- Advertisement -

Интернет алаяқтық, фейк аккаунт, жалған парақша…

92

- Advertisement -

Заман талабына сай сан қилы өзгерістермен қатар, сан түрлі мәселенің туындайтыны заңдылық. Адамзатты ғаламтор билеген бүгінгінің басты проблемасы да осы төңіректе туындап тұр. Ол – интернет алаяқтық, әлеуметтік желідегі буллинг. Азаматтардың адал нәпақасын шоттарынан шешіп алып, кәсібін дөңгелетіп отырған әлеуметтік желісін бұғаттап, ақша талап ету, фейк аккаунт пен жалған парақша арқылы өзгенің жеке басын қорлау, ар-намысын таптау бүгінде жалпыхалықтық проблемаға айналды.

Естеріңізде болса, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы Жолдауында қаржы пирамидалары мен интернет алаяқтарға қатысты құқық қорғау органдарына кешенді әрі нақты шараларды әзірлеуді тапсырған болатын. Әлбетте, бұл мәселеде азаматтардың сауаттылығы мен с ақтығы, психологиялық мықтылығы бірінші кезекте шешуші рөл атқарады. Өйткені интернет-алаяқтардың құрығына түсіп, олардың арбауына көніп қалатын халық көп. Былтырдың өзінде елімізде алаяқтыққа байланысты 21 мыңнан астам дерек тіркеліп отыр. Сондай-ақ буллинг салдарынан өз-өзіне қол жұмсау деректері де өкінішке қарай жоқ емес.

ІІМ Киберқылмысқа қарсы күрес орталығы басшысының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Рүстем Дүйсетаев интернет-алаяқтық күн өткен сайын күшейіп келе жатқанын айтады. Ал облыстық криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Юсупов өңірде биыл бұл бағыттағы қылмыс саны айтарлықтай азайғанын алға тартты. Оның айтуынша, жыл басынан бері 4 айда интернет-алаяқтықтың саны өткен жылмен салыстырғанда 37,4 пайызға төмендеген. Өткен жылы есепті кезеңде 203 дерек тіркелсе, биыл 127 іс қаралған. Мақсат Мүсірепбекұлының аталған мәселеге қатысты: «Осы қылмыс түрінің алдын алуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар, соның ішінде халық арасында түсіндірме жұмыстары күшейтілді. Бұл бағытта полиция және жергілікті атқарушы органдарымен бірлескен кешенді іс-шаралар қабылданды және де жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық бірле стік өкілдері де жұмылдырылды. Төрт айда бұл қылмыстың саны едәуір төмендеді. Ауыр санаттағы интернет-алаяқтықтарды ашу бойынша республика көлеміндегі алдыңғы көрсеткішке иеміз, ауыр дәрежедегі интернет-алаяқтықтар 100 пайыз ашылған.

Жыл басынан интернет-алаяқтықпен айналысқан 10 азамат ұсталып, қылмыстық жауапкершілікке тартылды, олардың 4-еуі басқа облыстардың тұрғындары болып шықты. Сондай-ақ алаяқтардың шет мемлекеттерден жасаған фактілері де (13 факті РФ, Украинаға байланысты) жеткілікті. Бұл бағытта ҚР Бас Прокуратурасының және ІІМ-нің арналары арқылы тиісті сауал-сұраныстар жолданған.

ІІМ-нің ақпараттандыру және байланыс саласындағы, сондай-ақ, ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жасалатын құқықбұзушылықтарға қарсы іс-қимыл жөніндегі 2021-2022 жылдарға арналған бағдарламасын облыс аумағында іске асыру жоспары бекітілген және оның орындалуына жергілікті атқарушы органдары тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде», деген деректерді келтіреді.
Мұндай мәселеде халық арасында сақтық шараларын түсіндірудің де маңызы зор. Сондықтан полиция қызметкерлері тарапынан бұл бағыттағы шаралар да назардан тыс қалмауда.

