- Advertisement -

«БІЗ БҰЛ КҮНДІ СЕКСЕН ЖЫЛҒА ЖУЫҚ КҮТТІК»

145

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысында ерен ерлік көрсеткен даңқты сұрмерген Ыбырайым Сүлейменов туралы қазақтың атақты ақын-жазушылары қаншама өлең арнады, әдебиеттің әртүрлі жанры бойынша талай дүние жазды. Алдыңғы толқын әріптестер, замандас журналистер де құралайды көзге атқан жауынгер-жерлесіміз туралы әр кезде қалам тербеп келді. Аттары аңызға айналған майдангер-жазушылар Қасым Қайсенов, Әзілхан Нұршайықов та қаруластары туралы аз жазған жоқ. Қас батырдың ерлігін ел есінде мәңгі қалдыру жолында ұлт зиялыларының ұшан-теңіз еңбегі еш кетпеді. Тараз қаласындағы орталық көшелердің бірі Ыбырайым Сүлейменов есімімен аталады. Көше бойына еңселі ескерткіші орнатылған. Білім ошақтарына есімі берілді. Алайда Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылып, берілмей қалғаны елдің көңілін қатты алаңдатқаны рас. Облыстық білім басқармасын жиырма жыл басқарған күйеубаласы Жатай Жұмаділов те осы мәселені майдангер-қаламгерлермен бірге қаншама рет көтерген еді.

Қазақстан Парламенті Сенатының депутаты, Мемлекет және қоғам қайраткері Мұхтар Құл-Мұхаммед былтыр «Егемен Қазақстан» және облыстық «Аq jol» газетіне Ыбырайым Сүлейменов туралы көлемді дүние жариялады. Ақыры әділдік салтанат құрып, Кеңес одағы бермеген батыр атағын Тәуелсіз Қазақстан берді.

Майдангер-мергеннің қарындасы Айткүл Сүлейменованы құттықтап, шаңырағында болдық. 86 жасты еңсерген ана Құдай қуат берсін әлі тың. «Апа, Мемлекет басшысының қолынан ағаңызға берілген «Халық Қаһарманы» атағының белгісін алғанда қандай көңіл-күйде болдыңыз?» дедік, аман-саулықтан кейін.

Шырағым, Ақорданың табалдырығын аттағаннан жүрегім алып ұшып, жанарыма жас үйірілді. Біз осы күнді сексен жылға жуық күттік қой. Мемлекет басшысының қолынан еліміздегі аса мәртебелі атақтың белгісін алғанда толқып кеттім. Қасым-Жомарт Кемелұлы белгілі жазушының ұлы, зиялы отбасында тәрбиеленген парасатты жан ғой. Күлімдеп қарап тұрған жүзіне көзім түсіп кетіп, қос жанарға келіп қалған қуаныш жасын көрсеткім келмей, өзімді әрең ұстап, алғысымды айттым. Іштей бауыр рухына, осы бір естен кетпес ерекше сәтті көре алмай кеткен майдангерлер мен Құдай қосқан қосағым – Жатай ағаңның рухына тағзым еттім.

Жыр алыбы Жамбыл жәкем бастап, ағатайым туралы қазақтың ақын-жазушылары, өзің сияқты журналистер ұлы ерлік көрсетілген күннен бері, күні бүгінге дейін үздіксіз жазып келді. Өшпес ерлігін ел есінде қалардай жазып, тасқа таңбалап кеткен алдыңғы толқынның жолын жалғастырып, Мәскеу архивіне дейін ақтарып қарап, ел газеті «Егеменге», өзіміздің «Аq jol»-ға жазған Мұхтар Құл-Мұхаммед және облысқа жолы түссе арнайы атбасын бұрып, аман-саулығымды біліп тұратын, Ыбырайым туралы дерек жинап жүретін Парламент Мәжілісінің депутаттары Берік Әбдіғалиұлы мен Мейрамбек Төлепбергенге де аналық алғысымды айтсам деймін. Берік Әбдіғалиұлы мен «Аq jol»-дың бас редакторы Оралхан Дәуіт мына қазақтың небір даңқты ұлдарының ізі қалған шаңырағыма келіп, қуанышыммен құттықтады. Бұл енді бүкіл қазақтың, қазақстандықтардың қуанышы ғой, – деп әлде бір ойға түсіп кетті.

Кім білсін тұлымшағы желбіреген сәби шағы, бар болғаны алты жасында Жамбыл қаласынан азан-қазан болған қалың жұртпен бірге ағатайын қан майданға шығарып салғаны есіне түсіп кетті ме… Әлде сол жүздеген жандардың ішінен, Сүлеймен әулетінен үлкендерден бір өзі қалғанын ойлап, аяулы ананың көз алдына соғыс салған қасірет келді ме екен. Әлден уақытта «Ағатайымның «Халық Қаһарманы» атағының белгісін алу менің маңдайыма жазылыпты. Аллаға мың мәрте шүкір! Ел аман болсын, жастар, сендер аман болыңдар! Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын!» деп батасын берді батырдың қарындасы.

Амангелді ӘБІЛ

Тараз қаласы

Суретті түсірген А.ҚАРТАБАЙ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support