1922-2022: ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

32

«ЕҢБЕК ТУЫ»

(1958 жыл) 28 қыркүйек. №195 (5227).

Газетте рухани салаға қатысты мәселелер де кеңінен жазылып тұрды. Бұл санында «Халыққа білім беру ісін жаңа сатыға көтерейік» деген топтама үлкен жүк көтерген. Осы топтамадағы Рақым Садықбековтың «Бүгінгі күннің талабы» мақаласы Калинин атындағы мектеп мұғалімдері туралы. Газеттің тұрақты авторына айналған оның хат-хабарлары, мақалалары, аудармалары жиі жарияланып тұрды.

1 қазан. №197 (5229).

Аграрлы облыстың осы саладағы жаңалықтарын жүйелі жазып отырған газет журналистерінің жеделдік пен шеберлік танытқанының айғағындай жарияланымдар бұл санында да ұшырасады. Солардың ішінде Ахмет Қазыбаевтың жүгері дақылына арналып өткізілген облыстық көрмеден жазған есебі талдауға құрылған.

15 қазан. №207 (5239).

Облыстың қарт ақыны Жақсыбай Жантөбетов 13 қазанда қайтыс болды. Газет облыс басшылары қол қойған қазанама жариялап, халық ақынының соғыс жылдары мыңдаған километр жол жүріп жалынды жырларымен елді жеңіске үндеген еңбегі, артында қалған мұрасы ұмытылмайтыны туралы жазды.

(1959 жыл)

18 қазан. №208 (5301). Газетте әртүрлі жанрда жазып жүрген журналист Баттал Жаңабаевтың «Румын достар арасында» деген жол-сапар очеркі осы санынан бастап жариялана бастады. Бұл санындағы әдебиет бетінде Ө.Жайлауов, Ж.Сәтібеков, К.Шілдебаева, О.Иманәлиев, Ә.Табылдиевтермен қатар Мойынқұмнан Ақшатыр Іңкібаев, Жуалыдан Әбдіғапар Айтақовтың өлеңдері жарияланды.

3 қараша. №219 (5319).

Газеттің бас редакторы Ғайса Сармурзиннің «Өмір өрінде» көлемді очеркі Луговой ауданы Ленин атындағы колхозының төрағасы Төлеген Ахтамбердиев туралы.

29 қараша. №238 (5339).

Жамбыл педучилищесінің студенті, кейін танымал балалар ақыны, республикалық «Ұлан» газетінің редакторы болған, марқұм Сұлтан Қалиевтың «Қомағай бақа» мысал өлеңі шықты. Осы санында Қадыр Мырзалиевтың «Жайлау кеші» өлеңі де жарияланды.

26 желтоқсан. №258 (5351).

Журналистердің ізденісінің жемісі «Еңбек туы» газетінің дабылынан кейін» деген жалпы тақырыппен арнайы бет жарық көрді. Ондағы «Дабылдан алынған дерек», «Жауап күтіледі», «Хабар-ошарсыз» деген айдарлар көп жайды қамтығандығымен әсерлі.

30 желтоқсан. №261 (5354).

«Жиырма жылдан кейін Жолтай анасын тапты». Газетте көп көрініп жүрген Бақытяр Әбілдаевтің бұл мақаласының оқиғасы қызық. Жамбыл ауданындағы «Қызыл Октябрь» колхозының мүшесі Жамау Сыдықов асырап алып өсірген, жұрт қатарлы оқытып, білім берген Жолтай Жамауов (орысша аты-жөні Александр Туникин) анасы Мария Прохорованы тауып, кіндігі кесілген жерге аттанарда қиын кезде өзіне пана болған елді, меймандос адамдарын, тең өскен құрбы-достарын қимай толғанады.

(1960 жыл)

5 қаңтар. №3 (5358).

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бюро мүшесі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төралқасының төрағасы Ж.Тәшеновтің қатысуымен облыстық Х партия конференциясы өтті. Оның алғашқы ұйымдастыру пленумында А.Асқаров бірінші, В.З.Ващенко екінші, Жаймурзин үшінші хатшы болып сайланды. Облыстық газеттердің редакторлары болып «Еңбек туына» – Ғ.Сармурзин, «Коммунистке» – В.С.Молотов бекітілді. Осы санында газет Сматбек Төребековтің еркін күрестен КСРО спорт шебері Қабден Байдосов туралы суреттемесін «Алматыдан хат» айдарымен жариялады.

