- Advertisement -

Күйеуі бар келіншек немесе тосынсый

195

- Advertisement -

(Жалғасы. Басы өткен санда.)

ІІ

Алпыстан асып кетсе де, жасы жетпісті желкелеп үлгермеген Қажыбайды қатарластары өздері сықылды шал-шауқанның есебіне көп жатқыза бермейді. «Бала-шағасының қамын күйттеп, үйішілік күйбеңнен шыға алмаған біздер расымен де шал болдық. Туған ауылыңның өркендеуіне үлес қосып, туған жеріңнің жоғын жоқтап, қазақ дейтін біртұтас халықты бөліп-жармай, бүкіл елдің қамын ойлау дәрежесіне дейін көтерілген құрметті азаматсың, ақсақал атына лайықсың, тіпті ақылман абызға айналдың» деп сыралғы достары шындарын айтып, ауданның Ардагерлер кеңесінің төрағалығына сайлағалы зейнет жасында демалармын деп ойлаған Қажекеңнің арманы көзден бұлбұл ұшқан. Сонау
ертеректе алғашқылардың бірі болып қала көрген, оқып, өмір бойы өкіметтің қызметін жасаған оның өз құралыптастарына қарағанда артықшылығы да сол-ақ шығар. Дегенмен еңкіш тарта тарамыстанып, шөге бастаған замандастары мұның әлі де еңселі бой-тұрпатына, нұры тая қоймаған бет-жүзіне үнемі қошемет айтудан айныған емес. «Ауылда тұратының болмаса, ана жоғарыдағы бетін жел қақпаған, балағын шөңге жырмаған ақсаусақтар сияқтысың» деп қалжыңдасатын бірді-екілі құрдастарының сөзіне пысқырмағанымен, кәдімгідей ойланып қалады. Ойланбай қайтсін.

Жастайынан жесір қалса да жалғызына жетімдіктің зардабын шектірмеуге тырысқан жалғызілікті шешесінің қабағына қарап өсті. Мектеп бітірген соң, қаладағы жоғары оқу орнында төрт-бес жыл оқып келгені болмаса, аулынан ұзап алыстаған емес. Ауылдың ауыр тұрмысы мұны шынықтырмаса, қажыта алған жоқ. Көппен бірге көрген – ұлы той. Ел қатарлы отау құрылып, бас құралды, немере сүйіп, шөберелерінің қолынан май жалаған шешесін арулап жерлегеніне де біраз уақыт қана болды.

Жас адамның сырт көзге жасамыс болып көрінуі кәріліктің белгісі емес, кемелдіктің көрінісі, ал, алпысында да адыраңдаған көзі бір орнында тұрмайтын ойсыздықтан сақтану керек деп білетін Қажыбай қария көңілшекті қошемет өлтіретінін де көкірегіне мықтап түйген жан. Құрдастарының «бізбен салыстырғанда жиырмадағы жігіттей жас көрінесің» деген қағытпаларына риза болудың орнына, осылай ойға қалатыны сондықтан. Өзіміз қартайғанымызбен, жүрегіміз жас деп өзара көңілдерін көтеріскенімен, бұл жұбатуларының сырт көзге, әсіресе, бала-шағаға ерсі көрінетінін ессіз адам ғана байқамас. «Жастардың ең жақсысы – қарияға ұқсағандары. Ал қариялардың ең жаманы – жастарға ұқсағандары» дейді бір хадисте.

«Өзін әлі жаспын деп ойлау – ақымақтың ісі. Өзіңді жассынып, өзіңнен сәл жасы үлкенді өзіңнен кәдімгідей кәрі санасаң, бұл сенің ақымақтығыңды білдірмесе де, ақылыңның толыспағанын білдіреді» деп өзінің ұл-қыздарының да санасына кішкентайынан құйып отыратын Қажыбай оларды ылғи қартаймаған жас адамша сергек жүруге, жастарша өмір сүруге, бірақ, ешқашан әлі жаспын деп ойламауға, керісінше, әрқашан да «жас емеспін», «жас емеспіз» деп ойлап, өздерін-өздері іштей қамшылап отыруға баулыды. Абай ақын айтқандай, ақырын жүріп, анық басуды асыл мұрат тұтқан бұл кісі бала тәрбиесінде қателікке жол бердім деп ойламайды. Бұл бағытта, әрине, ең алдымен өмірден адаспай тапқан адал жарының үлесі зор. Баяғыда студент кезінде кезіккен басқа бір аруға үйленгенінде мұндай бақытты ғұмырға қолы жетер ме еді, жетпес пе еді. «Әй, қайдам…» Оған күмәні көп.

Телеарнадан кешкілік ақпаратты қарап отырған Қажыбай қария ашық тұрған есіктен келесі бөлмеде немересімен шүйіркелесіп отырған кемпіріне көзі түсіп, іштей тәубе етті.

