Күйеуі бар келіншек немесе тосынсый
Күйеуі бар келіншек немесе тосынсый
Үлкендерін балабақшаға берген. Кешке дейін үйде осы кішкентайымен екеуі оңаша. Таңертеңгі шайды ішіп алып, қызын балабақшаға апарып, ары қарай жұмысына кететін күйеуін шығарып салған соң, әй дейтін ажа, қой дейтін қожа жоқ, өз еркі өзінде. Ұйқысын қандырып алса да болады. Бірақ бұл төсекте керіліп-созылып, есінеп-мүсінеп, түске дейін аунап-қунап, домалап жата беретіндердің сұрпынан емес. Үйін жинастырып, бөлмелерін тазалап, шаң-тозаңды сүртіп, еденді сыпырып-сиырып, кір-қоңдарды жуып-шайып та үлгереді, жұмыстан келетін күйеуінің ас-суын да дәмін келтіре, асықпай әзірлеуге мол мүмкіндік бар. Арасында айнасына қарап, шашын ретке келтіріп, бет-жүзіне жағдай жасап қою да күнделікті дағдысы. Айтпақшы, онысын ел ұйықтап жатқанда, күйеуі мен балалары ояна қоймайтын уақытта, жуынып-шайынып алып, таңсәріден бітіріп қояды. Бір қарасаңыз, бала күтуге байланысты декреттік демалыста отырған барлық ананың, келіншектердің қалыпты тірлігі Бірақ бұл, күндер өте келе өз ішіне өзі сыймайтын халге ұшырады. Жоқ, үйге сыймайды деп түсінсеңіз қателесесіз. Диплом алғалы өкіметтің жұмысынан қолы бір рет те босап көрмеген ол бала күтуге байланысты берілетін өзіне тиесілі осы екінші демалысын да асыға күткен. Ана болып балаңның бесігін тербету, жар болып ер-азаматыңның қас-қабағына қарау, әйел болып үй шаруасын тындыру – бәрі-бәрін ғұмыр бойы жалықтырмайтын сүйікті ісі санайды. Сондықтан үйге сыймау деген проблема жоқ. Оның үстіне жұмадан соңғы екі күндік демалыс сайын балажан күйеуі отбасымен қыдыртып, серуендеу шараларын жүйелі түрде ұйымдастырып отырады. Кейде ауылда кіші балаларымен тұратын ата-енелерінің үйіне барып, оны-мұны тірліктеріне қолғабыс тигізіп, әрі қарияларға тәтті немерелерін иіскетіп қайтады. Кейде жолдас-жораларына қонаққа барады. Түк жоқ дегенде екеуі балапандарын алып барып, саябақтардағы балалар алаңқайларына ойнатады. Обалы не керек, күйеуіне сүйіп қосылды. Екеуінің махаббаты жан-жағына жыр болған. Екеуі де студент. Ол су шаруашылығы жөніндегі жоғары оқу орнында оқыды. Бұл мұғалімдікті оқыды. Бір отырыста танысты. Ортаға шығып бір-екі билегендері болмаса, алғашында бір-бірін сүйіп қаламыз деп екеуі де ойлаған жоқ. Одан кейін де бірнеше басқосуларда кезікті. Бір басқосуда бұл өзін биге шақырған басқа жігітпен биледі. Қасындағы құрбысымен күнұзақ билеген оны тіпті елең де қылмапты. Елең қылмапты деймін-ау. Бәлкім ол жігіттің де ол кезде ойына ештеңе кіріп-шықпаған шығар. Жарты жыл өткенше барлығы бір-бірімен сондай салқынқанды қарым-қатынаста ғана араласқан. Келесі оқу жылының басында кездесіп қалған бұлар сол екі-үш жігітпен төрт-бес қыз болып байланыстарын қайта жалғастырды. Әрине, бұл – алдымен жігіттердің тарапынан басталған қадам-тын. Олар екеу-үшеу боп киноға шақыра келеді. Бұлар – бес құрбы, халықаралық спорттық ойындар олимпиадаларының бес құрлықты бейнелеген белгісіндей бес шеңбер жасап алып, екі қатар боп жүріп отырады. Кең көшелі қаланың тар тротуарының бойымен бұл бесеуінің біресе алдына шығып, біресе артынан көлбеңдеп әлгі үш жігіт ілесіп келе жатады. Осылай тағы жарты жыл өте шыққан. Үш жігіттің екеуінің ойы кімде екені белгілі бола бастағанда, бес