- Advertisement -

Нұр-Сұлтанда ер адам 8-қабаттан құлаған қызды қағып алды

103

- Advertisement -

Нұр-Сұлтанда ер адам 8-қабаттың терезесінен құлаған қызды қағып алды.

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 11 мамыр күні сағат 10.21-де Ұлы Дала көшесі 27/1 мекенжайында сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне баланың ілініп қалғаны туралы хабарлама түскен.

Оқиға орнына жеке құрамның 7 адамы мен 2 техникадан тұратын Нұр-Сұлтан қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері жөнелтілді.

«Келген сәтте сегізінші қабаттағы балконның ернеуіне ілінген баланы төменгі қабатта тұратын ер адам құтқарғаны анықталды. 2019 жылы туған қыз құлаған кезде ата-анасы үйде болған, бірақ баланың жанында ешкім болмаған. Бақытымызға орай, 1985 жылы туған жетінші қабатта тұратын Сәбит Шонтақбаев жылап жатқан баланы көріп құтқару бойынша іс-қимыл жасап, санаулы секундтарда баланың өмірін сақтап қалды», — деп хабарлады ТЖД.

Ер адам көрсеткен ерлігі мен батылдығы үшін марапатқа ұсынылатыны атап өтілді.

«Құрметті ата-аналар, бұл бала аман-есен құтқарылды, бірақ соңы қайғымен аяқталған көптеген жағдайлар бар. Балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар! Егер үйде кішкентай бала болса, терезелерді ашық тастамаңыздар, өйткені баланың әрекет етуі үшін бір секунд жеткілікті», — деп қорытындылады құтқарушылар.

Өз өмірін қатерге тігіп, кішкентай қызды құтқарған 36 жастағы Сәбит Шонтақбаев оқиғаның мән-жайын айтып берді.

«Мен Қызылордадан жұмыс істеуге келгенмін. Құрылысшы болып, әртүрлі жұмыс істеймін. Балаларымды бағуым керек. Төрт ұл, үш қызым бар. Балалар Қызылордада тұрады. Үй жалдап, осында жұмыс істеймін», — деді Сәбит Шонтақбаев өз сұхбатында.

Ер адам жұмысқа асығып бара жатып, шығар алдында сегізінші қабатта терезеден асылып тұрған қызды көргенін айтты.

«Мен терезеден ұстанып, асылып тұрған баланы көрдім. Жалғыз ой оны құтқару болды. Сол сәтте өзімді ойлай да алмадым», — деді ол.

Ер адам ептілігі мен дене бітімі әскери карьерасына байланысты екенін түсіндірді. Бұған дейін Сәбит Шонтақбаев шекарашы болып жұмыс істеген.

«Әйелім видеоны көріпті, жарайсың деді. Қыздың ата-анасын көрмедім. Жұмысқа асығып бара жатқанмын, оны құтқарып, жетінші қабаттағы көршісіне тапсырдым. Сосын жұмысқа кеттім», — деп қосты ол.

tengrinews.kz

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support