- Advertisement -

ХАЛЫҚТЫҢ ҚОНАЕВҚА ДЕГЕН МАХАББАТЫ

412

- Advertisement -

Талас жұртының Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевқа деген ықыласы ерекше. Талай тауқыметті бастарынан кешірген көнекөз қариялар шежірені таратқанда Ыстының төртінші ұлы Ауызсүген осыдан үш ғасыр бұрын ағайындарына өкпелеп Шу бойына, одан ары қарай Ілені сағалай көшкендіктерін айтады. Сол кезең жайлы иманды болғыр Берден Байқошқарұлы өзінің естелігінде былай
жазыпты:

– Ауызсүгендердің бертінде ағайынға өкпелеп, Балқашқа, Бақанасқа қарай елден жырыла көшкені де сүйекке түскен таңбадай болып қалды. Мұны ағайынның әншейін жай араздығы десек те, елдік мәселесіндегі маңызы зор еді… Ел даналарының да осынау аса кірпияздықты талап ететін, шетін мәселеге келгенде тілі тұтқырлана берді. Бұл олардың да тауын шағып, тауанын қайтарып тастаған-ды. Ауызсүгендердің ағайыннан бөліне көшуі Қызылқұрт, Көкшегөз ағаларының үлкендіктеріне бағып, белден басып билік жасауынан, қарашаңырақтың билігін, қарашаңыраққа тиесілі дүние, малды да «кенжеміз, әкеміз бір, бөлежармаймыз» деп Сәтектің үлесіне беріп қоюынан туған еді… Тәңір – Дала төсінде уыздай отырған төрт арыс елдің арасына сызат түсті, солай. Ел данасы Бөлтірік бабаның да қабырғасына батқаны осы жай еді…

Д.Қонаевтың 80 жылдығында Бөлтірік шешеннің зиратында құран бағышталуда.

Ата қонысы – Ақкөлге барар жолдағы, Бозтұмсық белесінен берідегі «Жиделі бұлақтан» түп көтеріп көшкен ауызсүгендер көші қозғалар тұста, ет пен сүйектен жаралған пенде ғой ол да, Бөлтірік абыздың көкірегінен:

Ойықтың төрт баласы,
Қызылқұрт еді ағасы,
Көрінеді біреуінің Шудан әрі қарасы…
Таластың күнгей беткейі,
Керіліп жатқан төс болар,
Төс жағалай жөнелген
Жалғыз үйлі көш болар.
Көш басында – бір жалғыз…
Жасы кіші болған соң,
Айтқан сөзі еш болар!.. – деген ащы зар- запыран лықси төгілді… «Ауызсүгендер көшіп барады!» деген суыт хабар Қызылқұрт пен Көкшегөздің құлағына кештеу тиген-ді. Бұл оларға аспанда найзағай шатырлап сынғаннан бір де кем әсер еткен жоқ. «Аңдамай сөйлеген ауырмай өледінің» кері. Өздерінің оқыс, ойсыз әрекеттерінен ағайын арасына жарықшақ түседі деп те ойламаған. Екеуі аттарына міне шауып, Таласты жағалай жосылған көштің соңынан өкшелей салды.

Бір жағынан қателескендерін кеш те болса ұғып, алдына келіп жүгінген ағаларының адал, аңғал кейіптеріне шын риза болып та қалды. Екеуін иықтарынан қапсыра құшып:

Атадан туған үлкеннің
Кеудесі толы бу болар.
Айналайын, ағалар,
Ортаңа қайтып оралсам,
Басылмайтын шу болар, – деп кіші де болса ақылға – кенен, алды-артын болжай алар алғыр екенін танытты Зорбай. Қарашаңыраққа ие болу таласының ендігі жерде бұлар райларынан қайтып, ауылға қайта оралуымен біте қоймасын, дау бір басталып кеткеннен соң оның шешімі де күрделене түсетінін зеректікпен болжамдай да алған еді ол…

Ыстылар көші Түркістаннан Жетісудағы Шуға, Балқашқа дейін жетті. Бертінде Кеңес өкіметінің орнауынан бұрынырақ Бегалы (Қуандық датқаның баласы) бастаған бір топ оларды іздеп шығып, көніп жатса кері қайтарып алып қайтуға да барыпты. Сонда екі көзі шоқтай жанған Зорбай жағының үлкені, жауырыны қақпақтай, батыршалыстау біреу бұларды: «Е, Қуандық балалы қасқыр болды деп еді, «бала қасқыр» осы болды ғой» деп жылыұшырай қарсы алған екен. Бұл да болса, ағайынның азары болса да, безері жоқтығын, басқа түссе, қайғы, қасіретті де бірдей қабылдасып, жақсысына сүйініп, жаманына күйініп, қашан да ізгі тілектестікте жүретіндігін аңғартар.

