БҰЛ ТІЗІМДЕ ӘР АДАМНЫҢ ЖАҚЫНЫ БАР

34

Қаракемер ауылында соғыстан аман келіп, бертінде өмірден өткен аталардың есімдері гранит тақталарға жазылған ескерткіштің салтанатты ашылуы болды.

Осыдан отыз бес жыл бұрын бұл жерде соғыста қаза тапқан 246 қаракемерліктің есімдері ойып жазылған ескерткіш ашылған еді. Маңдайына: «Дүниені алауыңмен таң қылып, елік оты мәңгі бақи маздап қал. Ел есінде сақталады мәңгілік, елі үшін шейіт болған боздақтар!» деп жазылған ескерткіштің алдында мәңгілік алау жағылған-ды. Ол кезде соғыс ардагерлері бір қауым бар болатын. Омырауларына орден, медальдарын самсата тағып бәрі жиылған еді.

Міне, сол күннен бері отыз бес жыл сынаптай сырғып өте шығыпты. Бұл аралықта майдангерлердің барлығы бақилық болып, ауылдағы ең соңғы соғыс ардагері өмірден озғалы да үш жылдан асыпты. Өмір өтіп барады, заман да, қоғам да өзгеріп жатыр. Бірақ, біздің кешегі сұрапыл соғыста қолына қару алғандарға деген құрметіміз өзгермеуі тиіс. Соғыс лаңы ащы да болса біздің тарих. Төрт жылдық қан кешуде қаза тауып, туған топырағына оралмай қалғандар өз алдына, аман келгендер кейбірі ауыр-жеңіл жарақатына қарамай еңбекке араласып колхоз өндірісіне сүбелі үлесін қосқан еді. Жас ұрпақ тәрбиесіне атсалысып, өнегелі істерімен үлгі көрсетті. О.Төстікбаев, И.Әдікеев, Ж.Төкеновтер мектепте ұстаздық етсе, бір қолын майдан даласында қалдырып келген С.Иманбаев пен Ж.Әкімбаев, Қ,Мәрімовтер майталман шопандар болды. Сондай-ақ Б.Мәлімбаев, Х.Демеуов, Н.Азаматов, А.Сейілханов, Т.Базарбаев, ағайынды Медербек, Рахымбай Сағынбековтер және көптеген басқалары қаза болған төрт жауынгердің және Чернобыль апатының зардаптарын жоюға қатысқан екі азаматтың да есімдері жазылыпты.

Жаңа ескерткіш соғыс құрбандарына арналған ескерткіштің қасынан тұрғызылып, біріне бірі үндес өзгеше жарасымды ансамбль құрап, ауылдағы киелі орынға айналды. Оны тұрғызуға бүкіл ауыл жұрты, сыртта жүрген жерлестер де атсалысты. Қаржы жинады, қол күшімен де көмектесті. Салтанатты митингіні ауылдық округтің әкімі Рашид Алыбаев ашылу лентасын да қиды. Бала-шағасымен тайлы-таяғы қалмай келген ауыл тұрғындары ескерткіштердің алдын гүлге толтырып, ерлік рухына үнсіз тағзым етіп жатты. Өйткені онда әркімнің бір жақын адамының есімі жазылған.

Құрманбек ӘЛІМЖАН,

ардагер журналист. Қордай ауданы.

Comments are closed.