- Advertisement -

«ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТ» ДЕГЕН АТАҚТЫҢ ҚҰНЫ ҚАЗІР МҮЛДЕМ АРЗАНДАП КЕТТІ

115

- Advertisement -

– Сізді біз белгілі балалар жазушысы, көркемсөз шебері, айтары мол қаламгер ретінде білеміз, оқырмандарыңыз мойындайды. Бірақ білмейтініміз өте көп. Мәселен, сіздің 14- 15 жасыңызда салған
суреттеріңіз Мәскеуден шығатын «Пионерская правда», Алматыдан жарық көретін «Дружные ребята» газеттеріне жарияланған екен. Әлі де сурет саласыз ба? Әлде суретшілікті суреткерлікке алмастырдыңыз ба?

– Ең алдымен жұртшылықтың қадір тұтар басылымы «Ақ жолға» ризалық сезімімді білдіремін. Орталықтан шалғай тұратын қаламгерге ықылас білдіріп, сұхбат алуға ынта қойғандарыңызға. Иә, рас. Мектепте оқып жүргенде, сурет өнеріне ерекше ынта қойдым. Үйретушім жоқ. Сурет пәнінің мұғалімі мектепте атымен болмайды. Әйтеуір ынта болды. Қойшының баласымын. Табиғаты тамылжып тұратын жайлауды жан-тәнімен сүймейтін ауыл баласы сірә да жоқ болар. Алаулап атқан таң, қаздай қалқыған бұйра-бұйра бұлттарды қызғылт нұрына шомылдырып батқан күннің сиқырлы суреті, өзен, көлдерді мекен еткен құстардың алуан сазды қиқуы, жасыл жамылғысы сан түрлі реңмен көз арбаған Жер-Ананың келбеті жан дүниеңе әсер етпей қоймайды ғой. Ол кезде бүгінгідей түрлі-түсті бояумен шығатын кітаптар, оқулықтар жоқ. Сурет салатын ақ қағаз да жоқ. Соғысқа қатысқан, пошташы Мошқал деген ағамыздан газет — журналдарды орап жіберетін ақ қағаздарды сұрап алып, соның жарайтын тұстарын қиып алып сурет салатын пішімге келтіремін. Түрлі-түсті бояу қаламмен сан түрлі тақырыптарда суреттер салып жүрдім. Сол кезде табиғаттан тыс жер жырту, балалар ойыны, балық аулаушылар, тіпті Сәбит Мұқановтың «Ботагөз» романы бойынша тақырыптық суреттер де салған екенмін. Өкінішке қарай, солардың көбі, үш жылдық әскери борышымды өтеуге кеткенде әрқалай себептермен із-түзсіз жоғалып кетті. Атақты әнші болған Амангелді Сембин «Құрманғазы» портретін ат-түйедей қалап алып кетті. «Жайлау кеші» деген майлы бояумен салған пейзажымды жақын жиеніміз, кейін Жаңатас көркем сурет мектебінің директоры болған, Жаңатас қаласындағы Ұлы Отан соғысы құрбандарына арналған ескерткіштің мүсінші авторы Есенгелді Кәрібеков қиылып сұрап алды. Өкініштісі, сол кезде тап бүгінгідей қолма-қол түрлі-түсті қылып суретке түсіріп алу мүмкіншілігі жоқ еді. Кейін сұрағанымда, әрлі-берлі көшіп-қонып жүргенде бүлдіріп алғанын, кейін жоғалдыға жорып ақталды. Өзіме ерекше ыстық, аса әсем картинаның, тым болмаса, көшірмесі де сақталмағаны қынжылтады. Жа лпы болмысымызда бар енжарлық пен салақтықтан зардап шегіп жүретініміз шындық қой.

Мектепте жетінші сыныпта оқып жүргенімде Алматыдан шығатын «Дружные ребята» газетінде «Өзенде», оның артынша Мәскеуден алты миллионға жуық данамен шығатын «Пионерская правда» газетінде «Шопан отарында» деген мүлдем қарапайым қара тушьпен, графикалық тәсілмен салынған суретім жарияланды. Бұл газет сол кездегі Кеңе с Одағының 15 республикасынан тыс, социалистік лагерь елдерінің барлығына тарайтын. Осы сурет жас оқырмандар арасында үлкен қызығушылық тудырды. Қарапайым киіз үйлерден бөлек алыста, аласа таулардың бергі беткейінде мал жайып жүрген қойшы, самаурын қойып жүрген апа бейнелері оқушылар үшін экзотикалық тұрғыдан әсер еткенге ұқсайды.

