Жақсылардың жолын қуып, дәстүрін жалғастырған

40

Қарекеңді жас болсақ та жақсы танып өстік. Әулиеата-Талас өңіріне қара басынан гөрі халық қамын
ойлайтын қамқор мінезімен құтты Сағынтай әулетінің саясы мен сыйы үрім-бұтағына да жұғысты болды.

Жұрт аузында «Аядай ауылды Алашқа танытқан» деп құрметтейтін Әбдір Сағынтаев ағамыз бен Таластың Үшарал ауылы егіз, бірінен бірінсіз үйлеспейтін, тарихы мен өмірін бөліп қарауға келмейтін тағылымы қаншалықты маңызды болса, сол үлкен әулеттің бір тұяғы Қаржаубай Кемелов қаршадайынан-ақ қағылез мінезімен, оқу-білімге құштарлығымен қатарынан озық болғанын құрдастарының орынды айтқаны бір бөлек.

Ал енді кешегі Одаққа аты мәшhүр «Талас» кеңшарын ұзақ жыл абыроймен басқарған тұлға, кеудесінде Еңбек Ерінің жұлдызы жарқыраған Әбдір жәкеміздің сонау өзі дүрілдеп тұрған кезеңде, жас жүрек дүрсіліндей сезілетін жылдары Мәскеу төріндегі ең мәртебелі жиындарға мектеп оқушысы, одан әрі студент Қаржаубайдай туған аға баласын өзімен бірге ертіп баратынын қалай бағалауға болады? Кеңес өкіметі дәуірлеп тұрған заманда қазақ баласының ой-өрісін ұлт мүддесі мен қоғам игілігіне қызмет етудің жолына қарай тәрбиелеудің бір ұтымды қырын таңдауы да дұрыс еді. Бұл үлкендерден үйрену мен үміт етудің үздік үлгісі болмас па екен, өзі?!

Ел ағасы Сағынтаев салып кеткен сара жолдың үзілмес сілемі де осы үйрену соқпақтарымен санада жаңғырады.

Ата-баба жолымен жүрсең адаспайсың, халыққа жақын жүрсең жаңылыспайсың, деп әкесі жарықтық уәдеге берік, сөз қадірін білетін, кісі басын ардақтай алатын. Сондықтан да қарадомалақ баласының ел туын ұстаған Әбдір інісінің, қимас бауырының қасынан табылып, сырлас ағайынның салтын ұстағанына риза болар еді.

Бұл елде аға жолы – ел салты, ел дәстүрі. Ізгілікті ғана атадан балаға мирас еткен. «Кісі болар кісінің кісіменен ісі бар» дегенді сол ата, әкелерден естіп өстік. Біз де осы ежелгі атақоныс Үшарал жақта туып-өскен соң сәлемімізді аттан түсіп беретін ағайынның өз өмір өткелі, өз соқпағы бар екенін ойға оралтып отырмыз.

«Үшарал – ұждан. Үшарал – айбын. Ұмыта алмаймын. Ұмыта алмаймын» деп көрнекті ақын Күләш Ахметова әпке жүрек тебіренткен киелі ауылдан түлеп ұшқан мың түлектің арасынан рухани інісі Қаржаубайдың толыққанды азамат болып көрінгеніне, әрине, қуанбай тұра алмайды.

Сенесіз бе, біздің Қарекең табиғатында сөз өнері қонған жұрттың бір әдемі өкілі болуға әбден лайықты дейтіндей ішкі өз ойымыз бар, ол да ауылдастары- гауhар жұлдызды жыр төккен Күләш әпкесі бар, ақын көкесі Өкім Жайлауов, сырбаз жазушы, көркем публицистиканың жүйрігі Серік Әбдірайымов секілді қаламгер болуға талабы мен қарым-қабілеті жетіп-ақ тұрғандай көрінетін. Егер де мемлекеттік басқару қызметіне біржолата ден қоймағанда ғой дегізгені бар, осыдан бірнеше жыл бұрын оның атақты академик, әйгілі қоғам қайраткері Өмірбек Жолдасбековтің 90 жылдары байырғы ата-баба мекені Талас-Үшаралға арнайы келген сапарының тағылымы туралы мөлдіретіп жазған эссе-әңгімесін оқып, қаламгерлер қауымын қатты таңғалдырғанына куә болғанымыз әлі есімізде. Керемет көлемді жазба. Құнарлы тіл. Әдемі стиль. «Е, Қарекең жазбай жүр екен ғой. Құдай-ау, сөзге шешен ағамыз талмай жазатын болса, талай мықтылар бас шайқап отырып қалады екен-ау» деп аңтарылғандар да аз емес екен.

