- Advertisement -

1922-2022:ШЕЖІРЕЛІ ЖЫЛДАР

50

- Advertisement -

(1952 жыл)

1 қаңтар. №1 (3421). Бәрі өзгеріссіз бұрынғысынша қалған газеттің жаңа жылдық санында ақындардың өлеңдері «Жайна елім, гүлде, көгер, шырқа, әнге сап!» деген жалпы тақырыппен берілді. Жырдан шашу шашқандар ішінде Жақсыбай Жантөбетов, Шона Смаханов, Сағатай Оңғарбаев, Сраил Керімбаев, Шекербек Садықанов бар.

24 ақпан. №40 (3460).

Ақыртөбе орта мектебінің (Луговой) ауданы) оқушы қыздарының облыстың жеті жылдық және орта мектептерінің барлық оқушы қыздарына Ашық Хаты. Онда артта қалған азаматтардың азғыруына еріп, ерте тұрмысқа шықпауға, оқуды тастамауға шақырған. Хатқа мектептегі 184 оқушы қазақ қыздарының атынан О.Құрманбаева, З.Уәлиева, М.Қанаева, Р.Әлімқұлова және басқалар қол қойған. Газетте мұның алдында жас қыздарды азғырып тұрмысқа шығуға көндіру оқиғалары бары туралы фельетон жарияланған еді.

17 қыркүйек. №185 (3657).

Облыстық бесінші партия конференциясынан жарияланған есеп. Конференциядан кейінгі алғашқы пленумда Шолақ Артығалиев обкомның 1-ші хатшысы болып сайланған. Онда, сондай-ақ облыстық «Сталиндік жол» газетінің бас редакторлығына Ғайса Сармурзин, орыс тіліндегі облыстық «Коммунист» газетіне Я.Ф.Муляр бас редактор болып бекітілді.

30 желтоқсан. №258 (3699).

«Екі ел – екі түрлі өмір» деген тақырыптық бет сол кезгі саясаттың қандай болғанын аңғартады. Ол «Күн сәулелі Қазақстан» және «Түн түнекті Турция» деген қосымша тақырыптарға бөлінген. Сталин мен Берияның сөздерінен үзінділер берілген. Тайыр Жароковтың «Отан үні», Назым Хикметтің «Үнсіздік» аталатын өлеңдері де саяси тапсырыспен жазылған.

(1953 жыл)

1 қаңтар. №1 (3702). Газеттің форматы бұрынғы күйінде қалғанымен де, таралымы едәуір өсіп 5000 данаға жетті. Жаңа жылдық санының басты тақырыбы мерекелік жарияланымдарға қоса мал қыстату барысы, көктемгі егіске әзірлік, еңбекшілер депутаттары облыстық кеңесінің сайлауы болды.

31 қаңтар. №24 (3724).

«Сайлаушылар арасындағы үгіт – бұқаралық жұмыстар күшейтілуде» топтамасына газет жер-жердегі автор-тілшілерінің хат-хабарларын пайдаланды. Солардың ішінде Жуалы ауданындағы №32 Петровка сайлау учаскесіндегі үгіт жұмыстары туралы Шырынбек Әбдешұлының (кейінгі сандарында жазғандары шығып тұрды), Талас ауданындағы Бірлестік 7 жылдық мектебінен М.Қыстаубаевтың шағын хабарлары бар.

6 наурыз. №50 (3750).

Бұл күнгі санының бірінші беті аза тұтудың белгісі қара сызықпен қоршалып шықты. И.Сталиннің 5 наурыз күні кешкілік 9 сағат 50 минутта ауыр науқастан қайтыс болғаны жөнінде партия мен үкімет басшылығының хабары, медициналық қорытынды берілді. 6, 7, 8 және 9 наурыз бүкіл елде қаралы күндер деп жарияланды. Облысымызда да қаралы митингілер өтті. Газеттің бірнеше саны осыған арналды.

15 шілде. №141 (3841).

Республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінде «Озаттар тәжірибесін осылай жазу керек пе?» деген баспасөзге шолу жарияланып, онда «Сталиндік жол» газеті қатты сынға ұшыраған еді. Бұл санында газет оны көшіріп басты және редакция атынан сөз қосып, сынды толығымен дұрыс деп табатындықтарын, тиісті қорытынды шығаратындықтарын оқырмандарына жеткізді.

16 қыркүйек. №186-188 (3888).

Сегіз бет болып шыққан бұл санында КПСС Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Н.С.Хрущевтің «КСРО Ауыл шаруашылығын одан әрі өркендету шаралары туралы» баяндамасы бойынша қабылданған қаулы берілді.

5 желтоқсан. №242 (3942).

КСРО Конституциясы күніне арналған мерекелік санында берілген «Облысымыздың таңдаулы адамдары» тақырыптық беті әсерлі оқылады. Онда Жамбыл ауданының «Октябрь» колхозының звено бастығы, Социалистік Еңбек Ері Күнімжан Құбылованың, облыстық әйелдер босанатын аурухананың меңгерушісі, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты Әмина Галееваның, Жамбыл педучилищесінің мұғалімі, «Құрмет белгісі» орденді Жақыпбек Қасымбековтің суреттері беріліп, қысқаша таныстырылды.

(1954 жыл)

13 қаңтар. №9 (3966). Облыстық алтыншы партия конференциясы өтіп, одан кейінгі пленумда Ш.Артығалиев – бірінші, Н.И.Бойко – екінші, С.Баеділов – үшінші хатшы болып сайланды. Облыстық «Сталиндік жол» газетіне Ғайса Сармурзин, орыс тіліндегі «Коммунист» газетіне Я.Ф.Муляр бас редакторлыққа бекітілді.

14 сәуір. №78 (4035).

Жас ақын-жазушылардың екі күндік кеңесі. Газет «Дүрілдетіп еңбекті, жаңғыртамыз жер-көкті» деген жалпы тақырыппен жамбылдық ақындардың өлеңдерінен топтама ұсынды. Олардың арасында Дулат Шалқарбаев, Срайл Керімбаев, Ергеш Досалиева, Шекербек Садықанов, Қоблан Көрегенов, Әмірбек Есенбаев, Қалмағамбет Тұрғанов, Тұрар Ізбасаров, Тойбек Исмайлов, Жақыпбек Тәжіков бар. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын Сырбай Мәуленов газеттің осы санында жарияланған «Жастар дауысы» мақаласында кеңеске қатысқан 20-дан аса жас ақын-жазушылардың шығармашылық беталыстары туралы жылы лебіз білдірген. Кеңестен соң облыстық «Сталиндік жол» газетінің жанынан әдеби бірлестік құрылды.

Дайындаған Тұрсынхан ТОЛҚЫНБАЙҰЛЫ.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support