2025 жылға дейін тұрғындар таза ауыз сумен және көгілдір отынмен толықтай қамтылмақ

9

Аймақ басшысы Нұржан Нұржігітов бұған дейін аудандарда атқарылған жұмыстармен танысып, олардың даму жоспарларын талдаған болатын. Енді басқарма басшыларының есебін тыңдауға кіріскен облыс әкімі жауаптыларға жұмысты ширату қажеттігін айтты. Кеше өңір басшысының төрағалығымен өткен кеңесте аймақ тұрғындарын таза ауыз сумен және табиғи газбен қамту мәселесі сөз болды. Басқосуда облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаевтың есебі тыңдалды.

Құдайберген Нұрсерікұлының айтуынша, ауыз су, табиғи газбен қамту, жылу энергетикасы және тұрғын үйлерді жөндеу бағытында 133 жобаға 38,0 млрд.теңге қарастырылған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 39,2 пайызға өскендігін көрсетеді. Қазіргі таңда облыстағы 371 елді мекенде 1 150,1 мың адам тұрады. Оның ішінде 4 қалада (Тараз, Қаратау, Жаңатас, Шу) 460,3 мың адам, 367 ауылдық елді мекенде 689,8 мың адам бар. Өткен жылдың қорытындысымен орталықтандырылған ауыз суға қол жеткізу көрсеткіші қалаларда 91 пайызды (419 мың адам), ауылдық елді мекендерде 88,8 пайызды (612,2 мың адам) құраған. Ал қала маңындағы тұрғын алқаптар алдағы 4 жылда кезең-кезеңімен тіршілік нәрімен қамтылмақ. Бұдан бөлек, биыл орталықтандырылған ауыз сумен қамтылмаған 69 ауылдық елді мекеннің 33-іне құбыр тарту жұмыстары басталып, 25 ауылға жыл соңына дейін су беріледі деп жоспарланған. Қалған 8 ауылдық елді мекен 2023 жылға өтпелі. Сондай-ақ 2024 жылға 15 жоба, 2025 жылға 21 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Сонымен қатар басқарма басшысы суды тазартудың кешенді блок-модульдері орнатылатын 31 ауылдық елді мекеннің 5-еуіне биыл қаржы қарастырылып, қалған 26 ауылдық елді мекенге 2023-2025 жылдары орнатылатынын жеткізді. Айта кетейік, қазіргі таңда облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, орталықтандырылған ауыз сумен қамтудың аудан бөлінісіндегі жоспары, су жүйелерінің және су беруші кәсіпорындардың жағдайы, ауыз су құнын субсидиялау жоспары, геологиялық іздеу-барлау жұмыстары, кәріз тазарту имараттары туралы толыққанды талдау жұмыстары жүргізілген.

– Негізгі жұмыстарды 2022-2023 жылдары атқару керекпіз. Сондықтан 15 жобаның да құжаттама жұмыстарына бүгіннен кірісіп, келер жылға дайындауға тиіспіз. 2025 жылға жұмыстардың ең аз көлемін қалдырып, толығуымен аяқтауға күш салу қажет. Сондықтан жоспарлы жобаларды қайта саралап, талдау керек, – деді Н.Нұржігітов.

Сондай-ақ жиын барысында тұрғындарды табиғи газбен, электр энергиясымен қамту, жылу-энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен бірқатар мәселелер де жан-жақты айтылды. Қазіргі таңда облыстағы 371 елді мекеннің 257-сі (69,3%) немесе 1018 адам (88,6%) табиғи газбен қамтамасыз етілген. Халық саны 200-ден аз ауылдарды қоспағанда, 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпек. Басқарма басшысы 44 елді мекенде жеткізуші газ құбырларының құрылысы жүргізіліп жатқанын тілге тиек етіп, 6 елді мекен бойынша жобалау-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджеттің кезекті нақтылауына ұсынылғанын атап өтті. Бұдан бөлек, 22 елді мекенге аудан әкімдіктері тарапынан жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Ал 14 елді мекенге аудан әкімдіктері тарапынан жоба әзірлеу қажет. Айта кету керек, 28 елді мекенде халық саны аз (200-ден төмен) болуына байланысты, газдандыру мәселесі алдағы жылдарға қалдырылып отыр.

Аймақ басшысы ауылдарға ауыз су, газ тартқанда құбырларды көшелермен жүргізу жұмыстары жүзеге асырылатын жобаларда міндетті түрде қамтылу керектігіне баса назар аудару қажеттігіне тоқталды. Осы орайда Нұржан Молдиярұлы 350-450 мың теңгеге үйіне дейін газ тартуға кез келген отбасының жағдайы жете бермейтінін айтып, көгілдір отын тұрғындардың аулаларына дейін жетуі тиіс екендігін жеткізді. Бұған қосымша, әлеуметтік осал топтағы отбасыларға бұл тұрғыда қолдау көрсетіп, демеушілік шараларын ұйымдастыру жолдарын қарастыру қажеттігін айтты.

– Халық саны аз деп ауылдарға газ, су тартып, жол салмайтын болсақ, әлеуметтік нысандармен қамтымасақ, онда ол елді мекендерге кім көшіп барады? Ауылдардың болашағын ойлау қажет. Оңтайлы жағдай жасайтын болсақ, жастар да сонда тұрақтайды. Осы тұрғыда кешенді түрде есептеулер жүргізіп, мүмкіндіктерді қарастыру керекпіз, – деген Нұржан Нұржігітов әрбір мердігер мен жауапты басқарманың жұмысы қатаң бақылауға алынатынын жеткізді.

Есен ӨТЕУЛИЕВ

Comments are closed.