Сегіз қырлы, бір сырлы Даниярбек Анабекұлы айтулы азамат еді
Сегіз қырлы, бір сырлы Даниярбек Анабекұлы айтулы азамат еді
– Ал Дәке, әу деп жібер! Мереке, мерейтой, басқа да көңілді басқосулар мен отырыстарда Даниярбекке достарының қолқасы – осы. Оны отырғандар қоштай жөнеледі. – Бәріміз қосылып айтайық та, – дейді Даниярбек ыңғайсызданғандай. Бидай өңді жүзіне қызыл шырай ойнап шыға келіп. – Алдымен сенің әндеріңе бір сусындап алайық та. Сонан соң қосылсақ, қосылармыз. Әлі-ақ саған кезек тимей қалуы да мүмкін. Бірақ, сенің жөнің бөлек қой, – деп тақымдай түседі ондайда құрдастары. Содан соң-ақ үй ішінде ән әуелеп, қонақтар әсем әуенге елтіп отырғаны. Шабыс тілеген жүйрік аттың тізгінді сүзе тартып, ауыздықпен алысып өрге қарай өршелене түскеніндей екпінмен бір-екі әнді іркес-тіркес орындап барып тоқтайды. Ел ән-әуенге сусындап рахаттанса, Дәкең көкіректі кернеген көңіл толқынын сыртқа шығарып рахаттанады. Оқырман мақала кейіпкерін «әртіс немесе мәдениет қызметкері шығар» деп ойлап қалды-ау шамасы. Жоқ, әңгімеге арқау болып отырған Даниярбек ағамыз ешқандай әртіс те, мәдениет қызметкері де емес еді. Мамандығы – экономист. Сол салада қызмет атқарып, сол саладан зейнеткерлікке шыққан. Бірақ, өнер оның өмірінің өзегі, рухани азығы болды. Негізгі қызметін атқара жүріп, өнерден де қол үзген кезі жоқ. Жалпы, оның өмірін өнерсіз елестету де мүмкін емес. Ата-бабаның ата қонысы Үшаралда дүниеге келіп, сол жерде мектеп табалдырығын аттаған Даниярбек Омаров орта мектепті Ақкөлде бітірген. Анау-мынау емес, күміс медаль иегері. Әкесі Анабек – Ұлы Отан соғысына қатысқан Жеңіс жауынгері. Соғыстан кейін партия-кеңес, сауда қызметінде болды. Кейін Одаққа аты шыққан мемлекеттік асыл тұқымды мал зауыты болған «Талас» қаракөл қой кеңшарында партия ұйымының хатшысы, Талас аудандық тұтынушылар кооперациясының төрағасы, Жамбыл ауданында Крупская ауылдық кеңесінің төрағасы лауазымдық қызметтерін атқарған. Қар жастанып, мұз төсенген қан майдандағы азаптың салдары шығар, небәрі алпыс жасында дүниеден озды. Бірақ, мағыналы да мәнді ғұмыр кешіп, ел экономикасының дамуына үлес қосқан азамат. Анасы Фатима Сұлтанмұратқызы кітапханашы болған. Отбасындағы үш перзент – Күлзипа, Даниярбек, Балқаштың білімді, рухани бай болуы анасының мамандығы мен отбасындағы тәрбиенің әсерінен екеніне дау жоқ. Мектептен кейін Жамбыл жеңіл және тамақ өнеркәсібі технологиялық институтына түсіп, бухгалтер-экономист мамандығын алып шыққан Даниярбек Омаров жолдамамен Жамбыл ауданындағы Крупская атындағы колхозға жіберілген. Осы шаруашылық тарағанға дейін экономист, бас экономист қызметін атқарды. Арасында шамалы уақыт көрші «Қызыл-Октябрь» колхозында бас экономист болғаны бар. Ол осы шаруашылықтарда Мұса Сыздықов, Хамзабек Қаратаев, Смағұл Әбілеков, Қашен Әушенов сынды өндірістің шебер де ұтқыр ұйымдастырушыларымен, Райымбай Момбаев, Тұрар Есбаев, Шәдіхан Әбілдаев сынды бас мамандармен, Наушан Тастанбеков, Махамбет Ұлтанбаев, Балтабай Ахметовтей әріптестерімен, кейінгі толқын ізбасар інілері Көпбосын Нұрманов, Тастемір Бижігітов, Ерлан Қыдырәлімен тізе түйістіре, түсіністікпен бірге қызмет атқарды. Замандастары Совет Шалеев, Таубай Тілеубаевтармен әзіл-қалжыңдары жарасқан сыйлас достар болды. Даниярбектің өнеріне тамсанып, таңданғандар «Дәке-ау, сенің орның үлкен сахна еді ғой, Халық әртістерінің санын бір адамға кеміткенің-ай» деген сыңайда әзіл айта қалса, Даниярбектің қарсы сауалы дайын: «Немене, мен сонда жаман экономистпін бе?» дейді ол. «Жоқ, олай емес, сіздің білікті маман, білімді экономист екеніңізге еш күмән жоқ қой. Сонда да болса...» деп жалтарып шыға келетін әзіл айтқандар ондайда. Иә, олары рас, Даниярбек Омаров білімді, білікті маман болды. Ол уақытпен санаспай жұмыс жасайтын ауыл