- Advertisement -

Тұрғындарды елдік шарадан тыс қалмауға шақырдыІссапар

18

- Advertisement -

Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдумды түсіндіру бойынша ҚР Парламенті мәжілісінің депутаттары, республикалық штаб мүшелері Мейрамбек Төлепберген, Назиля Раззак және Гүлдара Нұрымова Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылының зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Қазіргі саяси реформалардың оңтайлы өзгерістерге бастау болатынына халық сеніп отыр. Бұл бірлігі бекем, тірлігі тиянақты қоғамның дамитынын дәлелдей түседі. Осы орайда, аталған жиында халық қалаулылары Конституциялық реформа азаматтардың елді басқару ісіне қатысу мүмкіндігін арттыратынына және алдағы уақытта әлеуметтік әділеттіліктің орнауына түрткі болатынын сөз етіп, елдік шарадан қалыс қалмауға шақырды.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға түзетулер енгізу бойынша республикалық референдум өткізуді ұсынды. Референдум қоғам арасында қызу талқыланып, қолдау тауып отыр. Конституцияны бүкілхалықтық дауыс беру арқылы өзгерту – халықтың еркін білдіруінің айқын көрінісі.
Соңғы Жолдауда Президент тың саяси реформаларды жариялап, билік институттары арасындағы конституциялық құрылымды жетілдіруге мүдделі екенін танытты. Өзгеріс аз емес, соның бірі – Парламент палаталарының рөлі күшейіп, мәртебесі артады. Мәжілісті қалыптастырудың аралас моделі енеді, Парламенттің бақылау функциялары кеңейеді, заңнамалық рәсімдер оңтайланады. Яғни, азаматтардың мүддесін қорғау механизмі күшейеді, – деді республикалық штаб мүшесі, ҚР Мәжілісінің депутаты Мейрамбек Төлепберген.

Келесі кезекте сөз тізгіндеген Гүлдара Нұрымова референдум болашағымызды айқындайтын ізгі бастама екенін алға тартып, еліміз саяси өзгерістердің алдында тұрғанын жеткізді. Ал Назиля Раззак алдағы ауқымды реформаларды заңмен бекіту үшін бізге референдум қажет екенін тілге тиек етіп, оны Президент не Парламент шешпейтінін, бұл – бүкіл халықтық деңгейдегі міндет болып саналатынын сөз етті.

Келелі жиында тұрғындар да ойларын ортаға салып, пікірлерін білдірді. Олар референдумда дауыс берушілер ретінде өзгерістерді қолдап, Жаңа Қазақстанды, Әділетті Қазақстанды құруға мүмкіндік аламыз деген сенімдерін білдірді.

– Бұл ел дамуы үшін маңызды қадам. Мемлекеттік басқару жүйесін өзгертіп, елдегі саяси ахуалға жаңа дем беретін Конституциялық референдум биыл ширек ғасырдан соң жалпыхалықтық деңгейде алғаш өткізіледі. Бұл – «Халық үніне құлақ астаны мемлекет» идеясының нақты жүзеге асуының дәлелі. Өз кезегінде, біз дауыс берушілер ретінде бұл елдік шараға атсалысамыз. Әрі болашақ – жастардың қолында десек, бастамалардың барлығы солар үшін жасалынып жатыр. Сондықтан бұл шараның ортасынан әуелі жастардың табылуына жол сілтеуіміз керек, – деді Айша бибі ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқын Қалыбаев.

Сондай-ақ басқосуда республикалық штаб мүшелері әрбір ауылда пікірлесетін, ойды ашық жеткізетін ортаның жоқтығын атап өтті. Оның дәлелі, елімізде ширек ғасырдан астам уақыт бойы бірде-бір референдум болмағандығы. Ендігі жерде бұл олқылықтың орны толып, Мемлекет басшысы саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды іске асыру жолында батыл қадамдар жасауға жол ашып, Ата Заңды бекітуді халықтың пайдасына беріп отырғаны. Бұл өз кезегінде, әділетті әрі ашық Жаңа Қазақстан құруға себеп болады. Ауыл тұрғындарымен өткен алқалы жиында осы мәселелер кеңінен қозғалып, қолдау тапты.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support