- Advertisement -

Бес жылдан бері АӘК алып келгендерді неге жұмысқа тартпасқа?

40

- Advertisement -

Облыс әкімі аппараты кеңесінде тұрақты талқыланып келе жатқан маңызды мәселенің бірі – халықпен кері байланыс орнату. Бұл мәселе облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің төрағалығымен өткен кезекті аппарат кеңесінде де күн тәртібіне қойылған болатын.

Алғашқы мәселе бойынша облыс әкімінің кеңесшісі Нұрмұхаммед Ниязбеков баяндады. Оның айтуынша, кері байланыс аясында облыс тұрғындары тарапынан үш маңызды сұрақ келіп түскен. Атап айтсақ, Тараз қаласындағы Төле би көшесіндегі №92 үйдің іргесіндегі балалар ойын алаңы қасынан жаңа нысан құрылысы басталған. Ол құрылысқа аталған тұрғын үй тұрғындары қарсы. Сондай-ақ Қ.Сәтбаев көшесінде орналасқан №10 және №7 көпқабатты тұрғын үйлердің ортасынан автотұрақ салу басталған. Мұнда да халық бизнес нысанның салынуына қарсылық білдірген. Соңғысында тұрғындар атаулы әлеуметтік көмек алатындарға берілетін әлеуметтік пакеттегі тауар жарнамасындағы тауармен сәйкес келмейтіндігін айтып арызданған.

Бұл сұрақтарға Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев жауап берді. Оның айтуынша, бірінші нысанда көпқабатты үй тұрғындарымен түсіндіру жұмыстары жүргізілсе, Қ.Сәтбаев көшесіндегі құрылыс жұмысы тоқтатылған. Соңғы мәселеде әлеуметік пакет алушылар жарнамадағы заттарды сұрағаны негізсіз екенін жеткізді.

Бұдан кейін облыс әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі Данияр Асқарұлы мен «Жамбыл облысы бірыңғай диспетчерлік қызметі» КММ-ның басшысы Бақкелді Тұрсынбектің есептері тыңдалды. Данияр Асқарұлы әлеуметтік желіде ұсынылатын ақпараттың сапасына, берілу жолдарына жіті талдау жүргізгенін айта келіп, қала, аудан мен басқармалардың арасындағы ресми парақшалардың ерекшеліктеріне тоқталды. Нәтижелі жұмыстарына, сын-ескертпелерге жеке-жеке тоқталып, атап өтті. Ал Бақкелді Тұрсынбек болса, «Jambyl 109» қызметіне ағымдағы жылдың мамыр айының 11-і мен 16-сы аралығында 532 тұрғыннан өтініш түскен. Өтініштер тиісті атқарушы және жауапты мекемелерге жолданған. Оның ішінде 211 азамат жағдайын айтса, 1-еуі арыз, 2-еуі ұсыныс және 1-еуі алғыс айтқан. Оларға 317 кеңес берілген. Түскен өтініштердің 2-еуі мерзімінен кешіктіріліп жабылса, 16 мәселенің мерзімі ұзартылған, 5-еуіне мүлдем жауап берілмеген (Ветеринария басқармасы – 3, Шу ауданы ТҮКШ бөлімі – 1, «ТаразТрансЭнерго» — 1).

Ағымдағы жылы облыс тұрғындары тарапынан көше жарығы бойынша «Jambyl 109» қызметіне 469 өтініш түскен. Бұл бойынша Тараз қаласы мен Шу, Байзақ аудандарына сауалдар көптеп түсуде. Түскен өтініштер қалалық және аудандық «Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары» бөлімдеріне жолданған. Алайда аталған мәселелерге жоғарыда аталған бөлімдер өтініштің мерзімін ұзартумен ғана шектелуде. Жалпы 469 өтініштің ішінде 102-сі мерзімінен кешіктіріліп жабылған, 15 өтініш жұмыс барысында, 62 өтініш 2022 жылдың 1 шілдесіне дейін мерзімін ұзарту мәртебесіне қойылған (Тараз қаласы – 59, Шу ауданы – 2, Байзақ ауданы – 1).