құрбы да өздерінше пәтуа жасаспақ болған. Екі қыздың екі жігітпен оңаша қыдыруларына бөгет болмаудың жағын қарастырды. Үшінші жігіт қана сыр бермей бұлардың қалған үшеуіне бірдей қарауын доғармады. Екі қыз екі жігітпен жүріп жүр дегені болмаса, олар үшеу боп, бұлар сол баяғы бесеу боп емен-жарқын араластықтарын жоғалтпай жазды өткізді. Күзді қарсы алды. Қарлы қыста әлгі екі құрбының бірі жігітімен ренжісіп қалды. Екеуін татуластырамыз деп жүргенде, көктемге салым екінші қыз да жігітінен қол үзіп тынды. Қол үзбек тұрмақ, бір-екі аптада тауып алған жаңа танысына тұрмысқа шықты да кетті. Тұрмысқа шығып кеткен құрбылары сырттай бөлімге ауысқан соң, саны азайған бұлардың әлгі жігіттермен арасы бірте-бірте суи бастайтындай көрінген. Бірақ олай болмады. Екі қызбен жүріп жүріп, айырылысып кеткен екі досының орнына басқа үш жігітті ілестіріп, Самат өзі келетін болды. Иә, үш қызға бірдей «подход» жасап, бірнеше жыл бойы сыр бермеген сыпайы жігіттің аты Самат болатын.Төрт қызға төрт жігіт қатарынан келгіштеп жүріп, бір-бір қызға бір-бір жігіттен боп, бірін-біріне біртіндеп еншілеп ала бастағанын екі жақ та байқамай қалды. Бірнеше жыл бойы көзге көрінбей жалғасқан бір жақындық мұны Саматпен жіпсіз байлай бастағанын бұл да енді сезгендей. Сөйтсе, Самат мұны баяғы танысқан уақыттан бері ұнатады екен. – Тек сен Сұлухан мен Айткүл үшеуіңнің араларыңды ажыратқым келген жоқ, – деді Самат екеуінің достығы сүйіспеншілік сезімге ұласа бастаған шақтардың бірінде. – Мен түк сезгем жоқ, – деп таңдана қараған бұған: – Әрине, сезбедің. Сезбегенің соншалықты, сені көбірек сөзге тартқым келіп, қанша талпынсам да, Сұлухан мен Айткүлді ортаға сала қоясың да, өзің бөлек оқшаулана беретінсің, – деген Самат жымиып. Жамал шынымен де екі құрбысының біріне Саматтың көңілі кетіп жүрген шығар деп, бөгет болмауға тырысқан. Оның үстіне, Сұлуханның Саматқа назары жиі ауатынын да байқамау мүмкін емес еді. Жатақханадағы бөлмелерінде отырып қыздар «Ана жігіттердей емес, мына Самат сөз салуға асықпайды ғой өзі» деп, Самат туралы сыртынан өздерінше тон пішкенде, Сұлуханның екі бетінің ұшы алаулап шыға келетін. Онысын жасырғысы келген Сұлухан, «қорғаныстың мықты қаруы – шабуылға» көшіп: – Самат саған көп қарағыштай беретін сияқты, – деп, сөзінің салмағын Айткүлге салатын. – Қой-ей, маған емес, мына саған қырындап жүрген шығар сол Самат! – деп Сұлуханға қалжыңдай дүрсе қоя берген Айткүлдің шыж-быж болған кейпінен оның да Саматқа кет-әрі емес екені байқалып қалушы еді. Несі бар, Айткүл де, Сұлухан да кез келген жігітті бірден ғашық еткізер сұлу қыздар. Айткүлдің сәл толықтығы өзінің қой көзді, келте мұрынды, дөңгелек жүзіне қандай жарасса, сұңғақ бойлы Сұлуханның кірпігіне көміліп тұратын мөлдір жанары сондай тартымды еді. Ал екеуіміздің қайсымызға ынтық екен деп олардың бал ашқандай болжап жүрген жігіттері Самат болса – мен деген арудың нағыз арман етер ханзадасы десе де болады. Ұзын бойлы, кең иықты. Өзі спортшы. Баскетбол мен волейболдан алдына жан салмайтынын студенттер арасындағы спартакиадалар мен түрлі турнирлерде бұлар жанкүйер боп барып жүріп талай көрген. Қысқасы, бойшаң бойдақ жігіттің мұның жоғарыдағы екі құрбысының қайсысын таңдаса да – лайықты санаған