- Advertisement -

Ұялы телефонға үңілген баланың пайдалы дүниелер көруіне не кедергі?

75

- Advertisement -

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жылдық құттықтауында, балаларға ерекше назар аудару керегін, олардың амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі екенін айтып, 2022 жылды Балалар жылы деп жариялады. Президент өз сөзінде «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз» – деп балаларды қорғауға айрықша басымдық берді.

Ата-ананың ең үлкен бақыты – баласының жақсы азамат болып өсуі болса, мемлекет пен қоғамның да басты мақсаты – елге ие болатын білімді де Отаншыл ұрпақ тәрбиелеу. Қазақстанда, оның ішінде облысымызда да балаларды қорғау, әлеуметтік қолдау бағытында нақты шаралар қолға алынып жатыр.

Балалар мектеп бағдарламасынан бөлек бос уақыттарын тиімді жұмсаса, өз қабілеттеріне қарай сүйікті істерімен айналысса кейін мамандық таңдауларына да көмек болмақ. Сол үшін әрбір ата-ана балаға көңіл бөліп, қабілетін біліп, оның дамуына күш салуы тиіс. Күн тәртібін жүйелі құрған бала зиянды әдеттен де аулақ болады. Осы тұста сабақтан тыс үйірмелердің маңыздылығын айта кеткеніміз жөн.

Бүгінгі таңда мемлекет тарапынан үйірмелерге қаржы бөлініп, әр баланың қалаған ісімен айналысуына жол ашылып отыр. Балақайларымыздың түрлі курстарға, спорттық, өнер үйірмелеріне қатысуына мүмкіндігі бар. Ең бастысы ата-ана бұл мүмкіндіктерден хабардар болып, баласын сол үйірмелерге қатыстырып көруі керек. Бұл тек баланың қабілетін шыңдап қана қоймай, ұяң болса көпшіл болуына, көптеген жаңа достар табуына септігін тигізеді.

Қазір балаларымыздың ұялы телефонға телміріп сағаттап отыруы үлкен проблемаға айналды. YouTube арналарына балалардың дені тәуелді болып қалғандай. Балалар күн ұзақ YouTube-тан не көріп отыр? Онда қазақ тілінде сапалы контент бар ма? Өкінішке қарай, балаларға арналған қазақ тілінде сапалы әрі пайдалы контент жоқтың қасы. Денсаулығына орасан зиян келуімен қатар, әлеуметтік желілердің шырмалған торының тұтқыны болып барады. Міне, мұндай балалардың сабақ үлгерімі төмендейді, өзімен өзі болып тұйықталады, қызығушылығы болмайды. Зиянын айта берсек санап тауыса алмаспыз.

Бұл туралы психолог мамандар да талай рет дабыл қағып, әр ата-ананың баласына көңіл бөлуі маңызды екенін сан қайталап келеді. Осындай проблемалармен күресу үшін балаға смартфоннан да қызықты іспен айналысуға мүмкіндік тудыру керек. Балалар жылында жоғарыда атап өткендей, түрлі үйірмелерді, секцияларды, курстарды ашу және қаржыландыру жұмыстары жалғасын тапса балаларымыз үшін үлкен қуаныш әрі жетістік болар еді. Өкінішке қарай, барлық курстар тегін емес. Көптеген ата-аналардың қалтасы көтермеуі мүмкін. Бұл сұрақ та өз шешімін табарына сенеміз.

Үлкен мән беріп, ерекше назар аударатын тағы бір мәселе – балалар денс аулығы. Осы жылы ба ла лар денсаулығына, сауықтыруына үлкен көңіл бөлініп, тиісті жұмыстар қолға алынбақ. Елімізде емге мұқтаж балалар өте көп. Әр ата-ананың перзентін толыққанды емдетуге шамасы жете бермейді. Телефоннан түрлі ауруға шалдыққан балалар туралы ақпаратты оқып, көмек сұраған ата-ананың жан айқайын көріп көбіміздің жанымыз ауырады. Шамамыз келгенше ақша жинап емделуіне өз үлесімізді қосамыз. Дегенмен науқас балақайлар үнемі ем-домды қажет етеді. Сондықтан мемлекет тарапынан ерекше қамқорлық қажет.

Иә, балалар жылында өміріміздің мәні мен сәні, көз қуанышымыз – балаларымыз үшін көптеген жақсылық жасаларына сенеміз. Балаларымызды бақытты ету баршамыздың негізгі міндетіміз.

Гүлбахрам УСТЕМИРОВА,
Ораз Жандосов атындағы негізгі
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәнінің мұғалімі.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support