Мойнында жүз жылдық жүгі бар қара нар

7

Арыстарымның маңдай тері бар сенде,
ақ адал,
Алаштың қайғысы бар сенде,
жаны оның жарадар.
Уақыт белдеуіне келіп сен шөктің ғой,
Мойнында жүз жылдық жүгі бар
қара нар.
О, Сонау жылдарда,
Ешкімге бағынбас еркімнің,
Ешкімде емдемес дертімнің.
Дауасы боп жалғыз сен тұрдың.
Тәуелсіз жерімде ағатын,
Тарихын білесің сен судың.
Егемендік қағып қанатын,
Ұшқанда ұяда сен тудың.
Халықтың үні боп бір ғасыр,
Көзі боп бір ғасыр.
Сен келдің.
Алаштың жүрек қаныменен жазылдың,
Һәм алақанында тербелдің.
Сен жалғыз ескерткіш боп қалдың
«Аq jol»-ым,

Бетінде,
Есімі қашалған ерлердің.
Өзіңе жазылған мұңымды,
Өзіңе жасырған сырымды,
Мен қайда жерлермін?!

«Аq jol»-ым!
Талайға ақ бата берген бұл шерлі ана,
«Аq jol»-ым!
Билердің кілеміндейсің сен,
Төсіне жазылған кең дала.
«Аq jol»-ым!
Ақжол болдың ғой сен талайға,
Ұстанған жолыңда ақ –
Жер қара.
«Аq jol»-ым!
Жүз жылда,
Мың жылдық,
Тарих жасаған,
Сен ғана!

***

«Аq jol»-ым мәңгілік тарылмас тынысым!..

Алғашқы
Қаламым
Жазуым,
Оқырман қауымның,
Лаулаған оты сен!
Газетім – рухани азығым.
Айнасы болдың сен
Заманның.
Еңбекпен қағылған,
Тарихы жүз жылдық қазығым!
Ізгілік ізісің,
Нұрысың, шындықтың шыңысың.
Елімнің
Жүрегінің
Үнісің.
Зиялы қауымның,
Жырысың.
Ықылым заманнан,
Лапылдап келесің, тірісің!
«Аq jol»-ым мәңгілік тарылмас тынысым!..

Ескерту: Екінші өлең «Аq jol» газетінің жүз жылдығына арнайы тарту. Өлеңнің басынан аяғына дейінгі бас әріптері «Ақ жол» газетіне жүз жыл» деген сөзді құрайды.

 

Comments are closed.