«Бір кілемді тоқып шығуға бір апта уақыт кетеді»
«Бір кілемді тоқып шығуға бір апта уақыт кетеді»
Ақсай ауылдық округінің тұрғыны Диас Рахманқұлов осыған дейін «Даму» қоры арқылы 3 миллион теңге қайтарымсыз грантты жеңіп алған еді. Ол қаржыға Түркиядан кілем тоқитын құрал-жабдық сатып алады. Бірақ өз ісін жүзеге асыруды ойлаған кәсіпкер оған қажетті жіпті сатып ала алмай, қаржылық қиындықтарға тап болады. – Біздің округте жүзеге асырылып жатқан қанатқақты жоба арқылы бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге мүмкіндік алдым. Жобаның бесінші бағыты бойынша несие рәсімдеп, 2,8 миллион теңге несиені төмен пайызбен алып, жұмысымды бастап кеттім. Өндіріске қажетті жіпті Моңғолия мемлекетінен таптым. Сөйтіп ол елден бір тонна жіп алдырттым. Бұл жіп менің кәсібімді жүргізуге 5-6 жылға дейін жетеді, – дейді кәсіпкер. Диас бұл кәсіппен жайдан-жай айналысып отырған жоқ. Өйткені кез келген кәсіпкер кілем тоқығанымен олардың дені адам бейнесін салып бере алмайды екен. Кәсіпкердің айтуынша, кілемге түсетін адам бейнесін техниканың көмегімен бейнелей алмайды екенсің, ол тек қол күшімен іске асырылатын процесс. – Қазіргі таңда тапсырыспен жұмыс істеп жатырмыз. Бізде жұмыстың барлығы қол күшімен атқарылады. Адамның портретін кілемге салу аса ұқыптылықты қажет етеді. Бүгінгі таңда екі адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырмын. Қосымша дизайнер және суретшілеріміз бар. Цехта бір кілемді тоқып шығу үшін бір апта уақыт жұмсаймыз, – дейді ол. Тұрғындардан тапсырыс қабылдап, жұмысын жолға қойып отырған кәсіпкер елге, республикаға белгілі тұлғалардың портреттерін салумен айналысуда. Соңғы уақытта тапсырыспен даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы, Еңбек Ері Асанәлі Әшімовтің, тағы басқа да дара қоғам қайраткерлерінің портреттерін кілем бетіне түсірген. Бүгінде кәсіпкер тапсырысты тек республика көлемінде ғана емес, бұрынғы одақ құрамындағы ТМД елдері бойынша қабылдап, тоқып беруде екен.
Марат ҚҰЛИБАЕВ Жуалы ауданы.