- Advertisement -

ЖЕҢІСТІ ЖАҚЫНДАТҚАН АРДАГЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ

76

- Advertisement -

Жеңіс мерекесінің 77 жылдығына орай облыс әкімі Нұржан Нұржігітов соғыс ардагерлеріне құрмет көрсетіп, мерекелік шаралар барысында және үйлеріне арнайы барып құттықтады.

Өңір басшысы арнайы барып құттықтаған ардагер – Иван Макеев болды. 1927 жылдың 10 шілдесінде Тамбов облысының Мучкапск ауданында дүниеге келген ол мектепті бітіргеннен кейін Забайкалье майданында ерекше мақсаттағы радиодивизионның барлаушысы болып қызмет етті. Харбин, Мукден, Чань-Чюнь қалаларын азат ету шайқастарына қатысты. Соғысты Чань-Чюнь қаласында аяқтаған. 1951 жылға дейін осы қалада әскери қызметте болып, 1952 жылдан бастап милиция органдарында, Жамбыл стансасы желілік ішкі істер бөлімінде жұмыс істеген. Алматыдағы жоғары милиция мектебін бітіріп, қарапайым қызметкерден ОБХСС бастығына дейінгі қызмет жолынан өткен. Подполковник атағын алған. «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін», «Жапонияны жеңгені үшін» мерекелік медальдарымен марапатталған оны өңір басшысы Нұржан Молдиярұлы ерекше ықыласпен құттықтап, құрмет көрсетті.

Мереке қарсаңында құрмет пен қошеметке бөленген ардагердің бірі – Бекасыл Белгібаев. Ол 1943 Түркістан облысы, Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге алынып, көп ұзамай майданға жіберіледі. Қиыр Шығыстағы Чита қаласында атқыштар полкінде қатардағы жауынгер атанып, Қытайдың Маньчжурия аймағын жапон басқыншыларынан азат етуге қатысты. «Жапонияны жеңгені үшін» және бірнеше медальдардың иегері.

1948 жылы ақпан айында жеңіспен елге оралды. Бейбіт күнде механизатор, трактор бригадасының бригадирі болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Жалпы кеңшарда 45 жыл еңбек етті. Бекасыл ата 1922 жылы Жуалы ауданы, Ертай ауылында (қазіргі Кеңес) дүниеге келген.

Жеңіс күні қарсаңында ұрпақтары майдангердің 100 жас мерейтойын жасап берді. Бұл тойға облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев қатысып, майдангерді ғасыр тойымен облыс әкімінің атынан құттықтады. Ғасыр жасқа жеткен қартқа шапан жауып құрмет көрсетті. Онан соң облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов те құрмет жасап, ақ тілектерін ақтарды.

Ал 1922 жылы 15 ақпанда Жуалы ауданы, Жетітөбе ауылында дүниеге келіп, 1941 жылы әскерге шақырылған, Жамбыл қаласында құрылған 105 атты әскер полкіне алынып, соғыс өнеріне жаттыққаннан кейін 1942 жылы соғысқа аттанған Мұсахан Бердібаевты облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеров құттықтады.

М.Бердібаев Мәскеу, Иванов қалаларында, Дон бағытында, Сталинград, Курск, Калинин бағыттарындағы шайқастарға қатысып, 1945 жылы 10 қаңтарда ауыр жараланып, 2-ші топтағы мүгедек болып елге оралған. Елге келген соң мұғалім, аудандық партия комитетінің жауапты қызметкері, МТС директорының орынбасары, колхоз парткомының хатшысы, кәсіптік-техникалық училище директоры сынды қызметтер атқарған. 2-ші дәрежелі «Отан соғысы», «Қызыл жұлдыз» ордендерімен, көптеген мерекелік медальдармен марапатталған.

Сондай-ақ облыс әкімінің орынбасарлары Рүстем Дәулет, Талғат Мамаев, облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, Тараз қаласының әкімі Ержан Жылқыбаев және қала әкімінің орынбасарлары ардагерлерді ардақтап, арнайы құрмет көрсетті. Өңір басшыларының ықыласына бөленіп, құрметіне ие болған майдангерлер қатарында Владимир Колесниченко, Шалданбай Шанбаев, Анна Беляева, Мүтәліп Ережепбай, Базарбай Бүрбаев, Виктор Долганов, Генадий Иванов бар.

Келесі кезекте облыс әкімі бастаған зиялы қауым «Жеңіс» саябағындағы Кеңес одағының батыры, даңқты әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы ескерткішіне гүл шоғын қою салтанатына қатысты. Аймақ басшысымен бірге облыстық мәслихаттың хатшысы Махметғали Сарыбеков, облыстық, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері бірге еңселі ескерткішке гүл қойып, майдангерлерге тағзым етті. Осы мезетте «Оңтүстік» Өңірлік қолбасшылығының әскерилері үрмелі аспаптармен патриоттық әндер шырқады. Мерекелік іс-шарадан қалыс қалмаған қала тұрғындары майданда көзсіз ерлік көрсеткен жамбылдық жауынгерлердің тізімі жазылған тақтайшаға да арнайы барып, келместің кемесіне мінген батырларды бір сәт еске алды. Осы күні соғыс даласын көзбен көріп, кескілескен ұрыстың бел ортасынан аман оралған, бүгінде жүз жасты алқымдап қалған ардагерлер де Бауыржан Мошұлының ескерткішіне гүл қойып, қарулас достарына тағзым етті.

Маржан РАҚАЙ,
Есет ДОСАЛЫ,
Сәндібек ПІРЕНОВ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support