- Advertisement -

Жерлесіміз Азия чемпионатында алтын тағынды

41

- Advertisement -

Қол күресінен түрлі деңгейдегі жарыстарда топ жарған білекті спортшыларымыз Қаратаудан аз шықпаған. Тіпті әлем чемпионаттарында бақ сынап, ел намысын қорғаған жерлестеріміз де жетерлік. Пантелей Филикиди, Ерік Мамадияровтың есімі елімізге таныс.

Спорттың бұл түрі ер азаматтарға ғана арналған десек, қателескеніміз. Биік белестерді бағындырып жүрген бұрымдыларымыз да бар. Соның бірі – №31 аудандағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Елизавета Романенко.

Ол жуырда қол күресінен Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында 55 келі салмақта өзінің мықтылығын мойындатып, алтыннан алқа тағынды. Жерлесіміздің бұл алғашқы жеңісі емес. Бұған дейін 2019, 2021 жылдары ұйымдастырылған Азия чемпионатында тұғыр биігінен көрінген болатын.

Үш дүркін Азия чемпионы қазір қаладағы №1 мектеп-лицейінде (К.Маркс атындағы орта мектебі) оқиды

Жас чемпионның бапкері – халықаралық дәрежедегі спорт шебері Александра Желанина. Ол да Елизаветаға зор сенім артып отырғанын айтады.

– Азия чемпионатында үздік атанған спортшыларға Әлем чемпионатына баратын жолдама беріледі. Барып үлкен додада бақ сынағымыз-ақ келеді. Бірақ қаражат тұсау болып отыр. Жас спортшылардың жолын ашуға қаржылай жәрдемін беретін жомарт жандар табылып жатса, құба-құп. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Бұл жолғы жарысқа көмек танытып, қолдау білдірген аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Шыңғыс Рысбекке айтар алғысымыз шексіз, – дейді жас чемпионның бапкері А.Желанина.

Елизавета Романенко алдағы уақытта да әлемдік деңгейдегі жарыстарда топ жарып, чемпион атануды көздейді. Өзінің күш-жігері, майталман бапкерлері тұрғанда әркезде жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. «Осы жеңісім үшін өте қуаныштымын. Алдағы уақытта да чемпиондық жолда тер төге бермекпін, – деді Е.Романенко.

Нарбол ҚАШАҒАН,
журналист.
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support