Ас а мейірбан, жұмс ақ мінезді Тәжібай Жақыпов деген пошта тасушысының ер басына ілген кішкене қоржынына лықа толы хаттарды үйге әкелгенде, таңданысымызда шек болған жоқ. Хаттар жүздеп емес, мыңдап келе бастады. Орыс тілі пәнінің елгезек, кішіпейіл мұғалімі ақтөбелік Қазбек Кенжеғалиев орысша хаттың үлгісін жасап берді. Мен сол кездегі бүкіл Кеңес Одағына ортақ маркасы өзінде басылған 5 тиын тұратын конвертпен көшірме хатты жіберіп жаттым. Кейін бұл оқиға аудандық «Социалистік шаруа» газетінің редакторы Ұзақбай Төлеуовке жетеді. Ол үйге арнайы келіп, таңдап-таңдап бес жүздей хатты облыстық газетке алып кетті. Сол кездегі «Еңбек туы» газетінің белді қызметкері Анарбек Айтбаев мен туралы фотомды, салған суретімді, келген хаттардың шоғыр суретін басып, «Хаттар сыры» деген бетке жуық мақала жариялады. Өте тартымды, қызықты деректерге толы материалға байланысты облыста тұратын біраз балалардан да хаттар алдым.

Сол хаттардың ішінен ерекше бөліп айтатын бір жайт, кезінде Кеңес Одағына кең танымал болған жас қыздың тағдыры туралы «Рита» фильмінде Рита рөлін сомдаған, Латвияның астанасы Рига қаласында тұратын 7-класс оқушысы Анна Шметковадан келген эмоционалдық сезімге толы хаты болды. Сондай-ақ мәскеулік Галя Трухина, читалық Лида Ефимова, еревандық Эльмира Акопян, қазақстандық Амангелді Кенжебековтердің мазмұнды, қызықты хаттары есте қалды.

Міне, жоғарыдағы «Жайлау кеші» суретін салған майлы бояуды сол кездегі Чехословакияның Братислава қаласында тұратын оқушы қыз Дуня Пенкалова жіберген еді. Шағын қорап ішіндегі алуан түрлі сықпа бояу түгелге дерлік сол көлемді полотноға тұтас жұмсалды. Өте сапалы, түстері қанық сырлы бояу қазақ жайлауының ажарын барынша ашып бере алғанын айтуым керек.

Суретшілік өнерді таңдауыма отбасым, үлкен немере ағам қарсы болды. Зооветке түсуіме кеңес етті. Сонда да болса суретшілікпен әуесқойлық деңгейде айналысып жүрдім. Салған суреттерім «Қазақ әдебиетінде», «Лениншіл жас» газеттерінде жарияланды.

1995 жылы Ұлы Отан соғысы жеңісінің 50 жылдығына орай Жуалы ауданының орталығында даңқты жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының мұражайы ашылды. Соған сол кездегі Сарысу ауданының әкімі Сағынхан Әміреқұлов менің мектептегі салған суреттерімді көріп, маған өтініш жасады. Аудан атынан сыйлық ескерткіш апару үшін Бауыржанның портретін салуды ұсынды. Мен таптаурын болған жолды емес, өзгеше идея ұсындым. Уақыт өте тығыз еді. Төрт-ақ күн. Бояу, кенеп табу да оңай болған жоқ. Уақытпен санаспай, бар күш-жігерімді салып, «Қос қыран» атты картинаны гуашьпен, коллаждық тәсілмен салып бітірдім. Онда даңқты генерал, Баукеңнің ұлы ұстазы Панфилов пен батыр екеуінің бейнесі бедерленген. Ол екеуінің портреттік келбеті Алматыдағы 28 панфиловшыларға қойылған е скерткіштің қо с қанатына орналастырылған. Аспан төрін торлаған аласапыран бұлттың арасынан суретші Тоидзенің «Отан – Ана шақырады!» атты картинасының қызғылтым түспен салынған силуэттік сұлбасы көрінеді. Картина біткен соң өзім істейтін мектеп оқушылары мен ұстаздарына таныстырдым. Бәрі риза болысты. Артынша аудандық мәслихат хатшысы Сұлт ан Рақымжановтың «Волгасымен» Саудакентке алып бардық. Әкім мәжіліс залында ауданның барлық басшыларын жинап отыр екен. Картинаның бетіндегі пердені ашып қалғанда, кіші залда отырғандар дуылдата қол соқты…

