- Advertisement -

Қазақстанның болашағын айқындайды

26

- Advertisement -

11 қаңтарда Мәжілістің жалпы отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа Қазақстан» құру бастамасын көтерген болатын. Мемлекет басшысы «Жаңа Қазақстан» құрудағы негізгі бағыттар мен міндеттер, саяси реформалар, «AMANAT» партиясының ендігі қызметі жөнінде де жұмыс жоспарын, межелі мақсаттарды айқындап берген еді. Соның негізгі баспалдағы ретінде Президент «Жаңа Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты Қазақстан халқына Жолдауында саяси жаңғыру туралы ауқымды бағдарлама ұсынды. Осы орайда алдағы маусым айында Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізіледі.

Референдум қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – демократиялық үдерісті дамыта түсетіні сөзсіз.

16 наурыздағы Жолдауында Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі – Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артатыны. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі енеді, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді.

Реформалар сәтті өтсе, халық ел басқаруға қатысады. Бір мандатты округтер бойынша Мәжіліс депутаттары сайланады, мәслихат депутаттарының келісімімен баламалы негізде облыс әкімдері тағайындалады.

Осынша өзгеріс елде демократиялық процестерді жетілдіріп, «биліктің бірден-бір қайнар көзі – халық» деген принцип жүзеге асады. Яғни, қоғам өз өкілдері арқылы маңызды шешімдерге араласады. Осыншалық ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет. Себебі бұл тек Президент не Парламент шешетін мәселе емес, бұл – бүкіл халықтық деңгейдегі міндет.
Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум – жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізіледі. Бұл – «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі.

Мажоритарлы сайлау жүйесінің енгізілуі – сайлаушылардың республикалық қана емес, жергілікті жердегі де мүддесін жіті қорғауға мүмкіндік туғызады.
Партиялық жүйені дамыту мен олардың мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында – саяси партияны тіркеу талабы 20 мың адамнан 5 мың адамға төмендейді. Өңірлік өкілдіктер саны 600-ден 200-ге азайып, бастамашыл топ саны 1000-нан 700-ге қысқарды. Бұлардың барлығы – Әділетті Қазақстанды құрудың алғышарты.

Алдағы референдум – Қазақстанның болашағын айқындайды. Бұл – пафосты бөспе сөз емес, егер конституциялық реформа қабылданса, онда саяси жүйемізде айтарлықтай өзгерістер жасалады. Ол өзгерістер қоғамды ашық етуге бағытталған. Бұл өзгерісті Парламент депутаттары өздері дауыс беріп, бекіте алмайды. Ол үшін халықтың қолдауы қажет. Сондықтан әрбір азамат 5 маусымда дауыс беріп, осы тарихи бетбұрысты жасауға өз үлесін қоса алады.

Президентіміз ұсынған оң өзгерістер мен реформалардың іске асуына, Жаңа Қазақстанның қалыптасуына үлес қосу – әрқайсымыздың негізгі азаматтық борышымыз. Дана халқымыз айтқандай, қазіргі уақытта тірліктің де, берекенің де көзі – бірлікте. Осы тұрғыда біздер Қазақстанның демократиялы, әділетті және өркениетті мемлекет болып құрылуына үлесімізді қосатын боламыз.
Президентіміздің референдум өткізу туралы ұсынысы түрлі кемшіліктерді болдырмауға мүмкіндік берері анық. Сонымен бірге, азаматтардың өткір де өзекті мәселелерін шешіп, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына тікелей көмектесе отырып, сыбайлас жемқорлықпен және азаматтық қоғамға жат құбылыстармен күресіп, әділетті өмір сүруге мүмкіндік береді.

Елді Демократияландыру процесі халықтың пікірін елей отырып, жүзеге асырылуда. Мемлекеттік басқарудың трансформациясы, қайта құрылуы болып, билік пен қоғам арасындағы өзара қарым-қатынас нығаюда. Ел тарихына бейжай қарамайтын әрбір азамат 2022 жылғы 5 маусымда өтетін республикалық референдумда өз таңдауын жасайды.

Алдағы референдум – жекелеген топтарды күшейтуді емес, мемлекетімізді жетілдіру, жаңғырту және нығайтуды көздейді. Сондықтан баршаңызды 5 маусым күні дауыс беруге шақырамын!

Дауыл БЕЙСЕНҚҰЛОВ,
«АMANAT» партиясы облыстық филиалының атқарушы хатшысы.
Тапсырыс беруші: «Biali sport» ЖШС.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support