Сөйлеп тұрған теледидар бетіндегі бейнелер көмескіленіп, дыбысы күңгірт тартқан сияқтанды. Сөйтсе, көңіліне кенет қанат бітіп, бұ шіркінді жастық шағының жасыл желекті бау-бақшасынан бір-ақ шығарыпты. Студент кезінде кезіккен сол бір ару көз алдына көлбеңдеп тұрып алған.

…Сол кезде де осылай көлбеңдеп тұрып алған… Би алаңында танысқан қалалық қыз мұны өзі келіп биге шақырған. Би кеші аяқталып, көпшілік тарай бастағанда, Қажыбайды қасындағы курстас жолдастарынан бөлінуге мәжбүрлеген қалалық қыз керемет сұлу еді. Талдырмаш қыздың тұла-бойында қылаудай мін жоқ. «Қара жерге қар жауар, Қарды көр де, етім көр. Қар үстіне қан тамар, Қанды көр де, бетім көр» дейтін «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүністің де көркемдігі мұндай болмағандай көрінген Қажыбайға. Сол түні бірінші рет Қажыбай жатақханасына оралған жоқ. Бір аптадай қалалық сұлумен сауық құрған ол өң мен түстің арасындағыдай күй кешті. Күндіз сабағы. Кешке сүйіктісінің ыстық құшағы күтіп тұрады. Алайда келесі жексенбілік кештегі кездесуде Қажыбай сүйіктісімен арақатынасын біржолата үзіп тынды. Алғашқы ыстық-суықта мән бермеген қылықты қыздың сейілген тұмандай бірте-бірте айқындала бастаған адам төзбестей мінез-құлқы Қажыбайдың ғашықтықтан бас айналдырған сезімінің көзін ашты.

Оқуын аяқтаған соң, дипломын алып барып, шешемді қуантам деп жүрген Қажыбайға қалалық арудың қоятын талабы мүлдем басқа болып шықты.

– Ауылға қайтпа. Маған үйленіп, осы қалада қал.

– Саған үйленуін үйленейін, бірақ, сені ауылға келін ғып түсіруім керек. Үйде шешем күтіп отыр. Еркелікті қой. Ауылдағы менің ошағымның отын түтетесің,– деген бұл әуелгіде жылы сөйлеп.

– Ауылға?! Ауыл дегенді атама! Күйеусіз қалсам да ауылға бармаймын!

– Ауыл деген тамаша ғой. Ауылда аяулы анам бар. Саған ғажап ене болатынына сенем. Енең емес, туған анаңдай болады, қара да тұр, – деп тәтті сезімге берілген

Қажыбайдың сөзін:
– Анам, анам деп қақылдап қоймайды екенсің өзің! Кетші бар! – деп шап ете қалған қыздың дауысы бұлтты күнгі найзағайдай ортасынан қақ бөлді.

Бетіне шарт етіп тиген ащы шапалақтай мына оспадарсыз үн манадан бері көңілді тұрған Қажыбайдың жүрегін осып жіберді. Үстінен әлдекім шелекпен мұздай су құйып жібергендей. Сол сол-ақ екен, неше күннен бері әлемде жоқ перизаты саналып жүрген әсем арудың орнына қарсы алдында көлбеңдеген албастыдай ібілісті көрді. Теріс айналып жүре берді…

Мұнысына Қажыбай ешқашан өкінген емес. Албырттық пен асаулықтың, іңкәрлік пен құштарлықтың, ғашықтық пен махаббаттың ара-жігін айыра алатын халды бұйыртқан Жаратушыға әлі күнге шүкірлік айтады. Көп ұзамай өз теңін жолықтырды. Екі жыл кездесіп жүріп, екі жақтың да ақ батасын алып, екеуі үйленді. Содан бері жұптары ажыраған жоқ. Анасы «адал сүт емген келінім» деп айналып-толғанатын да отыратын. Келіншегі де енесіне қызындай бауыр басты. Мұның өзінің де есімін тіктеп айтпай, өмір бойы «Қажеке» деп атағаннан әрі аспай келеді. Ерін сыйлаған әйел осындай-ақ болар. Үйдегі тылы мықты болған соң, бұл да түздегі жұмысын бір кісідей дөңгелетіп әкетті. Абырой биігіне де қол ұстасып бірге жеткен, қол ұстасып бірге жетуге зор үлесі бар Құдай қосқан қосағына дән риза.

