- Advertisement -

«Алтын белгі» алу қиындай түспек

19

- Advertisement -

Былтыр еліміз бойынша «Алтын белгі» алған оқушылар саны рекордтық көрсеткішке жеткен болатын. Ол үздіктерді анықтаудың тетігі оңай болуы себепті орын алса керек. Ал биыл министрлік «Алтын белгі» төсбелгісін алу талаптары айтарлықтай күшейтілгенін мәлімдеп отыр. Талаптарды күшейту туралы шешім мұғалімдердің өткен жылғы тамыз кеңесінде қабылданған.

Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов:

– Келесі жылдан бастап 9-сыныпты аяқт ап, арнайы аттестат және 10-11-сыныптардың барлық оқу тоқсаны бойынша «үздік» деген баға алған оқушылар «Алтын белгі» төсбелгісіне үміткер бола алады. Сондай-ақ талапкерлер НЗМ базасында математикадан емтихан тапсыруы керек. Бұл шара академиялық адалдықты қамтамасыз ету үшін қабылданғанын түсіну маңызды. Бұл ретте НЗМ-де емтихан тапсыратындарға да, жалпы білім беретін мектеп базасында тапсыратындарға да тапсырмалар бірдей болады, – дейді.

Сондай-ақ ол былтыр мектеп бітірушілер көптеп үздік атанғанымен, кейбіреулері ҰБТ нәтижесі бойынша төмен балл алғанын, сол үшін үміткерлерді үздік белгісіне объективті және ашық бағалау үшін емтихандардың бірі тәуелсіз білім беру ұйымында өтетінін атап өтті.

Биылғы түлектер мемлекеттік емтиханды өздері білім алған мектептерінде тапсырады. Айта кетерлігі, бұрнағы жылдардағыдай емес, биыл «Алтын белгі» алудың талаптарына сай келіп тұрған оқушы өз еркімен одан бас тарта алмайды. Ол белгіленген тәртіпте қорытынды аттестациядан өтеді. Бұл дегеніміз, мектеп ұжымы тарапынан оқушының біліміне сенімсіздік туындап, олар белгіден бас таруына ықпал ете алмайды деген сөз.

Министр нормалар келесі жылдан бастап күшіне енгенімен, биыл ҰБТ қорытындысы бойынша үздік белгісін берудің объективтілігі бағаланатынын да атап өтті.

Айта кетейік, бірнеше жыл бұрын ҰБТ қорытындысы бойынша мектептер рейтингін өткізуге тыйым салынған. Ол да өз кезегінде білім дәрежесі төмен оқушыны тест тапсырудан шеттетпеу үшін жасалған қадамның бірі болатын. Өйткені мектеп рейтингте төмен орыннан көрінбеуі үшін мұғалімдер оқу үлгерімі төмен түлектерді ҰБТ тапсыртпау үшін үгіттейтін мәселе туындағаны жасырын емес.

Бұл тура лы Асхат Аймағамбетов: «Мұның бірнеше себебі болды. Оның ішінде – мектеп басшыларының 10-11-сынып оқушыларын тест сұрақтары бойынша басқа пәндерге зиянын тигізе отырып, жасанды түрде тартуға шектен тыс ұмтылысы, өтініштерді жинауда мұғалімдерге қосымша жүктеме. Сонымен қатар үлгерімі нашар оқушыларды ҰБТ-ға қатысудан шеттету, әкімдіктердің өңірдің орташа ұпайын әртүрлі тәсілмен көбейтуге тырысуы және тағы басқалары. Бұл ретте ҰБТ-ның орташа балының өзі диагно стикалық функцияны орындай алмады» деген пікірін білдірді.

Маржан РАҚАЙ

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support