Осылай Димекеңнің (көрнекті Мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев) арғы аталарының бірі – Зорбайдың (Ауызсүген) жиі қоныс аударып көшуі кейін оның ұрпағы Азынабайға жалғасып, ол сырғи-сырғи Арқадағы Тобықты елінен бір-ақ шығады. Осында Азынабайдың немересі Жұмабай (Жұмабайдан – Меңліахмет, Меңліахметтен – Дінмұхамед) дүниеге келген еді…

Соңыра Азынабай дүние салған соң елге, Балқаш бойына қайта оралмаққа бекінгенінде Қонайға Құнанбай қажы «Қыдыр жиенмен де, желмен де, қызбен де кетеді» деп әйелін (Тобықтының кызы), тіпті ұлын да бермейтінін кесіп айтады. Сонда бұл іске Құнекеңнің бәйбішесі (Абайдың анасы) Ұлжан араласып, ебін тауып Қонайға жарын қалдырып, ұлы Жұмабайды өзімен бірге елге алып қайтуына мұрсатана жасаған екен…

Ағайынның азары болса да безері болмас.Алысқа ауа көшсе де елдің естілері атамекенін ұмытпады. Оған Бөлтірік шешеннің Талас өлкесіне келіп ел-жұртпен араласуы куә. Қазақтың көрнекті би-шешендерінің бірі ХІХ ғасырдың ортасында мәңгілік мекенін Жәдік көлінің маңайынан тапты. Онысы ағайынның арасын жалғастырудан туған шешім болса керек. Димекеңнің бабасы Қонай, атасы Жұмабай, өз әкесі Меңліахмет осы тарихты үрім-бұтақтарына айтып кеткені анық. Таластағы Ойық ағайындар да біледі бұл әңгіменің шет-жағасын. Білген соң да қазақтың қабырғалы жазушыларының бірі – Шона Смаханұлы сол дәуірді суреттеп кітап жазды. Әнуәрбек, Жамаубай, Сейілбек сыңды көкірек көзі ашық азаматтар Алматыға Меңліахмет қарияға барып үзілген жолды жалғады. Ал әкесінің ұлы Дінмұхамедке Бөлтірік шешен жайлы айтып қана қоймай ата-бабамыздың мекеніне барып қайт балам деп айтқанын сол ел әңгімелеп жүрді. Қазақты бөлмесе де әкесінің аманатын арқалаған Димекең 1973 жылы Талас өлкесіне ат басын бұрды. Көнекөз қариялардан жөн сұрасып Бөлтірік бабасының жатқан жерін анықтап, құран бағыштатып қайтты. Содан бастап ата-бабасының мекеніне деген қамқорлығын еш аяған емес. Өзі келмесе де алыс-берісті, көмек-қолды көмекшісі Дүйсетай Бекежанов арқылы біліп отырды. Ол туралы бұдан бұрын «Кемеңгер елге келгенде» деген мақаламызда жан-жақты жазған едік.

1986 жылы Д.А.Қонаев қызметтен кеткен соң да таластықтар оны бір сәт есінен шығармады. Әлі есімде 1989 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығының кандидаттығына түскен Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков Ақкөлде мәдениет үйінде жұртшылықпен кездесті. Сол тұста Қонаевты қаралау белең алып жатқан, әрі «трайбализм» деген саяси терминді ең алғаш естігенбіз. Әңгіме үстінде Қонаев өзінің туысқандарын қызметке тартып трайбализмге жол берді делінген сыңайда әңгіме айтылғанда залдағы отырған жұрттың теңіз суындай толқып «Жоқ, олай емес!» деп гу ете қалғанда Өзекеңнің залға таңырқай қарап, тосылып қалғаны көз алдымда. Өзінің артық кеткенін сезген ол: «Бәрекелді!» деді. Сөйтіп таластықтар Қонаевты жауға да, дауға да бермейтінін сездірген. Саясаттың сойылын соғамын деп Өзбекәлі ағаның таластықтардан беті қайтқанын өмір бақи есінен шығармағанына кәміл сенімдімін.

