- Advertisement -

БЕРЕКЕ КӨЗІ – БІРЛІКТЕ

38

- Advertisement -

Еліміздегі дүнген қауымдастықтарының Жамбыл жеріндегі кездесуі бірлік пен татулықты ту етіп, ынтымақты насихаттауға негізделді. Ең бастысы, осыған дейін түрлі қауымдастық пен ұйымдардың құрамында топтасқан дүнген ұлты республикалық «Дүнген этномәдени орталығы» аясында топтасты.

«Достық үйінде» өткен республикалық конференцияға барлығы 9 облыстан дүнген ұйымдарының жетекшілері мен мүшелері қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Рүстем Дәулет шараның ашылу салтанатында сөз сөйлеп, конференцияға қатысушыларға сәттілік тіледі. Еліміздегі ұлтаралық татулық пен достықты нығайту мақсатында жасалып жатқан жүйелі жұмыстардың арқасында бүгінде осындай достық сарындағы жиындарға, тату өмірге қол жеткізіп отырғанымызды жеткізді.

Конференцияда қозғалған өзекті тақырыптың бірі – алдағы 5 маусым күні өтетін жалпыхалықтық референдум төңірегінде болды. Ел азаматтарының даму жолындағы бағындырар белестерін, бағынар заңын айқындап беретін саяси науқанның мәні мен маңызы түсіндірілді.

Сондай-ақ конференция барысында облыс әкімінің орынбасары мен облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Садубаев қоғам өміріне белсене араласып, іскерлік танытқан бірқатар азаматқа «Құрмет грамоталары» мен «Алғыс хаттар» табыс етті.

Келесі кезекте дүнген этномәдени орталықтарының бірлігі туралы меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ орталық бақылау кеңесінің мүшелері, басшысы, аналар, ақсақалдар, имамдар, жастар кеңестерінің төрағалары мен кеңес мүшелері сайланды.

Қауымдастық мүшелерінің бірауыздан қолдауы мен шешімінің нәтижесінде республикалық «Дүнген этномәдени орталығының» төрағасы болып Зайнуддин Махусеев сайланды.

Айта кетейік, конференция жұмысына Қазақстан халқы Ассамблеясы атынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты болып сайланған И.Буларов, «Қазақстан дәуірі» газетінің редакторы, Жамбыл облысының Құрметті азаматы Сәуле Мешітбаева, облыстық мәслихаттың депутаты Гулам Умаров және бірқатар ұлттық орталықтар жетекшілері қатысты.

– Бүгін қасиетті Тараз жерінде үлкен іс-шара өтуде. Қазақ халқының кең даладай пейілімен жасаған жақсылығының арқасында біз осындай жақсы күн кешіп жатырмыз. Дүнгендердің қазақ жерінде өмір сүріп жатқанына 150 жылдай болды. Сондықтан қазақпен тіршілігі біте-қайнасқан ұлт ретінде айтар алғысым шексіз, – дейді Мәжіліс депутаты.

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support