Ұлдары өзіне тартқан, өзінің жүрген жолымен ізін басып келе жатыр. Қыздары шешесіндей ақылды боп бойжетті. Ұлдары ұяда, қыздары қияда. Қыздары демекші, жақын қалада тұратын кіші қызынан басқаларының бәрі алыс аймақтардың келіні. Кіші қызы Жамал жақын жерде тұрса да, күйеуінсіз, ата-енесінсіз төркін жұртына аттап баспайды. Ұядан алынған тәрбие солай. Айтпақшы, келесі айда олар отбасымен түгел келіп қайтпақ. Құдағиды туған күнімен құттықтап барамыз деп Жамалдың ата-енесі хабарласқан.

Қажыбай немересімен әлі әжік-күжік болып отырған бәйбішесіне мейірлене көз салды. «Туған күніне қандай да бір тосынсый жасауым керек» деп қойды ішінен.

ІІІ

Жақында ғана ұзаққа созылған ауыр науқастан қайтыс болған анасын жер қойнына тапсырып, жаны онсыз да езіліп жүрген Мәуленнің шыдап келген жері осы болды. Марқұм анасының көз жұмар алдында тапсырып кеткен өсиеті мен аманатын қолға алып орындауға да уақыты болмай, күнұзаққа босамайтын оның осы жұмысынан мүйізі шықса қанеки.

Үш ай сайын жаңа мұғалім алып, үш ай сайын ескі мұғалімнің жүйкесіне тиіп, оның өз еркімен арыз жазып жұмыстан шығып кетуіне мәжбүр ететін әдеті бар осы директорға екі жылдан астам төтеп беріп келген жан – жалғыз өзі ғана шығар. Бұрынғы тәжірибелі басшылары зейнет жасына жетіп, демалысқа кеткен соң, жоғарыда көкесі бар орта жастағы осы әйел келіп қонжиған жұмсақ орынтаққа. Білетіндердің айтуынша, өзі бірде-бір білім мекемесінде өз мамандығы бойынша бір рет те сабақ беріп көрмеген, диплом алғалы жылы жердің о жақ, бұ жағын сағалап, «жыл санап емес, ай санап» өсіп келе жатқан мансапқор көрінеді.

– Сіздерге ер адам ыңғайлы шығар, бізге бәрібір, зейнетке шығып кеткен ағайымыздан соң, жастау әйел басшыға да бағынған қандай болар екен, байқап көрмейміз бе? – деп қалжыңға бұрмақ болған Мәуленнің жасамыстау бір әріптесі.

– Жас басшыға қарық боласыз ба, әлде, қашып барып, аман қаласыз ба, байқаңыз, – деп күлді әлгі апай. – Мені айтпады демеңдер. Қырына алса, қадалған жерінен қан алмай қоймайтын тынышсыз, мазасыз адам, нағыз «зануда» деп естідік.

– Әйел адамдар негізінен қазымыр болады ғой. Ер азаматтар көп нәрсеге қарапайымдау қарайды. – Жаңа басшының алғашқы жиналысына жиылып жатқан мұғалімдердің бірі жоғарыдағы пыш-пыштың бояуына өзінше бір реңк қосып қойды.

– Үстірт қарайды деңіз, – деп жөндеді тағы бірі. – Еркек бастықтардың көбісі сол салғырттықтарынан, алаңғасарлықтарынан, сенгіштіктерінен ғой креслода көп отыра алмай, түрлі тексерулерден шикіліктері шығып қалып, мұрттай ұшып кетіп жататыны. Ал әйел адамдар қанша дегенмен шаруаларына тиянақты, қағаз-құжаттарына ықтиятты болады. Мен өз басым әйел бастықтарды құрметтеймін, – деп бір келіншек аузын жиып ала бергенше жаңа директордың өзі де келіп қалып, мұғалімдер бөлмесіндегі абыр-дабыр тынып, жиналыс басталып кеткен.

Ертеңіне жаңа директордың алғашқы жұмысы ұжымдағы әр қызметкерді жеке-жеке шақырып алып, осы әңгіменің алдымен кімнен шыққанын, мұны «қазымыр», «зануда» деп кімдердің атағанын анықтаудан басталды. Кәдімгідей тергеу жүргізіп жатқан бастық бүкіл педагогикалық ұжымды тіксіндірді десе де болады. Содан не керек, өтініш жазып, өз еркімен жұмыстан шығуды мазасыз екен деп мінездеме берген әлгі кексе апай бастады. Білім беру ісінің үздігі болатын, басқа-басқа, ол апайды кез келген мектеп құшақ жая қарсы алады. Ойланбай қаладағы ең мықты мектепке ауысып кетті. Бас-аяғы бір-екі айда әлгі әңгімеге қосылып, үндемесе де бас изесіп, құлағын түріп отырғандардың біразы кетіп тынды. Олардың орнын сол мезетте-ақ жаңа мамандар басып жатты. Ал «Мен өз басым әйел бастықтарды құрметтеймін» деген әлгі бір келіншек оқу ісінің меңгерушісі болып тағайындалып, директордың оң қолы болып шыға келді. Ештеңемен ісі жоқ, оқушыларына ысқырып белгі беретін ысқырығының сыртын тазалап, беторамалымен сүрткіштеп, жиналыстың басталуын күтіп, өзімен-өзі болып отырған Мәулен алғашқы «репрессиядан» аман қалған. Отбасы, бала-шағасының нәпақасы үшін ғана емес, сүйікті мамандығы болғандықтан өз жұмысына қашанда адалдық танытатын оған қақ-соқпен ісі жоқ бұл можантопай тірлігі ұнайтын.

