Әлеумет

ДОСБОЛ-ШЫҒАНАҚ ЖОЛЫНА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛCЕ!

ДОСБОЛ-ШЫҒАНАҚ ЖОЛЫНА АСФАЛЬТ ТӨСЕЛCЕ!

Төменгі Шу бойын мекен еткен 1183 тұрғынның өтініші  осы

Күнкөрісін төрт түлік мал мен табиғат берген тұздан айырып отырған Қамқалы, Шығанақ және Жайлаукөл ауылдарында қазір 1183 адам тұрып жатыр. Құлан түзді мекен еткен халықты жол қатынасы қинап келеді. Досбол-Шығанақ тас жолы  кеңес заманында төменгі Шу бойындағы үш совхоз үшін салынған еді. Екі ауылдан да шығатын жолдың құмға енер тұсына дейін асфальт төселіп, енді құм ішіндегі 50 шақырым жол асфальтталады деп жүргенде   одақ  ыдырап, шаруашылықтар тарап кетті. Асфальт төселген тұстың да тас-талқаны шықты. Ұзындығы 100 шақырымға жуық жол Қамқалы ауылдық округіне қарасты үш ауылдың халқына жаман болса да әлі күнге дейін қызмет жасап келеді. Өйткені,  жолаушылар Шығанақ ауылынан аудан орталығы Жаңатасқа Мойынқұм ауданының Ұланбел, Талас ауданының Ақкөл ауылдары  арқылы қатынайтын болса, 370 шақырымға жуық жол жүреді. Ал, төте жол бар болғаны 200 шақырымдай ғана. Оның үстіне Досбол ауылынан Жаңатас қаласына дейінгі жолға асфальт төселіп, жалтырап жатыр. – Біздің  үш ауылдан да тұрғындардың көшетіні көшіп болды. Бұдан былай ешкім қозғала қоймайтын шығар. Қазір екі орта, бір негізгі мектеп бар, үш ауылда да денсаулық сақтау мекемелері, клуб пен кітапхана жұмыс істейді.  Аудандық орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің бөлімшесі де орналасқан. Былайша айтқанда, адамдардың тұруына жағдай бар. Өңірдің болашағы әлі алда. Тек қана Шу бойын жайлаған  тұрғындар үшін Досбол-Шығанақ жолы күрделі жөндеуден өтсе,-дейді Қамқалы ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Бақыт Баушенов. Аудан жолды шама-шарқынша жамап-жасқаған болады. Бірақ, ол құм өңірінің ауа райына   шыдас бермей, жыл өтпей бүлініп жатады. Оның үстіне, Көкдала ауылының тұсындағы жол жиегінде қалың өскен жыңғыл көлік қозғалысын қиындатып жіберді. Сондықтан жолды талапқа сай жөндеуге облыстық деңгейде нақты көмек керек.

Амангелді ӘБІЛ, «Ақ жол».

Сарысу ауданы.