Екінші жағынан, осыншама уақыт ішкі жандүниесін байытқан түпкі сырды ұғуға үнсіз ғана, алғаш рет сыңай танытқанын да аңғаруға болатын еді.

Қазақтың қара баласының қара сөзден қағылып қалған кезі жоқ. Өлең-жырдың ордасы Үшаралда туған ұл-қыздың таңғы үміт отын оятып, үкілеп қосқан бәйгеден келмей қалған кезі де болмаған.

Шігесіне қорғасын құйғандай мығым денелі Қарекең сол санаттан өз толқынында жол бастаған жампоз жігіт еді.

Шігесіне қорғасын құйғандай мығым денелі Қарекең сол санаттан өз толқынында жол бастаған жампоз жігіт еді.

Әулиеатаның әрбірі сыйлайтын марғасқа тұлға Әбдір Сағынтаевтың өмір ағысында әрдайым басынан сипап, арқасынан қағып ұштаған ізбасарының қатарында ол асыл жан-қадірі асқан жәкесінің шын мәнінде келешегінен күткен үлкен үмітін ақтады.

Жас маман әуеліден зиялы болмысымен көзге түсті. Мәдени әдебімен ел ішіне сыйлы болды. Әдебиет әлемін әлдилеп, кітапты құмартып оқитын жас жігіттің мал өсіруші еңбекшілер ортасында ыждаhатты, талапшыл іс-әрекеттерімен жұмыс істеді, әсіресе, идеологиялық жұмыстарды шырқ үйіретін шама-шарқымен де тез танылған оған билік бірте-бірте жауапты лауазымды қызметтерді жүктеді. Сөзі мен ісіне мығым, адалдыққа барынша жүгінетін жігіттің білім-іліміне сай өсу баспалдақтары да өзге замандастарына ұқсас. Ірілердің інісімін деп кеуде соқпай, керісінше, ұяңдық пен ұятты биікке қойып, қарапайым және әділетті мінезімен ұнамды мемлекеттік қызметкерлердің бірі болды.

Бір сәті туғанда ғылымы мен мәдениеті дамыған қалаларға барып, саяси білімін жетілдіру үшін оқу оқыды. Облыстық партия комитетінде оңы мен солын тану мен танылудың түрлі сынақтарынан өтіп, әжептәуір ысылды. Сенім білдіру мәнісі әріптестері арасында саяси сауаттылық пен тындырымды орындаушылықпен сипатталатын. Бұл жағынан ол ілгері еді. Содан кейін ғана барып жауапкершілік салмағы қызметіңе қарай жүктелетін. Кадрға қойылатын осындай талаптар мен алғы шарттар жолынан өтуі керек болатын. Одан да өзіне сеніп өткен-ді.

Біздің кейіпкеріміз Талас аудандық партия комитетінің хатшысы. Сарысу аудандық халықтық бақылау комитетінің төрағасы, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша Экология департаментінің, сондай-ақ Жамбыл облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы және ауыл әкімі қызметтерін абыроймен атқарды.

Асып, тасыған да жоқ, қай қызметте болмасын, өзіне тән бірқалыпты, тындырымды және ұдайы ұжымдық ұйымдастырушылық біліктілігінен тайған жоқ.

Кейде екінің бірі өзін ақылды көрсететін сәттер де болады. Сондайда ақыл-ой таразы басына түседі, көпшілік пікірталасында Қарекеңдер қазақтың арғы-бергі тарихынан сөз қозғап, көңілде тұрған ұйытқы тірлікке көктей шолу жасайды. Ой елегінен өткізеді. Ұғынықты сөзді ұғар көңілі жетеді.

