- Advertisement -

Соғыста «жеңіл, оңай» деген сөздер қолданылмайды

69

- Advertisement -

Ұлы Отан соғысын зерттеуші тарихшылардың айтуынша, оқ пен оттың ортасына алғаш түскендер – жиырма екінші жылғылар екен. Содан да олардың көбінің қолы жаудың жағасында кеткен. Содан да олардың бейбіт күнге оралғандарының қатары қадау-қадау деседі. Олар бүгінде табиғи тұрғыдан да жоқтың қасы. Егер бар болса, бір-екеу ғана. Ал сол соғысқа қатысқан жиырма екінші жылғы солдат екеу болса соның бірі – біздің Мұсекең. Мұсахан Бердібайұлын бұлай өзімсініп меншіктеуіміздің мәнісі – бұл кісінің осыдан он бес жылдай бұрын облыстық «Ақ жол» газеті редакциясына жиі-жиі бас сұғып, қоғам ығытына қарай жазған мақалаларын, баз бірде өлеңдері мен жинаған мақал-мәтелдерін ұсынып отыратынынан жақсы білетінбіз. Соның бәрінде ақсақалдың айтар ойы аңғарылып, қаламының желі бары байқалатын. Осындай жазбаларын жинақтап: «Дөңгелексаздағы өмір», «Өсиет сөздер» атты кітап шығарғанынан, тіпті, етене таныстықтан да шығар, бейбіт күндерде мұғалім, мектеп директоры, аудандық партия комитетінде нұсқаушы, МТС директорының саяси орынбасары, колхоз партия ұйымының хатшысы және он бес жылдай кәсіптік-техникалық училищеде директор болып қызмет атқарып, зейнетке шыққанынан да хабардар едік.

Енді мынаған қараңыз, күні кеше дерлік жүзге келген жауынгермен кездесудің сәті түскен. Сонан, көптен бері көріспегеннен бе, ал кеп әңгіме тиегі ағытылсын. Әр нәрсенің басын бір шалып, бірді айтып, бірге кетеміз. Сәл саябырсыған тұста келесі күннің Жеңіс мерекесі екені ойға оралып:

– Мұсеке, ертең – Жеңіс күні. Турасын айтқанда, бұл күн сіздердің, яғни сіз сияқты соғысқа қатысқан қанды көйлек азаматтардың төл мейрамы ғой. Қазақтың көрнекті ақыны Сырбай Мәуленов бір өлеңінде: «Соғыс жайын сұра сен, Мың өлімді қарсы алған, Солдаттар мен маршалдан», деген екен…

Е…, бәсе, кешелі бері радио да, теледидар да: «Олар – бейбіт күнді жақындатқандар» деп хабар жүргізуде. Ара-арасында концерт те беріп қояды. Ал соғыс жылдарындағы әндердің жөні бөлек-ақ қой. Сол әндерді сапта жүріп біз де шырқадық. Несін айтасың, рухымызды көтеріп-ақ тастайтын. Қазір де сондай әсерге бөленуден бе, аяғымның ауруын ұмытып, тап бір сапқа тұрып жүріп кетердей боп құлшынып, ұмсынып қалатыныма не дерсің… Е, балам-ай, әлгінде сұрап жатырсың, күркіреп өтті ғой соғыс» – деп барып бір тоқтады. Мен болсам жетпістің жуан ортасына жеткен адамды «бала» дегеніне шамданып қалдым ба, осы сәт бет-аузым дуылдап кетті. Әйтеуір өзімде әлдеқандай бір өзгеріс барын сезетіндеймін. Іштей «мұнысы несі» деп, өзімді сабама түсіріп байқасам, қазақтың «Бір шал бір шалды тәте дейді» дейтіні осы екен. Мұсекең болса:

– Мен мына Жуалы ауданының тумасымын ғой, – деп әңгімесін жалғастырып отыр. Орта мектепті бітірген бізді де әскерге шақырды. Дегенмен соғысқа бірден кіре қойған жоқпыз. Алты айдай әртүрлі әскери машықты үйреніп, 1942 жылдың мамыр айында Ресейдің Иванов облысының Горковедский ауданындағы ұйымдастырылып жатқан корпусқа жеткізді. Осында біразымызды 1107 дербес артиллерия дивизиясына бөлді. Артиллерия негізінен әрбір снаряды 50 келі болатын 152 мм. гаубициадан тұрады. Зеңбіректерді ШТЗ тракторы сүйрейді. Мен дивизионның топография взводында болдым. Негізгі міндетіміз – немістердің алдыңғы қорғаныс шебін картаға түсіріп, дивизион штабына, зеңбірек командирлеріне жібереміз. Олар сол арқылы неміс бекіністерін, қарулары тұрған нысандарды атқылайды.