бұл, өзін мүлдем есепке қоспайтын. Шынын айтса, дос боп жүрген бес қыздың ішіндегі ең сұрықсызы көреді өзін. Төрт құрбысынан бір-ақ артықшылығы бар, ол – мұның сабақты беспен оқитындығы. Кейде құрбылары мұнымен осы білімділігі үшін ғана дос боп жүргендей көрінетіні бар. Семинар, сессия сайын бұл олардың әрқайсысының лекция, конспектілерін толықтырып, шпор жазып шығады, олар мұның алдына күндіз-түні дастарқандарын жайып, түрлі тамағын әзірлеп беріп, жайылып жастық, иіліп төсек боп құрақ ұшады. Соның өзінде емтихандардан бір сүрініп, бір құлап, сынақтарды әзер тапсырып жататын құрбыларымен аралары ешқашан қырғи-қабақ болған емес. Сол татулықтары міне, оқу бітірген кезден кейін де ұласып келеді. Самат екеуінің арасындағы сезім оты тұтанбай тұрып, Саматтан дәмеленген екі құрбысының екі жігіт тауып алғаны мұндай абырой болар ма!.. Олар жігітсіз қалса, қанша сүйіп тұрса да, бұл Саматқа сөзін бермес еді. Екеуінің де Саматты сыртынан қанша уақытқа дейін егеленіп жүргенін біле тұрып, бұл қалай Саматпен жүрмек? Атамаңыз! Ондай интрига тек киноларда болатын шығар. Ал өмірде ондай жайт – кешірілмес күнәмен тең. Бұл солай ойлайды. Жалғаннан жалғыз өтсең де, достыққа қиянат жасалмау керек. Бұл үшін де – махаббатынан достығы қымбат. Иә, өзін-өзі осылай қайрағанымен, шынтуайтына келгенде қалай болатынын бір Құдай білді. «Абыройым бар екен, екі досым да менен бұрын сүйгендеріне қосылып үлгергені қандай жақсы болды. Қалған құрбыларым да өмірлік жарларын тапты, шүкір». Бастапқы ойына қайта оралған бұл кенеттен Саматын тексергісі келіп кеткен: – Сені Сұлухан ұнатты ғой, ал сенің ыңғай танытпағаның не? Айткүл де «Сұлуханға болмаса, маған сөз айтар» деп сені ұзақ күтті. Самат күліп жіберді: – Менің бар есіл-дертім сенде болса, оларға не деп сөз айтам?! Айтпақшы солай екен-ау. Мұның да сұрағы төбеден түскендей қызық болды. Төрт жылда бір-бірін танып-біліп, соңғы бір жарым жыл бойы қыз бен жігіт боп қол ұстасып жүрген Самат екеуін жан-жағы Қыз Жібек пен Төлеген атандырды. Диплом алып, артынша отау құрған екеуінің тойына шалғайда, алыс аймақта тұрып жатқан бір құрбысынан басқасы түгел күйеулерімен келіп қайтты. Содан бері отбасы боп араласады. Бір-бірінің бесік той, шілдехана сияқты алғашқы қуаныштарына ортақтасып, балалы-шағалы бола бастаған соң, бұрынғыдай емес, бару-келу сиреді. Оны уайымдап жатқан құрбылар жоқ – дүниенің қай бұрышында жүрсең де, «Айшылық алыс жерлерден, Жылдам хабар алғызған» телефон деген аппарат аман болсын, кез келген уақытта үздіксіз хабарластырып тұрады. Ауызғы бөлмеге кіреберістегі қабырғада ілулі тұратын телефон шыр ете қалғанда, Жамал өзінің әлгінде оянған баласын көтеріп, балконнан далаға қарап тұрғанын байқады. Өз ішіне өзі сыймай, жандүниесі алабұртқан сәттерде балконға қалай жетіп келетінін осылай білмей қалып жүр. Тамаққа тойғызып қойған баласын манежге отырғызды да, қоңыраулаған телефонның тұтқасын көтере бергені сол-ақ еді: – Болдым мен! Шыдап-шыдап, жеттім жететін жері. Мені өліп қалсын демесең мына азаптан құтқаршы! – деп арғы жақтан еңірей жөнелген Айткүлдің дауысы шықты. Қашан хабарласса да, алдымен аман-саулық сұрауды әдет етпеген Айткүлі тағы да еңкілдеп жылап тұр. Айткүлдің бір жақсы жері – еңірегенде