Бұл білімдарлыққа үй кітапханасындағы сан жүз тарихи кітаптар мен классикалық шығармаларды зейінмен оқып шығуы және үнемі оқитын дағдысы сеп болса керек.

Тегінде жора-жолдастарына бірге туғандай бауырмал, жүзінен мейірім шуағы төгіліп тұратын, орнымен әзілдесіп, жолымен жүретін парасаттылығы бір өзіне абырой әкелсе, төңірегіне жақсылықтың қасиетін таратады.

Ардақты ағаларының көшелі ісін жалғастырушы, қамқор көңілді Қарекеңнің біруақ томпиған қалпы, жылы жымиып қана қараған жүзі, отты жанары, қараторы кескін-келбеті жаныңды жадыратады.

Қоғамға керекті, ұлт ертеңіне қажетті ағалық әңгімесін түйіндеп айтар еді, ал, құтты шаңырағының табалдырығынан бақ-береке ілесе келген азаматтық жолы ғибратты іс.

Сол еңбегі де еліне елеулі. Жұртына ұнамды. Мемлекеттік марапаттары да: «Ерен еңбегі үшін» медалі мен «Құрмет» ордені де қоғам дәулеті мен игілігін дамытуға қосқан үлесінің айғағы. Қоғам алдындағы қарызы мен парызын орындауды мұрат тұтқан еңбегінің жемісін көру де зор абырой.

Ойды ой қозғайды. Осыдан біршама уақыт бұрын ойда-жоқта сыртқы мұқабасы әдемі безендірілген бір кітап қолыма тиді. Көзіме бірден түскені: бұл қалың кітаптың авторы – өзіміз жақсы танитын Қаржаубай Кемелов екен. Ал керек болса, авторына қызыққанымыз соншалықты, ол жазған кітапты жата-жастанып, құштарлықпен бір демде оқып шықтым. Естелік кітап демесең, кілең эссе-дүниелердің оқиғалары мен жазу стилі қазақ тілінің қарапайым әрі құнарлы байлығын анық аңғартады екен. Қолына қалам ұстаған ағайынның талайын таңғалдыратындай тапқыр, зерде мен жады тарихын жақсы сақтағанына риза болдық. Жаттанды қалыптан әдеби жанрдың әсерлі түрі – ой өрбуі бейнелі әрі деректі үйлесіміне қарай жалғасып отырады. Көргені мен түйгені көп. Көпшілікке саналы ұрпақтарымен белгілі бір әулеттің тап осылай бай тарихын тиянақтап, шынайы оқиғалармен көркемдеп жазу әдебиетке де олжа болар еді деген ой келді.

Әдетте жақын таныстары мен құрдас-жолдастары жете білмесе, басқалар жете біле бермейтін бұл жайында сұрай қалсаңыз да, жылы пікір айтсаңыз да әдемі күліп алып, сосын бұл тірлігін «Бір жазып едім» деп бір түрлі қысылғандай болады. Өзіне ғана тән қалыппен. Қоңыр үнмен. Сонысымен де қадірлі. Өмірлік ұстанымына орай жақсы адамдардың жолын қуып, әдемі дәстүрін жалғастырған парасатты ағамыз осындай көп қырлы, бір сырлы кісі.

Ел ішінде сыйлы. Қарапайымдылықты жас шағынан бастап ұлықтағанды ұнатқан қалпында бақытты отбасымен, үбірлі-шүбірлі бала-шағасының шуақты ортасында, өзі жанындай жақсы көретін әулиелі әрі ежелгі Тараз қаласында тұрып жатыр.

Қамқор көңілі мен жарқын мінезі әрдайым өзін де қанаттандыратын сияқты. Сол бір жарасымды мезетті жақсы сезінген адамның ғұмыры да ғибратты болар, сірә!

Өмір сыйы – деген осы.

Жылдар жылжып,айлар ауысады. Уақыт көші тоқтамайды. Өмір заңы.

Бұл күндері жетпіс жастың кемеріне келіп, қанатты желкенін керген құрметті ел ағасының өмір жолы да уақыт сыйымен өнеге әрі бедерлі деп, ізгі ілтипатпен құтты болсын айтамыз.

Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

 

Comments are closed.