- Advertisement -

Автонесиенің өзінен бұрын кезегі жер жарып тұр

162

- Advertisement -

Елде 4 пайыздық жеңілдетілген автонесие беріледі деген хабар тарағалы ескі көлігін «сүйретіп» жүрген жүргізушілердің үміті ояна бастағандай болды. Негізі, автокөліктің айналасындағы өтірік-шыны аралас мәліметтер алыпсатарлар жаппай шетелден тіркеуі жоқ көліктерді кіргізе бастағанда қызды. Дегенмен мұндай көліктерге заң жүзінде шектеулер қойыла бастаған соң, көпшілік ескі көлігін сатуға асықпады. Арзан бағадағы шетелдік көлік мінемін деп, ертең сата алмай жер сипап қалудан сескенді.

Бірер күннің бедерінде ақпарат көздерінен 16 мамырда көптен күткен жеңілдетілген несие беріле бастайтыны туралы ресми хабар тарап, екінші деңгейлі банктерде автокөлік кезегіне тұрғандар бір желпініп қалды. Алайда кеше өңірдегі екінші деңгейлі банктердің бірі – Халық банкінің бөлімшелерінің біріне барғанымызда банк қызметкерлерінің өзі несиенің нақты қай күні берілетінін білмейтін болып шықты.

– Бізде әлі лимит ашылған жоқ. Әдеттегідей, автонесиелеуге өтініш қабылдап жатырмыз. Автонесиелеудің жаңа шарттары бойынша тапсырма түссе, біз кезекте тұрғандарға қоңырау шалып, міндетті түрде ескертеміз. Көлік тек кезекпен беріледі. Мұнда көлікті несиеге алуды ойластырғандарға қойылар талап бірдей. Ең бастысы, еңбекақысы 70 мыңнан жоғары әрі несиелендіру тарихы жақсы болса жеткілікті. Автонесие алуды көздегендер біздің банктің кез келген бөліміне қайырылса болады. Банк тұлғаның төлем қабілетін растағаннан кейін автосалоннан көлігін таңдап, несиені рәсімдейді. Соңғы рет автонесие алуға былтыр лимит берілген. Әзірге мұндай хабар бізге келген жоқ. Біз де тиісті министрліктің ресми ақпараттарын оқып отырмыз. Лимит ашылса, несиелендіруді бастаймыз,–дейді Халық банктің Ұлпан есімді менеджері.

Бұдан соң үмітімізді үзбей қаладағы «Aster Lada» орталығына да қайырылған едік, онда да менеджерлер жеңілдетілген несиемен көлік алып жатқандар әзірге жоқ екенін айтты. Бірақ әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалардан Елордадағы автосалонның бірінде ұзын-сонар кезекке тұрған халықты көріп, сүйсініп те, қызғанып қарадық. Бұл дегеніміз енді жеңілдетілген несие көп ұзамай өңірдегі екінші деңгейлі банктер арқылы жамбылдықтарға да беріледі деген сөз.

Жуырда «Өнеркәсіпті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Ғалымжан Әди жеңілдетілген несиені беретін банктердің тізімін жариялаған-ды. Сонымен бағдарламаға қатысатын «Халық банк», «Банк ЦентрКредит», «Форте банк» және «Еуразиялық банк» сынды екінші деңгейлі банктер екені белгілі болды. Ғалымжан Әди баспасөз конференциясында өнеркәсіпті дамыту қоры басқа да банктердің өтініштерін мақұлдаса, олардың саны көбеюі мүмкін екенін де ескерткен. Ал мұндағы талаптардың негізгісі, бір адам несиені тек екі жылдан кейін ғана қайта алуына болады. Несиенің шарттары да көптің әлеуметтік жағдайын ескере отырып, орайластырылғаны байқалады. Мысалы, жеңілдетілген несиеге алған көлігіңіздің берешек сомасын 7 жылдың ішінде қайтаруыңыз тиіс. Қала берді бастапқы жарнаны іздеп сабылмайсыз. Бастысы, төлем қабілетіңіз расталса болғаны, жаңа көлік алуға мүмкіндігіңіз бар деген сөз. Бірақ, көздеп жүрген автокөлігіңіздің құны 10 миллион теңгеден асатын болса, үстіндегі қаражатын өз қалтаңыздан қосасыз. Қосқанда да таңдаған көлігіңіз 15 миллион теңгеден аспауы қажет. Баршаға ортақ талап осы. Автонесие төңірегіндегі деректер түсініктірек болу үшін тағы бір мәселеге тереңірек үңілгенді жөн көрдік. Негізі бағдарлама ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігімен бірлесіп, «Жасыл даму» АҚ қаражаты есебінен әзірленген. Соған сәйкес қаржыландыру құны 100 миллиард теңгенің көлемінде. Мұнда қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін министрлікпен шарт негізінде автоматтандырылған жүйе ашылады.