етегі жасқа толып, жылап-жылап алады да, артынша, сәуірдің көшпелі бұлтындай ыдырай жөнелген манағы кірбіңнің көлеңкесінен жүзінде бір түйір із де қалмай, демде жарқылдап, күліп-ойнап шыға келеді. Сол оймен, не дейтіні де, кімді меңзеп тұрғаны да белгілі құрбысының айтқан сөзін бөлмей үнсіз тыңдады. Бірнеше жылдан бері созылмалы аурудай ұзаққа кеткен олардың отбасындағы бұл кикілжің әсіресе, Айткүлге оңай тиіп жатпағаны рас. Ар жақтағы дауысы өршелене шығып жатқан Айткүлдің бүгін де басылатын түрі көрінбейді. «Ммм», «а-аа, иә» деп қысқа дыбыстап, бұ жақтан оны тыңдап тұрғанын сездірткені болмаса, бұл осы тақырыптың төңірегінде артық бір ауыз сөз айтпауға тырысты. Баяғыда бір ауыз артық айтамыз деп ауыз күйдірген. «Апама жездем сай». «Ерлі-зайыптының ортасына есі кеткен түседі». Бойдақ кезінде-ақ ішімдікке үйір екенін көрсетіп қойған Еркінге «Маған ұқсайды екен» деп алдымен ыңғай танытқан Айткүлдің өзі. Екеуінің ұқсас жерлері болды – Еркін де, Айткүл де ашық-жарқын, кіммен болсын, емін-еркін араласып, сөйлесе кететін. Қалжыңқойлықтарына дейін, жарыса, тоқтамай анекдот айтқыштықтарына дейін ұқсайды. Сырттарынан кісі қызығарлықтай отбасы. Тек, Еркіні арақтың кесірінен талай жұмыстан айырылды. Әжептәуір боп бір жұмысқа кіреді де, үш-төрт айдан кейін сыр беріп қояды. Бір ішсе, тоқтамай, он күн немесе айға жуық, тіпті үй бетін көрмей, салынып кетеді. Сөйтіп жүріп, облыстың наркодиспансерлік ауруханасының есебіне ілікті. «Құрысын, бүйте бергенше, ажырасып кетпейсің бе?» деген Сұлуханға, үш құрбысын арнайы үйіне шақырып, ақыл сұрап, демеу күтіп отырған Айткүл бірде қатты өкпелеп қалған. – Мына баламды тірі жетім атансын дейсің бе? Иә, алғаш осы тақырып қозғалғанда Айткүлдің тұңғышы ғана туылған. – Баламды тірі жетім атандырып, өзім байдан шыққан атанып, әке-шешемді ел-жұртына қарабет қылғанша, жер басып жүрмей-ақ қоймаймын ба?.. – Енді, өзің ғой, не істеймін, не істеймін деп безілдеп отырған,.. – Сұлухан басқалардың бас шайқай ымдаған кейіптеріне көзі түсіп, сөзінің соңын жұтып үлгерді. Айткүлдің мына сөз саптасынан кейін қалған құрбылары да абайлаңқырап сөйлеуге көшіп, күйеуі екеуінің жарасымды жұп екендігін, әлі-ақ бәрі жақсы болып кететіндігін жарыса жеткізіп, басу айтысқан. Тіпті әңгімелерінің соңына қарай Айткүлдің күйеуіне деген ашуы қайтып, екеуінің қыз бен жігіт болып жүріп жүрген кездерінен бір-екі қызықты естеліктерді еске түсірісіп, бұларға дастарқан жайып, картоп пен ет қосып қуырылған майлы макаронымен ыстық шай беріп, қайтарда мәре-сәре боп, бір-бірін қимай әзер тарасқан. Одан бері де бірталай жыл өтіпті. Бұл күнде Айткүл үш балалы. Төртіншісіне аяғы ауыр екенін өткенде дәл осындай жағдаймен хабарласқанда, өзі айтқан. – Айткүл, ашуыңды бас, сабаңа түс. Еркін қалай болғанда да балаларыңның әкесі. Әне-міне дегенше төртінші балаңа да әке атанбақ. Кімнің еркегі арақ ішпей жатыр қазір. Елдің бәрі осындай. Күйеуі бар әйелдердің бәрінің де көрген күні осы... – Елдің бәрінікі арақ ішкенімен, сенің күйеуің ішпейді ғой, Жамал-ау! Манадан бері ар жақтан ағыл-тегіл боп, ебіл-дебілі шығып тұрған Айткүлге оңбай ұсталғанын қараңызшы. Құдай өзі кешірсін, бұл – Айткүлдің қабағын жазу үшін «Тисе – терекке, тимесе – бұтаққа» дегендей