Билік Димекеңе күйе жағамыз деп қанша тыраштанғанымен халықтың оған деген махаббатын жоя алмады. Бірде Тараз қаласына Елбасы келгенде облыстың аузы дуалы, сөзі уәлі ақсақалдары Ұлы тұлғаның 80 жылдығын атап өту жөніндегі ниеттерін жеткізгенде тауандары таусылып, іштерінен тынды. Сол жылы Талас ауданының әкімі Ералы Дадабаев көзжұмбайлыққа барып, теңдессіз ерлік жасады. Мен аудандық «Талас тынысы» газетінің бас редакторы едім. Ерекең аузы батыр адам болатын. Ойындағысын ірікпей айтатын. 1991 жылдың жаз мезгілінде бас қосқанымызда: «Алматыға Димекеңе Әбілхайыр Сатыбалдинды, Сейілбек Әбдиевті, Есенаман Бейсеуовті жібердім. Елден сәлем айта барындар дедім», деді. Сәлемшілердің бірі Есенаманмен өткен жылы жолыққанымда ол Димекеңе сәлем бере барғандағы әңгімесін айтты. Ол кездесудің шет-жағасын 1991 жылы-ақ естіген едім. Аудандық электр жүйесінің бастығы, елге қадірлі ағамыз Көлбайұлы Есбөкен де бір топ таластықтармен кемеңгерге сәлем бере барғанын айтып, Ақкөлдегі жергілікті телевидениеде сұхбат бергені бар. Ол хабарға тағы бір жақсы көретін ағамыз Иманбеков Мұхан да қатысқан. Оның алдында менің қарамағымда жауапты хатшы қызметін атқаратын, аяулы ақын Қашағанұлы Нарша да жол тауып Димекеңнің үйіне барып, сұхбат алып аудандық газетке берген. Есаға да Ұлы тұлғаның үйінде бір емес бірнеше мәрте болғанын айтып, естелігімен бөлісті.

– Димекең бізді жылы қабылдады. Ағаларыммен бірге әйелім Айтан барған. Жеңгейдің қайтыс болып кеткенін білеміз, сондықтан ауылдан сыбаға жасап ала бардық. Оны жайғастыратын Айтандар ғой. Ұлы адам: «Сендерден ыңғайсыздау болды» дегенде: «Ақсақал, Талас елінен құр қол келген жоқпыз. Сыбағаңызды ала келдік», деп едік. Ол жерде бізге сөз қайда. Сейілбек ағамыз сырбаз, маңғаз кісі еді. Әрі Димекеңді бұрыннан білетіні бар. 1973 жылы ол кісі Таласқа алғашқы мәрте келгенде ең әуелі Жданов (қазіргі Шәкіров) ауылына соғып, ары қарай Бостандыққа барған кезде екеуі жолығысқан. Содан бері 20 жыл өтсе де ұмытпапты. «Ә-ә, сен Сейілбексің бе? «Бостандық» совхозының директоры едің ғой. Мен сені Мәскеуге Социалистік Еңбек Ері атағына ұсынғанмын. Алдың ба?» деді. Сейілбек аға күліп: «Ленин орденін алдым», деп жауап берді. Әбілхайыр ағаны да танитын болып шықты, – деп өткенді еске алды Есаға.

Әңгімеміз жарасып Димекең Сейілбекке мейірлене қарап, көбінесе екеуі әңгімелесіп отырды. Кейін бір барғанымда облыстан Жүргенов Әбдіқадыр аға қосылды. Әбекең өзі жайлы айтып, әңгімені бөле берген соң: «Әй Әбдіқадыр, сенің мынау тау қопарар мінезің болмағанда қызметте биікке өрлейтін едің», деп рахаттана күлді Димекең. Ойға түйгенім, ол кісі бір көргенін ұмытпайтын сұңғыла екенін танытты. Және де «адам танысқанша, жылқы кісінескенше» демекші бір көргеннен мінез-құлқыңды біле қоятын қасиеттілігін көрсетті. Қоштасарда «қуыс үйден құр қол шықпандар» деп ерлерге қолтаңбасын жазып кітаптарын ұсынды, Айтанға: «Келін, қарағым, мынаны апаңның көзіндей көріп жүр», деп шашақты орамал сыйлады.

