Экономика

Бюджетті игеру – басты міндет

Бюджетті игеру – басты міндет

Қаражатты игеруде ілгерілеу бар

Кеше облыс әкімі Кәрім Көкірекбаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің аппараттық кеңесі өтті. Онда негізінен екі мәселе күн тәртібіне қойылды. Алдымен облыс бойынша 2014 жылдың 1 қазанына бюджеттік қаражаттың игерілуі туралы облыс әкімдігі қаржы басқармасы басшысының орынбасары Батырхан Әкек хабарлама жасады. Оның мәліметіне сүйенсек, облыс бюджетінің 2014 жылдың 1 қазанына орындалуы кірістер бойынша 155 миллиард 678,1 миллион теңге сомасын құраған. Ол жоспарда 155 миллиард 298,8 миллион теңге болған. Сондай-ақ, облыс бюджетіне меншікті кірістердің түсімі бойынша жоспарда 26 миллиард 69,0 миллион теңге болса, 26 миллиард 448,3 миллион теңге сомасында түсімдер түскен немесе жоспар 101,5 пайызға орындалып, бюджетке 379,2 миллион теңге артық түскен. Одан бөлек: – Облыс бойынша бюджеттік қаражаттардың игерілуі жоспарда 158 миллиард 403,6 миллион теңге болса, игерілгені 153 миллиард 538,8 миллион теңгені немесе 96,9 пайызды құрап, 4 миллиард 864,8 миллион теңге сомасында бюджеттік қаражат игерілмей отыр, – деген хабарламашы бұл көрсеткішті өткен жылғымен салыстырғанда биылғы көрсеткіштен ілгерілеу байқалатынын жеткізді. Себебі, өткен жылы осы есепті кезеңде бюджеттік қаражаттардың 9 миллиард теңгеден астамы игерілмей, пайыздық көрсеткіш 93,3-ті құрапты. Сонымен қатар, жергілікті бюджет  қаражаттарын игеру бойынша әркелкі нәтижелер қалыптасқан. Мәселен, біраз аудандар бюджетті 97-98 пайыздық көрсеткіш төңірегінде игерсе, кейбір аудандарда ол әлі төмен болып отыр екен. Атап айтсақ,  Шу ауданында (96,2 пайыз) 334,4 миллион, Қордай ауданында (96,2 пайыз) 335,5 миллион, Сарысу ауданында (92,6 пайыз) 477,3 миллион, Талас ауданында (91,5 пайыз) 613,8 миллион теңге бюджет қаражаты игерілмеген. Дегенмен, хабарламашы Б.Әкек облыстық бюджет қаражатының биылғы тоғыз айдағы игерілуінен 2 миллиард 197,2 миллион теңге қалып қойғанымен, мұны өткен жылдың дәл осы есепті кезеңімен салыстырғанда 3 пайызға өсіп отырғанын алға тартты. Ал, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері бойынша да біршама көңілге қонымсыз жағдай қалыптасқан. Қысқаша шолып шығатын болсақ, бұлар  негізінен энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, кәсіпкерлік, құрылыс, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және ішкі істер мен дін істері салалары бойынша қалыптасып отыр. Былтырғы көрсеткіштермен салыстырмалы түрде алғанда оң динамика орын алғанымен, кезінде бюджет бөліске түскенде сұрап алған қаражаттардың ақыр аяғы игерілмей қалуын құптамайтынын атап көрсеткен облыс әкімі Тараз қаласы әкімінен бастап, барлық аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан игерілмеген қаржының әр тиынына шейін «есеп» алды. Қай қаржы қай жоба бойынша игерілмей жатқанын жіпке тізгендей етіп сұрап білген Кәрім Нәсбекұлы алдағы 2 ай 15 күн ішінде сол қаражаттардың толық игерілуін қамтамасыз етуді және  қатаң қадағалауда ұстауды міндеттеді. – Елбасымыз Н.