Тамыз айында біздің дивизион Сталинград майданының қорғаныс шебінде тұрды. Сөйтіп нағыз шайқасты бастан кешіріп жаттық. Соған қарамастан немістердің басым күші шілде мен тамыз айларында қорғаныс шептерін бұзып-жарып қалаға басып кірді. Солай екен деп, армия да, қала тұрғындары да қарап қалмады. Әр квартал, әр үй немістерге қиян-кескі қарсылық көрсетті. Бұл кезде Совет Армиясы қаланы қоршауға алумен бірге әскер қатарын тың күштермен толықтырып, қарсы шабуылға мұқият дайындықтар жүргізе білді. Нәтижесінде, 1942 жылдың 1 қарашасында біздің армия шабуылға шықты. Мұны артиллерия дивизионы да қостап, зеңбіректер жаппай іске қосылғанда жер тітіркеніп кетті. Сайып келгенде бұл шабуыл, жалпы Сталинград шайқасы зор майданға айналды. Эпостық жырлардан оқығанымыздай күндіз күн тұтылып, түнде ай тұтылып, күн мен түн, аспан мен жер астасып кеткендей күй кештік.

1942 жылдың 17 шілдесінде басталған бұл шайқас бас-аяғы 200 күнге созылып, 1943 жылы 2 ақпанда Совет Армиясының жеңісімен аяқталды. 300 мың қолмен қалаға басып кірген немістің генерал-фельдмаршалы Ф.Паулюс қырылғаннан қалған әскерімен тұтқынға алынды. Соңыра тарихшылар Сталинград шайқасын Мәскеуді қорғаудан кейінгі теңдессіз майдан екенін, сонымен бірге ондағы жеңісті соғыс барысындағы түрлі бетбұрыстардың бастауы болғандығын атап жазды.

Мен осы соғыста жараланып қалдым. Екі-үш айдан кейін қайта сапқа тұрдым. Тек бұрынғы 1107 дербес артиллерия дивизионына қосыла алмай, алтыншы армияның 51 дивизиясының 154 атқыштар полкының миномет ротасына минометші ретінде қабылдандым. Бұл тұста алтыншы армия Курск иінінде жаумен бетпе-бет келіп жатыр екен. Алғашында немістер біздің қорғаныстағы әскерлерді 10-15, кей жерлерде 30-35 шақырымға дейін кейін шегіндірді. Дегенмен армия, дивизиялар бірін-бірі алмастырып, өзге де соғыс тәсілдерін ұтқырлықпен қолданып, он бес, жиырма күн шамасында неміс жақтың шабуылын тоқтатты. Тоқтатып қана қоймай, қарсы шабуылға шығып, немістерді батысқа қарай тықсыра қуды.

– Әңгімеңіздің төркініне қарағанда соғыстың небір өткелекті кезеңдеріне тап келіп отырғандайсыз.

– Е…, соғыста жеңіл, оңай деген сөздер қолданылмайды. Қайдан олай дерсің, егер қайсыбір айқаста адамдар шейіт кетіп жатса. Әлгінде өткелекті деп қалдың, соның тағы бірін айтайын. 1944 жылдың жазында біздің полк Днестр өзенінің шығыс жағасына қорғаныс шебін құрды. Фашистер батыс жағалауда, өзеннен ешкімді өткізбейді. Түс қайта мені рота командирі шақырды. Мұнда шенім – аға сержант, миномет взводы командирінің орынбасары едім. Бардым. Ол: «Сенің взвод командирің ауырып қалыпты. Ал дивизияның бір міндеті – өзеннің батыс жағын жаудан босату. Сол үшін өзіміздің полктің бір батальоны түнде өзеннен өтіп, немістерге соққы беруі керек. Соған сен екі миномет, 50-60 жай мина алып  екі расчетпен барасың», – деді.