еңбеккерлерінің еңбегін жоғары бағалайтын. Экономист екенмін деп олардың айлықтарын орынсыз қысқартқан кезі жоқ. «Экономист деген қаржыны үнемдеуі керек қой» деп уәж айтқандарға «Елдің шеті, желдің өтінде, шілденің ыстығына шыжғырылып, ақпанның аязына тоңып жұмыс істеп жатқан дала еңбеккерлерінің жұмысы мөлшерлеуге келмейді. Таңғы сағат 9-да отарды өріске шығарып, кешкі сағат 6-да қораға қайта қамаған қай шопанды көрдің. Сондықтан олардың еңбекақысынан үнемдеумен шаруаның қай жыртығын жамарсың. Одан да басқа орынсыз шығындарға жол бермеу керек» дейтін Даниярбек турасынан. Сол турашылдығымен басшыларға жақпаған кездері де бар. Сол ұстаныммен-ақ шаруашылық мүлкін шашау шығармай, экономикасының дамуына зор үлесін қосты. Әдетте, есеп-қисап қызметкерлері, әсіресе экономистер жоғары марапаттарға ұсыныла бермейді. Даниярбек ондай марапаттардан дәметкен де емес. Оған шаруашылық экономикасы дамып, еңбеккерлердің табыстары артып, әл-ауқаттары жақсарып жатса болғаны. Негізінде адал ниетті адамдардың мақсаты солай ғой. Солай болғаны да дұрыс. «Отан отбасынан басталады», «Үйінде мереке болмағанның жұмысында береке болмайды» деген қағида өмірдің өзінен алынған. Бұл жердегі «мереке» деп отырғанымыз – отбасындағы тату-тәтті тірлік, жұбайлық жарастық, балалардың бақытты өмірі, шат күлкісі. Бұл жағынан Даниярбек Анабекұлы бақытты отбасының отағасы болды. Өзімен бір сыныпта оқыған Ұлжан Алдашқызы екеуі 1970 жылы жүректі де, тілекті де бір арнада тоғыстырып, 51 жыл қосылған қос өзен секілденіп бір арнамен ағыпты. Өмірге өкпелері жоқ. Алланың ісіне адамның амалы қайсы, екеуін ажал айырды... Ұлжан Алдашқызы мектептен кейін Алматы мемлекеттік медицина институтына түсіп, балалар дәрігері мамандығын алып шыққан. 1972 жылы отағасы Даниярбек жолдамамен жіберілген Крупскаяға ол да келген. Ол кезде ауылдық жерде жоғары білімді медицина мамандары тапшы. Әсіресе балалар дәрігері жетіспейтін. Ұлжан ауылдағы учаскелік ауруханаға қызметке орналасқан. Бала болған соң, ауырмай тұра ма? Көбінесе суық тигізіп алады. Қанша қадағалап отырсаң да, қолды-аяққа тұрмай желең шығып кетеді ғой далаға. Суық содан тиеді. «Бала ішегін сүйретіп жүріп ойнай береді» дейді қазақ баланың бейқамдығы туралы. Негізінен бұл баланың емес, ата-ананың бейқамдығы. Сол үшін Ұлжан талай ата-анаға ұрысты да. Жеке бас араздығы жоқ абысын-ажынға да қаттырақ айтуға тура келген кездер болған. Сонда кім үшін? Әрине, бала болашақ үшін ғой! Ауруханадағы емдеу, емханадағы қабылдаудан басқа уақытта да тыным жоқ. «Балам ауырып жатыр» деп көмек сұрай келген адамға қалай жоқ дерсің? Қалай бас тартарсың барудан? Ондайда әлгі шақыртушының алдына түсіп алып дедектей жөнелгеніңді өзің де білмей қаласың. Өйткені ана жақта бала ауырып жатыр. Ата-ананың бауыр еті сыздап жатыр. Соған көмектесу керек. Шақыртуға К-700 тракторымен келгенде, ер-азаматтың өзі тырмысып әрең мініп жататын таудай биік тракторға қалай жылдам мінгенін өзі де аңғармай қалады ғой. Аңғаруға мұрша жоқ, ана жақта кішкентай тіршілік иесі қиналып жатқан болуы да мүмкін. Тезірек жету, көмектесу керек. Осылай «кішкентай» адамдардың денсаулығы күзетінде жүргенінде зымыран уақыт зымырап өте шығып, әже де болып қалыпты-ау. Оған мың да бір шүкіршілік! Омаровтар отбасында (Даниярбек пен Ұлжанның) төрт перзент дүниеге келген. Бәріне де жақсы тәлім-тәрбие берді, оқытты, мамандық алуларына мүмкіндік туғызып, жағдай жасады. Бүгінде олардан оннан астам немере сүйіп отыр. Тіпті Сафина атты шөбере де бар. Бәрі де балдай тәтті. Даниярбек ұлдарының мамандық таңдауына шек қойған емес. Алматыда қазақ ауыл шаруашылығы институтын инженер-механик мамандығы бойынша бітірген Еркебұланы қатардағы инженерден шаруашылық жетекшісі, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасарына дейінгі лауазымдарда қызметтер атқарған. Қазір кәсіпкер. Тұяғы бүтін тұлпар, қанаты бүтін сұңқар жоқ, екінші ұл Ерлан толысып тұрған шағында қайтыс болып кетті. Әке жолын қуып, әкесі бітірген техникалық институттың (қазір Тараз өңірлік университеті құрамында) бухгалтерлік есеп факультетін бітірген Жандары – экономика ғылымдарының кандидаты, республика қаржы министрлігінде жауапты қызметтер атқарған. Қазір «Қазагро-Бәйтерек» холдингінде, «ҚазАгроНесие» корпорациясы басшысының орынбасары. Дәурен де әке жолымен есеп-қисап саласын таңдап, ТарМУ-дің экономика факультетін бітірген, қосымша заңгерлік мамандығын алған. Қазір ол Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының (сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет) Жамбыл облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы. Міне, Даниярбектің «әке көріп оқ жонған» балалары осылай оның өмірін жалғастырып жатыр. Адамда арман таусылған ба, алдағы уақытқа талай тамаша тірлікті жоспарлап жүрген Дәкең 74 жастың күнтізбесін жауып, 75-ке аяқ басқан шағында қапыда келген қауіпті індеттің қармағына ілініп, келместің кемесімен бақилыққа аттанып кете барды. Оған да бір жыл толыпты-ау! Ұрпақтары әкелерін еске алып ас беріп, әруағына құран-дұға бағыштағалы жатыр. Қабыл болсын! Осы мақаланы дайындау барысында Даниярбекті өнерден, өнерді Даниярбектен бөліп қарауға болмайтынын байқадым. – Біз жарты ғасырдан астам тату-тәтті жұбайлық ғұмыр кештік. Данияр өнерді өте сүйетін, өнерге өте жақын, өмірін өнерсіз елестету мүмкін емес рухани бай адам болатын. Сол бай қалпында өтті өмірден. Оқушы кезінде ата-анасы сатып әперген аккардеоны өзімен бірге қартайды, – деді біз телефон арқылы хабарласқан Ұлжан жеңгей. Мектепте, институтта көркемөнерпаздар үйірмесінің белді мүшесі болды. Өткен ғасырдың 70-інші жылдары облыстық «Алатау» халықтық ансамблінің құрамында талай жерді шарлаған. Сазгер Ескендір Хасанғалиевтың «Анаға сәлем», «Әдемі-ау», «Алтыным» әндерін беріле орындаушы еді. Әулиеата өңіріне шығармашылық сапармен келген Ескендір ағасына өтініш жасап, уақытының тығыздығына қарамастан, студенттермен кездесуін де ұйымдастырған Данияр ғой ол. Ол өнерді өлердей сүйді. Өнерге ғашық болатын. Тіпті дүниеден өткенге дейін немерелеріне ән үйретіп, өзі қосылып айтып отыратын. Даниярдың репертуарында халық әндері, қазіргі заманауи әндер көп еді. Ол «Дариға-дәурен», «Ауылға барам», «Алтайдың аржағынан келген ару», «Нұрикамал», «Жалын кешкен» әндерін жиі орындайтын. Беріле орындайтын. Тіпті жайшылықтың өзінде ыңылдап жүруші еді. – Сізге ән арнаушы ма еді? – деп әзілдегенбіз қайнылық жоралғысымен. – Мен Даниярдың махаббат тақырыбында салған әндерінің бәрін де өзіме арналған деп қабылдадым, – деп жауап берді Ұлжан жеңеше әзілге әзілмен. Өте орынды. Шын сыйласқан, шын түсініскен жандар ғана осылай десе керек. – Данияр мамандықтан жаңылысқан адам ғой. Оның консерваторияда оқуы, сахнада жүруі керек еді, – дейді жиені Әбдімәжит Жүнісбеков өкініш білдіріп. Мұны Данияр үшін емес, өрісі тар болған өнер үшін өкініш ретінде қабылдаған жөн-ау. Өйткені «мен жаман экономист болдым ба» депті ғой өзі де әзілдескен құрдастарына. Қалай дегенде де, саналы ғұмыр кешіп, қоғамға пайдалы тірлік жасап, «өмірдің тетігіне кірпіш болып қаланған» азаматтардың бірі Даниярбек Анабекұлы мына өмірге бекер келіп, бекер кеткен жоқ. Алланың маңдайына жазған несібесін иеленді, өмірге өз мүмкіндігіне қарай берерін берді. Шүкіршілігі осы. Енді Алла азаматтың о дүниесін берсін деп тілейік. Жалпы, Даниярбек ағамыз мінезі салмақты, ойлы, сегіз қырлы, бір сырлы кісі еді. Қырларын көзінің тірісінде өнерімен де, ісімен де көрсетіп кетті. Сырын Ұлжан жеңгеміз біледі де...
Болат ЖАППАРҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.