- Advertisement -

Майдангер Рахмет Омаров «Aq jol» газетінде еңбек еткен

56

- Advertisement -

 

Ел басына күн туып, ат ауыздығымен су ішкен қасіретті заманда қолына қару алған ержүрек азаматтар аз болған жоқ. Солардың қатарында Жамбыл ауданы, Тастөбе ауылының (бұрынғы «Қызыл диқан» ұжымшары) тұрғыны болған Рахмет Омаров та бар еді. Рахаң жеті жылдық мектепті бітірген соң, «Қызыл диқан» ұжымшарында есепші болып еңбек жолын бастайды. Одан әрі білімін жетілдірем деп 1943 жылы Ташкент қаласындағы Теміржол институтының даярлық курсына түседі. Осы жылы әскерге алынып, соғысқа аттанады. Майданда 389-гвардиялық атқыштар полкы сапында бірден соғыстың алғы шебіне жіберіледі. Р.Омаров Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласын жау қоршауынан азат етуде көрсеткен ерлігі үшін «Ұлы Отан соғысы» орденімен марапатталады. Оған «Ерлігі үшін», «Германияны азат еткені үшін» берілген медальдарын қосыңыз. Осынау шайқастардың бірінде Рахмет Омаров ауыр жараланып, Ленинград түбіндегі «Красное село» госпиталінде ұзақ емделеді. «Жазылған соң Ленинградта өткен жеңіс шеруіне қатысады. Елге 1946 жылы оралады.

Рахмет Ниязбекұлы елге оралысымен аудан басшыларының ұйғарымымен «Қызыл диқан» ұжымшарының тізгінін ұстайды. 1948-1950 жылдары аудандық партия комитетінде нұсқаушы, партия кабинетінің меңгерушісі болады. Осы жылдарды ол қолына қалам ұстап, толқын-толқын ойларын қағаз бетіне түсіруге де қызығушылық танытқан. Осы ниетпен, кейінірек қызметін атқара жүріп ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітірген. Сонымен қатар, Алматы жоғары партия мектебін де тәмамдайды. Рахмет Омаров мұнан соң облыстық «Aq jol» газетінде (ол кездегі «Еңбек туы») бірнеше жыл бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары болып еңбек етеді. Осылайша, майдангер Омаровтың облыс баспасөзінің қара шаңырағы атанған қара шаңыраққа да қатысы бар. Рахаң одан әрі қарай да үлкен қызметтерде болған. Атап айтқанда, облыстық партия комитетінің ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары, облыстық халықтық бақылау комитеті бастығының орынбасары, комитет төрағасы қызметтерін мінсіз атқарды. Тарих ғылымдарының кандидаты атануы да Омаровтың жан-жақты ізденетінін көрсетеді. 1992 жылы өмірден озғанына дейін газ шаруашылығы саласында еңбек етеді.

Бір айта кетерлігі Омаровтар әулетінде елін сүйген, Отанын ардақтаған жандар жетерлік. Мәселен, оның туған інісі Шәкен Ниязбеков еліміздің көк Туының авторы екенін айтпай кетуге болмайды. Ал немере інісі Нұрлан Омаров Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан. Бұл күнде Жамбыл ауданында жүздеген жасөспірімдер батыр Нұрлан Омаровтың ерлігін жатқа айтып, өжеттігін өнеге етіп есеюде. Ал майдангер еңбек еткен біздің газетте майталман маман Рахмет Омаров туралы әлі талай айтыла беретіні анық.

Есет ДОСАЛЫ

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support