- Advertisement -

Жүз жылдықтың іс-шаралары жыл бойы жалғасады

21

- Advertisement -

Тараз қаласындағы Ш. Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында «Әулиеата-медиа» ЖШС «Ақ жол» газетінің 100 жылдығы аясында басылым ардагерлері және шығармашылық ұжым мүшелері, сонымен қатар газет оқырмандарының қатысуымен «Ақ жол» кеше, бүгін, ертең» атты «Дөңгелек үстел» отырысы өтті.
Ардагер жазушы-журналист Елен Әлімжан басылымның әр жылдардағы редакторлары, сондай-ақ алдыңғы толқын әріптестердің жанкешті еңбегін айтып, тебірене еске алды. Жауапты хатшы Тұрсынхан Толқынбайұлы, директор-бас редактор Көсемәлі Сәттібайұлы және бөлім меңгершісі болған Баймаханбет Ахмет газетте еңбек еткен жылдардағы әсерлерімен бөлісті. Жас оқырмандарға қоғамда баспасөздің алатын орныны туралы әңгімеледі.
«Ақ жол» газетінің бас редакторы Оралхан Дәуіт ғасыр тарихынан сыр шертіп, жүз жылдық аясында өткізіліп жатқан іс-шаралар туралы хабардар етіп, газеттің ғасыр тойы жыл бойы жалғасатынын жеткізді.
Бас редактордың орынбасары Фариза Әбдікерімова, жаупты хатшы Тұрсынбек Сұлтанбеков және осы жолдардың авторы ата басылымға қалай келіп, шыңдалу мектебінен қалай өткендерін айтып, дүниеден өтіп кеткен әріптес ағаларын, замандастарын еске алды.
«Ақ жол» газетінде тілшіден бастап, бас редактордың бірінші орынбасырына дейін 27 жылға жуық үздіксіз еңбек етіп, бүгінде шолушы болып жүрген Ақылжан Мамыт ұлының атын азан шақырып, Ақжол атайды. Өзі еңбек етіп жүрген басылымға деген құрметтің үлкені осы шығар. Осы жұғысты болды ма газеттің Сарысу және Талас аудандарының тілшісі болып орналасып жатқанда Тұрсынбектің отбасында дүниеге ұл келіп, шақалақтың есімін ол да Ақжол қояды. Бүгінгі кездесудің қонақтары арасында Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы нөмірі 45-ші қазақ классикалық гимназиясының 5 сынып оқушысы Ақжол Темірлан да болып, үздік оқушыға кітапхана директоры Эльмира Абдинова кітап сыйласа, арамыздағы әріптес қызымыз Фаризаға гүл шоқтарын ұсынды.
Газеттің ұзақ жылдан бергі тұрақты оқырманы Майдан Орынбаев жүз жасаған «Ақ жол» туралы айтқаны көңілімізді тіпті көтеріп тастады. Бас редактор оқырманымызға «Алғыс хат» тапсырды. Әсем әнмен де көтеріңкі көңіл сыйлаған руханият орталығының қызметкерлеріне бас редактордан бастап, бәріміз де ризашылығымызды білдіріп, естелік суретке түстік.
Амангелді ӘБІЛ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support