Мүлкіңді жария ет, жамағат!
Мүлкіңді жария ет, жамағат!
Сонда жүзің де жарқын, жаның да тыныш болады
2014 жылдың 30 маусымында еліміздің азаматтарына, оралмандарға және елімізде тұруға ықтиярхаты бар адамдарға, олардың мүлікті жария етуіне байланысты рақымшылық жасау туралы Заңы қабылданды. Аталған Заңды орындау мақсатында, ағымдағы жылдың 29 тамызында Үкіметтің №959 қаулысымен мүлікті жария етуді өткізу жөніндегі комиссия туралы ережесі, комиссияны құру және комиссия жұмысын ұйымдастыру қағидалары бекітілді. Мүлікті жария ету дегеніміз – табыстарды жасыру мақсатында заңды экономикалық айналымнан шығарылған немесе заңнамаларға сәйкес рәсімделмеген, не басқа тұлғаға рәсімделген мүлік құқығын мемлекеттің тануы болып табылады. Мүлiктi жария ету мерзiмi 2014 жылдың 1 қыркүйегінен басталып, 2015 жылдың 31 желтоқсанында аяқталады. Мүлiктi жария етуге құжаттарды тапсыру мерзімі 2015 жылдың 30 қарашасында аяқталады. Бұл акция бар мүлікті жария етуге және заңды айналымға енгізуге мүмкіндік береді. Еліміздің аумағында орналасқан мүлiк бойынша өтініш, Тараз қаласы мен аудандық әкімдіктердің жанынан құрылған комиссиялармен қаралады. Мүлікті жария ету үшін комиссияға белгіленген нысан бойынша екі данада өтінішті және куәліктің көшірмесімен бірге: егер, мүлік басқа тұлғаға рәсiмделген болса, нотариуспен куәландырған мүлікке құқық белгілейтін құжаттың көшірмесін және нотариуспен куәландырған басқа тұлғаның мүлікті жария етушіге өтеусiз бергенi туралы шарттың көшірмесін ұсынады; егер, құқықтары заңнамаларға сәйкес рәсiмделмеген болса, нысанның құрылыс нормалары мен қағидаларына сәйкес екендігі жөнінде сарапшының қорытындысын және техникалық паспортын ұсынады. Жария етуші, жеке тұрғын үй құрылысына, саяжай және өзге де құрылыстарына техникалық тексеруді жүргізу үшін сарапшының қорытындысын алуға белгіленген нысан бойынша аудандық әкімдікке өтініш жасауы тиіс. Жария етілген мүлікті рәсімдеуге байланысты заңнамаларда көзделген шығыстардың барлығын жария ету субъектілерінің өздері дербес көтереді.Мүлікті жария етуге берген өтініш қала, аудан әкімі аппараттарының кеңсесінде тіркеледі және берілген күнінен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қаралады. Комиссия мүлікті жария ету туралы шешім қабылдаған күннен бастап мүлік жария етілген болып есептеледі. Заңда белгiленгендей ұсынылған құжаттардың топтамасы толық болмаса, құжаттарда өшiрулер мен түзетулер болса, ұсынылған құжаттар заңның талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда, себептері көрсетіле отырып қайтарылуға жатады. Мүлiктi жария ету үшін ұсынылған құжаттарды қайтаруға негiз болған себептердi жойған кезде өтініш беруші мүлiктi жария ету мерзiмі iшiнде, яғни 2015 жылдың 30 қарашасына дейін қайтадан өтiнiш беруге құқылы. Тағы бір айта кететін жағдай, егер мүлкіңіз шетелде орналасқан болса, өтініш аудандағы салық басқармасына беріледі, ал ақшаны жария ету Ұлттық Банк арқылы жүзеге асырылады. Жария ету үшін 10 пайыз алым екі жағдайда ғана алынады. Біріншіден, екінші деңгейдегі банктердегі арнайы шоттан ақшаны мерзімінен бұрын бес жыл толмастан, экономикаға инвестиция жасамастан алса, екіншіден, Қазақстан аумағынан тыс жердегі мүлікті жария еткенде, оның ішінде тиісті адамға рәсімделмеген мүлікті жария етсе алынады. Жоғарыда айтылғанның негізінде, мүлікті заңды айналымға енгізу мүмкіндігін пайдаланып, жария ету акциясына белсене қатысуларыңызды сұраймыз.
Әнуарбек Әбдіқапаров, облыс әкімдігінің қаржы басқармасы коммуналдық меншікті жекешелендіру бөлімінің басшысы.