Облыс әкімі аталған сын ескертпелерді талқылай келіп, Нұржан Молдиярұлы «Біз халықпен кері байланыс орната отырып, қандай мәселелердің барын білеміз, әрі шешеміз. Бұл ең алдымен билік пен халықтың арасын жақындастыра түсетін тиімді жолдың бірі», деп аудан әкімдері мен басқарма басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Келесі күн тәртібіне қойылған жұмыспен қамту, әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері туралы облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқарма басшысының орынбасары Кенжебек Олжабайдың есебі тыңдалды. Оның айтуынша, «Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» аясында жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 49500 адам тарту жоспарланған. Жыл басынан бері 12290 адам жұмыспен қамтудың белсенді шараларына тартылып, 12038-і жұмысқа орналастырылса, оның 6216-сы тұрақты жұмысқа орналасқан. Биыл осы жоба шеңберінде 2630 адамға қайтарымсыз грант беру үшін 3222,2 миллион теңге қаралыпты. Ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін 107 адам 131 миллион теңге қайтарымсыз грант алып үлгерген.

Атаулы әлеуметтік көмек алушылар туралы мәліметтер аймақ басшысының назарын аударды. Баяндамашының айтуынша, өткен жылы облыс бойынша 11874 отбасының 61441 мүшесіне, ал ағымдағы жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша ол 7340 отбасындағы 38 319 азаматқа тағайындалған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда АӘК алушылардың саны 21,9 пайызға азайған. Созылмалы атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жүргізілген талдау кезінде соңғы 5 жылда АӘК 83,5 мың отбасыға тағайындалған (429,8 мың адам). Оның 10,6 пайызы 3 және одан да көп жыл қатарынан осы көмекті тұрақты алып келген.

– Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға жүргізілген талдау облыс халқының 30 пайызының осы көмекті алып отырғанын көрсетті. Бұл мәліметті қайта қарау қажет. Қарап отырсам осы көмекті алатындар Тараз бен Жуалы ауданында көп. Қалада 1486 бола қойсын, Жуалыда – 192, Сарысуда – 133, Т.Рысқұловта – 184, Жамбыл, Байзақ пен Талас аудандарында жүздің үстінде, неге бұлай? Олар қалай 5 жыл қатарынан атаулы әлеуметтік көмекті алып отырған. Олардың жағдайын ешкім сұрап барып, тұрақты жұмысқа орналастыруға ұмтылмаған ба? Қордай ауданында ғана төмен, яғни атаулы көмек алушы 76 ғана отбасы бар. Аудан әкімдері осыған көңіл бөліп, 5-3 жыл қатарынан АӘК алып келе жатқан отбасыларын қарап, олардың еңбекке жарамды отбасы мүшелерін жұмысқа тарту керек, – деді аймақ басшысы.

Егер жергілікті атқарушы органдар осы бағыттағы жұмысқа немқұрайлылық танытатын болса, халық арасында масылдық көңіл-күйді тудыруы ықтимал. Сондықтан Нұржан Молдиярұлы бұл мәселеге басқа қырынан келіп, АӘК алушылармен жұмыс істеп, жұмысқа тарту қажеттігін күн тәртібіне қойып, тиісті тапсырмалар берді.

Бұдан кейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Айдынжан Нарматовтың, облыстағы эпизотиялық жағдай бойынша облыс әкімдігінің ветеринария басқармасының басшысы Нұржас Құрмантаев пен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Байділдә Шыналиевтың есептері тыңдалды. Есепте облыстағы эпизотиялық жағдайдың тұрақты екені айтылды.

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов тиісті басқарма жұмысын талдай келіп, сібір жарасы мен басқа да мал аурулары ошағының таралуына жол бермеуді, қаңғыбас иттерді аулап ұстайтын орын салуды тапсырып, жиынды қорытындылады.

Марат ҚҰЛИБАЕВ 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support