Байқасақ, жеңілдетілген автонесиенің жыры әзірге бітпейтін сыңайлы. Бұл туралы Facebook желісінде белгілі журналист Мақсат Толықбай да ашық пікір білдірген. – «Қаражат екінші деңгейлі банктерге бөлініп, электронды кезектердің форматы анықталып, салондар беретін көліктерін сайлап, жоқ болса адамдарды тізімге қоюдың тәртібін қарастырып, пысықталуы міндет еді. Іс жүзінде, ұзын-сонар түсініксіз кезек. Ақша бөлінбеген. Жауаптылар автокөлік бар дейді, салондар жоқ деп жатыр. Бұл бағдарламаға бөлінген қаржы 100 миллиардтың айналасында. Бір көлікті орташа 10 миллион деп есептесең, бұл тек 10 мың отандасымызға жетеді. Кезекте тұрғандардың саны бір ай бұрын 20 мыңға жуықтап қалған еді. Тым қатты жанталаспаңдар, дүйім жұртты жарылқай қоймайды, – деп өз пайымын айтты ол. Осы тектес пікірлер легі әлеуметтік желіде желдей есіп жүр. Оның барлығын бір мақалада толық қамти алмасымыз анық.

ШЕТЕЛДІК КӨЛІК МІНГІСІ КЕЛГЕНДЕРДІ УТИЛЬСБОР АЛАҢДАТАДЫ

Жеңілдетілген несиені былай қойғанда, қазір арзан көлік тізгіндеген ағайын әлеуметтік желіде утильсборды алып тастау туралы пікірлерін үсті-үстіне жаудыртып жатыр. Мысалы, Жүргізушілер одағы филиалының облыс бойынша директоры Амантай Досмахамбетұлы утильсбордың алым-салықтарын қысқартса, барлық мәселе оңай шешілер еді деп пайымдайды.

– Өздеріңіз білетіндей, бұған дейін утильсборды іске асырып келген жеке компанияның мәселесі майшаммен қаралып, біраз былықтың беті ашылды. Қыруар қаржы енді бюджетке түсуде. Осы ретте жеке көзқарасымды айтар болсам, бұл жердегі мәселе ақшада емес, мәселе сол баяғы ескі ережеде. Мысалы, қазір шетелдік көліктерді тіркеуде утильалымнан бастап, басқа да алым-салықтардың пайызын төмендеткенмен, әлі де халықтың оң жамбасына келмей тұр. Мәселен, қараша халықтың жағдайын ескере отырып, шетелдік көліктерге төленетін салықтарды Үкімет 100 мың теңгеге дейін төмендетсе, одан ешкім кішірейіп қалмайды. Утильсборды он есе азайтса, елге кіретін көліктер он есе артар еді. Өзімізше есептеп көрсек, утильалым арзандаса қазынаға қазіргі қаржыдан артық түспесе, кем түспейді. Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, жол-көлік оқиғасына тап болатындардың 70 пайызы ескі көлік тізгіндегендер екен. Мұнда елге нағыз керегі утильалымның өлшемшарттарын Еуропа елдерімен теңестіру деп ойлаймын. Алайда әлі күнге дейін көптің сұранысы орындалмай отыр.

Біздіңше, елдің арманы орындалып, утильалымның алым-салығы еселеп түссе, осы оң өзгеріс отандық автомобиль өндірушілердің бәсекеге қабілетті болуына жол ашпақ, – дейді Амантай Досмахамбетұлы.
Қарап отырсақ, автокөлік төңірегінде қордаланған мәселе өте көп. Осындайда «айта-айта Алтайды, Жамал апал қартайды» деген сөз еріксіз ойға оралады екен. Дегенмен жеңілдетілген автонесие алу мәселесі бірер аптадан соң мықтап жолға қойылар деген үміттеміз.

Сәндібек ПІРЕНОВ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support