Порошенко қорғаныс министрі отставкасын қабылдады
Порошенко қорғаныс министрі отставкасын қабылдады
Украина президенті Петр Порошенко қорғаныс министрі Валерий Гелетейдің отставкасын қабыл алды. Бұған қатысты президенттің ресми сайтында жарияланған мәлімдемеде Украин президентінің ойынша «қорғаныс ведомствосының басшысын ауыстыратын уақыт келгені» айтылады. Мәлімдемеде бұған қоса 13 қазанда президент парламенттің қарауына қорғаныс министрі қызметіне кандидатуралар ұсынатыны және кандидаттарға дауыс беру 14 қазанда өтеді деп жоспарлап отырғаны көрсетілген. Порошенко шілде айында министр етіп тағайындаған Гелетей соңғы апталарда Ловайскіде жүзге тарта украин сарбазы сепаратистер мен ресейлік әскерилердің қоршауына түсіп, қаза тапқаннан кейін сынға қалған еді. Президенттің баспасөз қызметі бұған қоса барлау комитеті құрылып, оның басшысы Игорь Смешко болғанын да хабарлады.