Пилоттық жобаның пайдасын көріп жүрміз бе?

12

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кеңесте облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсартуға бағытталған қанатқақты жобаның Т.Рысқұлов ауданындағы орындалу барысы қаралды. Жиын барысында аудан әкімі Ерболат Садырқұлов баяндама жасап, жоба аясында атқарылған жұмыстардың қорытындысы туралы есеп берді. Оның айтуынша, Құмарық ауылдық округінің 230 тұрғынына жалпы көлемі 797,2 млн. теңгені құрайтын 2,5 пайыздық несие берілген.

Жобаның бірінші бағыты бойынша 598 аула қамтылып, тұрғындардың үй іргесіндегі жерді тиімді пайдалану көрсеткіші 95 пайызға артқан. Ал жобаның екінші бағытына сәйкес тұрғындар 7 244 мал сатып алған. Сондай-ақ елді мекен сыртындағы 1053 гектар жер тиімді игеріліп, ауыл шаруашылығы кооперативтері 89,9 млн. теңгеге 17 дана ауыл шаруашылығы техникасын сатып алған. Осылайша, аталған округтегі жұмыссыздар саны 29 адамға кеміп, атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары 32 отбасыға азайған. Қатысушылардың орташа айлық табысы 34 мың теңгеден 84,5 мың теңгеге немесе 2,5 есеге артқан.

Нұржан Молдиярұлы бұл көрсеткіштердің барлығы алғашқы жылы қалыптасқан нәтижелер екенін айтып, одан кейінгі атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша талдау жүргізілмегенін сынға алды.

– Бұл көрсеткіштер бірінші жылы атқарылған жұмыстардың ғана қорытындысы. Сол мәліметтерді қайталап отырсыздар. Одан кейінгі жылдары ешқандай жұмыс атқарылған жоқ па? Атқарылған жұмыс болса, оның талдауын неге ұсынбайсыздар?, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы ауданда жоба шеңберінде тиімді шартпен берілген несиенің қайтарылым қаражаты бойынша зерделеу жүргізілмегеніне де назар аударды. Ауыл әкімі мен құрылған кооператив арасында өзара тығыз байланыстың, бірлескен жұмыстың жоқтығы да айтылды.

– Мемлекет басшысы халықтың тұрмысын арттыруға, әлеуметтік мәселелерді шешуге айрықша басымдық беріп отыр. Аталған жоба осы тұрғыдағы маңызды тетік деуге болады. Біз ауылдықтардың табысын жақсартуға негізделген жобаның мүмкіндіктерін тиімді пайдалануға тиіспіз. Салалық басқарма мен аудан әкімдіктері жұмыстарды ұтымды ұйымдастыра білуі керек, – деген Нұржан Нұржігітов жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеп, жоба аясында жұмысты күшейтуді, оның нәтижелеріне жан-жақты талдау жүргізіп отыруды қатаң тапсырды.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

 

Comments are closed.