Алайда жаңа басшы расымен де тым мазасыз екен. Кеткен адамның орнына алатын жаңа адамды да санаулы уақытқа шыдатпай, шығарып жіберіп отыру өзінің бұлжымас әдісі көрінеді. Жұмыс іздеп келген адам танысы мен тамыры арқылы жолын тауып, сыйақысын беріп жүріп, жұмысқа уақытша орналасады. Екі-үш айдан соң, «бізге жарамайды екенсің» деп дирекцияның «актілеп», «пәктілеп» тапқан кінәратының кесірінен толқын ұрып, жағаға қайырлаған қайықтай тұмсығын әзер тыққан уақытша жұмысынан мәңгілікке айырылып қалады. Пәре беріп кіргенін қалай жария қылмақ мұндайлар. Оларға қарағанда ай сайын жалақысынан жуып беріп отыратындардың айы оңынан туып, күні күлімдеп ұзағырақ тұрады төбелерінде. Қалай «әтметкі» жасауға шамалары келмей қалады, солай олардың да аспанын бұлт торлайды.

Міне, осылай. Психологиялық шабуылға ілініп, қуғын-сүргінге түсіп, жазалауға ұшыраған ұжымдағы педагогтардың кадрлық құрамында тұрақтылық жоғалды. Әр тоқсан сайын әр ұстазы ауысса, шәкірттерде не ұмтылыс болсын. Жарайды, Мәулендердің дене шынықтыру пәнін директор айтқандай, оқыту үдерісіндегі маңызды сабақ емес деп қарасын-ақ. Математиктер, физиктер, тіл-әдебиет пен шет тілдері мамандары түгел жаңартылып болды емес пе? Жаңартылып дейсіз. Директордың сол пәндерге жаңадан алған мұғалімдерінің білімі мен біліктілік сапасы жоғары деңгейде болса мақұл. Олардың өзін сабақтарынан немесе жеке бастарынан әйтеуір бір шикілік тауып, үш-төрт айға жеткізбей тығырыққа тірей бастағанда, жайынауыз басшының қарны ашқанын біле бересіз, сосын әрине «жарамсыз маман» деген атқа ілікпес үшін, әлгілер өз еріктерімен өтінішін жазып, бас сауғалап, жұмыстан шығып кетеді.

Жазғы демалысқа шыққан Мәулен де биыл сөйтті. Бауыр басқан мектебі мен спортқа бейім шәкірттерін қимаса да, басқа мектепке орналасты. «Аш құлақтан тыныш құлақ». Ауысып келген мектебінде жаңа оқу жылын бастады. Ұжым да, сабақ беретін сыныптарындағы оқушылары да ойынан шықты. Әсіресе басшыны айтсаңызшы. Бұл да орта жасқа келіп қалған әйел баласы екен. Ана мектептегі бастығынан соң бұл директормен жылап көрісуге болады. Нағыз директор! Жас десең жас. Іскер десең іскер. Үлкенге ізетті, кішіге құрметті. Оқушыларға да, ата-аналарға да сыйлы. Ата-аналарға ғана емес, мектептен тыс жерлерде де ол кісінің өзіндік орны бар, беделді тұлға екеніне мектепішілік немесе қалалық іс-шаралардың бірнешеуіне қатысып үлгерген Мәуленнің өз көзі жеткен.

Директордың орынбасарлары да жақсы адамдар болып шықты. Жартысы ер адам, жартысы әйел адам. Ер, әйел деп бөлініп жатқан ешқайсысы жоқ. Ең бастысы – ұжымда ұйымшылдық қалыптасқан. Жаңадан келдім демей, ұжым жұмысына қолдан келгенінше қоғамдық белсенділігін танытып үлгерген Мәуленге олар да оң қабақпен қарайды. Тіпті әне бір зауыш қыз мұны жолықтырған сайын:

– Алла-ай, Мәулен, сіз менің бір таныс құрбыма сұмдық ұқсайсыз. Бір ғана айырмашылықтарыңыз – ол қыз баласы, ал сіз ер азаматсыз, – деп таңдайын қағып, таңғалатыны бар.