ауыздан ойсыз шығарыла салған тіркес еді. Барлық сөздің басын «елдің бәрі» деген таптаурын тіркеске бұрып әкеліп қана Айткүлдің тілін табасың. «Елдің бәрі» деп басталған «кезекші» сөзі бұ жолы да дертке дәру боп, Айткүлдің күйеуі туралы «хыранишескій» жырының әлқиссасын өзге арнаға бұрды да жіберді. – Сенің Саматың ішпейд мысал үшін. Тағы кім? Тағы-ыыы... Басқа ешкім әзір есіме түспей тұр. Жәррайды. Мақұл, сенікі ішпесе ішпей-ақ қойсын, құрысын. Онсыз да ішетін ел жетіп-артылады. Мен ғана емес, талай әйел бары рас, күйеулерінің ішкіштігінен зардап шегіп жүрген. Айтпақшы, елдің бәрі демекші, бір қызық әңгіме бар, естідің бе, өсек емес шын дейді?! Әне, айттым ғой, «Елдің бәрі» деген сөз Айткүл үшін кезекшілік рөлді ғана атқармайды, емдік қасиеті де бар «киелі» сөздің де орнына жүре алады.Телефон тұтқасының ар жағынан дауысы самбырлай жөнелген құрбысының енді жылаған көзін көйлегінің жеңімен апақ-сапақ сүрте салып, тамсана бір тың тақырыпты қаузауға білек сыбана кіріскенін көрмесең де, ойша елестету қиын емес. – Гуляның күйеудегі қайынсіңлісі ше? Өзінің әу бастағы мәселесін ұмытып, жаңалықты жеткізудің қызығына түсіп кеткен құрбысы мұның «Иә?!» деп мақұлдауын күтіп сәл кідірді. – Гуляның сол қайынсіңлісі екі баласымен күйеуін тастап, қалталы біреуге тоқалдыққа тиіп кетіпті. «Астапыралла»! Айткүлдің Гуля деп отырғаны өздерінің құрбыларының бірі. Саматтың ертіп келіп жүретін үш досының үшіншісіне тұрмысқа шыққан. Ал оның қайынсіңлілері көп сияқты еді. Қайсыбірін танысын. Оталып алған Айткүлді біраз жерге дейін жел сөзімен желдіртіп алмаса, атының басын оңайлықпен бұрып, әлі-әзір тоқтата алмайтынын білгендіктен, ұзын кабельдік сымы шұбалған телефон аппаратын көтеріп алды да, жолай, ұйықтап қалған бөбегін шағын жапқышымен жеңіл қымтай салып, есігі ашық тұрған балконнан сыртқа қарады. Балкон бұлардың көпқабатты үйлерінің қасындағы аралас мектептің спорттық алаңшасына қарама-қарсы еді. Қолы үйдің күйбеңінен сәл босағанда, алаңқайда кейбірі ойнап жататын, кейбірі жаттығып жататын мектеп оқушыларының қимылдарын қызықтап қарап тұратыны бар. Осы әдеті өткен күзде басталған. Қыстай үзілген жоқ. Қазір көктем. Міне, қазірдің өзінде балконына екінші рет шығып қойыпты. Өзінен өзі. Шайдай ашық күн төбеден шақырая төнгенімен, сәуір айының салқын лебі еседі. Оқушыларына дене шынықтыру сабағын өткізіп жатқан ер мұғалімге көзі түскенде тұла бойынан ток жүріп өткендей болды. Жамалдың кенет өзінің болашақ күйеуі Саматпен достаса бастағандағы алғаш сүйіскен кезі ойына түсті. (Телефонның ар жағындағы құрбысының сөзін де тыңдап тұр, бұдан неше жыл бұрынғы Саматының құшағындағы алғашқы ыстық құштарлықты да басынан қайта кешкендей күйде.) Саябақты аралап, көпке шейін сыпайы сөйлесуден ары аспай, бір-бірімен қимай қоштасатын бұлар жұрт көзінше қол да ұстаспайтын. Қол ұстасқаныңыз не, жап-жасыл газон арасындағы асфальт төселген теп-тегіс жол бойымен көр-жерді әңгіме етіп қатарласып келе жатып, өздеріне белгісіз бір тылсыммен, түзу сызықтан ауытқи, теңселе басып, бір-біріне соқтығыса жаздағанның өзінде, жүзін желпіп өткен жігіттің жеңіл лебінен Жамалдың басы айналғандай, дел-сал болатын. Ал әлгі бір алғашқы сүйістен соң, бүкіл денесін қарыған оттың жалыны