол үшін Голландиядан əкелген картопты ондаған гектар алқапқа орналастырып, өнімін молайтып, келер жылдан бастап аудан шаруаларына таратуды бастаймыз, – деді қожалық жетекшісі.
Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов тұқымды аудан көлемімен ғана шектеліп қалмай, облыс бойынша таратуды қолға алу керек екенін баса айтты. Осы арада аймақ басшысына Ақсай ауылдық округінде жаңа құрылған «Жуалы – 2020» ауыл шаруашылығы кооперативінің жұмысы да таныстырылған болатын. Кооператив мүшелері облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту қанатқақты жобасы аясында 2,5 пайызбен несие рəсімдеп, мал алып, егістік жəне үй іргесіндегі жер телімдерін игеріп, тың кəсіппен айналысып жатқаны сөз болды. Бұдан кейін облыс əкімі биыл пайдалануға берілетін Диқан орта мектебінің құрылыс жұмысымен танысып, ғимаратты жаңа оқу жылы қарсаңында пайдалануға беруді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес облыс əкімі Нұржан Нұржігітов Бауыржан Момышұлы ауылының тұрғындарымен кездесті. Бұл жиынға облыстық құқық қорғау органдарының басшылық өкілдері де қатысты.
Жиында Б.Момышұлы ауылының əкімі Марат Қасымбеков баяндама жасап, ауылда өткен жылы атқарылған жұмыс барысына тоқталып, алдағы жоспарларымен бөлісті. Ауылда 3062 аулада 14739 адам тұрады. Облыс әкімі 3062 ауладағы отбасының тұрмыстық ахуалы туралы толық талдаудың бар-жоғын сұрады. Бірақ тиісті жауап ала алмады.

– Аула бойынша нақты талдау болу керек еді, бірақ ол жоқ. Яғни, менің сұрағаным аулалардың тұрақты табысы бар ма, жоқ па, негізгі кіріс көзі неден, әлеуеті қандай, үй іргесіндегі жеке қосалқы шаруашылығын қаншалықты тиімді пайдаланып отыр? Осы сұрақтардың барлығы сол талдауда қамтылуы тиіс еді. Ауыл тұрғындары мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың мүмкіндіктерін жете түсіне бермейді. Оны аудан, ауыл әкімдері барынша жеткізіп, оған қатысуға қол ұшын беруі қажет, – дей келе Нұржан Молдиярұлы мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар туралы түсінік беріп өтті.

Аймақ басшысына тұрғындар тарапынан бірқатар сауалдар қойылды. Мәселен, Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Жанар Төрткүлбаева Жүрінбай-Шыңбұлақ ауылдары арасындағы 7,6 километр тасжолды толық жөндеп беруді сұрады. Сұрақ беруші ол жолдың 3,5 километрі биыл жөнделіп, қалғаны қалып кете бере ме деп назын білдірген болатын. Облыс əкімі ол жұмыстар алдын ала белгіленген жоспарға қарай жөнделетіндігін ескертті. Күреңбел ауылының тұрғыны Еркебай Нағашбеков 20 жылдан бері ауыз судың қорлығын көріп келе жатқанын, Теріс ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Аташбек Əмірқұл тəуелсіздік алған 30 жылда ауылда бірде-бір жаңа нысанның салынбағанын жеткізді. Енді клубқа сатып алынған ыңғайластырылған ғимаратты күрделі жөндеуден өткізу 2025 жылға белгіленіпті, соны беріге жылжытып беруді сұрады. Жеке кəсіпкер Төлеген Нұралиев егістік жер мен жайылымды қаңбақ, кекіре мен басқа да арамшөптер басып бара жатқанын көтерді. Ал өлкетанушы Дəулетжан Байдалиев Теріс ауылы іргесіндегі көне қала жұртына жүргізіліп жатқан қазба жұмысына қаржы бөлуді өтінді. Бұдан бөлек, жол, мал өткелі, жайылым, Шақпақ стансасы маңында айналма жол қажет екендігі, ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру, тағы басқа мəселелер тұрғындар тарапынан көтерілді.
– Жаңа айтқанымдай, Үкімет тарапынан берілген қаржы, тиісті жобалар жоспарға сəйкес жүргізілетін болады. Тек шыдамдылық танытыңыздар, – дей келіп Нұржан Молдиярұлы ауыл шаруашылығы кооперативтерін құрудың маңыздылығы туралы тарқата түсіндіріп өтті.

Келесі кезекте облыс əкімі Нұржан Нұржігітов Қарасаз ауылдық округінің орталығы Қарасаз ауылындағы мəдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесті. Жиын аймақ басшысының ұсыныс тастауымен сұрақ-жауап түрінде өрбіді. Ауыл тұрғындары тарапынан Қарасу мен Көктас елді мекендеріне таза ауыз су желісін тарту, жол жөндеу, жол белгісін қою, зиянкестерге қарсы залалсыздандыру жұмысын жүргізу, ұрлық, бейнебақылау камерасын орнату, көшелерге асфальт жабынын төсеу жəне жарықтандыру сынды сан салалы мəселелер көтерілді.

Ол сұрақтың барлығына жан-жақты жауап берген аймақ басшысы: «Біз 2025 жылға дейін таза ауыз су мен табиғи газ тарту, жолдарды жөндеу мəселесін жоспарға сəйкес шешуге күш салатын боламыз. Басқа жобалар да қаржыға сəйкес шешімін табады», – деді. Сонымен қатар облыс әкімі тұрғындарды мемлекет тарихындағы маңызды шара – референдумға белсенді қатысуға шақырды.
Облыс әкімі осы кездесулерден соң, екі ауылдық округте 30-ға тарта ауыл тұрғынын жеке сұрағымен қабылдады. Барлық мәселелер назарға алынып, заң аясында шешілетінін айтты.

Марат Құлибаев

Жуалы ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support