- Advertisement -

Ғасырлардың мойнындағы тұмардай…

41

- Advertisement -

Өздеріңіздің сүйікті басылымдарыңыз облыстық «Aq jol» газеті ғасырлық мерейтойына орай «Адалдықты ардақ тұтқан «Aq jol»-ым» атты облыстық жыр мүшәйрасын жариялағаны белгілі. Мүшәйраға өлең-жырлар түсе бастады. Солардың бірқатарын назарларыңызға ұсынамыз. Ендеше, мүшәйраға қатысуға асығыңыздар, ақындар!

«Aq jol»-ға акроөлең

Жұлдыз БЕЙСЕК, ақын.

Алдаспандай жарқыраған ғасырда,
Ақиқатты асыл жол ғып, расында.
Айға, күнге жазды халық мұң, нұрын,
Айбарлы боп жетім, жесір жасын да.

Қаламсаптай Жамбыл бабам қолында,
Қасиетті із – дәуірлердің жолында.
Қарашықтай қадірлеймін қарпіңді
Қара ат жалы, атан түйе қомында.

Жаратқаннан жеткен бұйрық оқы деп,
Жүмілеге бар білімді тоқы деп.
Жамбылыма шамшырақтай «Ақ жолым»,
Жарық нұрдай, жазған хаттай Тоныкөк.

Отанымның гүлденуі үшін де,
Озат ойлы азаматтың ісін де,
Оймақтай ой – ел миына ем бол деп,
От көсеген жаздың батыр күшін де.

Лебіндейсің көне тарих көзінің,
Лағылындай қаламгерлер сөзінің,
Лайланбайтын тұнығындай теңіздің,
Лала гүлі, дархан дала – өз үнің.

Ғалам нұрға боялса егер ілімнен,
Ғаламат бар бастау алар білімнен.
Ғасырлардың мойнындағы тұмардай,
Ғибраттым, құттықтаймын жүз жылыңмен!

Ардың ісі – жазуға жат тақ-торың.
Ата-баба ақылындай Ақ тотым.
Алашымның жарқырай бер қолында
Адалдықты ардақ тұтқан «Ақ жолым»!

Жақсылықтың жаршысы да болғансың,
Жаңа айдай туылып һәм толғансың.
Жеңілмедің жұлмалаған тағдырдан,
Жолбарыстай ытқып шықтың тордан мың.

Үміті боп бейшараның тартыстың,
Үкіленіп шенділермен айтыстың.
Үйіндей боп баспанасыз қалғанға,
Үні болдың тілсіз, керең байқұстың.

Зеңгір көктен арайланса әр ақ таң,
Заманының тынысынан таратқан.
Зиялының кейде өзі боп сөйледің,
Зымияны көптеу болған қабаттан.

Жыртығына жамау болып тағдырдың,
Жырыңменен жайлы шақты ән қылдың.
Жастығы боп қарияның қисайған,
Жалынсыздың үміт отын жандырдың.

Ыстық күнде зәмзәм болып халыққа,
Ықтиярмен сүйреледің жарыққа.
Ынтымақты дәріптедің, бірлікті,
Ықылымнан жолың – дара, жалықпа!

Ләззат сыйлап оқығанға, бар елге.
Лашын құстай самғай берші әлемге.
Лек-легімен шыға берсін әр саның,
Лайықсың ардақ тұтсам төбемде.

Гүлмін мен!

Бәйшешекпін,
Түймедақпын,
Нәркеспін,
Шырқай алмас кеудемдегі әнді ешкім.
Гүл дегенің – қауашағы жасымның,
Сені көрмей
Көз жасыммен күн кештім.

Меруерт гүлмін,
Жұпар гүлмін,
Раушанмын,
Тағы мені сен күлімдеп қарсы алдың
Үзесің бе,
Қолыңа алшы қасыңа,
Сенсіз бұлтты аспанымнан шаршармын.

Еңлікгүлмін,
Қызғалдақпын,
Лаванда,
Жылы сөзің жаңғырады санамда
Күндей сені көруші ем ғой,
Бір күлші,
Күлкің тамсын сен түнейтін жанарға!

Түймедақпын,
Сарыгүлмін,
Лаламын,
Сенің бейнең сіңіп қалған жанарым,
Сұлумын ғой,
Қауыз жардым
Қарашы,
Саған деген сезімдерден жанамын.

Оянамын кеудеңдегі үлпілмен,
Жерде мен ғой күн төгетін күлкімнен,
Миллион гүлдің жұпары жоқ дәл мендей,
Саған қарап басымды иер Гүлмін мен!

 

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support