Өз бетінше зерттеуді, зерделеуді және кешенді жұмыс атқаруды талап ететін келесі мәселе – әлеуметтік желілердегі буллинг. Яғни белгілі және белгісіз азаматтардың бірін бірі желі арқылы тығырыққа тіреуі, жұрт алдында жала жабу, әшкерелеу және тіл тигізу, ар-намысын таптау. Өкінішке қарай, мұндай мәселенің соңы азаматтарға ауыр психологиялық соққы беріп қана қоймай, қайғылы жағдайлармен аяқталып жатқан жайы бар.

Ендеше, интернет-алаяқтардан сақтану мен фейк парақшалармен күресудің бірнеше тәсілін қаперлеріңізде ұстанғандарыңыз абзал болады. KZ-CERT қызметі «Inform.kz» ақпараттық порталы арқылы келесі кеңестерді ұсынады:

Интернет жүйесі арқылы келген сілтеме бойынша өткен кезде мекенжай жолына, яғни, доменнің дұрыстығына, акция жүргізетін ұйымның не компанияның ресми атауындағы артық символдарға назар аудару керек.Әлеуметтік желілердегі өз профиліңіздің дербестігін баптауларда байланыс деректері (қызметтік және жеке телефон нөмірі) көпшілікке қолжетімді болмағаны дұрыс. Мобильдік нөмірді (бизнес-аккаунт) көрсету қажет болған жағдайда, жеке және жұмыс нөмірлерін бөлу қажет, яғни, жеке нөмірді туыстармен және жақындармен байланысу үшін ғана пайдаланған дұрыс. Есептік деректеріңізді үнемі тексеріп, көп факторлы аутентификация пайдаланылатын сенімді парольдерді қолданыңыз. Браузерде, операциялық жүйеде және мобильдік құрылғыларда пайда болатын түрлі терезелер мен хабарламаларға қатысты абай болыңыздар. Банк картаңыздың деректерін сақтап, картаның сыртқы жағындағы 3 санды CVV/CVC-кодын ешкімге айтпаңыз. Сондай-ақ банктен келіп түсетін SMS-кодты ешбір жағдайда бейтаныс жандарға хабарламаңыз. Интернетке қол жеткізудің ашық қоғамдық Wi-Fi нүктелеріне сенбеңіз, сонымен қатар өз аутентификациялық деректеріңізді қорғалмаған сымсыз желілер арқылы енгізбеуге тырысыңыз. Бопсалаушылардың телефон бойынша талаптарын орындамаңыз, ал егер сіз интернет-алаяқтардың құрбаны болсаңыз ең жақын полиция бөліміне немесе 102 телефоны арқылы дереу жүгініңіз. Жеке деректерді, жеке куәлік деректерін, банк карталарының деректерін және тағы басқа мәліметтерді қамтитын құжаттарыңыздың көшірмелері бен банк картасының суретін ешкімге жібермеңіз. Күдікті интернет-ресурстар немесе ақшалай пайдаға үміттендіретін сілтемелер айқындалған жағдайда KZ-CERT қызметіне (1400 (тәулік бойы) нөмірі, қызмет сайты, Telegram мессенджеріндегі «ҚР ақпараттық қауіпсіздігі» тобына не жеке хабарлама жіберу арқылы) хабарлаңыз.

Ал әлеуметтік желілердегі қандай да бір фейк аккаунттардан, жалған парақшалардан зардап шеккен болсаңыз, онда жергілікті полицияға 102 нөмірі арқылы шағым түсіре аласыз. Облыстық криминалдық полиция басқармасы басшысының орынбасары, полиция полковнигі Мақсат Юсупов ол парақшаны кім ашқанын, «артында кім тұрғанын» 100 пайыз анықтауға болатынын айтады. Сондықтан өз құқығыңызды қорғай біліңіз! Ешкімге алданбаңыз!

 

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support