бірнеше күн бойына өшпей тұрып алған. Жатақханаға келуді, кездесуге шақыруды одан бетер жиілеткен Саматқа қарсылық көрсетуге де дәрменсіз екенін іштей ұғынған сайын Жамалдың жандүниесін тәтті бір сезім тербететін. Ендеше оралып, қайталанбас ол сәттерге басқа балама табылуы мүмкін бе. Онда жаңағысы несі екен? Әлгі мұғалімді көрсе болды өзінің тұла бойын осындай өрт шарпитыны несі. Оқушыларымен алысып, кестелік сабағын өткізіп жүрген ол азамат мұны байқамайды да сонда. Бір анық білетіні, мектеп алаңқайындағы ол мұғалімге назары ауған сайын тұла бойынан жүгіріп өтетін тоқтың қуатының күші қаншалықты екенін қайдам, бірақ одан Жамал өзін өте жайсыз сезінеді. «Құрысын». Артынша, салқын самалға тітіркенгенін сезінген Жамал еңсесін тіктеп алды да, лып етіп бөлме ішіне қайтып кірді. Телефонды қолында ұстап жүргені есіне түсті. Құлағына тақалған тұтқаның ар жағындағы дауыс әлі тоқтамапты. Айткүл досы «орыс болса, басқа ұлт болса, бір сәрі, еркек болса бір сәрі, қазақ басымен, әйел басымен ер-азаматының көзіне шөп салып, басқа еркекке қатын болып кеткен» Гуляның әлгі қайынсіңлісін жерден алып, жерге салып жатыр. – Орыс болса, басқа ұлт болса, бір сәрі деппін-ау. Біз білетін ешбір ұлтта жоқ масқара ғой бұл. Шетелдің арзанқол киноларын сатып алып, күндіз-түні көрсетіп жатқан біздің телеарналар оңбайды. Ылғи тәрбиелік мәні жоқ фильмдер. Бразилияның сериалдарында болмаса, шын өмірде осындай сұмдықты кім естіпті?.. Гуляның қайынсіңлісін жамандаудан еліміздегі тәрбие мәселесіне ауысқан Айткүлдің сөз мазмұны қорытындылануға тақау екенін сезгендіктен Жамал үнсіз тыңдауда. – Өзі намазға жығылған, жан-жағына имандылық туралы уағыз да айтып, «бисмилляхты» аузынан тастамайтын нағыз діндар қыз сияқты еді. Енді мынаусы несі – әйел адамның зинақорлығы деген кешірілмес күнәға жатпай ма? «Зинақорлық» дегенді білесің ғой, я, Жамаш?! Айткүл апың-күпің әңгімесінің арасында бұның діннен хабарын тексеріп қоюды да ұмытпады. – Иә, білем ғой. – «Шетелдің цивилизациясын аламыз деп канализациясына түсіп кеттік» деген Мұхтар Шахановтың айтқаны өте рас! Телефонның ар жағынан сыртқы есіктерінің қағылған дыбысы естілді де, Айткүл мұнымен енді асығыс қоштасты: – Қой, дауай, пока, үйге біреу кеп қалды!.. Кешкі тамаққа дәл келген Жамалдың күйеуі көңілді көрінді. Жалпы, шаршап келсе де, Саматтың үйге оралғанда о жер, бұ жері ауырып, мазасын алғанда болмаса, тырысып-бырысуы кемде-кем. Киімін ауыстырып, жуынып-шайынып, дастарқанға отырған соң, жұмысындағы ұжымдастарының біреуінің басынан кешкен қызықтарын айтты. Ол жігіт ауылда тұратын әкесінің туған күніне жаңадан шығып жатқан ұялы тілипон дегенді сыйлапты. «Кірпіш» деп аталатын ұялы телефонды ұстағанына біраз күн болғанымен әкесіне ешкім тілипон соқпапты. Үш-төрт күн өткен соң «Папа, телефоныңыз қалай, тамаша ма?» – деп әкесіне әлгінің өзі қоңырау соқса, әкесі телефонының шырылдағанын бірінші рет естіп тұрғанын айтыпты. Сөйтсе, біздің қаланың өзіне енді келе бастаған бұл жаңалық ол жаққа әзір таңсық екен. – А-аа, ол жақтағылар сонда әлі мұндай телефонды білмейтін болып шыққан ғой? Өзі де «кірпіш» тілипонның біреуін ұстап жүрген күйеуінің беріле айтып отырған әңгімесін бар зейінімен тыңдап отырғанын білдіртіп, осылай дей салды. – Онысын қайдам, бірақ ол төңірекке ұялы байланыстың базалық стансалары енді орнатыла бастаған көрінеді.