Көп уақыт өтпей 1992 жылдың басында Талас ауданының әкімі Ералы Дадабаев бастап бір топ қариялар сәлем беруге, сексен жасқа толғандығын ауданында атап өтуге рұқсат беруін өтініп бардық. Димекең біздің бұл ниетімізге қатты қуанып: «Қарақтарым, елге шықпағаныма 6 жылдай болды. Қызметтеріңе зияным тиіп кетіп жүрмесін» деп ағынан ақтарылды. Анау-мынауға бой беретін Ерекең бе, «Ол жағынан қам жемеңіз» деп әңгімеге нүкте қойды. Алматыдан қайтар жолда Ерекең облыстың бірінші басшысы Байгелди Өмірбекке соғып, әңгімені жеткізгенде: «Мен білмеген болайын, өздерің халықтың атынан жасадым дерсіздер» дегенін бізге айтты.

Есағаң айтқан сол сапар жайында Ералы аға өзінің «80-ші көктемім» деген естелік кітабында жан-жақты жазды кейін.

Жыл басында өткізілген жиында Алматыдан желпініп келген басшымыз «Елге Қонаев келеді. Пайғамбарымыздың 80 жылдығын дүркіретіп өткізуге осы бастан дайындаламыз», деді.

Сөздің қысқасы, той мамыр айында өткізілетін болып шешілді. Комиссия құрылды. Ұзын саны 50-ге тарта үй тігілетін болды. Қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрлерін өткізу жоспарланды. Алыс-жақыннан қонақтар шақырылды. Келісілгендей атқарушы билік органдарының өкілдері Қонаевтың 80 жылдық тойын халықтық той деп шешіп, оған қатыспайтындай сыңай танытты. Елдің естияр ақсақалдары Димекеңе қандай сый жасаймыз деп ақылдасты. Ерекең өзінің естелігінде жазылғандай Үлкен кісіге қасқырдың ішігінен жасалынған шапан мен түлкі тұмағын кигізейік десіпті. Мінгізетін арғымақтар да есепке алынды.

– Маған, – дейді Есенаман аға, – қасқырдың ішігін табу, оны шапанға айналдырып тігу жұмысы тапсырылды. «Біссіміллә» деп Ерекеңнің үйінде өзі баяғыда «Ойық» совхозының директоры қызметін атқарып жүргенде қойшылардың сыйлаған арлан қасқырлардың терілері бар екен, соның бір-екеуін берді. Жан-жаққа хабар айттық. Осы күнгі Есейхан Би ауылында Парманов Қосатбек жездем тұратын. Ол кісі 1911 жылғы, Димекеңнен 1 жас үлкендігі бар. Өте ақылды кісі. Бақуатты тұрады. Ұлы Отан соғысы кезінде атақты қолбасшы Момышұлы Бауыржанның дивизиясында фашистерге қарсы соғысқан. Жездем сәлем айтып: «Есенаман қасқырдың ішігінен шапан жасатамын деп шауып жүр дейді. Үйге келсін, арлан қасқырдың терісінің неше атасы бар, қалағанын алсын» депті. Бардым, таудың арландары бөлек қой. Қосатбек қарияның өзі қасқырдың ішігінен келісті шапан тіккізіп алыпты. Бөркі де жарасып тұр. «Димекеңнен аяйтын ешнәрсем жоқ. Шапанды да, бөрікті де қаласаң ал. Мынау арланның терісі» деп сала-құлаш, иленген теріні көрсетті. «Шіркін, текті қарияларым-ай» деп рақметімді айтып, бергенін алып қайттым. Енді Димекеңнің тұрпатына шамалас адам іздедік. Қызыләуіт ауылында ауызы дуалы, сөзі уәлі, ел сыйлайтын Мүсірбеков Әбдіхалық ақсақалға бардық. Әбекең ұзын бойлы, шалқақ кеуделі, насаты кісі еді. «Сіздің денеңізге қарап қасқыр ішік тіктіреміз» дедік. «Ойбай-ау, маған шақ шапанды Димекең киіп жүрсе, одан артық қандай бақыт болуы мүмкін?» деп ол да қуанып қалды. Іздестіріп жүріп ішік тігетін адамды да таптық. «Ақкөл» совхозында Сапаш Қадыров деген ағамыздың үйіндегі Еркімбекова Әзиза жеңгеміз қазақтың ұлттық киімдерін тігетін ісімердің нағыз өзі болып шықты. «Ұлы адамға лайықтап ішік тіге алмасам ұятқа қаламын-ау, бірақ барымды саламын, қарақтарым», деді. Сондағы айтайын дегенім, халықтың Димекеңе деген сүйіспеншілігі, ықыласы, тіпті махаббаты ерекше екенін аңғардым. Ұлысын ұлықтай білген халық тарихтан өшпек емес.