Назарбаев егерде қандай да бір облыс бюджетті толық игермесе, сол игерілмеген ақшаны игеріп отырған басқа өңірге беретінін айтқанын жақсы білесіздер. Сондықтан, осындай жағдайда қалмас үшін жыл соңына дейін қолға алынып жатқан барлық жобалар бойынша қаржы толық игерілсін. Егер ондай болмаған жағдайда, бюджетін игере алмаған аудан әкімі жұмысынан кетуі керек, – деп ескертіп өтті облыс әкімі. Аудан әкімдерінің берген жауаптарына нақты сілтеме жасамай-ақ қояйық, бірақ игерілмей отырған қаражат көз алдыңа салынып бітпеген мектеп, балабақша, медицина мекемелерін, әлі де діттеген жеріне жетпеген таза ауыз су, жөнделмеген көшелер, бүгін-ертең іске қосылуы тиіс жылу қазандықтары сияқты көптеген құрылыс нысандарын алып келеді. Бұл нысандардағы жұмыстардың толық бітпеуін әкімдер мен басқарма басшылары конкурстардың кеш өткізіліп, кейбір нысандар бойынша жеңімпаздардың кеш анықталғанымен және әлі де анықталу үстінде екенімен түсіндіріп жатты. Әрине, бұл жауаптар сыныққа сылтау. Сондықтан алдағы екі жарым айға барын салса игі еді дейміз. Даму бағдарламалары бойынша қаражаттың игерілуі 91,3 пайызды құрап, әлі 3 миллиард 355,8 миллион теңге игерілмеген. Қысқасы, жоспардағысы бар, игерілмей жатқаны бар – облыс қазынасында әлі 50 миллиард теңгеден астам қаражат жатыр. Ендігі міндет – осы қомақты қаржыны игеру. Бұл жылдық жоспардың 25 пайызын құрап отыр. Осыған байланысты облыс әкімі қала, аудан әкімдері мен басқарма басшыларына жоспарланған бюджеттік қаражаттың уақтылы әрі тиімді игерілуін қамтамасыз ету бойынша пәрменді шаралар қабылдап, нысандарды күнделікті қадағалап отыру керектігін тапсырды. Салықтық түсімдерде   салғырттық болмауы тиіс Күн тәртібінің келесі мәселесі, яғни, үстіміздегі жылдың салықтық түсімдерінің 9 айлық қорытындысы бойынша облыстық салық департаменті басшысының орынбасары Мәди Базаров хабарлама жасады. Ол өз хабарламасында жалпы, 2014 жылдың 9 ай қорытындысы бойынша мемлекеттік бюджет болжамы 38,6 миллиард теңге болса, нақты түскені 37,6 миллиард теңге, яғни 1,0 миллиард теңгеге жоспардан кем орындалып немесе 97,6 пайызды құрағанын атап өтті. Ал, республикалық бюджеттің болжамы 12,5 миллиард теңге болса, нақты түскені 11,2 миллиард теңге немесе 1,3 миллиард теңгеге жоспардан кем түскен, яғни 89,4 пайызды құрап отыр. Салықтық түсім бойынша да кейбір аудандарда жағдай мәз емес. Десек те, толық орындауға мүмкіндік бар. Әсіресе, бюджеттік болжамын уақтылы орындамаудан Шу ауданы «көш бастап» тұр. Бұл мәселе бойынша да өңір басшысы нақты тапсырмалар берді. Кеңес соңында облыс әкімі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының жаңа басшысы Алмас Мәдиевті таныстырып өтті және оған саладағы өзекті мәселелер бойынша тапсырмалар жүктеді. Одан бөлек, өзге де бірқатар мәселелер қаралып, ол бойынша облыс әкіміне тиісті басшылардан өз мәліметтерін жеткізді. Мәселен, облыстың 75 жылдық мерейтойын атап өту бойынша облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Р.Тұрмаханбетова қысқаша хабарлап өтті. Ал, ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы А.Нұралиевке қазақ-қырғыз шекарасындағы буферлік аймақ мәселесін алу жөніндегі атқарылар шаралар төңірегінде тапсырмалар жүктелді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Алмас Мәдиевке де өңірдегі тігін индустриясын дамыту бойынша шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізуді жүктеді.

Жасұлан СЕЙІЛХАНОВ, «Ақ жол».