Зауыш қыз дегені директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары. Екіқабат келіншек. Бұдан үлкен екі баласы бар екен. Ешкімді жатырқамайтын осы бір зауыш келіншек те сондай жайдары мінезді, ақылды адам сияқты. Десе де, кезіккен жерде Мәуленді біреуге ұқсататыны қызық. Адам адамға ұқсай береді ғой. Сонда да еркек адамның әйел адамға ұқсағаны қалай болады? Зауыш келіншек «Әне, Мәулен, Алла-ай, қабағыңызды қағып сөйлейтініңізге дейін менің әлгі дос құрбымнан аумай қалдыңыз!» деп тамсанған сайын, Мәулен жымиып күледі де қояды. Басқа не десін.

IV

Жұмыстағы Самат үйге «Кешке мейман ертіп барам» деп телефонмен хабарласты. Жамал кешке дейін өзі де оны-мұны дайындап, тоқаш қуырып, ет асып үлгереді. Бірақ қонақпен бірге отырсын деп курстас құрбыларын күйеулерімен шақырмақ еді. Алдынала өз шаруаларын жоспарлап қойған Айткүлдер мен Гулялар келе алмайтын болды. Сұлуханның үйінің жақынырақ көшеде болғаны мұндай жақсы болар ма. «Сабақтарым біткен соң, саған дастарқан жасасуға көмектесейін, ертерек бара берейін деп бастығымнан сұрандым» деп, өзінің ауыраяқтығына жасалатын жеңілдігін пайдаланып, түс ауа келіп қойды. Жұмыстан кешке босайтын күйеуі балаларын ала келетін болыпты.

– Байғұс сіңліңе обал ғой. Біз қыдырғанда ол да демалсын жиендерінен.Балаларды Саматтардың үйіне ала барайық, бөтен жер емес, қонақтықта елдің тынышын алардай беймаз да емес, – депті келіншегіне.

– Жақсы болды онда, біздің қыздың да іші пыспайтын болды. Ала жаздай шомылатын жерге, ойын алаңшаларына, саябақтарға бірге барып, бірге ойнап, қатты бауыр басып қалыпты. Қайта-қайта сұрағыштап жүр еді сенің балаларыңды. Көк-сөктерді турап, дәмдеуіштермен әрлеген тәрелкелерді үстелге тасып орналастырып жүрген Сұлухан Жамал құрбысының сөзіне ризалықпен жымиды.

– Біздікілер де қатты сағынып жүр. Осында келетіндерін естігенде екі қолдарын аспанға көтере секіріп, қатты қуанды деп жатыр жаңа екеуін балабақшадан ертерек алып, үйге апарған сіңлім.

– Әй, Сұлу-ау, балаларыңның сол нағашы әпкесін нәңкілік жұмысқа тым көп жегіп тастаған жоқсыңдар ма осы? – деп қағытты Жамал қолындағы жуылған жүзімнің бір түйірін құрбысының аузына салып жатып.

– Қайдам соны… Кейде өзім де ойланып қалам. Келесі жылы оқуын бітіреді. Ең кенжеміз болса да қылтың-сылтыңы жоқ қыз боп өсті ғой о бастан. Біз оның жасында қай жігіт менікі деп маңдайынан шертіп таңдап жүруші ек. Бұ қызда сөз айтып жүрген жігіт те жоқ сияқты, – дей берген Сұлуханның сөзін бөлген Жамал:

– Неге, сенен де өткен сұлу қыз ғой! «Қыздың өзі үйде, қылығы түзде» деген. Әпкесі болған соң саған байқатпайтын шығар. Өзің де көп сырласпайтын шығарсың оны баласынып, – деді.

– Е-ее, әңгіме сұлулықта ғана дейсің бе. Күндіз-түні кітаптан бас көтермейтін менің ол сіңілім махаббат, сезім деген қасиетті ұғымдарды терең түсіне ала ма екен деп іштей уайымдаймын кейде.

Қолы да қимылдап, аузы да сөйлеп үлгеріп жүрген Сұлуханның сөзі Жамалды бір сәт басқа бір әлемге апарып тастады. «Иә. Бар мәселе сұлулықпен шешіле салса жақсы». Тән сұлулығы бар да, жан сұлулығы бар. Ойы әсерлі адамның өмірі әсем болады. Сұрықсыз ойға бойлағыштар сұлу өмір сүре алмас. Оноре де Бальзактың «Іштен туа соқырларды туғызатын табиғат махаббат жөнінен де туа меңіреу, туа соқыр, туа мылқау әйелдерді туғыза алады» дегенін бір жерден оқығаны бар. Ақын Мұхтар Шаханов та «Махаббат дегеніміз – екі саналы, парасатты адамның шырқау сана биігінде жолығуы. Ақылсыз адамдарда, санасыз адамдарда, рухсыз адамдарда шынайы махаббат болмайды. Махаббат шын мәнінде ұлы тұлғаларда ғана кездеседі» дейді. Ол кісі махаббатты Эверест шыңына теңейді. Эверест шыңына көтерілген адамдар саусақпен санарлық қана деп есептейтін Шаханов үйленіп, бала тудырып жатқан жұрттың бәрін махаббат иелері санамайды. «Есектер де сүп-сүйкімді қодық тудыра алады» дейтін Шахановтың айтуынша, Пушкин іздегенін өзі сырласқан жүз он үш қыз-келіншектің ішінен де таба алмапты. Бес әйел алған Абай да сөйткен деседі. Тіпті, жүз он үш мың болса да олардың талғамына сай әйелдің табыла қоюы екіталай еді дейді. Сол үшін оларды кінәлауға бола ма?