Сол кездегі Жуалы ауданының әкімі Еркінбек Солтыбаев та куә, көлік ақаулығынан кеш жетіп, әкім тарапынан әрең сөз алып, «Қо с қыранды» қалың елге сахнадан көрсеткенде, шатырлаған шапалақ ауаны жаңғыртты. Мақтан үшін емес, осы жайдың куәсі болғандар ортамызда. Кейіннен «Қос қыранды» көрген танымал журналист Амантай Айзахметов те «Знамя труда» газетінде сүйіспеншілік лебіз білдірді. Қазір ол көлемді сурет батыр мұражайында сақтаулы. Бұл картина тарихы туралы облыстық «Ақ жол» мен «Знамя труда» газеттерінде «Батыр рухына тағзым», «Поклон кумиру» деген мақалаларым суреттерімен қоса қазақ, орыс тілдерінде жарық көрді. Бұдан кейінгі дәуірде мен суретке қол қатқам жоқ десем де болады.

– 1962 жылы 19 жасыңызда қазіргі әл-Фараби (бұрынғы Киров) атындағы ҚазМУ-дың филология факультетіне түсіп, арасында үш жыл әскери борышыңызды өтепсіз. Содан соң 1969 жылы аталған университетті журналистика мамандығы бойынша бітіріпсіз.Әуелі филолог, сосын журналистика. Неге олай болды?

– Мен 1960 жылы 17 маусымда мектеп бітірдім . Алматыға зоотехникалық-ветеринарлық институтқа жақындардың тегеурінді ықпалымен ықылассыз бардым. 3 сабақтан 11 балл алдым. Конкурстан өтпедім. Ауылда құрылыста бір жыл, содан соң аудандық газетте корректор, аудандық пионер үйінде қызмет атқардым. 1962 жылы Алматыдағы Сергей Миронович Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөліміне ешкімнің көмегінсіз, демеуінсіз түстім. Олай дейтінім, 3 сабақтан 15 балл алып түскен бір жігітіміз оқудың алғашқы аптасында Ақанай Дәулетова апайымыз қазақ тілінен диктант алғанда «екілік», сол 25 студенттің ішінде 13 балл алған мен ғана «бестік» алғаным бар. 1964 жылы 3-курста оқып жүргенде біздің курстан 1941, 1942, 1943 жылдары дүниеге келген 8 ер баланы әскерге алды. Солардың қатарында аса көрнекті ғалым, жазушы досым Ақселеу Сейдімбек, жазушылар Құрманғазы Мұстафин, Әбді Шынбатыровтар болды.

Үш жыл әскер қатарында болып, кіші лейтенант шенімен әскерден ора лдым. Өзім Украинаның Хмельницкий қаласында танк полкында қызмет еттім. Осы күнгі топалаң болып жатқан Киев, Харьков, Житомир, Львов секілді әсем қалаларда болғаным есімде. Соғыс зардабын тартқан ел ғой. Жыл сайын 9 мамыр күні бауырластар зираты маңында болып, салтанатты әскери шерулерге қатысамыз. Соғысты бастан кешіп, көзімен көргендердің естеліктерін тыңдадық. Зираттарға гүл қойып жатып, көз жастарын төккен жандарды көргенде, еріксіз тебіренеді екенсің. Сол жылы әскерде болған барлық жауынгерлер «Жеңістің ХХ жылдығы» мерекелік медалімен марапатталды.

Ақселеуден басқаларымыз түп-түгел бір мезгілде келіп, оқуымызға кірістік. Ал Ақселеу Свердловскіде жүргенде зауытта өрт болып, алған жарақатына байланысты ерте босап кеткен болатын. Сонымен өзімізден 3-5 жас кішілердің қатарына келіп қосылдық. Бізбен бірге алғаш түскендер оқуды бітіріп кеткен. Біз 8 жігіт әскерден оралғанда бұрынғы 5 жылдық оқу 4 жылға түсіпті. Филфактің бөлімшесі болған журналистика өз алдына жеке факультет болыпты. Тауман Амандосов, Темірбек Қожакеев, Зейнолла Қабдолов, Мырзатай Жолдас беков, Сұлт анға ли Садырбаев секілді ұстаздардың а лдын көрдік. Антика лық әдебиеттен сабақ берген Ирина Сагаловичтей ғажайып білімді ұстаздар өте сирек кездеседі. Қазақ мектебін үздік бітіріп, сол университеттің орыс филологиясын бітірген, орыс студенттері бір ауыздан «кумир» тұтқан аса білімдар Сауытбаев бейнесі студенттердің есінде жатталып қалды. Қолына бір жапырақ қағаз ұстамай оқыған лекциялары еріксіз таңдай қақтыратын.