Тағы бір есте қалған оқиғаны айтайын. Құдайдың құдіреті, 1992 жылдың сәуір айында жауын тамбады. Мамыр айы да ылғалсыз басталды. Көк сарғайып, көңіліміз: «Апыр-ай, жердің шаңы шығып, іс-шарамыздың сәні келмейтін шығар» деп уайымдап жүргенімізде, мамыр айының үшінен бастап нөсер жауын төксін. Ақ жаңбыр апталап төгіп, сегізінші мамыр күні қыр үсті де, ойпаты да көкке малынып, жусан балақтап, қызғалдақ кілемдей жайнап шыға келмесі бар ма! «Димекең тегін адам емес, Алланың сүйген құлы» дестік. Осындай жағдай 2002 жылы да қайталанғанын айта кетейін. Көкірек көзі ашық адамдар ара-тұра теледидардан, әлеуметтік желіден «Д.А.Қонаевтың Таласқа сапары» деген деректі фильмді көріп жүргендері анық. Сондықтан оған көп тоқталмайын.

Әрі қарайғы әңгіме былай болып келеді. Талас ауданының шекарасында ардагерлер, аудан басшылары Ұлы Адамды қошеметпен қарсы алды. Белгілі айтыс ақыны Айдаров Шорабек арнау өлеңін айтты. Арқалы әнші Алтынбек Оразбеков 80 жасқа арналған әнді шырқады. Талай жылдан бері Ұлы Далаға, ата-бабасының мекеніне ат ізін салмаған Димекең қатты толқыды. Қарсы алудың «көкесі» Ақкөл ауылының «Атшабар» деп аталатын биігінде жалғасты. Қаз-қатар тігілген ақ үйлер мен қонақтар отыратын жабық көтерме орынға Димекеңді қолтықтап Ерекең, соңдарынан Айтбай, Сейілбек, Әбдіқадыр, Жақып, Әнуарбек, Берден, т.б. ақсақалдар және таластық бауырымыз Серік Әбдірайымов келеді. Тойды малшылар кеңесінің жиынына орайластырылып өткізу жоспарланған. Оның да өз себебі бар. Жиналған жұртта есеп жоқ. «Димеке! Димеке!» деп гулескеннің көбі сәлемдескісі келеді. Үстінде ақ көйлегі мен Димекеңнің тап сол сәтте Пайғамбардың өзіне ұқсап кеткені әлі күнге дейін көз алдымда.

Көп уақыт өтпей сыйлы кісілер төралқаға жайғасты. Ел атынан Ерекең сөйлеп, жиынның мәнісін түсіндіріп, мәртебелі мейманға сөз берді. Қатты толқи сөйлеген Димекеңмен болған сол кездесу жайлы мамыр айының

Көп уақыт өтпей сыйлы кісілер төралқаға жайғасты. Ел атынан Ерекең сөйлеп, жиынның мәнісін түсіндіріп, мәртебелі мейманға сөз берді. Қатты толқи сөйлеген Димекеңмен болған сол кездесу жайлы мамыр айының Ұзын саны 50-ге тарта үй тігілетін болды. Қазақтың ұлттық ойындары, салт-дәстүрлерін өткізу жоспарланды. Алыс-жақыннан қонақтар шақырылды. Келісілгендей атқарушы билік органдарының өкілдері Қонаевтың 80 жылдық тойын халықтық той деп шешіп, оған қатыспайтындай сыңай танытты. Елдің естияр ақсақалдары Димекеңе қандай сый жасаймыз деп ақылдасты. Ерекең өзінің естелігінде жазылғандай Үлкен кісіге қасқырдың ішігінен жасалынған шапан мен түлкі тұмағын кигізейік десіпті. Мінгізетін арғымақтар да есепке алынды.

