- Advertisement -

ҚЫЗҒАЛДАҚТЫ ҚЫЗДАРДАЙ ҚАДІРЛЕЙІК

268

- Advertisement -

Облысымыздың бас газеті «Aq jol»-дың биылғы 27 сәуірдегі нөмірінде журналист Амангелді Әбілдің «Қызғалдақтар мекенінде…» атты мақаласы жарияланды. Онда «Aulieata-media» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Aq jol» газетінің 100 жылдық мерейтойы қарсаңында Қаратау өңіріндегі әсем тау қызғалдақтары ең қалың өсетін аймағы Жуалы мен Талас аудандарының шекарасында жатқан
Кіші Арбатасқа арнайы экспедицияға барып қайтқаны жайлы әсерлі мақала жарияланып, бірнеше көз тартар көрнекті фотосуреттер келтіріліпті. Ол экспедицияға облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқарма қызметкерлері де қатысыпты.

Әрине, біле-білсек өңіріміздің адам қызығар, ерекше көз тартар табиғат байлығы сөзсіз керемет. Онымен әркез мақтануға тұрарлық. Тау десең, шыңдарын қар басқан биік мұзарттар, дала десең жазылып жатқан көркем, ана шеті мен мына шетіне көз жетпейтін көсіліп жатқан дархан даламыз, аққу қонып, қаз ұшқан өзен-көлдеріміз, тіпті, сексеуіл өсіп, құлан жорытқан құм шағылдары да біздің өлкеде баршылық. Зер салсаңыз қаншама өсімдіктер, ағаштар мен бұтақтар көз тартады. Жануарлар фаунасы да керемет бай. Қазақтың ежелден атамекені, қазыналы да киелі қарт Қаратаудың бойындағы шатқалдарда не өспейді, не тіршілік етпейді?! Оның бойында өсетін Грейг және Кауфман жауқазын қызғалдақтары біздің елдің бренді десек артық айтпағандығымыз.

Қызғалдақ қазақ халқының түсінігінде көктемнің, жаңа өмірдің жаршысы. Отандық дәрігерлер бұл өсімдіктің бауыр ауруларына қарсы емдік қасиеті барын айтуда. Өсімдіктер әлемінде ерекше орын алатын табиғи дала гүлі қызғалдақтың шығуы, өсуі, көбеюі, таралуы биология саласында ғылыми тұрғыдан зерттеліп, баға берілген. Айтушыларға сенсек, осы біздің Қаратаудың лала қызғалдақтары Жібек жолы арқылы Түркияға, одан Еуропадағы гүл өсірумен әлемге танылған Голландияға жетіпті. Голландықтар селекция тәсілін қолдана отырып қызғалдақтардың ондаған жаңа түрлерін өсіруге қол жеткізіпті. Енді олар сол қызғалдақтар мен басқа да гүлдер арқылы елдерінің экономикасын жетілдіріп жатқанына куәміз. Міне, байлық көзі қайда жатыр…

Жоғарыда келтірілген мақала авторы «Қаратау қызғалдақтары қалың өсетін Арбатасқа жол салынса, оған туристерді апарып тұрсақ, жергілікті бюджетке қосымша қаржы құйылар еді. Өйткені, қызғалдақты өлкеге қызығушылар көп», деген ұсыныс жасапты. Мүмкін онысы дұрыс шығар. Бірақ мен өз басым осы ұсынысты қолдамаймын. Неге олай екенін дәлелдеп бағайын.

Таяуда, сәуірдің орта шенінде, көрші өңірдегі түлкібастық әріптестерім, аудандық аурухана дәрігерлері, қонаққа шақырды. Бардық. Тау етегіндегі табиғаттың маужырап тұрған көрінісі, сарқырап аққан өзеннің мөлдір суы ерекше көз қызықтырады. Саф таза ауасы қандай керемет. Ертеректе, яғни 2018 жылы жолымыз түскенде аудан орталығы Тұрар Рысқұлов ауылынан 4-5 шақырым жердегі Қызыл төбешік (орыстар Красная горка деп атайды екен) деген жерге барып, соншама тығыз өскен әсем қызғалдақтарды тамашалап, табиғаттың осыншама көз тартар кереметіне таңғалғанбыз. Сол қызғалдақты төбешікке соғып, табиғат көрінісінен ләззат алып, көзімізді қуантайық деп ұсыныс жасап, ат басымызды сонда бұрдық. Әттең, төбешіктің бүгінгі сүреңсіз көрінісі көңілімізді су сепкендей басты. Бұрынғы көрікті ажарынан мүлдем айрылыпты, солғын, әлсіз қызғалдақтар едәуір сирепті, тіпті үйіткен қой терісіндей болған көрінісі көңілге еріксіз қаяу түсірді. Түлкібастық әріптестерім бұл жайды соңғы жылдардағы жауын-шашынның аздығынан, экологияның бұзылуынан деп түсіндіріп жатты. Бірақ олардың бұл сөзіне сене қоймадым. «Оның басты себебі не болды екен?» деген сұрақ көкейден кетпей қалды.