Өткенде «Әйел, әйел болып жаратылған соң сұлу болып қалу керек. Еркектер әйелді сұлулығы үшін сүйеді. Сұлулықты сақтау үлкен күшті қажет етеді. Ол дегеніміз үнемі диета, фитнес, сұлулық салондары. Арасында бала туу, оны күту. Жұмыс жасайтын кейбір әйелдер бөрене сияқты тола береді, себебі жұмысбасты әйелдер әйелдік табиғаттан алыстап, еркектеніп кетеді» деп телеарналардың біріндегі шоу-бағдарламада пікірталастырып жатқан бір кісіні көргенде Жамалдың өнебойын мұз қарығандай болған.

– Ондай әйелдердің қасына жатпақ түгілі, бетіне қарағың келмейді. Күйеуіңе туып берген балаларыңмен міндетсінбе. Бала тусаң – өзің үшін. Әйелдер, әйелдік бейнелеріңді жоғалтпаңдар. Әйтпесе байларыңнан айырылып қаласыңдар. Сендерден безінген байларың ажырасам деді деп, тастап кетті деп немесе тоқал алды деп жыламаңдар сосын, – деп қаттырақ екпіндей сөйлеген әлгі еркекті:

– «Бір әйелмен қанағаттану – қиянаттан аулақ болудың тура жолы» дейді. Құран сөзі. Қиянат жасаудан қорқатын, Құдайдан қорқатын ер азаматтар да бар, сіз екі жақты бір-біріне қарсы қойып, шағыстырмаңыз, – деген сыпайы жауабымен әйтеуір әзер дегенде бір әйел тоқтатқан соңында.

Ең қолжетімді жоғары оқу орны – отау құру институты. Бұл институтқа кез-келген сауатсыз қабілетсіздер де оп-оңай түсіп кете алады. Бір қарағанда қалжың көрінгенімен, студент кездерінде өз орталарында жиі мысал етілген осы сөздің астары терең-ақ. Жамал осы орайда өзін бұл институттың жоғары деңгейлі, биік өрелі білімгері санайды.

Айтпақшы, Жамаш, біздің мектепке биыл жаңадан бір физрук келді, – деп жаңа бір жаңалығын айтқалы жатқан Сұлуханның даусынан қазанда қайнаған еттің көбігін алып, тұзын тексеріп тұрған Жамал өз ойын тез жиып алды.

– Өз мамандығына жауапкершілікпен қарайтын тәп-тәуір мұғалім екен.Құдайдың құдіреті, сол физрук саған ұқсайды. Жұмыста соны көрген сайын сен есіме түсесің. Құлағың жиі шулап жүрген жоқ па? – деп соңын әзілге бұрған құрбысының сөзін елең қылмаған Жамалдың ойына кенет өзінің физругы түскенде сол жақ кеуде тұсы шым ете қалды.

«Өзінің физругы». Ұят-ай!.. Әлгінде ғана өзін отау құру институтының ең өрелі студенті санап тұрған Жамалдың мынасы несі?.. «Қайдағы бір бөтен физрукты меншіктеп алғаннан саумын ба өзі?!» Еркектер бір әйелмен қанағаттанса қиянаттан аулағырақ болады деп жүргенде, күйеуі бар әйел басымен мұның мұнысына не жорық?.. Күйеуін жек көріп кетсе мейлі ғой. Жек көргеніңіз не, Жамалдың өзінің Саматын күннен күнге жақсы көруі үдемесе, басылған емес. Саматынан шыға қоймас, дегенмен, жаман айтпай, жақсы жоқ, алда-жалда «Сіздің күйеуіңізді сүйетін ем» деп бір шүйкебас бір жерден сопаң етіп шығып қап күйеуі мен екеуінің ортасына от алып түссе, Саматына деген махаббатының жолында өртеніп өлуге бар – бірақ, Саматын ешкімге бермек емес! Жамал тірі тұрғанда одан сүйікті күйеуін ешкім де тартып ала алмайды!..

