Атырау мен Алматының арасын велосипедпен жүріп өтпек

34

ҚР Қарулы Күштері 30 жылдың бедерінде әскери-тактикалық әлеуеті жоғары, құрылымдары жетілдірілген қуатты күшке айналды. Міне, сол кезеңнен күні бүгінге дейін еліміз бірде-бір мемлекетпен қақтығысқан жоқ. Бұл да еліміздің Қарулы Күштерінің беделін айғақтап тұрғандай. Әскери құрылымдардағы сайдың тасындай іріктелген жігіттер жауынгерлік міндетінен бөлек, қоғамдық өмірде де ерлік істерімен көзге түсуде. Есте болса, 24 сәуірде Қарулы Күштердің «Батыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің «Мемлекеттік құпияларды қорғау» бөлімінің басшысы, майор Олжас Тойшыбаев Атыраудан Алматыға дейін 3000 шақырымды еңсеруді көздеп, велосипедпен жолға шыққан еді. 16 күн бойы дамылсыз жол жүріп отырған марафоншыны «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының Тараз гарнизонындағы әскерилері жолдан құрметпен күтіп алып, одан әрі сәт сапар тілеп шығарып салды.

– «Еліміздің көрікті, тарихи-мәдени мұраларға бай өлкелерін аралау арманым еді. Кейінірек, Атырау мен Алматы арасын велосипедпен өтсем деген ой мазалады. Әрі биыл ҚР Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл. Содан не керек, Атырауда қолдап жатқан ағайынның жігерін жықпай, көздеген межені бағындыруға бекіндім. Әрине, өзім әскери қызметте болған соң, жаттығудан қол үзбейтінмін. Алматыда жұмысқа бару үшін велосипедпен күнделікті 34 шақырым жол жүретінмін. Ашығын айту керек, сапарға шыққаннан соң, үш күн қиналдым. Велосипедтен түсіп, жаяу жүрудің өзі мұңға айналды. Алайда «Ел тыныштығын күзететін әскерилерге жарты жолдан қайту жарамас», деп межені бағындыратыныма іштей сендім. Өзімді жігерлендіріп, қамшылай бастағаным сол-ақ екен, төртінші күні физикалық және психологиялық жағынан шыңдалып, жол жүру күн тәртібіме ене баст ады. Мысалы, алғашқы күндері 80, 140, 180 шақырым жүріп отырсам. Ақтөбеден асқан соң, тәулігіне 200 шақырым жол жүріп өтетінмін. Қазір ауа райы қолайлы болса, күніне шамамен 250 шақырымды бағындыруға қауқарым жетеді,– дейді Олжас Қайратұлы.

Марафоншы Олжас сапар барысында өлкенің әр қиырындағы қонақжай халықтың пейілі мен ниетіне, ашық-жарқын көңіліне риза болғанын жасырмады. Бұрын-соңды алыс сапарға велосипедпен шығып көрмеген Олжас, әскерилер қолданатын шатырды, велосипедтің қосалқы бөлшектері мен киім-кешектерін түгендегенімен, велосипедін сақадай сайламапты. Мұны марафоншы тек жолға шыққанда ғана түсінген.

– Алғашқы күні мені байқаған үш жүк көлігі тоқтап, жол бойында көрінбей келе жатқанымды айтты. Ескертумен шектелмей, жарыққа шағылысатын арнайы жилет табыстап, сәт сапар тіледі. Велосипедіме де түнде жарқырап көрінетін жапсырма қағазды мықтап жапсырып берді. Жолаушының қадірін үнемі жолда жүрген азаматтар жақсы түсінетініне сонда көзім жетті. Жолай полиция қызметкерлері де қол ұшын созып, көмегін аямады. Өзінің ас-ауқатын ұсынып, асты-үстіме түскен ағаларды да жолықтырдық. Ең қызығы, қателеспесем жолда онға жуық жүргізуші «Көлігімде бос орын жеткілікті, жүріңіз, жеткізіп салайын, ешкімге айтпаймыз» деп шыр-пыр болды. Бірақ менде әуелгі мақсатымнан бас тартатындай ешқандай себеп жоқ еді. Межені бағындыруға бекінген соң, жарты жолда қулыққа бассаң өзіңді өзің алдағаның. Ал өзін алдаған адамнан не күтуге болады? – дейді жігерлі жауынгер.

Олжас еңбек демалысына шыққан күні Атырау – Алматы арасын бағындыруды ниет етіп, сапарға аттанса, енді екі күнде Алматыға жетіп, 16 мамырда қайта жұмысқа кірісетінін айтты. Отыздың үшеуіне келген азамат 2013 жылы Диана Жүгінісова есімді арумен отау құрып, бүгінде екі ұл мен қыз тәрбиелеп отырған үлгілі отбасы. Батыл жауынгердің азаматтығына «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығының әскерилері таңданып, біраз пікір алмасты. Марафоншы да сапар барысындағы қызықты оқиға ларын әңгімелеуден қашпады.

– Әскери қызметте жүрген соң , түн ей тін жер т абу алаңдатпады. Жолай шатыр тігіп, кейде кемпингтерде аялдап, тынықтым. Ақтөбеден шығып, Хромтауға жеткенде төпелеп құйған жауынның салдарынан екі күн өзім тіккен шатырдан шықпай жаттым. Атыраудан шыққанда салмағым 80 кило еді. Кеше таразыға тұрсам 10 кило тастаппын. Күннің ыстығында асқа тәбет болмайды екен. Күндіз тек су ішемін. Ең қиын дистанция Түркістан мен Шымкент арасы болды. Күннің ыстығы бар, қала берді жел маған қарсы соғып тұрды.1 мамырда туған күнімді жолда өткізгеніме еш өкінбеймін. Қайта, бұрынғы жиһанкездердің өмірі де қызыққа, шым-шытырық оқиғаларға толы болған екен-ау деген ойда қалдым, – дейді Олжас.

Атырау, Орал, Ақтөбе, Қарабұтақ, Ырғыз, Арал, Қызылорда, Түркіст ан, Шымкенттен асып Таразға жеткен Олжас Алматыға дейінгі аралықта тағы 500 шақырымды еңсеруді жоспарлап отыр. Қарулы Күштердің қатарында табандылығымен көзге түсіп жүрген Олжас Қайратұлы велосипедпен ұзақ қашықтықты бағындырған әскерилердің арасында көш бастап тұр. Білікті офицердің алған бағытынан таймай, белгілеген межені бағындыратынына біз де бек сенімдіміз!

Comments are closed.