20-сы күні аудандық «Талас тынысы» газетіне «Қазақстандықтардың бәрі батыр!» деген мақала жаздым. Тақырыпты олай қоюымның себебі, Шәкіров ауылының бір ақсақалы: «Сіздің кітабыңызды оқыдық. Біздің ауылымыздан он үш Социалистік Еңбек Ері шықты. Соларды неге жазбағасыз?» деп сауал қойғанда: «Мен бұл кітабымда Талас туралы жазған жоқпын. Өзімнің 50 жыл ел басқарған жылдардағы қоғамдық-саяси өмір жайлы естеліктерімді сүзгіден өткіздім. Меніңше қазақстандықтардың бәрі батыр» деп ел-жұртты бөлмейтінін кемеңгерлікпен жеткізді. Қазақстанның Тәуелсіздігін қолдайтынын айтып, қиындықтарды жеңудің елімізде мол мүмкіндігі бар дей келе: «Бізде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы мықтап дамыған. Білікті кадрлар жеткілікті. Соларды тиімді пайдалана білсек, 3-4 жыл ішінде экономиканы жолға қоюға болады. Және солай боларына кәміл сенемін», деді. Бұл сөздің оның жүрегінен шыққаны анық еді. Әттең, сол жылдан басталған жекешелендіру экономикамыздың күре тамырын үзіп, ауыл шаруашылығын тұралатып тынатынын кемеңгер тұлға білген шығар, бірақ айтпады.

Елмен қауышқаннан кейін тойдың екінші бөлігі басталды. Ат бәйгесі, теңге ілу, қыз қуу секілді ұлттық ойндар Димекеңе қатты ұнады. Қол соғып қошеметтеп отырды. Әсіресе қыз қуу ойыны есімде қалыпты. Қарагер атқа міңген, қазақы киім киген қаршадай қыз қашқан жігітті қуып жетіп, қамшымен сабалай жөнелгенде жұрт қыран-топан күлкіге көмілді. Қарап тұрмыз. Димекең Ералы ағамызға айтып қаршадай қызды шақыртып, қолын алып, бір зат сыйлады. Кейін білдім, ол француз әтірі екен. Ал әлгі жігітті қуған қыз Қосатбек қарияның бауыры Сұлтанбектің Бағила деген 8-ші сыныпта оқитын қызы болып шықты. Бағиланың немере әпкесі Күлаш Қосатбекова: «Димаш атасы, айналайын көп жаса. Қане, қалауыңды айт!» депті. Бағила бала ғой: «Балмұздақ жегім келеді, ата» депті. Мына сөзге риясыз күлген атасы Ерекеңе дереу бір қорап балмұздақ әкел деп бұйырыпты. Лезде балмұздақ әкелініп Бағилаға беріліпті. Сіңлім кейіннен Есейхан ауылының атынан тігілген ақ үйге барып балмұздақты таратып, «бір тойдым» деп жүретін. Күлаштан сұрастырсам Бағила да о дүниелік болып кетіпті. Парманның әулеті түгелімен шабандоз, атбегі, құс ұстайды, аң аулайды, қолөнермен айналысады. Сол әулеттің ұрпағы болған соң ба Бағила да жас күнінде атқа құмар болыпты. Тіпті «Көкпар тартамын» деп қиғылық салатын кездері де болған деп бауырлары айтып отыратын.

Сол күні Димекеңе халықтың атынан қасқыр ішік пен елтіріден тігілген папаха кигізілді. Оны Димекеңді жақсы көретін інісі Сейілбек Әбдіұлы мен Ералы Дадабаев кигізді. Түнеу күні интернетті ашып отырып Қонаев атындағы мұражайдағы құнды жәдігердің бірі – қасқыр ішік шапаны мен елтірі тымақ екенін оқыдым. Димекең оны: «Таластықтар тарту еткен» деп ара-тұра киіп қоятын көрінеді. Ең өкініштісі, сол музей қызметкерлерінің жауапсыздығынан шапанға піте түсіп жарамсыз болып қалыпты деп естідім. Әне, біздің халықтың жәдігерге салғырт қарайтындығының бұл бір айғағы.