Онда ана физрукте Жамалдың не шаруасы бар? Ә-әә, айтпақшы, Сұлуханның мектебіндегі бір физрук туралы айтқан әңгімесінен туындап, есіне түсіп кеткен екен ғой. Айтпақшы, ол физрук сол күйі көрінбегені несі. Каникул кезінде мақұл, ел қатарлы кезекті еңбек демалысында болған шығар. Күз келіп, мектептердің білім күнгі қоңыраулары соғылғалы қашан. Сонда да көрінбеді. Жамалдардың балконының тұсындағы спорт алаңшасында ойнаған оқушылардың қасында басқа мұғалімдер жүр. Ал ол ұшты-күйлі жоқ.

Жамал дәл осы сәтте «өзінің физругын» бұрынғыдай күйіп-жана іздемейтіндей болып, басылыңқырап қалғанын іштей түйсінді. Иығынан зіл батпан жүк түскендей кенет тұла-бойы жеңіл тартып сала берді. Гуля досының екі баласымен күйеуін тастап, басқа адамға байға тиіп кеткен қайынсіңлісі құсап масқара болмасам жарар еді деген мазасыз бір күдік кейде жанын жегідей жейтін. Күйеудің көзіне шөп салу деген – өліммен тең ғой. Өлімің не, өлімнен бетер сорақылық. Одан өле салған оңай шығар.

Өзін-өзі іштей ар соты алдында ақтап алған Жамалды енді әлгі көрінбей кеткен дене шынықтыру пәнінің мұғаліміне деген аяныш сезімі баурады. Есен-аман ба екен өзі?! Көрінбей қалғаны несі?!

Сырттан есіктің қоңырауын шылдыратқан Самат абыр-дабырмен үйге бір топ адамды алып кірді. Жамалмен бірге босағада кісілерді қарсы алып тұрған Сұлуханды күйеуі жетектей кірген екі балапаны улай-шулай мәз болып бас салды. Артынша имене кірген екі адамның ерлі-зайыптылар екенін Жамал бірден бағамдады. Екеуіне ілтипат танытып төрге шақырған Самат қонақтарын таныстырып үлгеріп жатыр.

– Жамаш, Сұлухан, танысып қойыңдар, бүгінгі біздің қонақтарымыз осы кісілер – Мәулен және оның аяулы жары Гүлзат!

Ерлі-зайыптыларға Сұлухан да, Жамал да аң-таң қалып қарап қалған.

– Мәулен?! Мәуленмен біз таныспыз! – деп емен-жарқын қайта амандасқан Сұлухан Жамалға:

– Осы жігіт қой мана мен айтқан физрук. Біздің мектепке келген жаңа мұғалім, – деді.

Жамалдың бір сәтке тілі байланып қалды. Оның қарсы алдында өзі көптен бері жоғалтып алып, іздеп жүрген «өзінің физругы» тұр еді. Жамалдардың балкондарынан көрінетін спорт алаңшасында сабақ өтетін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі

– Мәулен, саған ұқсайды деген құрбым мына кісі, аты Жамал, Саматтың келіншегі, – деп сөйлей берген Сұлуханға Самат та күлімдей қарады. Самат түгілі, Сұлуханның күйеуі де бірдеңе айтқысы келетін сияқты. Жамал ғана түк ұқпай тұр. Есеңгіреп қалды. Күйеуінің даусын еміс-еміс естіді:

–Жамал мен Мәуленді бекерге ұқсатпапсың, Сұлухан, екеуі ағайынды боп шықты. Бір әкеден. Жамаш, жөндеп танысып қой, бұл Мәулен сенің ағаң… Бұрын менің спорттағы әріптес досым еді. Енді қайнағама айналды.

– Ылғи спорттық іс-шараларда кездесіп, бір-бірімен жүзтаныс, көзтаныс боп қалған бұл екеуі бүгін өстіп бір шындықтың бетін ашты, – деді қулана Сұлуханның күйеуі де.

– Өткен бір жарыста менің қайынжұртымның қай ауылдан екенін құлағы шалып қалған Мәкең бүгін таңертең мені кеңсеме іздеп келіп, Қажыбай деген кісіні іздеп жүргенін айтады. Ойбай ол кісі менің қайынатам дедім. «Ендеше сол кісімен қалай жолықсам болады?» – деген соң, Мәуленге, Мәкеңе: «Алдымен ол кісінің кенже қызымен таныс, содан кейінгісін арықарай көрерміз, «война план покажет» деп, үйге, саған ертіп әкелгенім сондықтан, Жамаш, – деп тәптіштей самбырлаған Саматының сөзі Жамалға сондай жағып барады…

