- Advertisement -

ӘКЕ

172

- Advertisement -

Әкем (атамызды солай атадық) Әбді Байұзақұлы 1897 жылы өмірге келген. Өткен ғасырдың басында байдың баласы болғаны үшін біраз қуғынға ұшыраған ол орташа білім алып, сауат ашты. 1941 жылы соғыс басталған кезде жасы 44-те екен. Көппен бірге ол да соғысқа аттанады. Көппен бірге деймін-ау, Әбді әкем ұлдары Сейілбек және Сарданмен қатар соғысқа аттанады. Бір әулет үшін бұдан ауыр қайғы болған ба? Алайда көрер жарығы, татар дәм-тұзы таусылмай, әкем қос ұлымен соғыстан аман-есен оралып, кейін бейбіт өмірде еңбектің көрігін қыздырды. Яғни, біздің әулеттен үш адам соғысқа қатысқан.

Әбді Қызыл Армия қатарына1942 жылдың 5 қазанында шақырылып, 1945 жылдың 5 ақпанына дейін қан майданда болады. Әкем Ленинград майданы, 1-ші екпінді армия, 391-ші дивизия, 1024-ші атқыштар полкі құрамында 1943 жылдың 14 наурызынан 1944 жылдың 4 қаңтарына дейін атқыш болады. Ал 1944 жылдың 28 сәуірінен сол жылдың 24 шілдесіне дейін Прибалтика майданы, 7-ші армия, 120-шы дивизия, 143-ші атқыштар полкі құрамында соғысады. Қан майданда бір рет ауыр, төрт рет жеңіл жарақат алады.

1944 жылдың 24 шілдесінде Великие Луки қаласы маңындағы шабуылда оң жақ жамбасына оқ тиіп, сүйегі зақымданып, ауыр жарақаттанады. Одан кейін Нарва қаласын азат ету кезінде оң жақ тізесіне және оң жамбасына жарықшақ тиіп тағы да жарақат алады.1944 жылдың қаңтарында елге Әбді Байұзақұлы қайтыс болды деген «қара қағаз» келеді. Бұл кезде үлкен ұлы Сейілбек соғыстан келіп, ауылда ұстаздық етіп, аудандық халық ағарту бөлімінде меңгеруші болып жүрген болатын. Әкесінің тірі екенін сезген баласы хатты ешкімге көрсетпейді. Араға біраз уақыт салып, Әбді әкемнен «мен тірімін» деген хат келеді. Ұлының сенімі, ағайын-бауыр, туыстың үміті алдамаған екен.

Бала кезде соғыс тақырыбы қызықтырып, әкеме көп сауал қоюшы едім. Табиғатынан тұйық, көп сөйлемейтін ол кісі анда-санда бір ашылғанында төгіп тұрып, жауынгерлік жолын баяндайтын. Әкемнің айтуынша жараланып, көпір астында қалып қойған жерінен артынан бірнеше күн өткенде келгендер тауып алыпты. Емделіп, соғысқа қайта оралғанында басқа бөлімге жіберілген екен.

Архивтерде сол жылдағы қайтыс болғандар тізімі бар, онда «5.01.1944 күні қайтыс болған, Калинин облысы, Великие Луки ауданы, Плавково деревнясында жерленген» деген жазу бар. «Отбасы, мекенжайы» деген жерлерде – әйелі Байзақова Дәмен, Ынтымақ колхозы деп көрсетілген.

Әкемнің өлім мен өмір арпалысқан қан майдан даласындағы жорықтары да ескерусіз қалған жоқ. Мұрағаттағы құжаттар бойынша айтатын болсам, «II дәрежелі Отан соғысы» ордені, 6 қараша 1947 жылы берілген. Талас ауданы әскери комиссариаты 1945 жылдың 17 шілдесінде ұсынған, одан кейін Жамбыл облыстық әскери комиссариаты (24.07.45) және Түркістан әскери округінің басшылары (1.01.1946) бекіткен. («Наградной лист» құжаты Интернеттен табылды, соғысқа қатысуы туралы да деректер осы құжаттан). «Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 20 жылдығы» мерейтойлық медалі, 1965 жылы «СССР Қарулы күштерінің 50 жылдығы» мерейтойлық медалі, 1968 жылы «СССР Қарулы күштерінің 60 жылдығы» мерейтойлық медалі 1978 жылы берілген екен.