Димекең осы сапарында Ералы ағаның үйінде болып әңгіме дүкен құрыпты. Қайда жүрсе де қазақтың салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын өмірлік ұстанымы етіп алған ол 8 қанат киіз үйі ішіндегі жиһаздарға көңілі толып былай деп айтып еді деп жазады Ерекең өзінің «80-ші көктемім» деген кітабында: «Менің бұл киіз үй туралы жазып отырғаным, осы киіз үйге жайғасып, жабдықтарының барлығы қолдан жасалғандығы көзге ұрып тұрғандықтан, Димекеңнің өзі отырғандарға:

– Ата-бабаларымыз көшпенді болуға жақсы бейімделіп, кең далада өмір сүрген, осы үйдің де әр бөлігінің өзіне тиісті атаулары бар ғой, – дей отырып, – Мынау босағадан бастап керегелер мен уықтар, оны біріктіріп тұратын шаңырақ емес пе? Ал мына ішіндегі жабдықтардың да атаулары бар ғой, – деп біраз тосылып барып (осы жерде мені таңырқатқан бір жайт, тектіліктері дейміз бе, үлкен кісінің сөзін бөлуді әбес санады ма, отырғандар, әсіресе Айтбай Назарбеков, Сейілбек Әбдиевтен бастап барлығы да киіз үйде туып-өссе де, киіз үй жабдықтарын бес саусақтарындай жақсы біле тұрса да, ләм-мим деместен сабыр сақтап отырды да қойды) өзі ары қарай жалғастыра, –  Мына басқұрлар, желбаулар, осыларға мына Ералының балаларының аттарын жазып қойғаны, мына қызымның шеберлігі ғой, – деп айтқаны қалай естен шығады? Әсіресе Әсетім осы уақытқа дейін шеберлігін тастамай оюлап көрпе, той бастарға қоржын, құдағиларына орамал тоқуын үзбей жалғастырып келеді. Бір  жасап қалдық».

Димекеңнің қалада өссе де, қазақтың  салт-дәстүрін, әдеп-ғұрпын жетік білетіні жайлы әркімдер айтып жүр. Ауылда жүргендердің ішінде ата-бабамыздың құт мекені болған қазақы үйдің желбауы мен белбауын ажырата алмайтындары көп қой.

Тағы бір таңғалғанымыз, Ақкөлде өткен тойда жүлде алған шабандоздардың дені Димекеңе небір сәйгүліктерді тарту етіп келгенде ақ батасын беріп: «Қарақтарым, мен міндім, сендер риза болыңдар» деуі де оның тектілігін көрсеткендей. Кейіннен «Жас алаш» газетінде жазылғандай Кемеңгерге сол сапарда он екі ат ұсынылған екен, бірде-бірін алмай, «халыққа таратыңдар» деп кетіпті.

Ертеңіне Ерекеңдер Ұлы Тұлғаны Ойық ауылына бастап апарды. «Кеңсайдың» биігінде қарақұрым халық тағы қарсы алды. Халықтың ризалығын көрген ол кісі: «Мен ата-бабамның байырғы мекеніне келдім. Сіздердің құрметтеріңізге басымды иемін» деді. Сол күні Жәдік көлінің маңындағы Бөлтірік шешеннің зияратына барып, ауылдың имамы Ділләға құран бағыштатты. Әрі ақсақалдармен ақылдасып, болашақта шешеннің басына соғылатын кесененің орнын белгілеп кетті.

Димекеңнің сол сапары кезінде елдің аузында қалатындай талай аңыз-әңгіме қалды. Кеңсайдың биігінде тұрғанда Болат Бекжан сұхбат алды. Қошеметшілер, тілекшілер «100 жасаңыз» деп жатты. Сонда «Ердің жасы — екі елу» деген Димекең, сексеннен секіріп, тоқсанға тоқтамай, жүзге бірақ жетейік», деді. Қуаныштың үстінде тағы бір сыйлы ағамыз Әбдіқадыр Жүргенов: «Мен тарихшымын. Қазақ халқы жиырмасыншы ғасырда не көрмеді? Екі мәрте дүние соғысы болды, үш мәрте ашаршылықты көрді. Тек соңғы жиырма бес жылда Димекең басқарған жылдары қазақ халқы бейбіт өмірді бастан кешіріп, қарны тойды. Димекеңнің осы жақсылығы үшін төрт елуді берейік» деді. Оған күле қараған Димекең: «Сол жасқа бірге жетейік» деген екен. Ақ көңіл ағамыз дастарқан үстінде шыдап отыра алмай: «Димеке, сіз біз үшін Абылай хансыз. Ілгеріде хандар ел аралағанда сол елдің сұлуын сыйға тартатын көрінеді. «Жалғыздық Құдайға ғана жарасқан» демекші Зухра жеңешеміздің жатқан жері жайлы болсын. Сіздің қас-қабағыңызға қарайтын, шәйіңізді құятын бір жан керек» дегенде, Кемеңгер: «Әй Әбдіқадыр, айтқаныңның айыбы жоқ. Мен Зухра жеңгелеріңмен 50 жыл 6 ай 2 күн жолдас болдым. Әруағы риза болсын. Қиянатым жоқ. Оның үстіне мен Абылай хан емеспін, зейнеткер Қонаевпын» дегенде, отырғандар ду күлісіпті. Не деген сыйластық, не деген құрмет, не деген махаббат десіпті.

