- Advertisement -

АҚ ТҮЙЕЛІ ЖЕКСЕНБАЙДЫҢ ЖҰМАНЫ

36

- Advertisement -

Бес жылға созылған соғыстан соң туған еліне Германияның Эльба өзенінің бойынан оралған еді

Балалық шақта Николай Островскийдің «Құрыш қалай шынықты» романын оқып, ерекше әсер алғаным бар. Санаға салмақ салғаны – социализм мен соцреализм емес, бас кейіпкер Корчагиннің қайсарлығы.

Осындай кейіпкерлерді кітап пен кинодан іздеп жүріп, жанымызда жүрген жандарға көңіл бөлмеппіз. Осыны ескере отырып, оқырманға құт қонған Талас өңірінде туып-өскен атам Жұман Жексенбайұлының жеңімпаздық пен жасампаздыққа толы ғибратты ғұмыры туралы айтып берсем деп отырмын.

Ө ткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында Сталиннің солақай саясатын іске асырам деп барын салған Голощекин бастаған топ елдегі ең шұрайлы жерлерді қайта бөлу, халықтың мал-мүлкін тәркілеу, салықты өсіру, күштеп ұжымдастыру барысында асыра сілтеп, зорлық-зомбылықтарға жол берді. Бай-құлақтарды қудалаймыз деп қарапайым халықтың жан бағып отырған мал-мүлкі мен аз ғана дүниесін сыпырып алды. Қолда бар дүниесінен, құрал-саймандарынан, баспанасынан айырылған қазақ халқы аштыққа ұшырап, босып кетті. Соңғы деректерге сүйенсек, аштық жылдары 2 миллионнан астам қазақ қырылған екен.

Осындай сұм заманда менің атамның әкесі Жексенбай он бір жасар Жұман атты баласы мен оның әпкесі Жұмакүлді алып, құмға көшіп кетеді. Жексенбай құмда қол қусырып қарап отырмай, балаларымен бірге аң аулап, жаужұмырдың тамырын жеп жан бағыпты. Өле жемей бөле жеу қанына сіңіп кеткен Жексенбай ақсақал тапқан-таянғандарының басым бөлігін ақ түйесіне артып алып, елге апарып аш-жалаңаш отырған адамдарға таратып береді екен. Осы жанкешті еңбегі үшін ауыл адамдары ол кісіні құрметтеп «Ақ түйелі Жексенбай» деп атап кетіпті. Сонда Жексенбай қарияның құмнан ауылға барып келгеніне он күндей уақыт кетеді екен. Осы оншақты күнде он бір жасар Жұман мен әпкесі Жұмакүл бос отырмай, әкелері келгенше қақпан құрып, аң аулап, жаужұмырдың тамырын жинап қояды екен. Осылайша еңбегін емген ақсақал мен кіп-кішкентай бүлдіршіндер бір ауылдың аштық шеңгелінен аман қалуына сеп болған деседі.

Әрине, бүгінгі бейбіт те берекелі заманның биігінен қарасақ, он бір жасар баланың қақпан құрып, аң аулап жүргенін көзге елестету қиын. Дегенмен бұл өмірдің ащы шындығы еді.

Ата-баба кәсібін арқау еткен бала Жұманның отбасы аштықтан аман қалып, енді есін жинай бергенде кәмелет жасқа толған жігіт Жұманды үкімет әскерге шақырады.

Отан алдындағы борышын өтеп жүргенде соғыс өрті тұтанып, аштық алапатынан аман қалған жас жігіт фашизммен күресуге майдан шебіне аттанады. Сол кезде Жұман небәрі жиырма жаста болатын.

Соғыс басталған 1941 жылдың маусым айынан бастап сол жылдың қазан айына дейін кейіпкеріміз №235-қосалқы атқыштар полкінде мерген болған.

1942 жылдың қараша айынан 1944 жылдың наурыз айына дейін әйгілі №4 ленинградтық партизандар бригадасында қопарушы (подрывник) болды. Осы жылдары жаужүрек Жұман фашистердің талай теміржол эшелондарын жарып, басқыншылар жоспарының жүзеге асуына бөгет болған.

1944 жылдың наурыз айындағы қиян-кескі ұрыста Жұман ауыр жарақат алып, он ай бойы эвакуациялық госпитальда емделеді.

1944 жылдың желтоқсан айында госпитальдан шығып, жауынгерлер сапына қайта тұрған Жұман №131 атқыштар дивизиясына қарасты №743 атқыштар полкының станоктық пулеметтер бөлімшесінің командирі қызметіне қайта кіріседі.