Ауызы бұралақтап ауқатын ішіп отырған Саматы қызықты оқиғасының соңын аяқтауға асығатын емес. – Радиожелі арқылы байланыс жасауға арналған құралдар ауылдарындағы ең биік ғимараттың бірі, екі қабатты мәдениет үйінің шатырына құрылыпты дейді. Сол өңір бойынша сигнал жіберетін таратқыш іске қосылса болды, бұл күнде ел құлағы – елу, о жақтың жұрты да біз құсап демде осы соткаларға үйреніп алып үлгеретін болады әлі-ақ. Саматтың өзінің әу бастан техника дегенге қызығушылығы басым. Бүгінгі қозғаған әңгімесі оның ең сүйікті тақырыбы. Тостақтағы тамағын тауысып ішкен оған сүт қатқан ыстық күрең шайдан құйып, кесесін алдына қойды. Енді ұялы тілипонның шығу тегін тәптіштеп түсіндіруге кіріскен күйеуіне Жамал бір сәт риза боп кетті. Саматтың білімділігін бұл өзі о бастан мақтан етеді. Қыз бен жігіт боп жүріп жүргендерінде Саматтың жан-жақтылығына, сегіз қырлы, бір сырлылығына да әбден тәнті болған еді. – Ұялы телефонмен ең алғашқы байланыс 1973 жылдың үшінші сәуірінде жүзеге асыпты, – деген Саматқа аңтарыла қарады: – Қой, телефонның шығу тарихы бұдан ертерек сықылды еді ғой? – Жоқ, сен кәдімгі телефонды айтып отырсың. – Әә-ә,.. иә, мен жалпы телефонды айтам. – Жамал өзінің тағы да іштей қобалжытатын түсініксіз күйіне түскенін байқады да, етек-жеңін жиып ала қойды. –Иә, ол жалпы кәдімгі қарапайым телефон он тоғызыншы ғасырдың аяқ жағында-ақ пайда болып қойған. 1875 жылы. Бостон университетінің Шешендік өнер мектебінің профессоры Грехем Белл деген шотландтық өнертапқыш шығарған. – Түууһ, Самат, сен осы біліміңмен бар ғой, әлгі шотландық профессордың да өзін шаң қаптыруыңа болады! Саматына сүйсіне қарағанда бойындағы қобалжу лезде ғайып болып, Жамал өзін қайтадан тауып алды. Міне, бұл өзінің сүйікті Саматы. Білімді Саматы. Өз ісінің маманы, ақылды Саматы. Спортшы Саматы. «Спортшы». Осы кезде сырттай Саматты тыңдаған болып, іштей өз ойымен өзі арпалысып отырған Жамалдың санасында бір нәрсе жылт ете қалды. От. Саматының спортшылығы біреуге ұқсайтын сияқты. Жоқ, біреу қайта Саматқа ұқсайтындай. Ол – үйдің жанындағы мектептің спорт алаңшасында оқушыларды жаттықтыратын дене шынықтыру пәнінің мұғалімі. Бәсе, бұл неге өзінің балконнан қарай беретінін енді түсінді. Балконнан құр қарап қана қоймай, біреуді іздегендей күй кешуші еді. Спорт алаңқайына сап түзеген шәкірттерімен бірге шыға келетін сол дене шынықтыру мұғалімін көргенше асығады екен. Қызық. Онысы несі екен. Спортшылығы, қимыл, тұлғасы Саматына ұқсағандығы үшін көре бергісі келе ме оны? Ішкі ойы сондай сауалдарға жауап іздеп жатқанмен, Жамал күйеуінің сөзіне өте қатты мән беріп отырған кейіп танытып: – Арада тура бір ғасырға жуық уақыт өткенде барып, ең алғашқы ұялы телефондар пайда болған екен ғой сонда? – деді қасын кере, көздерін кең аша. – Дәл солай! – әйелінің бұл тақырыпқа қатты қызығушылық көрсеткеніне шабыттанған Самат одан да қызғылықты деректі жайып салды: – Сотканың алғашқы Отаны – Нью-Йорк. Мартин Купер деген өнертапқыш қолданған алғашқы ұялы телефонның салмағы бір бүтін жүзден он бес килограмм тартқан ғой! Жамал шыдамай күліп жіберді. Келіншегінің күліп жібергенін