Таразға оралғаннан кейін түлкібастық белгілі азамат, елімізге танымал жазушы Мархабат Байғұтқа телефон шалып, көрген-білгенімді жеткіздім. Сонда Мархабат ағамыз: «Түлкібас ауданындағы Қызыл төбешік, яғни Шұбайқызыл шоқысы Қазақстанның «Қызыл кітабына» енгізілген Грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ саналады. Алайда соңғы кезде табиғат жанашырлары осы гүлдердің жойылып кету қаупі барын айтып, дабыл қаға бастады, тіпті республикалық теледидарда да сөз болды. Қолда бар мәліметтерді электронды поштаңа салып жіберейін. Танысып шықсаң болады…», деп кеңес берді. Сәлден кейін пошта да келді. Таныстық. «Жергілікті экскурсия жетекшісі Рүстем Егембердиев Шұбайқызыл шоқысындағы қызғалдақтың биылғы көлемі былтырғымен салыстыруға да келмейтіндігін айтады.

«Соңғы жылдары фестиваль деген нәрсені көбейтіп жіберді жергілікті билік. Өкінішке қарай, бұл жақсы нәрсе емес. Бір күнде 3-4 мың адамды осында алып келіп, әртүрлі іс-шаралар өткізіп, өзіміз таптап болдық бұл жерді. Біздің халықтың экологиялық мәдениетінің төмендігі де бар. Шетелдік туристермен жүргенде байқайсың, олар табиғатқа зиянын тигізбейді. Мәдениеттері өте жоғары. Осы аптада бұл жерге америкалық жанұямен келдім. Олар суретке түсіп, тарихын тыңдап, қызықты. Сол кезде біздің жерлестер пикник жасап отырды. Алашаларын төсеп, тамақ ішіп. Самаурын тасып жүргендерді де көрдік», – дейді ол.

Аумағы 61 гектарды алып жатқан Шұбайқызыл шоқысында әлемде өте сирек кездесетін Грейг, Кауфман атты жауһазындар гүл ашады. Бұл төбешік алыстан қызарып тұратындықтан, жергілікті халық «Қызыл төбе» деп те атап кеткен. Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар көктем келіп, тіршілік жаңарған шақта осы алқапта қызыл кілем болып жайылады. Қызғалдақпен көмкерілген төбешік Табиғат-ананың адам баласына мейірімі түсіп, құшақ жайып тұрғандай әсер қалдырады. Жабайы өсіп тұрған гүл алқабына қызығатын шетелдік саяхатшылар қатары да жылдан жылға артып келеді.

Алайда соңғы кезде жауқазынды тамырымен жұлатындар жиілеп кеткен. Табиғат жанашырларының айтуынша, жазиралы өлкедегі ерекше өсімдіктерді сақтап қала алмасақ, болашақ ұрпақ Грейг қызғалдағын тек теледидардан көріп, кітаптан ғана оқитын болады. Себебі қызғалдақты жұлса, ол 7-10 жылға дейін өспей қалады.

Табиғат қорғаушылар болса, барлығын тек қана адамдар бүлдіріп жатыр деуге келмейтіндігін алға тартады. Жауқазындардың жылдан жылға сиреп кетуіне табиғаттың өзгеруінің де әсері тиеді. Көктем жаңбырлы, ауа райы қолайлы болса, қызғалдақтар да көптеп гүл ашады деген пікірде.

«Биыл Грейг қызғалдақтарының сабақтары қысқа, сирек шыққан. Гүл ашуы да өте нашарлау. Мұның барлығы жауын-шашынның болмауына байланысты деп есептеп отырмыз. Алдағы уақытта «Сайрам-Өгем» ҰТП-нің ғылым бөлімінен мамандар келіп, осы жердің топырағын, гүлдерін тексеріп, сараптама жасайды», – дейді «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркі Түлкібас филиалының директоры Ұласбек Кенбаев.

Мамандардың айтуынша, Грейг қызға лдағы – көктемде гүлдейтін өсімдіктердің ішіндегі ең әдемісі. Бұл өсімдік топырақ пен ауаның қолайсыз жағдайына да өте төзімді. Тіпті қарсыз қыстағы – 40 градусқа жететін сақылдаған сары аязда, жаздың шіліңгір аптап ыстығында, жердің қызуы 50 градусқа дейін барып, 1-2 метр тереңдікке дейін су болмай қалған жағдайда да өсе береді. Дала гүлі дауылға да төтеп беруге бейімделген.

Сонымен қатар Грейг қызғалдағын «Жауқазындар королі» деп те атайды. Бұл гүлдер Қаратау, Алатаумен шектесіп жатқан Қазығұрт, Төле би, Түлкібас, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Ең көп шоғырланған жері осы – Шұбайқызыл шоқысы. Бокал тәрізді гүлінің ұзындығы 8 сантиметрге дейін жетеді. Жапырақтары да ірі келеді.