Үлкен әке

Әкемнің үлкен ұлы Сейілбек 1922 жылы өмірге келген. Биыл Сейілбек Әбдиевтің 100 жылдығы. Еңбекке ерте араласып, сауатын ашқан үлкен әкемнің балалық шағы жазушы Оспанәлі Иманалиевтің «Байқадам» повесінде баяндалады. 1938 жылы Жамбыл педучилищесіне түсіп, екі курсты бітіргеннен кейін Шымкент шаһарындағы мұғалімдер институты жанынан ашылған бір жылдық курсқа қабылданады. Курсты аяқтаған соң, Талас ауданындағы Бостандық орталау мектебіне физика-математика пәнінің мұғалімі етіп жіберіледі. Бұл кезде сұрапыл соғыс та басталып кеткен еді. Көп ұзамай 1942 жылы 19 жастағы жігітті Фрунзедегі жаяу әскер училищесіне алып кетеді. Оның толық курсын аяқтамай жатып, соғысқа биыл 100 жылдығын атап өткелі отырған Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровпен бірге аттанады. Содан 224-атқыштар дивизиясының 989 полкінде бөлімше басқарған Сейілбек Сталинградты қорғауға, Паулюстің армиясын қоршауға қатысады. Кейін Дондағы Ростов қаласы маңындағы шайқаста жараланады. Жарақатына байланысты Пенза, Алматы госпитальдарында емделіп, 1943 жылдың көктемінде елге оралады. Соғыс кезіндегі әскери атағы – сержант, қызметі – бөлімше командирі, взвод командирінің орынбасары болған. Майдан даласындағы ерлігі де ескеріліп, Сейілбек атам кеудесіне «Қызыл Жұлдыз», «І дәрежелі Отан соғысы» ордендері мен 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысындағы ерлігі үшін, Сталинградты қорғағаны үшін медальдарын тақты.

Ол кісі соғыс жылдары күнделік жазған екен. Сол бір сарғайған күнделік беттерін парақтай отырып талай сырға қанығуға болады. Күнделік 1942 жылы Фрунзе қаласынан тамыз айында майданға аттанғанында басталып, 1943 жылдың сәуірінде елге оралғанға дейінгі аралықта жазылған. Онда мынадай жолдар бар: «9.І хат жаздым (Сардан, Мұртаза, Ералыға). Көкеме, Мәдібайға, ауылға телеграмма жібердім. Көкемнің адресі: г.Семипалатинск, п/я 41, Н-3 Байзакову». Мұндағы Сардан деп отырғаны туған бауыры болса, көкем деп отырғаны – әкесі Әбді. «17 февраль 1943. Бүгін мен үшін жаман күн болды. Әмірбектен, Сарданнан хат алдым. Әмірбек соғысқа жүрдім деп жазған. Сардан «алынып, Алматы жаққа жүріп барамыз, бірнеше бала» деп жазыпты. Маған бұрынғының үстіне тағы уайым қосылды. «Бір күн ауру, бір  күн сау, жазылмадым дертімнен» деп Абай айтқан екен. Мен сол сияқтымын» деп жазыпты. Расында, әкесі мен бауырын ойлаған Сейілбектің уайымы айтпаса да түсінікті болса керек.

Кейін елге оралған соң Сейілбек Әбдіұлы талай қызметтің төрінде болды. Алғаш Бостандық орта мектебінде мұғалім болса, кейін 1943-1946 жылдары Талас аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі болды. 1950 жылға дейін Талас аудандық комсомол комитетінің хатшысы, 1951 жылдың ортасына дейін Қазақстан Компартиясы Талас аудандық комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, 1952-1953 жылдары Красногор аудандық партия комитетінің ауылшаруашылық бөлімінің меңгерушісі, 1953-1954 жылдары Талас аудандық партия комитетінің хатшысы, 1955-1959 жылдары Меркі қой совхозы партия ұйымының хатшысы, 1959-1962 жылдары Меркі аудандық партия комитетінің хатшысы, 1962-1963 жылдары Талас аудандық советі атқару комитетінің төрағасы, ал 1963 жылдан зейнетке шыққанға дейін Талас ауданы «Бостандық» совхозының директоры қызметтерін абыроймен атқарды. Республикалық дәрежедегі дербес зейнеткер атанды. Өмір жолын өнеге еткен талай шәкірттер тәрбиелеп, өз сүрлеуін салды. Сейілбек атам 1994 жылы 73 жасқа қараған шағында өмірден өтті. Жары Мадира Имашқызы екеуі сегіз ұл-қыз тәрбиелеп, немере сүйді.

