ЧЕРНОБЛЬ АПАТЫНЫҢ ЗАРДАБЫ ӘЛІ ЖОЙЫЛҒАН ЖОҚ

8

Осынау апат халықтың есінен кеткен емес. Әншейін ақпаратын естігенде қаншама халық жағасын ұстап, алыста жүріп шошынып еді. Сол жарылыс болған жерге барып, апат зардаптарын жоюға атсалысу қандай баға жетпес батырлық десеңізші. Сондай батырдың бірі – Сәбит Иманқұлов.

Ол Мойынқұм ауданының Кеңес ауылында туылған. Алдында әскери борышын өтеп, Жаңатаста еңбек етіп жүрген болатын. 1987 жылы ақпанда жергілікті әскери комиссариат арқылы Чернобыль зардаптарын жоюға арнайы шақырылады. Әскери комиссариаттың шақыруын бұлар отандық міндет, борышымыз деп қабылдаған. Қазіргі таңда сол бір ауыр жылдардан айтқан әңгімелері де жүрегіңді толқытып жібереді.

– Арғы атамыз – Қуанышбай. Қуанышбайдан Әділбек, Темірбек, Жазылбек тарайды. Жазылбек деп отырғаным кәдімгі даңқты шопан, екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаев. Темірбектен біз тараймыз. Әкем Иманқұл Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер кісі екен. Соғыстан келген соң, ұзақ жүрмей, өмірден озады. Соғыстың зардаптары жанына әбден батып, ауыр науқасқа шалдықса керек. Анамның аты – Нұрлы. Біз жасымыздан нағашы атам Есдәулет пен нағашы апам Әуездің қолында өстік. 1980-1982 жылдары Моңғол Халық Республикасының аумағында әскери отандық борышымды өтегенмін. Ал 1987 жылы ақпанда Чернобыль апатының зардаптарын жоюға шақырылдық. Пойызбен Мәскеуге жеттік. Мәскеуден Беларуссияның Гомель қаласына жеттік. Одан әрі Гомель облысының Пойник ауданы, Новсилов ауылына жеттік. Ол ауылда адам өте аз. Тек жасы келген қарт ата-апалар ғана тұрады екен. Радиация зардабы бар ауыл ғой. Осында біз тұрып борышымызды атқардық. Қазақстаннан барған 27-полк әскерлері едік. Шопыр болып еңбек еттім. Радиация қонған ауылдарды жуып-шайып, зардабын азайтып жүрдік. Содан бізді Украинаның Киев облысына ауыстырды. Ледеев деген ешкім тұрмайтын ауылға бардық. Радиация салдарынан тұрғындары басқа аумаққа көшірілген ғой. Біз сол радиацияның арасында жүріп жұмыс істедік. Сол ауылдағы интернатта жаттық. Өздері бастап жұмысқа апарып жүрді. Күніне ең ұзақтығы екі сағат жұмыс істейміз. Тіпті радиацияның ауырлығына қарай 5 минут, 10 минут жұмыс істейтін жерлер де болды. Ол енді 5 минутта 2-3 сағаттың зардабын алып шығасың деген сөз ғой. Қандай қатердің аузында болғанымызды осыдан байқай беріңіз. Біз әлгі радиация ортасындағы ешкім тұрмайтын ауылда 20 күн болдық. Онан соң бұрынғы Гомель облысындағы 27-полкімізге қайттық. Ол жерде маусым айының ортасына дейін болдық. Әр күн, әр сағатың қатерге толы ғой. Содан маусымның ортасында бізге Тәжікстаннан сарбаздар келіп, орнымызды алмастырды. Біз ауылға қайттық. Дәрігерлер денсаулығымызды тексеріп, қандай ем алып тұруымыз керектігін тегіс айтты. Бәрібір радиация зардабы өте қиын. Оның зардабын әлі де татып келеміз, – деді апатты күндердің куәсі Сәбит Темірбеков.

Сәбит айтқан ақпар жағамызды ұстатады. Облыс аймағынан Чернобыль апатын жоюға 1200 адам жіберілсе, қазіргі таңда 280-і ғана қалыпты. Барлығы 50-55 жастағы кісілер ғой. Тіпті апатты аймақтан келе сала шетінен ауырып, талай жігіттер жап-жас күнінде де өмірмен қоштасыпты. Өзіңіз ойлаңызшы, адам баласы тұрмайтын, зардабы өте қатерлі аумақта бұлар бірнеше ай тұрды ғой. Сәбит Иманқұлұлы өмірден озған бірнеше кісінің аты-жөнін еске алды. Ол тізім өте көп болғандықтан, атап өту мүмкін емес. 1996 жылы Чернобыль апатына қатысқандардың облыстық ұйымы құрылыпты. Үшарал Оразбеков деген азамат осы ұйымды құру үшін аянбай жүгіріп, тер төккен екен. Кейіннен Сәбит Темірбеков те осы ұйымды 3 жыл басқарғанын айтады. Денсаулығым жарамаған соң, кейінгі жастарға бердім дейді. Үкімет тарапынан Чернобыльге қатысушыларға қолдаулар бар екен. Жергілікті мәслихаттың шешімімен жылына бір реттік 100 мың теңге беріліп тұрса, осынау апат салдарын жоюға қатысушылар 8 сотық жер телімін Тараз қаласынан тегін ала алады екен.

– Президентімізге рақмет. Чернобыль апатына қатысқандарға қатысты заңымызды қолдап отыр. Чернобыль апаты жайлы екі кітап жазып, жинақтаған Марат Жүнісбек деген азаматқа мың рақмет. Алдағы уақытта да біздің санаттағыларға көбірек жеңілдік жасалса. Себебі Чернобыль апатына қатысушылардың бәрі де мүгедек, ауыр дертке шалдыққандар. Ол уақыт өткен сайын күшейе береді екен. Былтыр аталған оқиғаның 35 жылдығына орай бәріміз медальмен марапатталған едік. Тараздағы жиырма шақты жігіт ала алмады. Байланыса алмадық. Сол жігіттер осы газетті оқыған болса, Тараз қалалық ішкі саясат бөлімінен қолдарындағы билеттерін көрсетіп, медальдарын алып кетсе болады. Енді мұндай апат болмасын. Еліміз бақытты, бейбіт ғұмыр кешсін дейді, – Сәбит Иманқұлұлы.

Есет ДОСАЛЫ

Тараз қаласы.

Comments are closed.