Тез арада батальон командиріне жолықтым. Ол өзеннен өтетін тұсты көрсетті. Түнгі сағат бірде өзеннен де өттік. Командир келіп: «Мына жерге минометті орналастыр, түнгі сағат үште шабуылға шығамыз. Сенің екі расчетің алдымен 20-30 минаны жаудың қорғаныс шебіне жіберсін. Содан кейін батальон солдаттары алға ұмтылады. Біз неміс шебіне жеткенде сендер атысты тоқтатып, артымыздан жетіңдер. Қане, сағатты туралап алайық, сағат үш нөл-нөлде баста», – деді. Бұйрықтың аты – бұйрық, бәрі командир айтқандай орындалды. Олардың артын ала баса-көктеп немістердің окобына келсек, жаяу әскер қолма-қол айқасқа кірісіп кеткен екен. «Ұрыста тұрыс жоқ, миноментті тастап бізде де арпалыса кеттік.

Осының бәрін баяндаудағы айтайын дегенім: Қолма-қол шайқас мен үшін төрт жыл майданда жүргендегі бастан өткерген айқастың бәрінен де қатерлі болды. Ұстасқан жауыңды жайратпасаң, ол сенің жаныңды алады. Міне осылай, не өмір – не өлім, – екінің  бірі. Жан беріп – жан алған бұл қым-қуыт шайқаста жан-жағыңа қарауға бір сәтке де мұрша жоқ. Қарадың екен, көретінің тұла бойыңнан жоса тірі өліктер, жан тапсыра алмай ыңырсыған, қырылдағандар, көзі шарасынан шыққан, жағы қисайған, мойыны бұралған кейіптер одан сайын зәре-құтыңды қашырады. Осы сұмдықтардан періште қақты ма, көрер жарығым бар екен, әйтеуір әупіріммен аман шықтым. Десе де кейін көзім ілінді екен әлгі бір сиықсыз көріністер түсіме кіріп көп уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Осындай сұрапыл шайқаспен өзеннің батыс жағалауы жаудан босатылып, мұнда енді батальон қорғаныс шебін құрды.

– Сіздер де батальон құрамында қалдыңыздар ма?

– Жоқ, біз екі миномет расчеті  өзіміздің ротаға қайтып келдік. Бұдан әрі, яғни 1944 жылы біздің дивизия Калинин майданындағы ұрыстарға араласты. Ал 1944 жылдың күзінде алтыншы армия Балтық майданына қосылды. Сол майданда Латвия, Литва, Эстония жерлерін фашистерден азат етуге атсалыстым. Өкінішке қарай, 1945 жылдың 10 қаңтарында тағы да жараланып, госпитальға түсіп, ұзақ емделіп, комиссия шешімімен екінші топтағы мүгедек болып, 7 мамырда елге оралып, Жеңіс күнін туған жерімде қарсы алдым.

Ауылда көңілім біршама көтеріліп қалса да, ұзаққа созылмады. Таныс жандар соғысқа менімен бірге аттанған жақындарын сұраса, кейбір қарақағаз алған отбасылар маған әлдеқандай суық көзбен қарайтындай да болып көрінді. Алғашқыларына «Жеңіс күніне енді жеттік, туыстарыңыз санаулы күнде шаң беріп қалады» деп жұбатқан болсам, шаңырағы шайқалғандарға не айтарымды білмей: «Неге ғана Жеңісті майдан даласында қарсы алмадым?» – деп, өз-өзімнен айыпты жандай қысылатынды шығардым. Иә, бәріне «Уақыт емші» дегенді халық біліп айтқан ғой. Көп ұзамай біз де әр кәсіптің құлағынан ұстап, ендігі жердегі тіршіліктің хан базарына араласып кете бардық.

Кейінірек өмір тәжірибесі мол жандардың қатарына жатқызды ма, әлде жоғары педагогтік біліміме қарады ма, тиісті орындар мені кәсіби-техникалық училищеге директорлық қызметке тағайындады. Осы жылдарда оқушыларға тиянақты білім беру үшін өз біліміңді жетілдіріп отыруға, ол үшін қажет кітаптарды тауып оқуға тура келді. Сондай күндердің бірінде жүргізілетін сабаққа тән болмаса да әңгімеміздің әлқисасында өзің айтқан көрнекті ақын Сырбай Мәуленовтің өлеңдер жинағы қолыма түссін. Парақтай отырып «Соғыстан қайтқан солдаттар» атты жырын оқиын… Өздерің де бұл өлеңді мектеп қабырғасында талай мәрте оқыған шығарсыңдар?

– Оқуын оқыдық қой, бірақ қазір жатқа білмейді екенмін.

– Ал мен оны соншалықты тебіреністе қайта-қайта өксігімді баса алмай оқығаннан ба:

«Қанша үйдің ұрлап адамын,
Қанша үйде сөніп қалды оттар
Көрдің бе ұлын ананың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.

