Жаңалықтар

Ақ жолынан айныған жоқ

Ақ жолынан айныған жоқ

5Әлдихан Қалдыбаев, «Ақ жолдың» 1995-2004 жылдардағы бас редакторы.

Жалпы, өз басым «Ақ жолдың» қоғамдағы орны ерекше әрі теңдессіз деп білемін. Газет – ол, өркениет тілімен түйіндесек – жылнама, қазақи қайырсақ – шежіре. Міне, өткен күндердің өз өрнегі басылымның сарғайған парақшаларында сайрап жатыр. Мен «Ақ жолға» басшылық еткен жылдар қоғамымызға нарықтық экономиканың дендеп еніп жатқан кезбен тұспа-тұс келді. Сол кездегі шығармашылық ұжым өтпелі кезеңнің асау өткелі, Жаңатас пен Қаратау сияқты өндірістік қалалар мен ажары тайған ауылдардың проблемалары туралы тереңінен жазды. Қалам қуатымен халықты жақсы күндердің келетініне сендірді. Нарық қыспағы қос бүйірден қанша қысып, жер-жерде жұмыссыздық жайлап жатса да біз редакциядағы негізгі кадрлар құрамын сақтап қалуға қол жеткіздік. Облыс әкімдігінің қолдауымен басылым шағын көлемнен үлкен форматқа көшіп, аптасына үш рет шыға бастады. Сонымен қатар жаңа дәуір талабына сай «Ақ жолдың» компьютермен беттеп, безендірілуі де осы жылдардың еншісінде. Ақ жолынан айнымаған «Ақ жолдың» бүгінгі беталысы айрықша атап өтуге тұрарлық. Мен оған қуанамын.