22 қаңтар. №14 (5369).

Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы болып Д.А.Қонаев сайланды. Газет осы жөніндегі хабарды бірінші бетіне көрнекі етіп берді.

31 қаңтар. №21 (5376).

Жүйелі беріліп келе жатқан «Әдебиет және өнер» беті бұл санында да мазмұнды шыққан. Жас ақын Жақсылық Сәтібековтің «Мойынқұм» деген өлеңі беріліп, таныстыру сөзде оның 1958 жылы ҚазМУ-ді бітіргені, облыстық радиохабарларын тарату комитетінде редактор болып істеп келе жатқаны айтылады.

1 наурыз. №42 (5397)

Бұл санындағы «Еңбек туының» поштасынан» топтамасында жаңа автор-тілшілерінің хат-хабарларын көптеп берді. Талас ауданынан Серік Әбдірайымовтың «Қамыс мол дайындалуда» деген хабары шықты. Жамбыл ауданы «Пионер» колхозының колхозшысы Нұрмахан Тілегеновтің «Менің кітапханам» деген шағын хабары да әсерлі оқылады. Кейін осы кеңшардың директоры, аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары болып істеп, зейнеткерлікке шыққан ол газетіміздің байырғы авторларының бірі.

6 наурыз. №46 (5401).

Бұл жолғы «Әдебиет беті» ақын Оспанәлі Иманәлиевтің шығармашылығын оқушыларға таныстырды. Ақын Базар Қилыбаевтың «Тыңнан хат», Жамбыл ауданы «Бірлесу еңбек» колхозының бухгалтері Жорабек Мәмбетәлиевтің «Алатау» өлеңі де берілген.

20 наурыз. №56 (5411).

Жамбыл стансасының тепловоз машинисі Төлеміш Әбсәлімовтің «Жасыл алқаптың жыршысы» атты қысқа ертегісі жарық көрді.

27 наурыз. №61 (5416).

Шу ауданының тумасы, ақын Омарбай Малқаровтың өлеңдер топтамасы «Туған жер туралы жырлар» деген тақырыппен жарияланды.

21 тамыз. №166 (5521).

Қазақ КСР-інің 40 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған айқарма бет «Гүл жайнаған жаңа өмір, Сор жайлаған ескі өмір» деген жалпы тақырыппен шықты. Алғашқы бетте Луговой ауданы Жамбыл атындағы колхозының (басқарма төрағасы Өмірзақ Жәлімбетов, партия ұйымының хатшысы Қанатбек Еркінбаев) еңбеккерлерінің жаңа замандағы тыныс-тіршіліктері баяндалады. Екінші бетінде қырық жыл бұрынғы қазақ ауылының көріністерін суреттейтін Абайдың, Жамбылдың, І.Жансүгіровтің өлеңдерінен, Б.Майлиннің, М.Әуезовтің шығармаларынан үзінділер берілген.

23 қыркүйек. №189 (5544).

Көктерек (Мойынқұм) ауданы «Мойынқұм» совхозының атақты шопаны, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Мешітбай Қойшыбеков КСРО Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары А.Струев басқарған делегация құрамында Исландияға барып қайтты. Журналистер Көкіш Рыспаев, Жақсылық Сәтібековтер Сарыарқаның «Айғыр ұшқан» жайлауына барып, сұхбаттасып «Даңқты шопанның мемлекеттік сапары» деген репортаж жазды. Ол газеттің осы санында шықты.

28 желтоқсан. №257 (5612)

«Асыл азамат, батыр жауынгер, ардақты жазушы жерлесіміз Бауыржан Момышұлы Жамбылда». Бұл күнгі санындағы арнаулы бетке осындай жалпы тақырып қойылған. Онда Баукеңнің 1946 жылы жазылған «Туған жер» өлеңі мен «Орманда» әңгімесі, өзі шығарған мақал-мәтелдері, Әкім Садықбековтың «Жауынгер жазушы», Көкіш Рысбаевтың «Өнегелі өмір» мақалалары. Өкім Жайлауовтың «Ардагер ағаға» деген арнау өлеңі берілген. Газеттің кейінгі сандарында Бауыржан Момышұлының Жамбыл қаласында жерлестерімен өткізген кездесулері жөнінде жазылды.

Дайындаған

Тұрсынхан Толқынбайұлы

Comments are closed.