Сонымен Жамал ойда-жоқта ағалы боп шыға келді. Өзін тылсым күшпен магнитше тартқан физрук жігіттің анау-мынау емес, жақын бауыры болып шыққанына алғашында таңданған, артынша тәубе қылды. Күйеуім бар бола тұра басқа еркекті жақсы көріп қалып, қара басты ма деп іштен тынып, күдіктеніп жүрген күмәнінің сейілгеніне шүкіршілік етті. Ана мен бала арасындағы, бауыр мен бауыр арасындағы көзге көрінбейтін құдіретті байланыстың болатынын студент кезінде психологиядан ба, философиядан ба, педагогикадан ба оқыған еді. Жаңылмаса ондай байланысты орысша «кванты экстенсия» деп, қазақшасын экстенсия кванты деп пе, әлде кванттар экстенсиясы деп пе атайтын сияқты-тұғын. «Бондинг» деп те аталатын түрі бар-тын ондай бір-бірін тартатын туыстық байланыстың. Пайда болғаннан бастап, құрсақтағы шарана өзінің анасының көңіл-күйімен өмір сүре бастайды екен. Баяғыда ауылдағы егіз бозбаланың бірі денсаулығына байланысты жарамсыз боп, ал екіншісін өкімет әскерге алып кеткенде, егіздерді бөлуге болмайтындығын айтып, тұрғындар ауыл болып дүр көтерілген. Сол шудың артынша, ол сыңар сарбазды әскери комиссариат орта жолдан тез еліне қайтарыпты. Өмірде сирек те болса осындай жағдайлар кездесіп жататын. Сонда Жамалдың балконнан далаға қарай бергісі келетіндігі, танымаса да физрук жігітті көре бергісі келетіндігі осындай бір көзге көрінбейтін бауырлық байланыстың тылсым күші болып шыққаны ғой.

Бірақ Жамал өзінің көзі жеткен бұл ғажайып жайт туралы ешкімге тіс жармады. Артық сөзді қозғап қайтеді. Онсыз да алда шешілуі тиіс басқа мәселелер туындады. Басқа мәселелер дегені – жаңадан табылған бауыры Мәуленді енді ауылдағы әкесі мен шешесіне апарып таныстыруға тура келеді. Сол шаруаның бас-аяғын ойластырып алу керек болды. Әкеге қалай түсіндіреді. Анасы қалай қабылдайды. Самат екеуі ақылдасып, Жамалдың төркініне шешесінің туған күнінен бұрын оңаша бір барып қайтуды дұрыс деп шешті. Мәулен мен келіншегін де ертіп ала барды.

«Бәйбішемнің туған күніне қандай да бір тосынсый жасауым керек» деп жүрген Қажыбай қарияның тосынсыйы, сөйтіп, Құдайдың құдіретімен өзінің еркінен тыс жасалды.

Күйеу баласы мен қызы қанша абайлаңқырап отырып таныстырса да, қонақ  жігіт Мәуленнің баяғы қалалық қылықты бойжеткеннен туылған ұлы екенін, өз кіндігінен тараған тұңғыш ұрпақ екенін естіген ақсақал алғашында есеңгіреп қалды. Жеделжәрдем келіп, көтеріліп кеткен қан қысымын өлшеп, білегіне инесін тығып, аузына дәрісін салып, есін жиғызғанда, «екі ортада әкемнен айырылып қалам ба» деп қорыққан қызы Жамалды, қарсы алдында жанұшырып жүрген кемпірі мен келін-балаларын көріп, өзінің тірі екеніне көзі жетіп, көңілі бір демделді.

Өмірінің соңында айықпас дерт жабыстырған шешесінің «Қалайда әкеңді тауып ал» деп табыстағанын, «Әкеңнің еш кінәсі жоқ, ол сен туралы білмейді, жалғыздықтың азабын тартқан осы тағдырыма өзім ғана кінәлімін, өркөкіректігім кінәлі. Бірақ артымда қалып бара жатқан бір түйір ұлым, тым болмаса сен жалғызсырамасаң екен» деп қинала өтінгенін жеткізген Мәуленнің құмыға шыққан даусы мен сөздеріне жүрегі езіліп, көзі жасаураған Қажыекең біресе аяқ-қолын уқалап, біресе бетін сүлгімен желпіп, жалтақтап отырған кемпіріне ұсталған ұрыдай жаутаңдай берді.

«Тосынсыйға» ренжімек түгілі, риза болған «жаман кемпірі» қайта шалын «Үйібай-ау, Қажыеке, жастық шақта ер жігіттің басынан не өтпейді. Маған дейінгі өміріңізге не деп өкпе артпақпыз. Бар болған жақсы ғой, балаларымыздың саны артты, бауырлары көбейді!» деп жұбатып, Мәулен
мен оның келіншегінің бетінен сүйіп, арқаларынан қағып, үйдегілерге
қазан көтертті.

Бәрінен де бұрын аяқ астынан болған оқиғаның түйінінің осылай дұрыс тарқатылғанына Жамалдың қуанғаны-ай.

Үміт БИЕНОВА

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support