- Advertisement -

«СЕНІМ МАРШРУТЫ» СІЗДІҢ АУЫЛҒА ДА БАРУЫ МҮМКІН

54

- Advertisement -

Кеше облыс прокуроры Нұрғалым Әбдіров бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен еркін форматта кездесу өткізді. Кездесудің басты мақсаты – баспасөз қызметкерлерімен тығыз байланыс орнату, ақпараттық ашықтыққа қол жеткізу және прокуратура органдарының жұмысын жұртшылыққа жеткізудің түрлі тетіктерін қарастыру болды.

Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей тапсырмасына сай әрбір мемлекеттік және қадағалаушы органдар жұртшылыққа мейлінше ашық, қолжетімді, олардың талап-тілегін, арыз-шағымы мен өтінішін естуші болу талабы тұр. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру үшін облыс прокуратурасы кешенді жұмыс жобасын қолға алып отыр.

Нұрғалым Мәжитұлы прокуратура қызметкерлерімен қолға алынған «Сенім маршруты» туралы баяндап берді.

– Облыс прокуратурасы мемлекеттік органдарды қатыстыра отырып «Сенім маршруты» іс-шарасын жүзеге асыруды бастады. Оның негізгі мақсаты – жүйелі құқықбұзушылықтарды жоюға және азаматтардың құқықтарын қорғауға баса назар аудара отырып, халықтың проблемасын жан-жақты шешу, – деген ол аталған шара барысында Талас, Байзақ және Жамбыл аудандарындағы саралау жұмыстарының нәтижесімен бөлісті.

Мысалы, прокурорлардың араласуымен «Сенім маршруты» аясында Байзақ ауданындағы Бурыл ауылында жүргіншілерге арналған жолдың мәселесі шешілген. Нақтырақ айтқанда, аталған ауылда тұрғындар жүретін жолды белгілі бір азамат жекеменшігі құқығының болуы себепті қоршап тастаған. Сондықтан ауыл тұрғындары жолсыз қалған.

Ал Жамбыл ауданының Гродеково ауылында мал жаятын жерлерді анықтау, реттеу мәселесі оңтайлы шешілген. Сондай-ақ ауданға қарасты үш ауылда электр энергиясының қымбат болуы себепті онда қосымша электр желілерін жүргізу және оны мемлекет меншігіне алу мәселесі реттелген.
Талас ауданында ұзақ уақыт бойы тиімсіз пайдаланылған 5 мың гектардан астам жайылым жерді мемлекет меншігіне алу жұмыстары басталған.

Әлбетте, аталған аудандардағы қылмысқа қарсы күрес мәселелері де назардан тыс қалмаған. Аудандардағы әрбір ауыл бойынша қалыптасқан құқықбұзушылық деректері саралана келе, олардың туындау себебін анықтауға мүмкіндік туып отыр. Нұрғалым Әбдіровтың айтуынша, аудандардағы қылмыс пен құқықбұзушылықтың басым көпшілігі жастар арасында орын алып отыр. Ал жастардың мұндай келеңсіздікке баруына бірден бір себеп – жұмыссыздық екені анықталған. Сондықтан қадағалаушы орган жергілікті атқарушы билікпен бірлесіп, ауыл азаматтарын тұрақты жұмыспен қамтуға да септесетін болады.

Осы уақытқа дейін прокуратураның араласуымен 600 азаматқа кәсібін ашу үшін арнайы грант берілген. Сондай-ақ 410 азамат жұмысқа орналастырылған.

«Сенім маршруты» алдағы уақытта облыстың барлық аудандарын аралап, ондағы көптеген елді мекендерге ат басын тірейтін болады. Сөйтіп, ауыл тұрғындарының түрлі мәселелерін шешуге атсалыспақ. Ал жүйелі түрде шешуді талап ететін мәселелерге қадағалаушы мекеме қайта айналып соғатын болады

Маржан РАҚАЙ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support