- Advertisement -

Зейнеткерлікке енді шығайын деп жүрген жандар үшін де арнайы жоба бар

66

- Advertisement -

«Еңбек» бағдарламасы өткен бес жылда өзінің тиімділігін көрсетті. Осы бағдарлама аясында арнайы дайындық курсынан өткендер екінші мамандық иесі атанса, «Жастар тәжірибесі» арқылы жұмысқа орналасқан жастар қатары артты. Мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болғандар өз кәсіптерін ашуға мүмкіндік алды. Сондай-ақ осы бағдарламаның қатысушысы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы арқылы төмен пайызбен несие рәсімдегендер де өз армандарына қол жеткізді. Бағдарламаның тиімді тұсын жұмыссыз азаматтар да көріп, тұрақты және қоғамдық жұмыстарға орналасуға мүмкіндік алды.

Ендігі кезекте бұл бағдарламаның мақсаты біршама өзгеріске ұшырап отыр. Бұдан былай бұл «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында жүзеге асырылатын болады. Аталған жоба кәсіпкерлік белсенділікті арттыруға, кәсіпкерлердің өсуін жеделдетуге, жаңашылдықты қалыптастыруға, сонымен қоса бәсекелестікті дамытуға бағытталып отыр.
Бұл жоба 10 міндетті көздейді. Оның 3-еуі халықты жұмыспен қамту үшін жәрдемдесуге бағытталған. Нақтырақ айтсақ, басты мақсат – азаматтардың өз ісін ашып, дамытуына жағдай жасау, субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау және кәсіпкерлердің қажеттіліктеріне қарай дағдыларды дамыту болып отыр.

Ұлттық жобалар шеңберінде 2022 жылы аудандық халықты жұмыспен қамту орталығы арқылы жалпы 3607 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Оның 2390-ы тұрақты, 1217-сі уақытша жұмыс орындары. Ал жастарды қамту бағытындағы жұмыстар табысты жүргізілуде. «Жастар тәжірибесі», «Алғашқы жұмыс орны», «Ұрпақтар келісімшарты» жобаларының арқасында 29 жастан аспаған, мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі жоқ, жақында оқуын аяқтаған, бұрын еш жерде жұмыс істемеген адамдарға түрлі қолдау шаралары көрсетілетін болады. Бұл жобалармен 204 адамды қамту жоспарланған.
Ал зейнеткерлік жасы алдындағы адамдар үшін «Күміс жас» жобасы іске асырылмақ. Бүгінгі таңда ауданда 23 адам осы жобаның шарапатын көріп отыр. Бұдан бөлек, «Әлеуметтік жұмыс орындары» жобасын іске асыру арқылы 190 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігі қарастырылуда. Ал жұмысынан айырылған азаматтарға «Қоғамдық жұмыстар» жобасы арқылы 800 жұмыссызға уақытша жұмыс орны берілмекші.

Бұрынғысынша білімі жоқ азаматтарды «Бастау Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлікке оқыту шаралары жалғастырылады. Сондай-ақ жас кәсіпкерлер мен халықтың әлеуметтік осал топтары қатарындағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға микрокредиттер мен гранттар беріледі. Оқу қауіпсіздік шараларын қамтамасыз ету мақсатында жоба бойынша оқыту «Atameken Academy» платформасында онлайн форматта өтеді.

Ауданда «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жобасына» 4647 адам қатысады деп жоспарланған, бүгінгі таңда оған 914 адам тартылып, жобаның орындалуы 19,7 пайызды құрады. Жұмыс іздеуші ретінде орталыққа 1201 жұмыссыз қайырылған. Биылға бекітілген кестеге сәйкес кәсіптік оқыту орталығы арқылы – 20, қоғамдық жұмыс орындарында – 25, онлайн оқуға 120 адамды тарту көзделген.

Кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға 512 адамды тарту жоспарланған. Грант жоспары – 363 адам. Әлеуметтік жұмыс орындарына 190 жұмыссызды тарту көзделсе, бүгінде 163 адам тартылған, оның 2-еуі мүмкіндігі шектеулі азамат. Жастар тәжірибесіне – 190 (орындалуы 48 адам), ақылы қоғамдық жұмыс орындарына – 800 (орындалуы 462, оның 25-і мүгедектер), «Алғашқы жұмыс орындарына» 11 адам тарту межеленген. Ал «Ұрпақтар келісімшарты» бойынша – 3, «Күміс жас» – 23, бос жұмыс орындарына 2390 жұмыссызды орналастыру жоспарланып, жұмысқа 216 адам тартылған. Пробация квотасымен – 6, мүмкіндігі шектеулі азаматтар квотасымен 47 адамды тарту жоспарланған.

Алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар бойынша еңбек нарығын қалпына келтіру және жұмыссыздық деңгейін төмендету үшін жұмыс істеп тұрған жұмыс орындарын жаңғырту, жаңа жұмыс орындарын құру жөнінде шаралар қабылдау керек болады. Еңбек қатынастарының жаңа прогрессивтік нысандарын енгізу жұмыспен қамтудың икемді нысандарын дамытуды қамтамасыз етеді. Әлеуметтік қамсыздандыру саласы еліміздің әлеуметтік кодексімен реттелетін болады. 2025 жылға қарай қабылданған шаралардың нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,7 пайыздан аспайтын деңгейге төмендемек.

Дәуір ДӘУЛЕТОВ,
аудан әкімінің орынбасары.
Байзақ ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support