тамсанып, таңғалғанына балаған Самат та жымиды. «Айдаладағы бейтаныс мұғалімде мұның не шаруасы бар, Құдайым-ау, мынадай білімді, ақылды өзінің алтын күйеуі тұрғанда!». – Осы қалтафон туралы бір әниктотың бар еді ғой, Самат, қандай еді, айтшы? – «Ұялы телефон деген жақсы болды. Қашан, қай уақытта ызбандасам да күйеуім күндіз-түні жұмысында отырад» деген ба? Енді екеуі де бүкіл бөлмені бастарына көтерердей қосыла күлді. Тамақтанып алып қуыршақтарымен ойнауға кіріскен үлкені де, манежде қыбырлап ояу жатқан кішкентайлары да әке-шешелерінің көңілді отырыстарына мәз-мейрам. Оқу жылы аяқталып, Жамалдардың жатын бөлмелерінің балконынан көрінетін зәулім мектеп үйіндегі қарбалас та басылған. Спорттық алаңшаға шүпірлеп жиналатын бүлдіршіндер де жоқ. Демек, Саматқа ұқсап спортивка киіп жүретін әлгі дене шынықтыру пәнінің мұғалімінің де қарасы көрінбеуі заңды. Айнала тым-тырыс. Балконнан ұрлана сығалайтын әдетін қоймаған Жамал ғана. Күйеуі үйде жоқта, қараптан-қарап жалғызсырап, жабырқау тартатын сезімімен әлі арпалысуда. Мектептегі жұмыс орнынан көрінбей қалған спортшы мұғалімге де жыны келді. Бір уақытта мыйына басқа бір пәлелі ой сап ете қалды. «Менің Саматым да жұмыста жүрмей, басқа жақта қыдырып жүрсе ше?!». Жүрегіне арандатқыш ой кіріп кеткен Жамалдың қаны басына шапқандай болды. Қазір «Қайдасың» деп телефон соқса да, әлгі күлдіргі әзілдегідей Саматтың да «Жұмыста отырмын» дей салуы мүмкін ғой. Оның анық жұмыста екендігіне көзін қалай жеткізсе болады. Бесікке бөлеулі сәбиін тастап, үйден шығып кете алмайды. Оятып, алып, киіндіріп, көтеріп алып, шығып, барып келсе ме екен. Өмірі істеп көрмеген ісін енді жасап, күйеуінің артынан іздеп барып тұрса не болады. Күйеуі жұмысынан табылса, оған не үшін келдім деп, қандай сылтау айтады. Егер, керісінше, бұл іздеп барғанда, ол шынымен де жұмысында болмай шықса ше. Ұжымындағылар, «Самат жұмысқа келген жоқ, білмейміз қайда екенін» десе не болмақ. Екі шекесі одан бетер солқылдап кетті. Аяқ киімнің ауызы ашылып-жабылатын бос кардон қорабына үйіліп-төгіліп салынған дәрі-дәрмектердің ішінен парацетамолдың екі түйірін алып, бір стақан сумен ішті. Басы ауырса, басқа құрбылары құсап бұл цитрамонға жүгірмейді. Бойын тер қысса да, денесі тоңазыса да, ыстығы көтерілсе де бар ішетіні – парацетамол. Парацетамолдың «побочный әсері жоқ» деген баяғыда бір таныс дәрігер. Содан бері соған үйренген. Парацетамол ішсе, шашының арасы жіпсіп, шеке-басының да құрысып-тырысқаны жазылады. Маңдайын жарып жіберердей тырсылдаған қан-тамырларының тез-ақ босаңсығанын оң жақ құлағынан естілген жүрек соғысының баяулаған дыбысынан байқады. Иә, Жамалдың осы құлағы пульс өлшейтін медициналық құралдың орнына жарайды. Екі балалы болған Жамалдың қан қысымы о бастан баяу. Төмен. Өзі бала кезінен қан құрамында темір жетіспейтін анемия. Жиі төмендеп кететін гемоглобинді қалпына келтіріп тұру үшін көктемде бір рет, күзде бір рет «феррумлек» деген дәріні тамырынан салдыртып тұратын. «Ойпырмай, былтыр күзден бері осы дағдымнан да жаңылыппын-ау, маған не болған өзі»... Жамалдың өзіне не болғанын өзі біле алмай жүргенде даладағы табиғатқа алтын күздің сарыала керуені де көш тіреп үлгерді.
Үміт Битенова
(Басы. Жалғасы келесі санда.)