17 мамыр күні Димекең Ойық ауылынан шығып Түркістанға сапарламақшы болғанда жолай Кеңсайдың биігіндегі Қызылқиынның оң қапталындағы жұрт «Ойықтың Асториясы» деп атап кеткен алаңшаға апарды Ерекеңдер. Оларды күні бұрын айтылып қойғандай, ауылдың атақты түйекеші Канал Орманов қымыз-қымыранын алып, сапырып, үстелше тәрізді жалпақ тастың үстіне дастарқан жайып, айналасындағы тастардың үстіне қос көрпеден төсеп, күтіп алды. Шығарып салушылар әдеп сақтап түрегеп тұрды. Димекең Кеңсайдан жан-жағына ойлана қарап: «Ералы, қарағым, қазақтың кең даласы не деген қасиетті еді» деп тебіренді. Айнала да қызғалдақпен жайқалып кілемге айналған. Сөздің реті келген соң: «Димеке сіздің табаныңыз тиген бұл жерді бұдан былай «Қонаевтың үстелі» деп атаймыз» деп жарқырай сөйледі. Ол жер күні бүгінге дейін солай аталады. Мақаланы жазу барысында Ойық ауылының ақсақалы Пана Рахыманбердіұлы маған телефон шалып әлгі алаңқайға белгі орннатылғанын хабарлайды.

Осыдан 30 жыл бұрын Талас еліне Қонаевтың сапарлауының соңы біраз адамға салқынын тигізді.Өзім жақсы көретін  Дадабаев Ералы аға бірде маған: «3 әріп 3 жыл бойы мені тексерумен болды. Анда-санда шақырып: «Қонаевқа не бердің, не алдың, не айттың?» дейді ғой баяғы. Әрең құтылдым. Соның кесірінен «Талас ауданының Құрметті азаматы» атағын 2001 жылы зорға дегенде алдым. Оны алып берген Талас ауданының әкімі Батырбек Әбдірәсілұлы Құлекеев», деп бір сырын ашқан.

1993 жылы тамыз айында Ұлы адам дүниеден өтті. Алматыдан ғана емес еліміздің түкпір-түкпірінен келгендер оның табытын Ғылым академиясының ғимаратынан Кеңсайға дейін көтеріп, халқы жол бойын гүлмен дестеледі. Мынандай құрмет ешқандай Мемлекет және қоғам қайраткеріне көрсетілмеген екен. Халықтың Қонаевқа деген махаббаты осыдан көрініп тұрған жоқ па?! Енді міне Қонаевтың есімі Алматы облысының орталығы бұрынғы Қапшағай қаласына берілді. Әділдік орнады.

Батекең 2002 жылы Жамбыл облысының сол кездегі әкімі Серік Әбікенұлы Үмбетовтің келісімін алып Ақкөл ауылына Қонаевтың ескерткішін қойғызды. Үлкен той өтті. Сол жылы да қыр қызғалдақтан көрінбеді. 2022 жылы таластықтар Димекеңді пір тұтып, Қаратау қаласында Д.Қонаевтың мұражайын ашты.

Әрине, Димекең жайлы таңды таңға атырып айтуға да, жазуға да болады. Ұлы һәкім Абайдың «толық адам ілімі» тап осынау бір кемеңгер адамға ғана арналып айтылғандай. Қазақтың көрнекті ақын-жазушысы Рафаэль Ниязбек «Көсем» деген роман жазып кетті. Оқыдық, оның көсемдігіне көзіміз жетті. Алаш ардақтыларының соңғы тұяғы-ау деп тұжырым жасадық. Оның бүткіл өмірі, тағдыры тазалықтан тұратынын қара ниеттілердің мойындағанының өзі ғажайып емес пе?!

Сәулембай ӘБСАДЫҚҰЛЫ,

халықаралық «Ұлт мақтанышы» атағының иегері.

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support