Соғыста толарсақтан саз кешіп, күндіз күлкі, түнде ұйқы көрмей, ашқұрсақ жүру оңай емес екені белгілі. Бірақ бұл жаужүрек командир Жұманның жігерін жасытып, сағын сындырған жоқ. «Әке көрген оқ жонар» демекші, Жексенбай әкесінің тәлім-тәрбиесін көріп, жастайынан қаламды да, күректі де, қаруды да серік еткен Жұман жаудан тайсалмай, соғыстың басынан аяғына дейін фашистермен аяусыз күресті. Антына адал, соғыс тәсіліне шебер болды. Талай рет ерен ерлігімен көзге түсіп, үш мәрте «Ерлігі үшін» медалін өңіріне тақты. Бірақ гимнастеркасындағы орден-медалдармен бірге күндей күркіреп өткен соғыстың өзекті өртер белгісіндей болып кеуде тұсында неміс-фашистері снарядының жарықшағы да қалып қойды.

Зарыға күткен жеңіс күнін Жұман атам сонау Эльба өзенінде қарсы алғанын немересі маған сыр ғып айтып кеткен еді.

Кеңес үкіметі кейіпкеріміздің ерен ерлігі мен жеңіске қосқан қомақты үлесін ескере отырып, Мәскеуде болатын алғашқы Жеңіс парадына қатысуға шақырыпты. Бірақ мақтау-мадақты сүймейтін, бес жыл туған жерден жырақта жүрген жігіт шақыртуға қарамай, туған өлкесіне тартып кетіпті.

Ұлы Отан соғысынан елге аман-есен абыроймен оралғаннан кейін де қарап жатпады. Соғыстан кейінгі жылдары тұралап қалған халық шаруашылығын қалпына келтіруге білек сыбана кірісті. Жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Кооперация саласындағы ұзақ уақыт еткен еңбегі ақталып, осы саланың үздігі деген төсбелгі де алды.

Туған жерге туын тігіп, терін төгуге белін бекем буған атам соғыстан оралған соң Теңгекүл әжем Жаманғарақызымен отау құрады. Теңгекүл әжеміздің әкесі Жаманқара да Социалистік Еңбек Ері атанған елге сыйлы азамат еді. Сол текті әулеттен шыққан Теңгекүл әжеміз он баланы дүниеге әкеліп, алтын алқалы «Батыр Ана» атанады.

Айтпақшы, жасы жетпіске жетіп, бейнетінің зейнетін енді көре бастағанда Жұман Жексенбайұлы тағы бір қиын-қыстау кезеңнің куәсі болды. Ол – тоқсаныншы жылдардың тоқырауы еді. Бірақ талай тар жол, тайғақ кешуді бастан өткізген Жұман атам өтпелі кезеңнің қиыншылықтарына мойымады. Айлап зейнетақысын алмаса да үкіметті жамандап, билік басындағыларға беталды тіл тигізген емес.

Жұман Жексенбайұлы айналасына ақылын айтып, араздасқан ағайынды татуластырып, тентектерді тезге салып отыратын. Туған-туыстың басын қосып, істі болған адамдарға жылу жинап, арашалап қалуға да мұрындық болып жүрді.

Жұман Жексенбайұлы парасат-пайымы жоғары, көзі ашық, көкірегі ояу жан еді. Кітап қоры мол жеке кітапханасы болды. Бүгін кітап дүкендерінен табыла бермейтін қазақ, орыс һәм әлем әдебиетінің көрнекті өкілдерінің еңбектерін сол кітапханадан табуға болады. Атасының кітапханасының қызығын ұрпақтары әлі де көріп жүр.

Адам деген атқа кір келтірмей, азаматтығынан айнымаған Жұман ақсақал 1999 жылы 78 жасқа қараған шағында дүниеден өтті.

Бүгінгі таңда Жұман атамыз бен Теңгекүл әжеміздің 8 баласы, 24 немересі және 22 шөбересі бар. Ұрпақтары өмірден өз орындарын тауып, дүние кетігіне кірпіш боп қаланған, көргенді жандар.

Жұман Жексенбайұлының көзі тірі болғанда үстіміздегі жылдың 9 мамырында 100 жасқа толар еді. Ғибратты ғұмыр кешіп, өнегелі өмірімен ұрпағына үлгі болған Жұман Жексенбайұлының, Теңгекүл Жаманғарақызының және барлық ата-әжелеріміздің жаны жәннатта болсын!

Руслан ЖҰМАН,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері
агенттігінің Әдеп жөніндегі
уәкілі.
Ойық ауылы,
Талас ауданы.

Comments are closed.

Page Reader Press Enter to Read Page Content Out Loud Press Enter to Pause or Restart Reading Page Content Out Loud Press Enter to Stop Reading Page Content Out Loud Screen Reader Support