Экологтар «Қызыл кітапқа» енген қызғалдақты жұлғандар заң жүзінде қатаң жазаланатынын еске салады. Атап айтқанда, 9 миллион теңге айыппұл төлейді немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айырылады.

«Басқа ешбір мемлекетте табиғи қызғалдақтың 25-тен аса түрі кездеспейді. Қызғалдақтың түп атасы бізде деп есептеледі. Қызғалдақ Түркістан облысында наурыз айынан бастап гүлдесе, солтүстік облыстарда мамыр айының ортасына дейін созылады. Далаға қызыл кілем төсеп тастағандай әсер қалдыратын қызғалдақ маусымында әлемнің түкпір-түкпірінен туристер келсе болады. Халық қызғалдақты ұлттық байлық деп қарауы керек. «Бір қызғалдаққа бола 9 миллион теңгеден аса айыппұл төлейміз ба?» немесе «Үш жылға дейін соттап жіберуге бола ма адамды гүлге бола?» деп жатады. Оны ғалымдар бекерден-бекер «Қызыл кітапқа» енгізбеген. Сол себепті, біз мұндай байлығымызды болашақ ұрпаққа сақтап қалуымыз қажет», – дейді «Сырдария-Түркістан» МӨТП ғылыми қызметкері Ғани Назарбек.

Биылдан бастап қызғалдақ көп өсетін Шұбайқызыл шоқысы «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінің құрамына енді. Түлкібас ауданы әкімдігінің атсалысуымен 61 гектар жер арнайы инспекторлардың бақылауына алынды. Жылдан жылға егіс алқаптарын қысып, тарылтып жіберген. Енді мемлекет қарауында болады.

Табиғат жанашырларының да ла жақұтына айналған жауқазындар өсетін оңтүстіктегі басқа да жерлер мемлекет қарауына алынса деген тілегі бар».

Міне, жергілікті мамандардың жанайқайымен танысып, білдіңіздер. Халыққа ерекше табиғат құбылыстарын, көрікті мекен-орындарды көрсетеміз, фестиваль өткіземіз деп даурығып жүріп, оған орны толмас қандай залал келтіргеніміздің дәлелі.

Толқынды толқын қуады, ойдан ой туады. Мен де Қаратаудың Көсегенің Көкжоны дейтін өңірде балалық шағымды өткіздім. Көктем айларында жасыл белестер, қыраттар мен жазықтар нешебір әсем әр түсті дала гүлдеріне бөленетін. Солардың арасында жауқазын қызғалдақтар ерекше көрік беретін. Балалық қой, биік өскен қызғалдақтарды қойнымыз толғанша жұлып алып, үйімізге әкеліп, су құйылған шелекке салып, 3-4 күнге дейін тамашалайтынбыз. Одан кейін солған қызғалдақтарды ешнәрсеге жаратпай, сыртқа лақтырып жіберетінбіз. Кейін, оның обалын түсініп, кештеу сол қателіктерімізді түсініп жүрміз…

Осыдан 5-6 жыл бұрын Жуалы ауданының Қошқарата өңіріне сол кездегі аудан әкімі Батырбек Күлекеевтің шақыруымен бір топ замандастарыммен демалуға барғанымыз бар. Сонда жол жиегіндегі егіндікте сандаған қызғалдақтардың бидаймен жарыса өсіп тұрғанын көріп таңғалған едік. Егіндікке арнайы қызғалдақ егіліп тасталғандай әсер береді, кең далаға төселген қып-қызыл кілем дерсің. Сол егіндік жыл сайын соқаман айдалып, бидай егіледі екен. Соған қарамай қызғалдақтардың жойылып кетпей тұрғаны ерекше таңғалдырды. Үнемі «Табиғатты аялаймыз, табиғатты қорғаймыз!» дей отырып неге сол 1-2 гектар егістікке егін егуді доғармаймыз? Неге өз қолымызбен табиғатты тұншықтырып, табиғатқа қарсылық жасаудамыз?» деген ой мазалап, көпке дейін санамда жүрді. Жазушы Мархабат Байғұт ағаның «Қызғалдақты қыздардай, қыздарды қызғалдақтай қадірлейік», – деген сөздері орынды айтылған деген пайымға келдім.

– Иә, табиғаттың сұлу өңірлерін бағындырып, әсем көрінісін бірер жылда жоқ қылу, мүлдем жойып жіберу қолымыздан келеді. Бірақ ертең оны қалпына келтіре алмай өкінетініміз тағы бар.

Сондықтан табиғатқа зиянымыз тиіп кетпеуін әркез естен шығармайық.

Табиғат біздің өмірлік серігіміз. Адам мен табиғат мәңгі егіз.

Табиғатты аялайық, оның жойылып кетпеуінен сақтайық!

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.
Тараз қаласы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support