Көтерді бәрін ауырдың
Азамат болып арды ақтар.
Көрдің бе жарын арудың,
Соғыстан қайтқан солдаттар.

Қаралы қағаз жіберіп,
Қанша қайғы салды оқтар.
Барады үнсіз түнеріп
Соғыстан қайтқан солдаттар! – деген өлең шумақтары әлі күнге жадымда жаңғырып тұр. Өлеңді оқып біткенде «Оп-па, мынау мен ғой, менің соғыстан қайтып келгендегі кейпім ғой» деп үнім дірілдеп жарықшақтанып дауыстап жібергенім. Әсіресе, «Көкемді айтпай танырмын, Деп бір сәби бала жүр. Қайырылмай қалай кетесің. Хабарсыз қалай ол тоқтар. Көрдің бе оның көкесін, Соғыстан қайтқан солдаттар» деген жолдарды оқығанда, манағы манағы ма, енді көмейіме әлде не тығылып қалғандай тұншығып, ат жалын тартып мінген азамат шағымда өзіме өзім ие бола алмай, ал кеп көңілімнің босамасы бар ма? От-жалынның ортасынан қорытылған құрыштай болып қайтқандар қатарынанбыз деп, әмісе айтып жүретініме қарамай бұлай сыр беріп қалғаныма өзім де таңғалғандаймын. Бұған, сірә кезінде әкемнен он жасымда жетім қалғаным да себепші болғандай. Олай дейтінім, әлдекімнің: «Жетімдік – адамдардың қас-қабағын оқитын ілім», деген екен. Айтқан-ақ қой шіркін, одан артық не десін. Сонда да мұны басынан өткергендер жетік білсе керек. Ал соғыстың кесірінен қаншама бала жетім қалды… Қаншама ана баласынан айырылып аңырап, қаншама ару жесір қалды!

Ал енді бар ма, соғыс қанша қайғы-қасірет әкелсе де, менің пенделік тірлігімде алатын орны ерекше. Рас, оның әкелген зауалы өлшеусіз. Десе де, қалай екенін қайдам, ер-азамат ретінде сапқа тұрып Отан қорғауға қатысқаным, небір азапты да азалы күн мен түнді көппен бірге өткергенім кеудемді бір мақтаныш сезімі болып кернеп, көңілімнің төрінен өмірімнің бір айтулы кезеңі болып орын алатыны бар. Бұл менің соғыстан Қызыл Жұлдыз, І және ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысы ордендерін өңіріме қадап қайтқандығымнан емес, адам деген атымның алдында, ар-ұятымның алдында азаматтық, перзенттік борышымды өтеуде пешенеме жазылған бір асыл сәттей көрінеді. Тек мен ғана емес, соғысқа қатысқан замандастарымның барлығы да менің осынау толғанысы бөлек толқынды сезімдерімді бастарынан өткізді деп білемін. Әйтеуір бұл соғысқа қатысуым – былайғы бар өмірімде орны ерекшеленеді де тұрады. Е, балам-ай, күркіреп солай соғыс та өтті ғой. Қой, оны айта берсек әңгіме көл-дария. Сондықтан қалғанын алдағы жылдағы Жеңіс күні жалғастырсақ қайтеді?

– Жарайды, айтқаныңыз болсын.

Бірақ қарияның бұл жолғы «балам-айы» отты жылдардың шежіресін шертіп өткенінен бе, сөз басындағыдай шамданудың орнына өзіне құрметпен қарататын көңіл-күйді алға тартатындай. Енді жасымды бұлдамай ақсақалдың алдында жеңіл салмақтағы спортшыдай қалыпқа қалай түскенімді байқамай да қалғандаймын. Және жай тұрмай, шығар есікте: «Жамбыл атамыздың жасына жетіңіз!» деп қоя сақтағаным. Жалпы, мұнда тұрған ештеңе жоқ, екі жердің бірінде айтылып келе жатқан ізгі тілектердің бірі ғой. Сөйте тұра ол ниетіміз бұл кісіге келіңкіремейтіндей. Өйткені ол өткен ақпан айында облыс және қала ардагерлері кеңесінің ұйымдастыруымен жүз жылдығын бала-шағасының ортасында атап өткен ғұмыры – дария, өзі – абыз.

Ендеше, жасай беріңіз, жақсы аға!

Маханбетәлі
ДҮЙСЕБАЕВ,
ардагер журналист.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support