Кіші әке

Әкемнің екінші ұлы Сардан атамның туған күні 9 мамыр болатын. ҰОС ардагері, «ІІІ дәрежелі Даңқ» орденінің, «Отан соғысы» ордені мен бірнеше медальдардың иегері, «КСРО Қаржы министрлігінің үздік қаржы қызметкері» Сардан атам ешқашан «Мен майдангер едім» деп ортасынан оқшауланбайтын еді, жарықтық. Жалпы, мұндай қасиет әкесі Әбдінің, ағасы Сейілбектің де қанында бар.

Сардан Әбдіұлы 1943 жылы Талас ауданы Ойық ауылынан соғысқа аттанады. Қиыр Шығыстың Розолный деген қаласында соғыс тәсіліне машықтанып, кейін Қытаймен екі арадағы шекараны күзетеді. Кіші атам бір естелігінде: «Қысқа таман бізді батысқа әкетті. Молотов қаласының түбіндегі бір станцияға келдік. Құдайдың құдіреті, әлгі станцияның аты «Ойық» деп аталады екен. Сөйтіп, «Ойықтан» шығып, «Ойыққа» келіппін. Сонда үш ай кіші командирлер оқуында болдым. Көктем шыға Беларусь жерімен біраз жаяу жүріп, 20 маусымда соғысқа кірдік. Бұл соғыс – Ұлы Отан соғысының тарихында «Үшінші соққы» деген атпен енді», деген еді. Сөйтіп, 96-гвардиялық атқыштар дивизиясының 93-ші полкі, І батальонында ПТР бөлімше командирі ретінде соғысып, жаудың қорғанысын талқандауға атсалысады. Сол ұрыстардың бірінде жараланып, екі айдай госпитальде ем алады. Кейін өз дивизиясына оралады. Варшава түбінде фашистердің қорғанысын бұзуға қатысады.

Табиғатынан көп сөйлемейтін Сардан атам майдан даласындағы кескілескен ұрыс жайында көп айта бермейтін. Алайда архив құжаттарынан қолымызға мынадай дерек түсті. Кезекті бір ұрыста ерлік көрсеткен Сардан Әбдиевті наградаға ұсынған 291-ші гвардия полкінің командирі, подполковник Тамаров былай деп жазады: «Враг закрепился в селе Селище Слуцкого района Минской области. Наши подразделения 1 июля 1944 года отразив контратаку противника, ворвались в село и завязали упорные уличные бои.

Тов. Абдиев одним из первых среди своего батальона ворвался в село, автоматом и гранатой уничтожал немцев на улицах, а также в домах и на чердаках. Заметив, что с чердака одного дома строчит вражеский пулемет, держащий под обстрелом улицу, тов. Абдиев незаметно пробрался на чердак, очередью из автомата снял вражеского пулеметчика и сам стал у пулемета и продолжал вести огонь по врагу.

Тов. Абдиев уничтожил до 50 немцев и подавил одну огневую точку противника. За проявленный подвиг, содействующий взятию вражеского опорного пункта достоин награждению правительственной наградой – орденом «Красное знамя». Бұл құжатқа сәйкес Сардан Әбдіұлы «Қызыл ту» орденіне ұсынылған екен. Бірақ, осы құжаттың жоғарғы жағына «III дәрежелі Даңқ» ордені деген бұрыштама қойылыпты.

Сардан соғыстан кейін де біраз уақыт әскер қатарында болады. Ол Рязань қаласындағы «Телявский» деп аталатын әскери офицерлерді даярлайтын училищеге жіберіледі. Оны толық бітірмей, соғыстан кейінгі жылдары өзінің жүрек қалауымен таңдаған қаржы саласында ұзақ жыл еңбек етті. Алғаш Талас аудандық дайындау мекемесінде есепші болып, кейін 1952 жылы Ленинград қаласындағы Қаржы министрлігінің бүкілодақтық жоғары мектебіне оқуға түседі. Оны 1955 жылы бітіріп, Жамбыл облыстық сақтандыру басқармасы бастығының орынбасары қызметіне орналасады. Кейін бес жыл Павлодар облыстық сақтандыру басқармасының бастығы, Оңтүстік Қазақстан өлкелік сақтандыру басқармасының тексеру бөлімінің бастығы, Жамбыл облысы Қордай, Талас аудандық қаржы бөлімдерін басқарып, 1986 жылы зейнетке шығады. Сардан Әбдиевтің есімі облыстық қаржы басқармасының Құрмет кітабына енгізілген. Жары Мәлике Ділдәбекқызы төрт қыз, екі ұл тәрбиелеп, немере сүйіп, әулеттің құрметіне бөленді. Ол кісі 2008 жылы өмірден өтті.

Ерман ӘБДИЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Ақпарат саласының үздігі.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support