- Advertisement -

Таласта ұн – 22, қант 84 теңгеге қымбаттаған

62

- Advertisement -

Қай ауданға барсақ та мүмкіндігімізше бөлшек саудадағы тауар айналымына назар аударамыз. Таласта да бірқатар мәліметке қанықтық. Биылғы қаңтар-наурыз айларында бөлшек саудадағы тауар айналымы 773,1 миллион теңгені құрап, былтырғы жылмен салыстырғанда 125,1 пайызға немесе 154,9 миллион теңгеге артық орындалыпты. Оның ішінде азық- түлік тауарлары 408,4 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 108,9 пайызға, азық- түлік емес тауарлар 364,7 миллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 117,6 пайызға орындалғанына көз жеткіздік.

– Ауданда 154 дүкен жүмыс істейді. Азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында облыс орталығы – Тараз қаласында орналасқан «Дәмді Себет», «Фиркан», «Технодом», «Сулпак» және « Светофор» сынды ірі дүкен иелерімен келіссөздер жүргізіліп, Қаратау қаласынан филиалдары ашылды. Аудан тарапынан күнделікті аудан орталығында орналасқан ірі супермаркеттерде – «Диас сауда орталығы», «Фиркан», «Дәмді Себет», «Айда», «Ромашкада» бағаның шарықтап кетпеуі мақсатында мониторинг жүргізіледі. Биыл баға өсімін тежеу мақсатында дүкен иелерімен азық-түлік бағаларына қосылатын үстемеақыны 10-15 пайыздан асырмау туралы 27 меморандумға қол қойылғанын да атап өтсем деймін. Ауданда 19 негізгі азық-түлік тауарының бағасы биылғы I тоқсандағы шекті бағалармен салыстырылады. I тоқсандағы шекті бағамен 24 наурыздағы баға қорытындысын талдасақ, бірінші сұрыпты бидай ұны 22 теңгеге (11 пайыз), картоп 29 теңгеге (19,2 пайыз), ақ қант 84 теңгеге (31,7 пайыз) және тауық еті 253 теңгеге (28,3 пайыз) қымбаттағанымен, қалған 15 тауардың бағасы тұрақты деңгейде, – дейді аудан әкімдігінің кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм басқармасының басшысы Ауданбек Тауасаров.

басқа көкөніс өнімдері Тараз қаласы мен басқа өңірлерден тасымалданатындықтан бағаның көтерілуі ең алдымен жеткізушілерге байланысты көрінеді. Сондықтан да осы мәселені түпкілікті шешуде «Алқаптан сөреге» жобасын жандандырудың маңызы зор. Тағы бір мәселе «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту» қанатқақты жобасы алғашқы жылы-ақ өзінің нәтижесін бергендей еді. Оны «Аq jol»-да үздіксіз жариялап келдік. Осы қанатқақты жобаға енген құм іргесіндегі Үшарал окугінің тұрғындары бау-бақша өнімдеріне қарық болғанын да жазғанбыз.

Бостандық және Ойық ауылдық округі жобаға енуге үміткер көрінеді. Ауылдағы бағбандар өнімдерін алқаптан Қаратау қаласындағы немесе елді мекендердегі сауда орындарына бірден жеткізсе алыпсатарларға тосқауыл қойылады. Осы өміршең жобаны одан әрі жандандыру мәселесі облыс әкімдігінің ақпараттық жиындарында қозғалып та келеді. Аяқсыз қалмасын дейік.

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы 0,01 пайызбен несие ала отырып, әрі ауданда негізгі азық-түлік қорын қалыптастыру жұмыстары бойынша қазіргі таңда «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы әлеуметтік дүкені бар жеке кәсіпкер Ирина Осипова несие алуға былтыр қазанда құжаттарын тапсырып, желтоқсан айында 3,4 миллион теңге несие алған. Бұдан бөлек, Ақкөл ауылдық округінің тұрғыны жеке кәсіпкер Кәмшат Касымбекова Ақкөл ауылдық округінен әлеуметтік дүкен ашуға «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жылдық мөлшерлемесі 0,01 пайызбен несие алуға құжатын жинақтап, қорға тапсырыпты. Бұдан басқа да азық-түлік дүкендерін, басқа да сауда орталықтарын ашуға ниет еткен жеке кәсіпкерлер аз еместігіне көз жеткіздік.

Ауданда негізгі азық-түлік емес тауарларының 53 атауы бойынша күнделікті мониторинг жүргізіліп, 2020 жылдың 24 желтоқсанындағы бағамен салыстырылуы да бағаны тұрақтандыруда қолға алынып жатқан нақты шаралардың бірі. Аудандық статистикалық басқарманың мамандарымен бірге негізгі азық-түлік және азық-түлік емес тауарларға мониторинг жүргізілген, нәтижесінде баға тұрақты, қымбаттаған тауар өнімдері жоқ. Ауданда көлік қызметінің жолақысы өткен жылмен салыстырғанда көтерілмеген. Қаратау қаласында 10 дәріхана тіркелген. Оның жұмыс істеп жатқаны қазіргі таңға 8 дәріхана, ал 2 дәріхана жұмысын тоқтатыпты.

Қонақ үйдің қызметінің бір номері 2500-8000 теңге, дәмхана-мейрамханада әр адам басына қызмет көрсету 2500-5000 теңге аралығында. Сонымен қатар шаштараз қызметі 600-1500 теңге, монша қызметі 500-700 теңге. Азық-түлік емес тауарларының бағаларының 53 түріне күнделікті талдау жасалынып, апталық мониторинг қорытындысын облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасына тұрақты түрде жолдап тұратын көрінеді.
Аудандағы 12 жанар-жағармай бекетінің 8-і жұмыс істеп тұр. Айына орта есеппен «Аи-92» – 240, «Аи-80» – 159 тонна болса, дизель отыны 111,0 тоннаны құрайды. Жалпы көлемі – болжаммен 510 тонна. Бүгінгі күнге «АИ-92» 180 теңгеге, дизель отыны 230 теңгеге саудалануда. Жанар-жағармайдың бағасына да күнделікті талдау жасалынып, апталық мониторинг қорытындысын облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына тұрақты түрде жолданады. Жалпы ауданда сұйытылған мұнай газының бес стансасы орналасқан. Қаратау қаласында төртеу және Ақкөл ауылдық округінде біреу. Аудан бойынша бір күндік сұйытылған мұнай газ отынының кажеттілігі сегіз тонна, оның ішінде Қаратау қаласы бойынша алты тонна, қалған екі тоннасы Ақкөл ауылдық округінде. Газдың бір литрі 60-65 теңге аралығында.

Бақылау болса баға шарықтап кетпейді. Қала немесе аудан әкімдері бас болып, тиісті құрылым өкілдері мен әріптестерімізді қосып алып, базар, басқа да сауда орындарын анда-санда азан-қазан қылып қарап шыққанымен мәселе түйіні шешілмейді. Сауда орындарының басшыларын қатыстыра отырып, сауда жасайтындармен түсіндіру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуі керек. Рейд өтісімен сатушылардың сөредегі бағаны көтере салатынын екінің бірі біледі, көріп те жүр. Былтыр сәуір айында облыстың сауда орындарында сәбіздің бір килограмы 800 теңгеге шарықтап кеткені естен шықпауы керек. Бағаны тұрақтандыруда таластықтардың тәжірибесі құптарлық-ақ.

Амангелді ӘБІЛ

Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support