– 26 жасыңызда университет бітіріп, журналист мамандығы бойынша дипломыңызды алып тұрып, ауылға қайттыңыз. Талайға арман болған Алматыдан алыстадыңыз. Неге? Әйтпесе сол кездің өзінде
әлемдік деңгейдегі тұлғаларжайлы мақалаларыңыз республикалық газеттерде молынан жарияланып тұрған екен. Алматыдағы кез келген редакция сізге есігін ашатын еді ғой. Елге қайтуыңызға не себеп?

– Рас , қатарластардың , замандастардың менің ауылға кетуіме көп таңданыс білдіретін реті бар. Әке-шешем өте қарт кісілер болды. Екі інімнің біреуі студент, кішісі мектеп жасында еді. Ашаршылықтың бар азабын тартқан әкеммен бірге туған тоғыз ағайынды еркектің алты-жетеуі аштықтың құрбаны болған. Кешегі соғыс кезінде тылдың ауыр бейнетін көтерген әкем 1941 жылы 52 жаста екен. Үлкен әкеміз Аманжолдың Ұлбике, Өтебике деген әйелдерінен бес-бестен ер бала болған. Шешелеріміз қыз тууды армандап өткен. Сол кенже туған ер балаларына кекіл қоймай, екі шекесіне тұлымшақ қойып, ырымдайды екен. Сенсеңіз, сол он еркек кіндіктен бүгінгі күні екеуінен ғана ұрпақ тараған. Үлкен анамыздың ұлдарының алды келін түсіріп, немерелі де болған. Бірақ ашаршылық аранының тойымсыз көмейі оларды талғаусыз жұта берген ғой. Сондықтан да елге келгенімді әкем де, шешем де құп көрді.

Сол оқып жүрген кезімде, әсіресе соңғы курста жүргенде әлемдік өнер алыптары Леонардо да Винчи, Сикейрос, Коненков, Левитан, Сарьян, Рылов, өзіміздің төл топырағымыздың ұлы түлектері Орал Таңсықбаев, Шара Жиенқұлова, Айша Ғалымбаев, т.б. туралы эсселерім республика көлеміне жүз мыңдап тарайтын жастар газеті «Лениншіл жас» газетінің «Аққу» атты эстетикалық клубында басылып жатты. Оларға Шерхан аға, Оралхан Бөкеев, Кәдірбек Сегізбаевтар жоғары баға берді. Ол дәуірде республикалық санаулы газеттер санатындағы «Лениншіл жасқа» жақсы дүниең шықса, сол сәтінде елге танымал болып жататынсың. Тіпті Шерхан Мұртаза аға мені студент кезімде сонау Тәшкен қаласында тұратын ұлты қазақ КСРО және Өзбек КСР Халық суретшісі, КСРО Көркемсурет академиясының академигі, Өзбек КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты ұлы суретші Орал Таңсықбаевқа арнайы жіберді. Орал ағаның екі қабат әрі шеберхана, әрі үйінде апта жатып, елге оралған соң «Тау мен дала жыршысы» атты көлемді эссемді «Лениншіл жас» газеті жарқ еткізіп жариялады. Марқұм Оралхан Бөкей сараңдау жымия күліп: «Бір сөйлеміңе қалам ұшын тигізген жоқпыз», – деген еді. Сол студент кезімде Арменияға, Ереванға ұлы суретші Мартирос Сарьянды іздеп барып, «Шуаққа іңкәрлік» эссесін жаздым. Бір таңғалатыным әрі риза болатыным, көзі тірісінде туған халқы М.Сарьянға музей ашып, өнерін ерекше асқақтатып, «Біздің Варпет» деп бөлекше қастер тұтатынының куәсі болдым. Жарты сағат қасында болып, әңгімелестім. Сол жексенбі күні ұлы Варпет музейін, сурет га лереясын қызықтаушылар сыртта кезек күтіп тұрды. Шерхан аға берген «Лениншіл жастың» штаттан тыс тілшісі деген қып-қызыл куәлігін қолына ұстаған музей директоры Шаэн Хачатрянның көмегі арқылы

Варпетпен тілдесу мүмкіншілігіне ие болдым. Үйінде ұлы суретшіге сәлемдесу үшін Ереван драма театрының бір топ әртістері келіп отыр екен. Кездесуіміз 20 минутқа созылды. Мен барған жылы жасы 89-да болатын. Өте ширақ, көз жанары әлі өткірлігін жоймаған қалыпта еді. Зорлап отырып, армян коньягынан ауыз тидірді. Жастар газетіне арнаған тілегін жазып берді. Осы екі елеулі кездесу туралы «Алматы ақшамы» газеті ұлы суретшілермен бірге түскен фотоларымды қосып, үлкен мақала жариялады.

(Жалғасын газетіміздің келесі санынан оқи аласыздар.)

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support